Журналистиканың болашағы бар ма?

  Соңғы жылдары Қазақстан кәсіби журналистерге мұқтаж екені байқалады. Елімізде журналист мәртебесінің төмендегенінен жыл сайын өз ісінің шеберлері басқа салаға кетуге мәжбүр. Халық арасында «төртінші билік» аталатын бұл салада тіпті журналистиканың мәнін түсінбейтін жандардың жүруі қынжылтады.

  Алдымен мамандардың жетіспеушілігіне тоқталып өтейік. Бұл мәселенің бірден-бір себебі — жалақының аздығы мен жұмыстың көптігі. Ақпарат жинау, өңдеу, шынайылығын тексеру, халыққа жеткізу — журналист міндеті. Алайда 2019 жылғы көрсеткіш бойынша Қазақстан журналистінің орташа жалақысы 80-100 мың аралығы. Халық пен үкімет арасында алтын көпір аталатын жандар еңбегі жоғары бағалануы тиіс деп ойлаймын.

  Менің ойымша, мамандар жетіспеушілігінің тағы бір себебі — сапасыз білім. «Тәрбие тал бесіктен» — демекші, журналист маманын дайындайтын бесік — жоғары оқу орны. Дегенмен, сөздің шындығы, көптеген оқу орындарында сабақ беретін кей үлкен кісілер заманауи журналистикадан бейхабар. Журналистикаға күннен-күнге жаңа техника мен ақпарат таратудың жаңа әдіс-тәсілдері еніп жатыр, сондықтан жасы келген оқытушылар өз заманында алған білімін студенттерге беріп, соның нәтижесінде, студент заманауи журналистиканың не екенін түсінбей кетеді. Әрине, көпті көрген аға оқытушылардың тәжірибесі ауадай маңызды, бірақ практика жүзінде қызмет етіп жүрген маманнан білім алған бөлек.

  Тағы бір қарастыратын мәселе — «журналист» атын жамылған өнер адамдары мен блогерлер. Бір өкініштісі — атағы мен лауазымын пайдаланып, шынымен журналист болуға лайықты мамандардың орнын «тартып алуы». Журналистің басқа сала мамандарынан айырмашылығын білесіз бе? Нағыз журналист бейтарап болады. Бұл — оның ерекшелігі. Блогер өз ойын білдірсе, әнші бір жақты қолдар, ал журналист ақты ақ, қараны қара деп, фактпен сөйлейді.

  Қазіргі бір түсініксіз жағдай — журналистика факультетін бітіргендердің бәрі журналист болып кете алмайды. Неге математиканы оқыған адамның мектепте математика пәнінің мұғалімі болуға мүмкіндігі бар? Неге журналистика бәрін құшақ жая қарсы алмайды? 

  Қазақ журналистика тарихындағы ауыз толтырып айтуға лайықты оқиға — 2021 жылы ҚР Парламент Сенатының отырысында «журналист мәртебесі туралы заң қабылдау қажет» деген депутат Нұртөре Жүсіптің ұсынысы. «Төртінші билік» ұғымы тек халық арасында емес, заң жүзінде бекітіледі деген үміт барлық БАҚ өкілдерінің жүрегіне ұялады.

  Қорытындылай келе, қазақ журналистикасы әлі де даму үстінде екенін аңғаруға болады. Журналист мәртебесін көкке көтеретін де, құздан құлататын да халық. Көпшілік журналист қызметінің маңызын түсінсе деймін. Өкінішке қарай, журналист мәртебесі «жаңалық окитын адам» мен «сұхбат алатын адам» арасында тұрып қалды. Бұл мәселелерді шешу үшін БАҚ қызметкерлерін заңнамалық деңгейде қорғау, қаржылық тұрақтылықпен қамтамасыз ету жане білікті кадрлар дайындау қажет.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *