Мұхтар Шаханов Наурызға ода

1988 жылы да — мен үшін рухани жеңіс жылы. Колбинмен және бір топ өз ұлтымыздың нигилистерімен өткен мылтықсыз шайқаста асығым алшысынан түсті. “Наурыз — ислам дінінің қалдығы” деген сыңаржақ пікірді малданып, көлденең тұрмақ болғандар жеңілді. Кең байтақ, қазақ жеріне, іле-шала күллі Орта Азияға 62 жылғы үзілістен соң “Наурыз” мерекесінің қайта оралуына септігім тигеніне қуаныштымын.

Мына жыр Алматыдағы М.Горький атындағы демалыс паркінде, 100 мың адам жиналған сол шадыман мерекеде оқылып еді.
(Күнделіктен)

Қанша ғасыр сән берген даламызға
Өзгеше бір әні едің байтақ елдің,
Сәлем, Наурыз!
Сен біздің арамызға
Алпыс екі жылдан соң қайта келдің.
Сен ең көне жырысың санамыздың,
Рухи шаттығымсың тасып толған.
Сені тойлап, бабасы бабамыздың
Әжемнің әжесіне ғашық болған.
Сен бүгін арнасысың дара күйдің,
Сан пейілдің төрінен күлімдейсің.
Сен менің ұлы бабам Фарабидің
Кешігіп елге жеткен үніндейсің.
Басыңды көтер, қане, күн қақтаған,
Сен енді басқа айқайға бұрылмайсың.
Тымырсық, тылсым жылдар тыңдатпаған
Сен бізге Шәкәрімнің жырындайсың.
Ғасырды көктеп өтіп сұңқар сезім,
Немерем тік көтеріп уақыт туын,
Ғашығына арнаған іңкәр сөзін
Өзіңнің тойыңда айтса – бақыттымын!
* * *
Көкірегімде төрт сәуле бар төрт бақыттан тұратын,
Төртеу — менің мұратым.
Төртеуінен алма-кезек нұр алам.
Біріншісі — туған елім — ұлы анам.
Екіншісі — ғазиз анам, саулығымды сұраған.
Бірақ маған екеуі де — бір адам.
Үшіншісі — намыс үшін беріспеген күндерім,
Жанған отты өшіруге келіспеген күндерім,
Жақсылыққа жақсылықпен өріс берген күндерім,
Тағдырымның жанарынан жеңіс көрген күндерім.
Сүрінгенді сүйеймін деп құлап қалған кездерім,
Өзім жылап, жан досымды жылатпаған кездерім.
Бәрі-бәрі, жомарттығым, адалдығым сондағы
Кеудеме кеп жиналды да, бақыт болып орнады.
Төртінші ме?
Төртіншісі — сәл тайқыса болар мұң,
Маған деген адалдығы ол,
мені сүйген адамның.

 

Мұхтар Шаханов

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *