Жұматай Жақыпбаев поэзиясының идеялық ерекшелігі

Дауренбекова Динара Танашовна

Жұматай Жақыпбаев  поэзиясының  идеялық  ерекшелігі

 

Жұматай жыры мәңгілік ел есінде болмақ.  Ақын бірде алауыртқан махаббат сезімдерін өрнектеп жазса, бірде алып ұшқан туған жерге деген сағынышын жырға қосып жазып, ел тарихының тұңғиығынан  да сыр шертіп жазды.

     Жұматай — өзіне дейінгіге де, кейінгіге де ұқсамайтын, өзіндік қолтаңбасы бар ақын. Жұматай поэзиясы көптеген қаламгерлерлеріміздің тарапынан жоғары бағаға ие болған. Өзара сырлас, көп ретте тағдырлас та болған Асқар Сүлей­менов: “Оның өлеңдері табиғи бітімі, концеп­циялық айшықты ойы жағынан да ұлттық поэзиямыздың айтулы олжа­сы, оқшау құбылысы. Әр шығармасы шыңыраудан су шығарғандай көрінеді”, – деп таңданысын жасыра алмаған.

    Ол өмірді біртұтас құбылыс, көрініс ретінде, ал адамды сол ұлы табиғаттың, жаратылыстың бір туындысы, бөлшегі ретінде қабылдайды.

 

Жұматай жыр  жинақтарымен  қазақ   поэзиясына  жаңа  серпін,  өзгеше  өрнек  алып  келді.

Жұматай поэзиясы жайында сөз қозғағанда үкілеп, ғұмыр бойы әспеттеген Ләйләсі турасында айтпай кету мүмкін емес. Ләйлә — Жұматайдың музасы ғана емес, жер басып, төс керіп жүруіне негіз – ауасы секілді. Ләйләсіз Жұматай, Жұматайсыз Ләйләні елестету мүмкін емес.

Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ,

Мойнына жұқа алқызыл шарф байлап ап.

Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрменен,

Алыстан тұрдың көзқарасыңмен аймалап.

Ақынның  жазған өлеңінде осы шумақ жолдарынан   жаны нәзік, жаны жаралы,  пәк көңілді алау етіп, шарқ ұрған көңілі жағаға соққан  толқындай елестейді.

«Ақын- өз  елінің  жыршысы». Қай  ақын  болмасын, өз  елін  шексіз  сүю  үшін, ең  бірінші  туған  жеріне  деген  сүйіспеншілігі  шексіз  болуы  шарт. Жалқыдан  жалпыға  көшкенде  ғана  сезімдер  өміршең  келмек. Отанға  сүйіспеншілік  те  туған  жердің  жасыл  шалғынын  жырлаудан  бастау  алмақ. Жұматай  да  «кіндік  кесіп,  кір  жуған»  өлкесін  өлең  өрнегімен  еркін  әспеттеп, перзенттік  махаббатын  шебер  жеткізе  білген. «Туған  жерге»  өлеңінде  мынадай  шумақтар  бар:

Аршалыдан  алты  қанат  үйлер  кеп,

Бас  үйткен  де,  шақырған  ба  көп  елді?

Үнді  үйреткен  әбжыландай  иреңдеп,

Ақ  түтіндер  көк  түбіне  жөнелді.

Ғажайып  сурет! Ақын  жүрегі  туған  жерінің  әрбір  тасын  құмарлана  құшқысы  келеді. Тіпті,  «үнді  үйреткен  жыландай  ақ  түтіндер»  де  сондай  ыстық.

Туған  жерім,  әлемдегі  ел  түрлі

Таңдай  қаға  қарауы  үшін  мың  сан  күн.

Әспеттеуге, бейнелеуге  көркіңді

Тілімнің  бар  акварелін  жұмсарын,-

Ақын жан-жақты тұлға екенін пайымдауға болады. Тарихты өлеңімен өрнектеген тарих тағланы дерсің. Тарихтың тұңғиығына батып, қаймағын алып өлеңге қосты.

Еліміздің  ежелгі  тарихын  ерінбей- жалықпай  өз  бетімен  іздене  оқыған.  Оның  оқырманына  айналу  үшін  жай  ғана  поэзия  жанкүйері  болу  жеткіліксіз  екені даусыз. Ақынның:

Бір  ғажап  сурет  көрдім  деп  ертең  мақтанам

Бөгеннің  жері  бөлектеп  маған  сақтаған.

Ер  Қыпшақ  Еділ  Еуропада  да  көрмеген

Жалаир Мұқылай  Таңғұттардан  да  таппаған,-

тәрізді  бірнеше  мыңжылдықты  қас-қағымда  парақтап  тастаған ақынның болмысынан қағілезділігін, өр мінезді тұлға екендігін   аңғаруға болады.

Жұматай поэзиясы — өмірінің айнасы іспетті. Тағдырынан таяқ боп тиген ауыр соққылар мен тәтті түстей шырынды сәттердің дені поэзияға ұласып, көркем тілмен өріліп келеді. Рас, Жұматай серіліктің шекпенін киіп, өмірдің күйбеңіне өзге жұмыр бастылардай күйін күйгісі келмеді. Асқақты сүйетін қырандай еркін көсіле қалықтағысы келді. Тек тұзақтай шырмаған тіршілік дегеніне жетіп, көңілді құлдыратқан сәттерге толы болды. Бір сөзбен айтсақ, Жұматай қысқа ғана сәтте қарапайым пенделер арасында өзінің ертегі ғұмырын сүріп кеткен дара тұлға.

 

Алматы облысы, Ескелді ауданы

Ж.Жақыпбаев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Дауренбекова Динара Танашовна

 

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *