Тау сілеміндей мол мұра

Қазақ тіл білімі мен әдебиеттануымен, ұлттық стилистикаға да зор ықпалын тигізген ғалым – Ахмет Байтұрсынұлы. «Ұлтының рухани көсемінің» (М.Әуезов) стиль туралы айтқан қағидалары мен тұжырымдары, жіктемелері мен сараптамалары күні бүгінге дейін ғылымда да, күнделікті өмірде де қолданылуда. Ахмет Байтұрсынұлы жайлы айта берсек таусылмайдығой әрине. Студенттік шағымыздың соңында А.Байтұрсынұлы “Тіл құрал” оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығына өндірістік тәжірибеден өтуге бардық. Оқытушыларымыз Имаханбет Райхан Сахыбекқызы және Мекебаева Лейла Адамқызы тәжірибе жетекшілері болды.
Автордың стильдің ғылыми маңызы туралы тұжырымдарын «Тіл құрал» еңбегінен, ал жазу мен өмірдегі стильдік қолданыс туралы пайымдауларын «Әдебиет танытқыш» еңбегінен аңғаруымызға болады. «Тіл құралында» мынандай қағида айтады: «Әр ақын, әр жазушы сөздің басын өзінше құрастырып, өз оңтайымен тізеді, әрқайсысының лұғатында өзіндік айырымы, өзіндік белгісі болады. Ол белгі әркімнің өз ыңғайымен сөз тізіп, әдеттенуінен, салттануынан болады. Ол салттар жалпы сөз тізу салттарынан, шарттарынан аса алмайды. Сөз шығарушылар, әуелі сөз ұнасымына керек жалпы шарттарды орнына келтіріп, өзінің өзгеше әдісі болса, соның үстіне ғана қосады. Сондықтан сөз шығарушылар бәрінен бұрын лебіз дауысынан шыққан сөздің асыл болуының жалпы шарттарын білуі қажет».
1912 жылы мектеп балаларын қазақша сауаттандыратын әліппені («Оқу құралын») жазғаннан кейін, көп ұзамай енді мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулық жазуға кіріседі. «Біздің заманымыз – жазу заманы… Сөздік жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге, сөз қандай орында қалай өзгеріліп, қалайша бір-біріне қиындасып, жалғасатын жүйесін білу керек болғандықтан, «қазақтың бастауыш мектебінде басқа білімдермен қатар қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін де үйрету керек» дегенді өзіне міндет етіп алады да, сол міндетті атқару үшін «Тіл – құрал» деген атпен үш бөлімнен (үш кітаптан) тұратын оқулық жазуға кіріседі.
«Тіл – құрал» – қазақ мәдениетінде бұрын болмаған құбылыс. Оның жалғыз тіл емес, өзге де пәндерден ойып- үйренетін қазақша жазылған кітап, құрал дегендерді білмей- көрмей келе жатқан қазақ жұртшылығы үшін мүлде тың дүние екендігін автордың өзі де ескертеді. Автордың айтқысы келгені – сөз шығару үшін де білім болу керек. Себебі, сөз шығарушыда білім болмаса стилі өңсіз, сапасыз мәтін жазылады. Ал сапасыз мәтінді оқыған оқырман сауатсыз болады. Сауатсыз оқырман – қоғам дерті.
Сонымен қатар, осы аталған еңбегінде А.Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» деген аты қандай жат көрінсе, ішкі мазмұны да әуелгі кезде сондай жат көрінер, өйткені қазақта бұрын болмаған жаңа зат. Халықта бұрын болмаған нәрсе жат көрініп, бірте-бірте бойы үйренген соң қалатын дейді. Шынында да ол жат болмақ түгіл, бірте-бірте соншама үйреншікті, қазақ балаларының бірнеше буынын тәрбиелеген, 14-15 жыл бойы мектеп оқушыларына ана тілінің табиғатын танытқан ет бауыр дүниеге айналды: «Тіл – құрал» десе, жұртшылық қазақ тілі оқулығын, оқулық десе, тек қана Ахмет Байтұрсынұлын білетін болды.
«Тіл – құрал» қазақ тіл білімінің тарау-тарау салаларының құрылымын жүйелеп, ғылыми негізін салған зерттеу. Оның тілдік ұғымдарға берген анықтамаларының ғылыми тереңдігі, дәлдігі қазіргі ғылым үшін өте маңызды. Ол тұңғыш төл грамматика, терминдерді қалыптастырды. Мысалы, зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз, т.б. жүздеген ұлттық терминдерді түзді.
«Тіл – құрал» тұңғыш оқулық болуымен қатар, бастауыш мектепке яғни алғашқы 4-5 жыл оқитын шәкірттерге арналғанымен, бұл – қазақ тілінің фонетикалық және грамматикалық құрылымын талдап, жүйелеп, танытқан қазақ тіліндегі тұңғыш ғылыми жұмыстың басы болды. Бұл оқулықтар – «Қазақ тіл білімі» атты ғылым саласының ана тіліміздегі дұрыс жазылған, жақсы бастамасы, өйткені, қазақ тілінің дыбыстық құрамының классификациясы да, сөз топтарын ажыратып, сөз тұлғаларын көрсетуінде. Тілдік әр категорияның классификациясынан бастап, барлық терминдеріне дейін қазіргі мектеп оқулықтарында А.Байтұрсынұлының ізі бар.
Ахмет Байтұрсынұлы өмірбаянының негізінде бір қатар еңбектер жазылған. Олардың кейбіреуі Елбасы кітапханасында да бар. Мысалға, Райхан Иманханбетованың «Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны» мен Амантай Ахметовтың «Рух әміршісі» («Властелин духа») атты кітабы қазақ ағартушысының өміріндегі елеулі кезеңдерді баяндайды. Тәжірибе барысында аталған орталықтан көптеген мәліметтер,мол мұра жинадық.Ахметке арналған біраз мақалаларды қарастырып,талдадық.Осындай артына өшпес мұра қалдырған дара тұлғаның атына қойылған мекемелер,көше аттарыда бар екенін бәрі білер. Дегенмен, менің туған жерім Жаркент қаласына да Ахмет Байтұрсынұлына көше аты я болмаса мекеме аты берілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Нұрғожа Жанар , әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің 3курс студенті .
Лейла Мекебаева ф.ғ.к, аға оқытушы

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *