Ойын – балалардың өмірін ұйымдастыру негізі

Алимбаева Гулден Кабдуллаевна

«Ойын ойнап, ән салмай,
өсер бала бола ма?»

Абай Құнанбаев

 Ойын — жалпы адамзат мәдениетінің бірегей феномені, оның қайнар көзі мен шыңы.

Мәдениет феномені ретінде ойын оқытады, дамытады, тәрбиелейді, әлеуметтендіреді, көңіл көтереді, дем алдырады, сонымен қатар, ол сықақтап, күлдіріп, кез-келген әлеуметтік мәртебенің шартты екендігін көрсетеді. Ойындардың мазмұны – адам өміріндегі таусылмайтын жағдайлар мен тақырыптар. Орыс жазушысы Ю.Нагибин балалар ойынына келесідей баға берген: «Ойын балаларға өткенді тірілтіп, болашаққа көз жүгіртуге мүмкіндік береді. Ойында кішкентай адамның мiнeзi, оның өміргe деген көзқарасы мен армандары айқындалады. Өздері де соны байқамастан, балалар, ойнап жүріп күрделі өмірлік проблемаларды шешуге дайындалады». [1]

Балалар үшін ойын — өмірдің жалғасы, ондағы өтірік – шындыктың қыры.

Ойын — баланың жан cepiгi. Қай бала болмасын ойнап өседі. Ойын сырттай қарағанда қиындығы жоқ, оп-оңай көpiнyi мүмкін. Ал ic жүзінде бала үшін ойынға қатысып басқалармен тіл табысып, өзінің ойлаған ойын іске асыру оңай емес.

Бала әрқашан, барлық жерде — бала. Олардың дамуында ойын мен сөздің маңызы бірдей. Олар қашанда бipгe. Бала үшін ойын ол өз тәжірибесін, өмір мен адамдар туралы түсініктерін тексеріп, зерделейтін эксперименттік алаң ғана емес, сонымен қатар, бала үшін ойын — үлкен әлем, үлкендер араласпайтын, ол өзі қалаған нәрсені жасай алатын оның өзінің жеке, тәуелсіз, таңғажайып әлемі.

Heмic психологы К.Гросс, 19 ғасырдың соңында ең бipiншi болып ойынды жүйелі түрде зерттеуе тырысып, ойында ересек кезде орын алатын жақсы өмip жағдайлары үшін күрес инстинкттері қалыптасады деп есептеген. К.Гросс ойындарды тәртіптің бірінші мектебі ретінде санаған. Ол үшін ойынның, мәні балалар үшін өмір мектебі болуында. Объективті түрде ойын, әрине, өмip мектебі, ол балаға жанындағы адамдардың түрлі жағдайларда өздерін ұстау әдістерімен танысуға мүмкіндік береді.

Поляк оқытушысы, терапевт және жазушы Я.Корчакта К.Гросстың тұжырымдарын қолдап, ойын — өзіңді қоғам, адамзат, әлем ішінде іздеп табу мүмкіндігі деп білген. Ойындарда өткеннің генетикасы қалған. Сол себептен де ойын — цивилизация, өркендеу, даму феномені.

Оқытушы-ғалым Назипа Күлжанова да балалар ойынының пайда болуы мен негізіне көп көңіл бөлген. Ол ойын — баланың өзіндік тәжірибесі мен жан-жакты даму құралы болып табылатынын атаған. Тұлға баланың шығармашылық қабілеттерінің дамуымен тығыз байланыста ғана дұрыс қалыптасады. Өмірінің бірінші күндерінен бастап бала көрген заттарын жәй ғана қайталап қоймай, өзінің қиялының призмасы арқылы шындыққа саяды.

Сондықтан, көп ғалымдардың пікірі бойынша ойын — дамытатын әлеуметтік әрекет түрi, әлеуметтік тәжірибені меңгеру нысаны, адамның ең күрделі қабілеттерінің бipi.

Балалардың ойындары сан түрлі. Олар мазмұны мен ұйымдастырылуы, ережелері, бала мінезінің айқындалуы, балаға тигізетін әсері, қолданылатын заттар жағынан ерекшеленеді. Мұның бәрі балалар ойындарын классификациялауда қиындық туғызады, алайда, ойындарға тиімді басшылық жургізу үшін оларды топтарға бөлу қажет.

Балалар ересектенуімен бipгe олардың жалпы даму және тәрбиелік деңгейі өседі, сондықтан осы кезеңдегі ойындардың балалардың ара-қатынастарын, тәртіптерін қалыптастырудағы педагогикалық бағыты өте маңызды.

Ойында бала тұлғасының барлық, жақтары бipгe және өзара байланысты қалыптасады.

С.Л.Рубинштейннің тұжырымы бойынша «ойында, сиқырдағыдай, тұлғаның психикалық өмірінің барлық жақтары жиналып, көрініп, ойын арқылы қалыптасады. Ойнап жүрген балаға қарап отырып оны не қызықтыратынын, оның қоршаған әлем туралы түсінігін біліп, мінез ерекшеліктерін, жолдастары мен үлкендерге көзқарасын анықтауга болады».

Ойын мектепке дейінгі жастағы балаларды әдептілікке үйретіп, денелерін шынықтырып, еңбекке баулып, эстетикалық тұрғыдан тәрбиелеу жүйесінде үлкен орын алады.

Ойынның  білім  беру маңызы да зор,  ол  сабақтардағы  оқытумен, күнделікті өмірдегі байқап-тоқыған нәрселерімен тығыз байланысты.

Шығармашылық ойындар барысында баланың ойлау қабілеттерін, назарын, қиялдарын жұмылдыратын білімдерді меңгерудің қиын да күрделі процессі жүреді. Рольдер ойнап, түрлі жағдайларды көрсету барысында балалар   құбылыстар арасындағы байланыстарды анықтайды.    Олар ойын барысындағы қиындықтарды өз беттерімен шешіп, көздеген мақсатына жетудің тиімді жолдарын іздеп, білімдерін қолданып, оларды сөзбен айтуға үйренеді.

Ережесі бар ойындардың мақсаты басқа: олар ойлау, сезім, сөйлеу, назар аудару, есте сақтау қабілеттерін дамытуға қажетті жүйелі жаттығулар жасауға мүмкіндік береді. Ережесі бар әр ойынның өзіндік дидактикалық мақсаты бар, бipaқ түбінде олар да негізгі тәрбиелік мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған.

Ойнап жүріп балалар білімдерін іске асырып, оларды түрлі жағдайларда қолдануды үйренеді. Шығармашылық ойындарда ойдан шығарып, эксперименттеу мүмкіндігі бар, ал ережесі бар ойындарда балалар алдында білгендерін жинақтап, қойылған мақсаттың шешімін өз еркімен табу қажеттілігі туындайды. [2]

Ойын — балалар өз қатарластарымен қарым-қатынасқа түсетін дербес әрекет. Оларды ортақ мақсат, мақсатқа жетуге жұмсалған күш-жігер мен ортақ уайым біріктіреді. Ойындағы уайым бала санасында терең із қалдырып, мейірімділік адамгершілік сезімдерін, ұжымдылық өмір әдетін қалыптастырады.

Ойын барысында үлкендердің еңбегіне деген ықылас пен құрмет тәрбиеленеді: балалар түрлі мамандық иелерін көрсету барысында тек олардың қимылдарын ғана емес, сонымен қатар; еңбекке, адамдарға көзқарастарын көрсетеді.

Ойын — мектепке дейінгі балаларға эстетикалық тәрбие берудің маңызды құралы, себебі, ойында шығармашылық қиял, ойлап табу мүмкіндіктері дамып, ритм мен әдемі қимылдар жасау қабілеті жетіледі. Ойыншықтарды дұрыс іріктеу көркемдікті түсінуді үйретеді. [3]

Демек, ойын балалар бақшасының тәрбие және оқыту жұмыстарымен тығыз байланысты. Ойында балалардың сабақтан алған білімдері жетіліп, өзін дұрыс ұстау ережелері бекітіледі.

Сөйтіп, ойынға зер салып, ой жүгіртіп қарар болсақ, сол ойындардан үлкен де мәнді-мағыналы icтep туындап өрбитінін байқаймыз. Өйткені, болашақ ел қорғаушы батыр, жауынгер, халық қайраткерлерінің нышаны ойын үстінде көрінеді. Сол ойын арқылы шынығып, өзінің бойындағы табиғи дарынын шыңдай түседі. Сондықтан да бала тәрбиесіне, балалар ойындарына ерекше мән беріліп отырады.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. Ю. Нагибин, Азбука подвига. М.:Просвещение, 2002.
  2. К.Д. Ушинский, Адам тәрбие құралы ретінде. М.: Педагогика, 2001.
  3. П.Ф.Лесгафт, Баланың отбасылық тәрбиесі және оның маңызы. М: Педагогика, 1991.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *