Мен-анамын,ұрпағын әлдилеген (аналар сайысы)

Мақсаты:  Бала бойында әлемдегі асыл ананы сыйлауға, адамгершілік сезімін ұялатуға, әсемдікті сүюге баулу.

Барысы:

Жүргізуші: — Көңілдерге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, тағы 8- наурыз мерекесі келді. Осынау көктем мерекесінің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар – өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі тек аналармен ажарлы екені сондықтан.

Бүгінгі арайлап атқан нұрлы таңмен бірге әрбір сәби жүрегі өзің деп соқса, бүгінгі мерекелік кешіміз де аналарға арналады.

Біз ғана емес, қадір тұтқан бабалар,

Аналардан туған небір даналар.

Ана деген – тіршіліктің тірегі,

Армысыздар, қасиетті аналар!

Құрметті аналар, балабақша ұстаздары, бүлдіршін қыздар! 8-наурыз көктем мерекесі құтты болсын! Сіздерге әрқашан сыр бермес денсаулық, өмірдің шапағатын тілейміз! Бұл күні өздеріңіздерге бағытталған тілектер періштенің құлағына шалынсын. Әрдайым мейірім шуағын шашып жүре беріңіздер.

Құттықтау үшін сөз балабақша меңгерушісіне беріледі.

-Ана деген – өмірдегі ұлы есім,

Бақ тілесе анадай-ақ тілесін.

Ана деген ардақты ат, сен оны

Ана жайлы ән тыңдасаң білесің – демекші бүлдіршіндердің аналарына арнаған мерекелік сәлемін қабыл алыңыздар.

Хор: «Құттықтаймын»

Негізгі бөлім:

-«Дүниедегі ең сұлу кім?» деген сұраққа «Дүниедегі ең сұлу ол — ана» деп жауап берер едім.

-Қазақ әйелі – бар мұратын отбасының игілігіне арнаған әлемдегі ең ізгі адам;

-Қазақ әйелі – бар тілегін перзентінің жолына арнаған әлемдегі ең мейірбан ана;

-Қазақ әйелі – бар бақытын некелі ерінің талайынан күткен ең асыл жар. Бүгінгі сайысымыздың «Мен – Анамын, ұрпағын әлдилеген» деп аталу себебінің бір сыры осында жатыр. Ендеше сайысқа қатысушы аналарымызды бүлдіршін қыздарымызбен бірге яғни, кішкене ғана көмекшілерімен бірге ортаға шақырайық.

Әділқазылар алқасымен және сайыс шарттарымен таныстыру.

Сайыс шарттары:

  1. Таныстыру;
  2. «Көтерейік көңілді ән-жырменен» өнер сайысы;
  3. «Таңдайдан дәмі кетпес тәтті астың» қамыр жаяу;
  4. «Ұтқыр сұраққа, ұтымды жауап» сұраққа жауап;
  5. «Жолдасымның сүйікті асы»
  6. Қорытынды.

1-бөлім — Таныстыру:

-Тамылжытып сөздерін,

Таныстырсын өздерін – деп кезекті аналарға берейік.

2-бөлім – «Көтерейік көңілді ән-жырменен»

-Шебер ана көп болған-ау ертеде,

Шеберлікпен аты шыққан өлкеге – деп аналарымыздың өз өнерлерін тамашалайық.

3-бөлім – «Таңдайдан дәмі кетпес тәтті астың»

-Ал кімнің өнері бар қаншалықты,

Би билеп, ал біреуі ән салыпты.

Бүгінгі аналардың байқауында,

Баршасы аянбай-ақ жан салыпты .

4-бөлім – «Ұтқыр сұраққа ұтымды жауап»

Таңдап алған сұраққа жауап береді және мақалды жалғастырады.

  1. Қыздарға кәрі жілікті неге ұстатпайды?
  2. Тауық түс көре ме? ( Тауықтың түсіне тары кіреді)
  3. Қызға таңдай берудің мәнін түсіндір.
  4. Аппақ қарға бола ма? (Қарға баласын аппағым дейді)
  5. Қазақ қыз баланың тұлымын неше өрім қылып өрген және не үшін?
  6. Жыланды інінен қалай шығарады? (Жылы – жылы сөйлесе, жылан інінен шығады)
  7. «Бәсіре» дегеніміз не?
  8. Жаман атты, жаман жолдасты немен алмастыруға болады? (Жаман аттан аяғың артық, жаман жолдастан таяғың артық)

5-бөлім – «Жолдасымның сүйікті асы»

-Бұл бір берген сыйы ғой табиғаттың,

Дәмі тілді үйірер бал шәрбаттың.

Ішсең шөлді қандырар, жесең тойып,

Таңдайдан дәмі кетпес тәтті астың (Әр ана дайындап әкелген тағамдарын таныстырады).

Қорытынды.

Әділқазы алқасы қорытындылап, сайыстың кезеңдері бойынша саралап «Өнерлі ана», «Шебер ана», «Зерделі ана», «Парасатты ана» номинацияларымен марапаттайды, сыйлықтар табыс етеді.

-М.Жұмабаев «Әйел-ана – барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тірліктің қайнар бұлағы» деген екен. Сіздерге сарқылмайтын күш, ұзақ ғұмыр тілей отыра «Мен анамын, ұрпағын әлдилеген» атты сайысымызды жабық деп жариялаймыз. Көктемнің гүл мерекесі тағы да құтты болсын.

Әуен ғой үзілмейтін ол саналы,

Әлемнің бейбітшілік аңсар әні.

Жауыздық жер бетінен өшер еді,

Анадай адамдардың болса бәрі – дей отыра бүгінгі кешімізді аяқтаймыз. Қош сау болыңыздыр!

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *