Ұлты ұлықтаған-ұлы тұлға

Тарихқа үңілсек, 1916 жылы орын алған көтерілістердің ең ірі оқиғаларының бірі Торғай облысында болды. Мұнда қазақ шаруаларының күресі мейілінше табанды болып, ұзаққа созылды. Жергілікті ауылдық-болыстық әкімшіл басқарудан аластатылып, билік көтерілісшілердің қолына көшті. Торғай уезіндегі қыпшақ руының көтеріліске шыққан қазақтары Орта жүздің ықпалды биі Нияздың немересі, аса беделді Әбдіғафар  Жанбосынды өздерінің ханы етіп сайлады. Кенесары ханның атақты Иман батырының немересі Амангелдіні сардарбегі етіп тағайындады.

Иманов Амангелді Үдербайұлы (1873-1919) – халық батыры, қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі, Кенесары Қасымовтың үзеңгілес серігі Иман батыр Дулатұлының немересі. Бұрынғы Торғай уезі Қайдауыл болысында туған. Әкесі шаруа баққан, момын кісі болған. Шешесі Қалампыр Қақуқызы медресе бітірген. Амангелді әуелі ауыл молдасынан 2 жыл оқып, кейін Тасыбай, Тәшмағамбет ишандардың медресесіне түсті. Медреседе 4 жыл оқыған ол түрік, парсы, араб тілдерін меңгерді. Әкесінен 7 жасында жетім қалып, жоқшылық тауқыметін ерте тартты. Ел ішіндегі дау-шарға ерте араласып, сол себепті Ресей империясының жергілікті билеушілерінің қудалауына ұшырап, 1896-1911 жылдары аралығында бірнеше рет түрмеге қамалды[5].

Амангелді батырдың ұйымдастырушылық және қолбасшылық таланты 1916 жылғы Ресей императорының маусым айындағы жарлығына наразылық ретінде Торғай даласында бұрқ еткен ұлт-азаттық көтеріліс барысында айқын көрінді. 2-3 ай ішінде елеулі күшке айналған көтерілісшілер Қоғалыкөлде бас қосып, Әбдіғапар Жанбосыновты хан, Амангелдіні көтеріліс қолбасшысы (сардар) етіп сайлады. Әбдіғапар мен Амангелдінің ұйымдастырушылық іскерлігінің нәтижесінде көтеріліс саяси сипат алды және әскери-ұйымдық жағынан нығайып, оған қатысушы сарбаздар қатары 50 мың адамға жетті. Ондаған мың ұйымдаспаған көтерілісшілерден А.Иманов ондыққа, елулікке, жүздікке, мыңдыққа бөлінген жүйелі әрі тәртіпті әскери организм құрды.

Амангелді Иманов Торғай қаласын 27 күн бойы қоршауға алды. Ол көтерілісшілердің Шошқалы, Күйік қопаларындағы шайқастарына, подполковник Тургеневтің жарақты үлкен жасағына қарсы 1917 жылы ақпанның 21-23-індегі Құмкешу-Доғал-Үрпектегі соңғы айқасына тікелей басшылық жасады. Жазалаушылар Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісті тұншықтыра алмады. Көтеріліс Ресейдегі Ақпан төңкерісіне жалғасты.

Көтеріліс сардарбегі Амангелді Иман ұрыс жүргізудің өзіндік тактикасын қолданды. Мергендерден ерекше жасақтар құрып, оларды шағыл құмдардың арасына орналастырды. Жазалау отрядтарының коммуникациялық жолына тез қимылдайтын атты әскер жіберіп отырды. Жазалаушылар Торғай көтерілісшілерінің «әскери сап құратынын, колоннамен лек-лек болып жүріп, бірден қоятынын, тынығу кезінде тосқауыл қойып, 25 шақырымнан астам жерге шолғыншы жіберіп отыратынын» байқап білді.

Қазан айының соңында Амангелді Иман бастаған 15 мың көтерілісші Торғай қаласын қоршады. Көтерілісті талқандау үшін патша үкіметі генерал Лаврентьев басқарған тоғыз мың адамдық жазалаушы экспедициялық корпус жіберді. Торғайға беттеген жолында жазалаушы отряд қазақ ауылдарын шапты. Торғайды ала алмайтын болғандықтан, көтерілісшілер қоршауды тоқтатып, Батпаққара жазығы мен Аққұм құмының маңына ірге теуіп, партизандық күрес әдісіне көшті.

Амангелдінің серігі, атақты мерген Кейкі батыр жасағы жігіттерінің құйындай ұйытқып жасаған шабуылдары жазалаушылардың зәресін ұшырды.

Кейкі батыр- Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлы (1871-1923 ж.), 1916 жылғы Торғай көтерілісінің батыры. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Тұрмыс тапшылығын ерте көрген Кейкі Жыланшық болысының алпауыты Р. Шашамбайұлының малын қорып, дұшпандарына аттандыратын жігіті болған. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел аузында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сипаттама сақталған.

Кейкі батыр Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және жазалаушы отрядқа қарсы соңғы ұрыс – Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсетті. 1919 жылы 13 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі қудалауға ұшырап, Ұлытау, Қызылқұмға бой тасалауға мәжбүр болды. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамады.

Ақыры, 1922 жылдың көктеміңде комиссар Александр Токаревті атып кеткен Кейкіні 29 наурызда қызыл әскерлер айуандықпен өлтірді. Олар мергеннің екі қолы мен басын кесіп алып, басын бір ай бойы Торғай қаласының орталық аланына сырыққа шаншып қойды. Кейін мергеннің бас сүйегін Орынборға, ал 1926 ж. республика астанасы Қызылордаға көшуіне байланысты, Санкт-Петербургке алып кеткен. Ол қазіргі кезге дейін Санкт-Петербургтегі антропологиялық қордың кунсткамерасында сақтаулы болатын[8].

Тек 06.10.2016 жылы Карим Масимов пен Дмитрий Медведевтің келіссөзінің нәтижесінде, атақты мерген Кейкі батырдың сүйектері Отанымызға қайтарылды.

Амангелді Иман сарбаздары жазалаушы отрядтарына Татыр, Шошқалы қопа, Күйік қопа, Доғал – Үрпек түбіндегі шайқастарда, Торғайды қоршаған кезде табан тірей қарсылық көрсетті.

Сол жылдың қазан айында 7 мыңдай қарулы сарбаздар Ақтүбек деген жерге жиналып, Торғай қаласына шабуыл жасау, әскери гарнизонды басып алу мәселесін талқыға салды 1916 ж. 21қазанда Татыр көлі маңында патшаның жазалушы әскерімен болған ашық шайқас өтті. А.Имановтың туы да бар. Онда «Сарбаздар сардары Амангелді батырдың туы» деп арабша жазылған. 1916 жылғы көтерілістің ең алғашқы ірі шайқастырының бірі – Татыр шайқасы. Ол Амангелді және Жангелді аудандарының арасындағы Татыр көлінің жағасында болған. Ол – орыс жазалаушылары мен арғын, қыпшақтардың, көтерілісшілердің арасында болған ірі шайқас. Көтеріліс кезінде Амангелді батыр өзінің жасағын Шыңғыс ханның тактикасымен құрған болатын. Ол әскерін ондық, елулік, жүздік, мыңдық, түмен деп бөлген. Және әрқайсысына онбасы, елубасы, жүзбасы, мыңбасы, түменбасы деп қолбасшы сайлаған. Амангелдінің аталары да батыр болған. Кенесары ханның оң қолы, сенімді серігі Иман батыр, яғни Иман Дулатұлы – А.Имановтың атасы. Ата-бабалары Дулат, Иман, Үдербай, барлығы да батыр болған. Кейкі басқарған мергендер мыңдығы жазалаушылардың шабулына тойтарыс беруде асқан ерлік танытты. 6 қарашада Ә.Жанбосынов пен О.Шолақовтың біріккен қолы Торғай қаласына шабуыл жасады. Осы қаланы басып алу жолындағы күресте Кейкі бастаған мергендер нысанаға алғанын баудай түсіріп отырды.

Қыстың түсуіне қарамастан көтерілісшілер күресін жалғастыра берді. 1917 жылдың 13 қаңтарында көтерілген халықты сабасына түсіруді мақсат етіп ел ішіне шыққан Кислов басқарған Қостанай жазалаушы әскеріне Амангелді мен Кейкі басқарған 1500 сарбаз Шошқалы қопасында тұтқиылдан шабуыл жасады. Күштің тең болмау салдарынан шегіне жүріп ұрыс салған қазақ сарбаздары жазалаушы әскерге Күйік қопасында қайта ұрыс салды. Нәтижесінде жазалаушы әскердің мақсаты орындалмай кері шегінді.

1917 ж. 16 ақпанында Торғай көтерілісшілерінің тобын жою үшін полковник Тургеневтің Орынборлық 13 атты казак полкі Батпаққараға бет түзеді. Жазалаушылардың қалың қолына көтерісшілер 20 ақпанда Құмкешуде, 23 ақпанда Доғал-Үрпек бойында шабуыл жасап, патша әскерін едәуір шығынға ұшыратты. Осы шайқаста Кейкі батырдың тапқырлығы, соғысу тәсілдерін меңгерген шеберлігі, нысанаға алғанын мүлт жібермей, жауына жасындай тиген ерлігі ел аузына ілгіп, даңқы асты. Сол шайқастардың куәгері ақын Ф.Сатыбалдыұлының:

“100 жігіт жетіп келді Қапар ханға,

Мен мұндалап аттары аталғанда.

Кейкі менен Өменді басшы қылып,

елуден аттандырды Тышқантамға.

Қолынан бір Кейкінің 40-ы өлген,

Тұрған соң шама барма аруағы асып” – деп батыр ерлігін жырға қосты. Тапсырманы орындай алмаған полковник Тургеневтің Торғайға қарай шегіне қашқан жазалаушы әскерінің соңынан екі күндей қуып Кейкі бастаған мергендер тобы 50 әскердің көзін жойды[1].

Амангелді батырдың сарбаздары Доғал –Үрпек түбіндегі ұрысты жеңіліспен аяқталды. Шегіне отырып ұрыс жүргізген қырық сарбазды жазалаушылар қоршап алды. Сарбаздар соңғы оғы қалғанша атысып, тірі қалғандары кешке қарай қолына найза алып, қоян-қолтық айқасқа түсті. Көтерілістің аяусыз жанышталғанына қарамастан, көп жерде, бой көрсету бұдан кейін де біраз уақытқа жалғасты.

Амангелді Имановтың батырлығы- мәңгі өшпес.

Амангелді Иманов 1918 жылы наурыздың 21-і мен сәуірдің 2-і аралығында Орынборда өткен Торғай Кеңестерінің тұңғыш съезіне қатысып, Торғай уезінің әскери комиссары болып тағайындалды. 1919 жылы сәуірдің 20-ында Торғайда Кеңес өкіметі құлап, Амангелді тұтқынға алынып ату жазасына кесілді. Мәйіті бір жылдан кейін әуелі Алакөлге, кейін аудан орталығына әкелініп жерленді. Қабірінің басына және 1947 жылы Алматы қаласында ескерткіш орнатылды. Батырдың есімі Қазақстанның көптеген қалаларындағы көшелерге, Қостанай облысының бір ауданына берілді. 1939 жылы «Ленфильм» киностудиясы «Амангелді» фильмін түсірді. Бұл көркемөнер туындысы қазақтың тұңғыш дыбысты фильмі болды. Амангелдінің ерлікке толы ғұмыры көптеген ақын-жазушылардың, суретшілер мен композиторлардың шығармаларына арқау болған. Амангелді Иманов туралы Жамбыл «Амангелді тойында», Сүлеймен  Сәдуақасұлы «Амангелді туралы»,Омар Шипин «Амангелді айбаты», «Торғай соғысы», Нұрпейіс Байғанин «Амангелді туралы жыр», Сәлімгерей Оңайбекұлы Сәлімгерей «Батыр», Ықылас Адамбеков «Амангелді», Қарабалин «Амангелді», Есенби Омарұлы «Ел батыры», Бақыт Иманов «Амангелді анасымен қоштасқаны» т.б. ақын-жазушылардың атты өлеңдерін атап өтуге болады

1938 жылы «Амангелді» пъесасының негізінде қазақ көркем фильмінің алғашқысы – «Амангелді» жарыққа шықты. Торғай өңіріндегі 1916 жылғы көтерілістің бас сардары Амангелді Иманов тұлғасын советтік идеология ізімен дәріптейтін бұл фильмді қазақ жастарының бірнеше буыны тоқал тамның қара сылағына керілген ақ кездемеге телміріп отырып көрді. Фильм сценарийінің авторлары – Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсірепов. Оған «В.Иванов» деген тағы бір сценарист қосылған. Кинода әжуаланған образ, жағымсыз бейне – халықты жарлыққа бой ұсындырып, қара жұмысқа көндірмек үшін әуреге түсіп жүрген «үстем тап өкілі, бай баласы, қазақтың оқығансымағы». Үстіндегі киімінен бастап, мұрт қойысына дейін қаймана қазақтан оқшау. 1938 жылы түсірілген «Амангелді» фильмінен Алаш кезеңіндегі қазақ оқығандары, жағымсыз кейіпкер ретінде болса да, экраннан көрініп қалды. Осы жылы әлгі кейіпкердің прототиптері де, сценарий авторларының бірі Бейімбет Майлин де атылып кетті.

Көркем фильмде «жарлыққа қарсы шықпаңдар, қара жұмысқа барыңдар» деген патшаның көзілдірікті «итаршысының» сөзіне ешкімнің де ермегені баяндалады. Ермегені былай тұрсын, қайта жалбағай киінген қазақтар ат үстінен жабыла күліп, бірі қамшысын, енді бірі саусағын шошайтып, «аман-сауыңда тайып тұр» деп ызбар шашады. Жан-жағына алақ-жұлақ қараған әлгі бейшара көптің ызалы күлкісіне шыдамай, жылыстап кетуге мәжбүр. Советтік көрермен соншалық жеккөрінішпен қабылдаған бұл жағымсыз бейне – ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ жұртын қалың ұйқыдан оятуға бел шешіп кіріскен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты тағы да басқа Алаш қайраткерлерінің жиынтық образы еді. 1938 жылы түсірілген «Амангелді» фильмінен Алаш кезеңіндегі қазақ оқығандары, жағымсыз кейіпкер ретінде болса да, экраннан көрініп қалды. Осы жылы әлгі кейіпкердің прототиптері де, сценарий авторларының бірі Бейімбет Майлин де атылып кетті. «Амангелді» фильмінде Торғайдағы 1916 жылғы көтерілістің көсемі Әбдіғаппар Жанбосыновтың ескерусіз қалғаны болмаса, жағымсыз кейіпкердің «патша жарлығына қарсы шықпайық» деген сөзі рас еді. Тіпті, Алаш арыстарының елді сабырға шақырғанына халықтың барлығы бірдей бас шұлғи қоймағаны да шындық болатын. Советтік киногерлер осы шындықты жалпы контекстен бөліп алып көрсетті[4].

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі бағыттағы туындылардың ішінде көлемі жағынан да, көркемділігі тұрғысынан да, көрнектілерінің бірі – Омар Шипиннің «Амангелді батыр» дастаны. Ақынның басты мақсаты Амангелді Имановты және ол бастаған көтерілісші сарбаздардың ерлігін жырлау болған. Ақын о баста «Амангелдің айбаты», «Губернатор келгенде» және Амангелдің әр ұрысы туралы жеке-жеке өлең, толғаулар шығарған. Кейін сол өлең толғауларды құрастырып, жалғастырып дастан етіп жазған.

1942 жылы «Амангелді» деген атпен жеке кітап басылып шыққан. Ал, 1961 жылы «Амангелді батыр» деген атаумен «Таңдамалы шығармалар» жинағына енгізілген. Дастанда Амангелдінің батырлық жолы мен көтеріліс кезіндегі ерлік іс-әрекеттері жан-жақты суреттелген.

Ақын Амангелді жайлы дастанын батырлар жыры үлгісінде жаңаша толғайды. Халықтың асыл сөздермен сусындаған ақын Амангелді батырдың тұлғасын былай деп жырлайды:

Батырдың туғаннан түрі бөлек,

Шүйделі бас, формы дөп-дөңгелек,

Сүйріктей судан шыққан екі қолы,

Буынның саусағында белгісі жоқ.

Тұтасқан екі қастың аралығы,

Бесіктей бұлшық еті, жұмыр білек.

Ақынның 1916 жылғы 6 қарашада жазылған «Торғай соғысы» өлеңінде патша әмірінің жарлығымен қазақ даласынан 19-31 жас аралығындағы ерлерді алуға келген солдаттармен Амангелді бастаған топтың қақтығысы, яғни, батырдың Торғай қаласына шабуылы суреттеледі.

Омар ақын «Он алтыншы жыл» атты өлеңінде:

Арыстандай ақырып,

Он алтыншы жыл келді.

Қаһарына шыдамай,

Қазақ елі сенделді.

Ел қосылып елменен,

Ерсіл-қарсыл шұбырды.

Патшадан шыққан бұл жарлық,

Қазаққа қанды күн болды– деп, жаугершілік заманның басталғанын, мылтық-қылышын баптап жүретін ер азаматқа сынды кезеңнің келгенін суреттей келе топтан суырылып шығып Ер Исатай секілді егеулі найзасын қолға алған Амангелді батырдың жауға қарсы аттанғанын шынайы баяндайды[10].

Қорыта айтсақ, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тарихымызда халқымыздың басынан өткен ең ауыр тарихи ақтаңғалақ оқиғалардың бірі болды. Көтеріліс барысында, әсіресе, қазақтардың саны Қазақ өлкесінде 446 мыңға, Орта Азияда 121,7 мыңға, Астрахань губерниясында 51,8 мыңға, Ресей империясында 617,5 мыңға азайып кетті. 1917 жылы Торғай көтерілісінің талқандалуы аяқталуы барысында 3 мыңдай адам жауапқа тартылып, 201-і өлім жазасына кесілді, 161-і каторға айдалды, жүздеген ауылдар тоналып, өртелді, жазықсыз адамдар атылды.

Көтеріліс бір жағынан жеңіліс тапты, оның өзіндік себептері де көп болды: бытыраңқылық, әскери қарудың жеткіліксіздігі, руаралық қақтығыстардың болуы, жергілікті халық пен қоныстанушылар арасындағы қайшылықтардың болуы, ұлттық-демократиялық зиялылар қатарында бірліктің болмауы, қазақ феодалдарының сатқындығы сияқты себептер әсер етті.  Екінші жағынан көтеріліс жеңіліс тапқанымен оның қазақ тарихындағы тарихи маңызы зор болды. Атап айтсақ, қазақ халқының таптық саны өсті, Қазақстан халықтары ұлттық мүдделерінің ортақтығын ұғынып, бастары біріксе жеңіске жететініне көздері жетті, патша өкіметін сескендірді; қозғалыс барысында өкімет құрылымы, қарулы күштер, басқару аппараты құрылды; Ресей империясындағы азаттық күрестің шырқау шегі болды.

Тұтас алғанда Қазақстандағы 1916 ж ұлт- азаттық қозғалысы көтеріліске қазақтармен қатар ұйғырлар, өзбектер, дұнғандар және кейбір өзге халықтардың өкілдері қатысқан оның оңтүстік облыстарын (Жетісу және Сырдария облыстары) айтпағанда бір ұлттық сипатқа ие болды.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Нұрпейісов К. “Азаттық үшін айқасқан” Қарқара айбаты, Алматы, 1991.
  2. Қазақ ССР тарихы. Бес томдық. Үшінші том. Алматы, 1982; История Казахстана очерк. Алматы, 1993.
  3. Қозыбаев М. Аласұрған ХХ ғасыр. “Казахстан в начале ХХ века” Алматы, 1993, стр.7-8.
  4. Нұрпейісов К. “Национально-освободительное движение в Казахстане” в книге История Казахстана очерк. Алматы, 1993, с.276
  5. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том.
  6. . «1916 жыл.Әңгімелер, өлеңдер, дастандар». Алматы. «Рауан». 1996.
  7. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, IV том
  8. А.Иманов. Мақалалар, материалдар, документер. А., 1975 ж., 65 б.
  9. Мырзағалиұлы М. 1916-1917 ж. Торғай қазақтарының көтерілісі.-А., 2005, 162 б.
  10. Ана тілі, 20.03.1997. 4 б.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Профессор м.а. Құмғанбаев Ж.Ж.

Тарих факультетінің 1 курс магистранты Кеңес С.

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *