ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ ҚАЗІРГІ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ОРНЫ МЕН МАҢЫЗЫ

Жанатаев Д.Ж., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, философия ғылымдарының кандидаты
Өтеген Б.Ү., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
1-курс магистранты

ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ ҚАЗІРГІ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ОРНЫ МЕН МАҢЫЗЫ

Философиялық көзқарас биігінен қарағанда, адамдардың барлығы да – ізденуші, яғни, олар өмірге қажетті дүниелер мен құндылықтардың бәрін өзімен бірге ала келген жоқ. Тарихты адам жасайды, адамзат тарихы дегеніміз – дарияның асау тасқыны да, толқынға қарсы жүзетін кеме де, кемені қозғаушы желкен де осы адамның бір өзі ғана. Демек өмірдің мәні де, қожасы да – адам. Рас, адам өмірі ешбір бөгетсіз сырғи бермейді.
Ежелгі заманнан өмір сүріп келе жатқан түркі тайпалары негізінде қалыптасқан іргелі халықтардың бірі – қазақтар, ғасырлар бойында жазба мәдениеті болмаса да, ауызша әдіспен өзіне тән бай рухани мұра жасай білді. Ал, жазба әдебиет пайда болғаннан кейін бұл мұра өте үлкен қарқынмен дами отырып, әрқилы ерекшеліктерге толы күрделі тарихи жолдардан өтті.
Философия тарихы туралы жазылған еңбектер ерте заманнан белгілі. Ұлы ғұлама ойшылдардың шығармашылық мұраларын, олардың философияға қосқан үлестері, көтерген өзекті мәселелері жайлы әр елдің, әр заманның тарихшылары айқындап кеткен тұжырымдар, құнды деректерге негізделген ойлары баршылық. Оларда философияның қоғамдық сананың ерекше түрі ретінде дүниеге келуіне мифологияның, діннің халықтың қарапайым санасының, ғылымның тигізген әсерлері толыққанды да ерекше сипатталған. Ендеше, бүгіні мен ертеңін қоса ойлаған қазақ халқы үшін бірінші кезекте жаһандану заманының жалауына еріп кетпей, өз ұлтымыздың болашағын кемел келешекке бастар болашақ жастарымыздың өз ұлтының дүниетанымдық көзқарастарын қадірлей білетін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын ұлттық құндылықтарымызды бойларына сіңіре отырып, қазіргі білім жүйесіндегі кейбір келеңсіздіктердің орнын толтыратын рухани білім нәрімен сусындаған қазақ философиясының орны мен рөлін толықққанды игеру үшін осы аталмыш пәнді білім жүйесіне жүйелі түрде өз алдына жеке пән ретінде енгізілуі тиіс. Осы ретте қазақ философиясы әлемдік философияныңи көлеңкесінде қалып қоймауы үшін не жасау қажет деген заңды сұрақ туындайды. Осы бір ойлы сұрақтың төңірегіне үңіліп қарайтын болсақ, өткен ғасырдағы кеңестік дәуірдің кезінде қазақстан тарихы қандай күй кешсе, дәл бүгінгі тәуелсіздік алған ширек ғасырда да отандық философиясының білім жүйесінде орта және жоғары оқу орындарында тереңдей оқытылмауы көңілді қынжылтатыны анық. Әрине, әлем елдерінің философиясын жоққа шығарудан аулақпын, дей тұрғанмен өзіміздің отандық философияны кезең-кезеңімен білім жүйесінде оқытатын болсақ, онда бүгінгі жастарымыз ұлттық құндылықтарымызға немқұрайлы қарамас еді деген ой келеді.
Өзге халықтардың философиясы сияқты отандық философия да өз қайнар көзін көне аңыздар мен дастандар, ертегілерден бастайды. Егер аңыздармен бай халықтарға үнді мен гректерді жатқызса, қазақ елі де олардан кем түспейді. Өйткені, өне бойы көшіп-қонып жүрген халықтың бір ғана байлығы болды, ол – оның тілі, бабалардан келе жатқан дәстүр, аңыз-хикаялар мен нақыл сөздер. Олардың көбі егемендік алған жылдары жарық көріп, философиялық тұрғыдан енді ғана тереңірек талдануда.
Біздің қазақ философиясында көбінесе ежелгі дүние философиясынан қысқаша мәліметтер беріліп, оқулықтың негізгі басым бөлімдері Абай, Шәкәрімнің дүниетанымымен байланыстырады. Меніңше, бұл аздық етеді. Себебі, көне грек-рим философиясындағы алғашқы дүниетанымдық көзқарастарды қалыптастырған антикалық дәуірдің ойшылдарының ішінде «жеті данышпанның» біреуі өзіміздің сақ дәуіріндегі ұлы ғұлама ойшылымыз Анарыс (Анахарсис) туралы тек гректің тарихшысы Гередоттың күнделігінен, естелігінен ғана білеміз. Анарыс туралы деректер шын мәнінде аз кездеседі делік. Аты аңызға айналған дала данышпанының, Анарыстың нақты өмірбаян туралы деректер сақталмаған. Бірақ, сол қазақ ұлтының негізі болған кешегі тарих қойнауының түбіне терең бойлаған сақ-ғұн тайпаларының аңызына айналған ұлы ғұлама туралы деректерді бір жүйеге келтіріп, өз алдына бір оқулық ретінде зерделеп шығарып отандық білім жүйесіне негіздеп кіргізетін болсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана жастар әлемдік деңгейдегі данышпандар Аристотель, Сократ, Платон, Конфуций сияқты біздің де ұлы бабамыз Анарыс туралы білетін болатын еді.
Қазақ философиясының тағы бір ерекшелігі деп оның шынайы патриотизмі, халқына сүйіспеншілігі, оның бағыты, мүддесі және болашағы үшін күресуге дайын және оған жету жолдарын өз қадірінше анық, жан-жақты көрсете білуі дер едік. Бұл айтқандардан қазақ философиясы бастан аяқ тік тұрған, бірден қалыптасып жеткен жүйе деген пікір тумаса керек. Біртұтас көзқарас, дүниені жан-жақты танып білу, оның заңдылықтарын, таным процесін, әлеуметтік мәселелерді дұрыс түсіну, ойлау түрлерінің жүйесін анықтау – соңғы ғасырлардың үлесіне тиеді. Дегенмен, халықтың жыраулық, ақындық шығармашылығында қоршап тұрған табиғат пен әлеуметтік орта туралы ойлаудың біршама жиынтығы болды. Негізінен кездейсоқтық, жүйесіздік сипатына қарамастан онда адамдардың бай практикалық өмірін, халық даналығын көрсететін философиялық мән бар еді. Ойлау тәсілі ерекше, шығармашылық жолы мен шығармалардың сақталуы ауыз мәдениетіне сай, оны есінде сақтау және ұрпақтан-ұрпаққа өзгертпей, жоғалтпай, «ұрламай» жеткізу – бұл философия тарихындағы ғажап құбылыс.
Халқымыздың өмірін бейнелеген, адамдардың түйсігін, ойларын, өскелең талабын көрсете білген фольклорда объективті шындықтың элементтері бар. Халық эпостары, ертегілер, аңыздар, лирикалық-тұрмыстық поэмалар, мақалдар мен мәтелдер – адамдарды табиғи және әлеуметтік құбылыстарды, саяси-экономикалық жағдайларды, ізгілік мақсаттарды өз уақытына сәйкес танып-білуінің куәгерлері. Ауызша халық мәдени ескерткіштерімізді зерттеу халқымыздың танымдық, әлеуметтік-саяси, адамгершілік-тәрбие және дүниеге көзқарас ерекшеліктерін білуге көмектеседі. Жалпы орта білім беру орындарында, әсіресе, жоғары сыныпта осы қазақ философиясының пайда болуы туралы білім берілетін болса онда өскелең ұрпақтың өз ұлтына, отанына, жеріне, еліне деген патриоттық көзқарастары басқаша болар еді. Сондықтан алдағы күннің еншісіндегі осы бір күрмеуі келмей тұрған отандық философияны қайта қарап зерделеп, күн тәртібіндегі кезек күттірмес мәселенің біріне, бірегейіне айналдырсақ, уақыттың еншісінен ұтылғаннан ұтқанымыз көп болар еді.
Сөз соңында айтарым: қазіргі кезде еліміздің рухани өміріндегі өзекті мәселелердің бірі отандастарымызды оның ішінде жас жеткеншектердің философиялық сауатын, мәдениетін өркендету болып табылады. Оған қоғамымыз басынан кешіп отырған қайшылықтарды әлемдік философия тарихының өзекті мәселелерін тани, талдай отырып зерттеу арқылы шешіп, құрылып жатқан азаматтық қоғамның ерекшеліктерін халыққа ашып көрсету арқылы қол жеткізуге болады.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *