Менің мамандығым тәрбиеші. Эссе

Жуматаева Арайлым Умиртаевна

Адам өзінің болашақ кәсібіне әр түрлі жолдармен келеді. Біреулер үшін – ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс, үшінші біреулерге — әйтеуір бір мамандық алу керек болған соң т.б. Мамандықты таңдау үшін, адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Мынау көп салалы өмірде мамандықтың түрі көп. Әрине таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып, еңбекке деген шабыты арта түседі. Зор ықылас, шабытпен істеген іс–табыс биігіне жеткізетін қанат.
Абай атамыз айтқандай: «Неге арналсаң, соны істе» деп, қашанда адам өмірден орнын өз таңдауымен тапқан жөн.Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзін араласқын келетін ортаны да таңдау. Қазақ «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі — жар таңдағанда, екіншісі — мамандық таңдағанда» деп бекер айтпаса керек.

Мен өзімнің ұстаздар әулетінен шыққанымды мақтан етемін, себебі, алғаш мектеп табалдырығын аттап, алғаш рет қолыма қалам ұстаған күннен бастап, менің арманым мұғалім болу еді. Қазір мен өз арманыма жеттім және маған дәріс берген ұстаздарыма, ата-анама  алғысым шексіз. Тәрбиеші бейімділігі, дарындылығы көбінесе балалардың тағдырын шешеді. «Ұстазсыз шәкірт тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл, ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға » дейді қазақ. Бұл басқа емес, дәл педагог мамандығына арнап айтылған мақал

Әр мамандықтың  өз қиындығы, өз қызығы бар.Менің мамандығым-тәрбиеші. Тәрбиеші жұмысы күрделі де, қызықты да, жауапты. Балабақшаға кіргенде жас бүлдіршіндердің жағымды үндері, сыңғырлаған күлкілері «Сәлеметсіздер ме, балалар?» деген сөзіме берген балалардың «Сәлеметсіз

бе ?» деген жауабы бір сергітіп, серпілдіріп тастайды. Сондықтанда, бұл сөз мен үшін қадірлі, мен үшін құдыретті сөз. Күнде таңертең жұмысқа келгенде, балалармен бірге болған әрбір уақытым мені жаңа әлемге жетелегендей болады. Алдымда отырған жас бүлдіршіндерімнің сүйкімді де, әдемі, байсалды да, ақылды жүздерін көрсем, әрбір үйдің ерке баласының жүздерінен не нәрсені де білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын.Осы бір  «Балалар әлемнің» теңізіне бір бағыт алсаң ешқашан басқа жаққа кете алмайсың деп ойлаймын.

Күнделікті таңертең балабақша ауласына жақындағанда, балалардың сыңғырлай күлген дауыстары мені қуанышқа бөлейді. Балабақша  кіргеннен-ақ, өзімді мазалаған сан түрлі ойлардан арылып, балалардың тәтті қылықтарымен әдемі жүздерінен шаттанамын. «Баласыз үй мазар, балалы үй базар»- деп ата- бабаларымыз бекер айтпаса керек. Балалардың әр күні біздің көз алдымызда өтіп жатыр. Алдымызға келген балалар — біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі – жал дегенде жалғызы, бірі – ерке, бірі – қой аузынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын Таңшолпандай жарқыратып, жал дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп, қой аузынан шөп алмасты ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет.
Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды.  Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мына біз тәрбиешілердің еншісінде.

Өйткені бала – кіршіксіз пәк, тап-таза мөлдір бұлақтың бастауын, көзін  ашып тұнығуына қону үшін қаншама  қиын да, қызықты еңбек пен тер  төгу керек. Балаларды  ана  тілінде әдемі сөйлету  олардың ой  – сезімдерін оның еркін көркем жеткізе алуға  баулу, таңымдық  қабілеттерін дамыту – тәрбиешінің мақсаттарының бірі.

Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт.Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын  менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Өйткені, мен оларға, олар маған қажетігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы — әр тәрбиешінің бақыты. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен  айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан -тәнімен  сезіне білуі қажет.Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты.Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген  күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарымен, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін. Осы бір «Балалар әлемінің теңізіне» бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Балалар  — өмір гүлі. Ал гүлдер ешқандай жасандылықсыз, шынайылықпен баптағанда ғана өседі.

Мұғалім, тәрбиеші – болу оңай  жұмыс емес. Басқа ешбір мамандық  иесіне  дәл мұғалімге қойылатындай  талаптар қойылмайды.

Менің мамандығым әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан мен  мамандығымды мақтан тұтамын

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *