«Ш» дыбысын сөзде машықтандыру. Пойызбен саяхат.

Кэльсова Индира

Сабақтың тақырыбы: Ш дыбысын сөзде машықтандыру. Пойызбен саяхат
Сабақтың мақсаты:
1. Түзетушілік-білімділік: Ш дыбысының артикуляциясын, жеке тұрғанда Ш дыбысын айтуды бекіту. Ш дыбысын сөздерде айтуын машықтандыру. Ш дыбысының сөздегі орнын анықтай білуге, сөздерді дұрыс буынға бөле білуге үйрету.
2. Түзетушілік-дамытушылық: баланың сөздік қорын, фонематикалық қабілетін, тыныс алуын, сөйлеу мүшелерінің қозғалысын, ойлау, есте сақтау қабілетін, ұсақ саусақ моторикасын дамыту.
3. Түзетушілік-тәрбиелік: тапсырманы мұқият орындауға, шыдамдылыққа, өз бетінше жұмыс жасай білуге үйрету.
Сабақтың түрі: топтық
Сабақтың типі: саяхат сабақ
Көрнекіліктер: Ш дыбысының профилі, артикуляциялық жаттығулар, музыкалық аспаптар (барабан, сылдырмақ), кеспе буындар, дыбысқа байланысты суреттер, балауыздар, ойыншықтар, киімдердің, жемістер мен көкеністердің, жануарлар мен құстардың суреттері.

Сабақ барысы

І.Ұйымдастыру кезеңі
1. Баламен амандасу
2. Психологиялық дайындық: «Шаттық шеңбері»
Ауадан қуат алайық,
Алақанға салайық.
Жерден нәр алайық,
Алақанға салайық.
Күннен шуақ алайық,
Күн шуағын қонақтарға сыйлайық.

ІІ. Кіріспе бөлім
1. Сабақтың мақсатын баяндау
Балақай, бүгінгі сабағымызда «Ш» дыбысын сөзде дұрыс айтуды үйренеміз. Ал сабағымыз саяхат түрінде өтеді. Біз пойызбен саяхатқа шығып, түрлі тапсырмалар орындаймыз. Дайынбыз ба? Онда саяхатқа жол тартайық! Бірінші бекет «Артикуляция» бекеті.

• «Артикуляция» бекеті

Қалай ойлайсың, біз бұл бекетке неге тоқтадық? Иә, дұрыс сөйлеуіміз үшін тілімізге жаттығулар жасап алуымыз керек.
Ертегі: Ертеде бір тышқан өмір сүріпті. Ол таңертең ұйқыдан оянып, есікті ашып, сырқа шығады (ауызды ашу). Күнге қыздырынады («Күрек»). Сосын серуендеуге шықты. Жолда келе жатса қоршаудың артына тығылып қалған қоянды көреді («Қоршау»). Қоянға жақын барып «Қайырлы таң!» деп амандасып еді, қоян оған күлімісіреді («Бақа»). Тышқан келе жатса алдынан секіріп жүрген шегірткелер шығады. Олар тышқанды шай ішуге шақырады, үйге кіріп кесемен шай ішті («Кесе»), бір кесе ішті, кейін екінші кесе, тағы үшінші кесе шай ішті. Дәмді тосаптан ауыз тиді («Дәмді тосап»). Шегірткенің үйінен шығып келе жатса алдынан әткеншек теуіп жатқан шыбын шықты («Әткеншек»). Әбден ойнап болған соң тышқан үйіне оралды.
Ал балалар, тышқан, шегіртке, шыбын деген сөздерде мен қай дыбысты созып айтып тұрмын? Ш дыбысын айтқан тіліміз қандай қалыпқа түседі?
 Тілдің ұшы таңдайдың алдыңғы жағына көтеріледі, бірақ таңдайға тимейді
 Тілдің бүйірлері жоғарғы азу тістерге тиеді
 Ерін аздап дөңгеленіп, алға қарай шығыңқы келеді. Тістердің арасы 1-2мм ашық
 Ауа тілдің арасынан бір қалыпты шығады. Алақанды ауызға жақындатқанда жылы дем сезіледі.

ІІІ. Негізгі бөлім

• «Дыбыстар» бекеті

Балақай, Ш дыбысы қандай түспен боялған. Ол дауысты ма, дауыссыз ба?
1.Тыныс алу жаттығуы: ш дыбысын созып айту арқылы балауыздарды үрлеу

2.Фонопедиялық жаттығу. Музыкалық аспаптармен бірге ән салайық.

Ша-ша-ша
Шо-шо-шо
Ше-ше-ше
Шу-шу-шу
Ша-шо-ше
Ша-шо-ше

3.«Қағып ал» ойыны
(Бала Ш дыбысын естігенде қол шапалақтайды)
 Жеке тұрғанда: н, ш, г, т, ш, к, е, ш, д, ж, ш. (1-рет шапалақтау)
 Буында: не, ше, ба, ша, жу, шу, са, ша, ке, ше. (2-рет шапалақтау)
 Сөзде: ара, шар, қасық, шаңғы, доп, ағаш, шана, раушан. (3-рет шапалақтау)

• Ойыншықтар» бекеті

Көпше түрде айт
Балақай, бұл тапсырмада ойыншықтардың аттарын көпше түрде айту керек. (Балалар ойыншықтардың ішінен ш дыбысы бар ойыншықты алып, жекеше және көпше түрде айтады)
Қуыршақ – қуыршақтар
Машина – машиналар
Шар – шарлар
Ұшақ – ұшақтар

Сергіту сәті: «Ұшты-ұшты …» д/о.

Ұшты-ұшты шар ұшты
Ұшты-ұшты ағаш ұшты
Ұшты-ұшты қарлығаш ұшты
Ұшты-ұшты шалбар ұшты
Ұшты-ұшты көбелек ұшты
Ұшты-ұшты машина ұшты

• Жемістер мен көкеністер» бекеті

Зат есім мен сын есімді тіркестір
Бала Ш дыбысы бар жемістер мен көкеністердің атауын сын есімдермен тіркестіріп айтады.
Қызылшаның дәмі қандай? – дәмді қызылша
Шалқанның көлемі қандай? – үлкен шалқан
Бұршақтың түсі қандай? – жасыл асбұршақ
Бұрыштың дәмі қандай? – қызыл бұрыш
Шиенің түсі қандай? – қызыл шие

• «Киімдер» бекеті

«Бір және бірнеше» ойыны
Бала бірнеше киімдердің ішінен Ш дыбысы бар киімдерді алып буынға бөлу

Құлақшын – 3 буын
Мойын орағыш – 5 буын
Күртеше – 3 буын
Шалбар – 2 буын
Іш көйлек 3 буын
Шұлық – 2 буын
Тәпішке – 3 буын

• Жануарлар мен құстар» бекеті

«Тауып көр» ойыны
Ш дыбысының орнын табу: сөз басында, сөз ортасында, сөз соңында.
Сөздер: шағала, шымшық, шошқа, мешін, ешкі, лашын

ІV.Қорытынды бөлім
«Сиқырлы сандық» ойыны

Бала бұл ойында сандықтан құрамында Ш дыбысы бар заттарды теріп алып, себетке жинайды. Соңында сандық түбінен сыйлық алады.
Балақай, бүгін біз қандай дыбысты дұрыс айтуды үйрендік? Ш дыбысы дауысты ма, дауыссыз ба? Сабақта тағы не істедік? Сендерге сабақ ұнады ма? Ендеше алдыларыңдағы смайликтерді көтеріп алған әсерлеріңді көрсетіңдер.
V.Үйге тапсырма
• Ш дыбысын сөзде қайталау

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *