Орыс тілі бізге қайдан келді?

Тақырыпты оқи салысымен мына «қазақ сымақтар» қайдан шыға береді деген ойға келген боларсыз?! Біз қандай да бір ұлт пен тілді кемсітумен емес, өз ана тілімізді дәріптеумен айналысамыз. Еліміздің болашағы мен тағдыры тіл мәселсімен қатар шешім табатынына сеніммен қараймыз.

«Қазақ» болып танылғанымызға биыл 558 жыл толып отыр. Халқымыз тарихында жеткілікті азап көрді. Жоңғар шапқыншылығы мен Әбілқайыр ханның Кіші жүзді Ресей территориясына өткізуі, осының әсерінен Патша үкіметінің қазақ халқына туған жерінде қысым жасауынан орын алған көтерілістер бізді әбден әлсіретті. ХХ ғасырда КСРО құрамына кірер-кірместен дауыс беру немесе өз ойын айту құқығынан айырылды. Ал аталмыш одаққа түпкілікті мүше бола салысымен, ұлтымызды жойып жіберуге дейін жеткізу шаралары ұйымдастырылды.
Бұл оқиғалардан соң не болғанын барлығымыз білеміз…Соғыс пен тоқырау жылдары елімізге өзге ұлт өкілдері жаппай эмиграцияланды. Поляктар, дүнгендер мен ұйғырлар, орыстар мен украиндер, немістер мен кәрістер және т.б. Осылайша, көп ұлтты мемлекет болуға деген алғашқы бастамалар орын алды. Алайда, ұлттардың барлығы сол заманның мемлекетттік тілі – орыс тілін ұстануға мәжбүр болды.

Қазақ тіліне қарсы жасалған шаралардың ішінде білім ордаларын жабу немесе мешіт-медреселердің жұмысын тоқтату бұқараға аса ауыр тиді. Біле білсеңіз, қарапайым ауыл балалары, тіпті ересектері де молдадан ғибрат алу арқылы көздерін ашқан. Сәбидің бойына бала-бақшаға барған сәтінен бастап орыс тілі дарытты. Отандық тарихымыздағы тіл тарихының легі осындай.

Қазіргі таңда біз тәуелсіз, ешкімге бас имейтін мемлекет болып табыламыз. Бірақ бала-бақшадағы балалар әлі күнге дейін орысша сөйлейді. Неліктен? Өйткені халқымыз ұлттық сананы оятпай, жауып қойды, яғни сол уақыттың орыс тілімен ғана шектелді. Онымен қоймай, ана тілін білмейтін отандастарымыз өздері сөйлейтін тілге балаларын да үйретіп жатыр. Теледидарды, телефонды орысша қараған адам тілден мақұрым болмасқа не амал? Бұл тақырып үлкен-кіші демейді. Өз тағдырымыз, еліміздің тағдыры әрбіреуімізге тікелей байланысты.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейді. Ана тіліңе құрмет көрсету – ана тіліңде сөйлей білу. Сондықтан, бұл мәселені шешу үшін барлығымыз бір ұлт болып, жұмыла атсалысайық!

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *