ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПСИХОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫ ДАМУЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР МЕН МІНДЕТТЕР

Н.С.Жубаназарова

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПСИХОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫ ДАМУЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР МЕН МІНДЕТТЕР

 

Әлемнің дамыған мемлекеттері елдің басты байлығы табиғи ресурстар емес, адами капитал екеніндігін мойындайды. Оның айқын мысалы ретінде өз ғалымдарының еңбектері арқасында экономикалық өркендеуге қол жеткізген Батыс елдері мен Азия аймағындағы Қытай, Жапония, Сингапур елдерін келтіруге болады.Қазіргі заманда ғылым адамдар өмірінің көптеген салаларында маңызды рөл атқарады. Ғылымның даму деңгейі қоғам дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады, сонымен қатар ол мемлекеттің де заманауи дамуының көрсеткіші. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері отыз жылдан асты. Еліміздегі ғылым дамуының жағдайы туралы деректер мен есептерді талдаудың арқасында отандық ғылым бастан кешіп жатқан кейбір өзекті мәселелерді анықтауға мүмкіндік туды. Оны біз Қазақстандағы психология  ғылымы дамуындағы мысалдармен негіздей аламыз.

Ең алдымен, Қазақстанда қоғамдық-гуманитарлық білімнің әлеуметтік жағдайы жаратылыстану ғылымдарынан айтарлықтай төмен екендігін мойындауымыз керек. Жалпы алғанда, «дәл» ғылымдарға қарағанда әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулердің мәртебелік дәрежесі төмендігі әлемдік тенденция болып табылады. Бірақ басқа дамыған елдердің жанындагумантитарлық ғылымдардың Қазақстандағы беделі мен әлеуметтік өзектілігі ең төмен құндылықтарды көрсетеді. Әлеуметтік ғылымдардың когнитивтік және өзгертуші функциялары жеткілікті бағаланбайды. Қоғамдық санада әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың маңызды нәтижелері негізінен сыртқы және ішкі саясатты идеологиялық және үгіт-насихаттық қамтамасыз етумен байланысты деген пікір кеңінен таралған.Қысқасы, бізде әлеуметтік-гуманитарлық білімнің рөлі жете бағаланбайды. Мәселен, ғылымды мемлекеттік қолдау жүйесінде іргелі психологиялық зерттеулерге сұраныс іс жүзінде жоқ.Еліміздіңәлеуметтік-гуманитарлық ғылыми мектептері жаһандық академиялық дискурста шеткі орын алады.Қазіргі уақытта отандық ғалымдар халықаралық ғылыми басылымдарда тақырыптық басымдықтарды анықтайды, ғылымның алғы шебінде күн тәртібін қоя алады дегенге сену қиын. Өйткені, жаһандық академиялық дискурсқа қатысудың ең негізгі талабы – лингвистикалық құзыреттілік. Бүгінгі таңда ағылшын тілі жаһандық академиялық дискурстың «лингва франкасы» болып табылады.Психология ғылымындағы англосаксондық үстемдіккеәзірге балама жоқ.Қазірхалықаралық аудитория алдында көріну үшін академиялық ағылшын тілін меңгеруді талап етіледі. Алайда әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласындағы отандық ірі ғалымдар мен мамандардың айтарлықтай бөлігінің ағылшын тілін меңгеру деңгейі жеткіліксіз. Қарапайым не орташа деңгейде тіл білгенімен арнайы терминология мен күрделі сөйлеу үлгілерін, сөз орамдарын қолдануда қиналады. Көбісі аудармашылардың көмегіне жүгінеді. Оның үстіне лингвистикадағы «лакуна» мәселесі бар. Кросс-мәдени психология сана бейнелерінің «семантикалық картасындағы» ақтаңдақты ескермеу салдарын жақсы біледі. Тағы бір қисынсыз жайт – отандық ғалымдарды англосаксондық дүниенің критерийлерімен бағалау әдеті.Ғылым ең алдымен, сол қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандырып, оған өмірде кездескен проблемаларды жеңуге көмектесуі керек. Тек шетелге арқа сүйеудің мемлекетті қандай күрделі жағдайға соқтыратыны Батыс санкциясына ұшыраған Ресейдің бүгінгі жағдайы айқын көрсетеді. Олар енді ұлттық және экономикалық қауіпсіздікті  қамтамасыз ету үшін импортты алмастыру саясатын жүргізуде. Бүгінгі таңда бұл мәселе әлемдегі қазіргі геосаяси жағдайға байланысты ерекше өзекті болып отыр. Отандық интеллектуалдық өнімдерді өндіру қарқынын кеңейту қажет. Бұл үшін отандық ғылымдардың, соның ішінде әлеуметтік-гуманитарлық білімнің рөлі арттыру және қазақ жастарын ғылыми өмірге тарту аса маңызды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда ғылым саласында 21 782 адам жұмыс істейді. Зерттеушілердің 35%-ының ғылыми немесе академиялық дәрежесі бар, бұл 1697 ғылым докторы, 4165 ғылым кандидаты, 1340 PhD және 293 ғылым докторы.

Әлемдік психология ғылымының қазіргі жағдайын оның дамуындағы шарықтау шегінде деп сипаттауға болады. Ғылыми психология жаңа білімдермен үздіксіз толығуда, оның түсініктік аппараты мен зерттеу әдістері жетілдірілуде, жаңа салалар пайда болып, тереңдетіліп зерттелінуде. Психология революцияға дайын болған кезеңді бастан кешіруде деп айтуға болады. Соңғы жылдары Қазақстанда адам тағдырына, оның ішкі әлеміне, мүмкіндіктері мен қабілеттеріне қызығушылықтар артуда. Мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқындалуы психология ғылымының өмірдің барлық саласындағы және іс-әрекеттегі рөлінің артуын талап етеді.

Соңғы жылдары елімізде ғылыми зерттеулердің деңгейі біршама көтерілді, мұғалімдердің, ата-аналардың, қоғамның ортасында психологиялық білімдерді тарату кеңейді, республикалық ғылыми-теориялық конференциялар мен симпозиумдар өткізілді, жалпы медициналық, спорт, сот психологиясы бойынша көптеген кітаптар мен оқу-құралдары, арнайы орта және жоғары оқу орындарына арналған әдістемелік құралдар шығарылды. Психологиядан ғылыми диссертацияларды қорғау бойынша оқу кеңестерінің қызметі қайта қолға алынды.

Біздің көзқарасымыз бойынша, Қазақстандағы психология ғылымының маңызды міндеттерінің бірі аймақтың өзіндік ерекшеліктері ескеріп осы білім саласының теориялық-әдіснамалық негіздерін жасау болып табылады. Себебі батыстан алынған психологиялық зерттеулердің әдістемелері басқа әдіснама негізінде жасалынғандықтан қажетсіз нәтижелерге алып келуі мүмкін. Осыған орай, психология саласындағы басым бағыттар этникалық тұлғаның қалыптасуы мен даму жолдарын зерттеу, әртүрлі ұлттағы балалардың әлеуметтенуінің заңдылықтарын зерттеу, қазақстандық патриотизм сезімінің қалыптасу механизмдерін, рухани-адамгершілік саласын зерттеу болу керек.

Демократиялық қоғамның жаңаруы, оның егемендік алуы мен ізгілендірілуі, саяси реформа, құқықтық мемлекеттің құрылуы, білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы реформа, адамдардың қоғамдық-саяси белсенділігінің дамуы, елдегі полиэтникалық және көп конфессиялы құрамының ескерілуі, кәсібилік деңгейінің өсуі мен жергілікті этнос өкілдерінің мамандықтарды меңгеруі психология ғылымының артта қалуы мен бір орында тұруын жеңуді талап етеді. Мемлекеттік экономикалық, әлеуметтік, саяси және рухани өмірін ұйымдастыру мен бақсарудың барлық сатысындағы психологиялық мәдениетті және психологиялық білімдерді бағалауды қажет етеді.

Қазақстандағы психология ғылымының қалыптасу және даму жолдарын зерттеп, Қазақстандағы психология ғылымының тағы да өсуіне алып келетін міндеттерді бөліп көрсетеміз:

  1. Іргелі ғылыми зерттеулерді қолға алу үшін аса қажетті ғылыми-психологиялық ізденістерді қаржыландыру мәселесін шешу;
  2. Психологияның басты бағыттары бойынша ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың бағыттары мен формаларын анықтау. Білім беру психологиясы, денсаулық сақтау психологиясы, спорт психологиясы, мәдениет психологиясы, құқықтық психология, отбасы психологиясы, тілдерді оқыту психология және т.б. психология салалары бойынша докторларды даярлаудың жарқын болашағын жоспарлауды бастау.
  3. Мүмкін болған жерлерде психологиялық қызмет орталықтарын ашу: жалпы білім беретін мектептерде, жоғары оқу орындарында, олардың дәрежесін, құрылымын, қызметі мен иерархиясын анықтау.
  4. Республиканың жеке медициналық, ауыл шаруашылық және техникалық жоғары оқу орындары базасында психологтарды даярлау, сонымен бірге олардың біреуінде жоғары оқу орны аралық психология кафедрасын ашу мүмкіндігін қарастыру.
  5. Психолог-зерттеушілердің, практик-психологтардың біліктілігін арттыру мен оларды қайта даярлаудың мүмкіндігін қарастырып, жоғары білімі бар мамандардың балабақшалар мен білім беру мектептерінің жүйесінде жұмыс істеуі үшін алты айлық және бір жылдық оқу курстарын ашу.
  6. Жақын және алыс шетелдермен (ҚХР, Түркия, АҚШ және т.б.) ғылыми, оқу-әдістемелік, шығармашылық байланыстар орнату, психология саласындағы халықаралық байланыстардың мүмкіндігін шешу.
  7. Мектеп психологы қызметінің енгізілуіне байланысты психология мамандығына түсетін абитуриенттердің санын арттыру керек, ірі бөлімдер базасында психология құжаттарын жасау.
  8. Психологиялық әдебиеттерге, әсіресе қазақ тілді әдебиеттерге қажеттілікті қалыптастыру үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі деңгейінде елдегі мемлекеттік баспалардың бірінде арнайы редакция ашу мәселесін қарастыру.

Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы психологтарды даярлау әлемдік трендпен ұштасып жатыр. Отандық ғалым психологтардың еңбек жолы мен шығармашылығы тарихи-психологиялық зерттеу нысанына айналуда. Елімізде қолданбалы психологияға сұраныс үлкен.  Жоғары оқу орындары психология ғылымының дамуына орасан зор үлес қосқанымен, психологиялық лабораториялардың жоқтығы сияқты кемшілік тұстары анықталды.

 

Ж. Сейітнұр,Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ психология ғылымдарының кандидаты, доцент

Н.С.Жубаназарова  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, психология ғылымдарының кандидаты, доцент

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *