Наурыз мейрамы

Наурыз – ежелден бері тойланып келе жатқан түркі халықтарының төл мерекесі. Көктем келіп, барша тіршілікке жан бітіп, оянады. Айнала көгеріп, құстар жылы жақтан ұшып келіп, көктем аспанын әуелете жөнеледі. Жаратылыстың бәрі еңбектенуде. Адамдар жер жыртып, егін егеді. Бақшаларға әр түрлі жеміс-жидектер мен хош иісті гүлдердің сан аулан түрлері егіліп, Жер Ананың беті өзгере бастайды. Су ағатын арықтар тазартылып, ағаштардың түбіне ақ әк жағып, айран құяды. Осынау тіршіліктін оянған шағында барша түркі халқы Жаңа Жыл — Әу Наурыз мерекесін тойлайды. Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 2010 жылдан бері Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн бойы тойланып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды.
Наурыз мейрамы аясында міндетті түрде атқарылатын рәсімдер баршылық. Мәселен, наурыз көже дайындалады, апаларымыз қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға салады. Соғымға сойылған малдың басы немесе шекесі қосылып, қазы-қарта, жал-жая қазанға түседі. Ет сорпасына көже қайнатады. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосады. Тұз бен суды қосқанда дәмнің саны тоғыз болуы тиіс. Түркі халқының ұғымында жеті мен тоғыз және қырық — аса киелі сандар. Сол себепті наурыз көже аса қасиетті тағам болып саналады. Оған қоса, ол — тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы. Наурыз мерекесі жадыраған жазды қарсы алар көктемнің басы болғандықтан, оны қазақтар «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп те атайды. Бұл бүкіл табиғат ананың тоңы жібіп, жаны кіретін тіршілік басы дегенді білдіреді. Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алып, арықтарды тазалап, су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егуден бастайды. Бұл күн жер-жерде ат бәйгесі, көкпар тарту, қыз қуу, палуандар күресі тектес ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылады. Наурыз мейрамында әркім жылы шырай сезіне бастап, сағынышты көрісулерімен, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алады.

Қалдыбек А. Қ.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *