ШҚО әкімі Тоқаевпен кездесуде шекара маңынан екі жаңа аудан құру туралы айтты

Мемлекет басшысына облыстың биылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижесі туралы мәлімет берілген. Президентке берілген ақпаратқа сәйкес, осы жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының жалпы өңірлік өнімі 4,4 триллион теңге болады деген болжам жасалып отыр. Қазіргі таңда инвестициялық жобалардың жалпыұлттық құрамына аймақтан құны 1,1 триллион теңге болатын 42 жоба кірген. Ермек Көшербаевтың айтуынша, биыл сомасы 77 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Өңірдің агроөнеркәсіп кешенінде 37 ірі жоба орындалады. Оларға салынатын инвестиция мөлшері – 236,4 миллиард теңге. Сондай-ақ Қазақстанда алғаш рет жылына 4 мың тонна сұйық лецитин өндіру үшін күнбағыс тұқымын терең өңдеу әдісі енгізіліп жатыр. Шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасалуда. Атап айтқанда, осы бағыттағы жобаларға 22 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Сонымен қатар ШҚО әкімі президентке 2024 жыл облыста Жол жылы деп жарияланғанын айтты. Жолдарды жөндеуге және салуға бөлінетін қаржыны екі есе ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы 600 шақырым жолды және көшелерді жөндеу жоспарланған. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында Риддер жылу электр орталығында қалпына келтіру жұмыстары да жүргізілген. 6 қазандық агрегаты жөнделген. Бүгінде Риддер тұрғындары жылумен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, кездесуде шекара маңынан Марқакөл және Катонқарағай атты екі жаңа аудан құру мәселесіне ерекше назар аударылған. Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев өңір халқының өмір сүру сапасын арттыру маңызды екенін атап өтіп, Шығыс Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда одан әрі дамытуға қатысты бірқатар міндет жүктеді.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *