Жамбылдың өшпес асыл мұрасы!

Қазақ халқы ерте кезден-ақ өз ақындарын мақтан тұтады. Ғасырлар бойы даңқты ақындардың жырлары халық жадында сақталып келді. Ақындарға қазақ халқы өмір мұғалімдері ретінде қарады. Ертеде «ақын» сөзі тәлімгер мен әншіні білдіргені бекер емес. ХІХ ғасырда туылған ұлы ақын Жамбыл Жабаев атамыздың да халық алдында рөлі зор болды. Ел сыйлаған атамыздың жырлары әр қазақтың жадында мәңгі сақталып, аты даланың үлкен кеңістігінде танымал болды.

Қазақтың ұлы ақыны, қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, жырау, жыршы және кемеңгер Жамбыл Жабаев, 1846 жылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Бала кезінен-ақ Жамбыл домбырада ойнауды үйренді. 14 жасында (басқа мәліметтер бойынша: 1897 жылы 52 жасында) ол үйден кетіп, ән айту арқылы ақын болуды шешті. Ол толғау стиліндегі домбыраның сүйемелдеуімен ән шырқады. Суырып салма өнерін Жамбыл ақын Сүйінбай Аронұлынан үйренген екен. XIX ғасырдың аяғы-ХХ ғасырдың басында айтыстарға қатысып, бірнеше рет жеңіске жеткен. Ол адамдарды сынап, мінеуші, әшкерелеуші әндерінің шебері ретінде танымал болған деседі. Үлкен бүкілодақтық атақ Жамбылға жасы ұлғайған кезде келген еді. Оның шығармашылығын қарапайым халықпен қоса, Кеңес өкіметі де өте жақсы қабылдады. Шығыс данагері және ұлы ақын көптеген кеңестік сыйлықтар мен марапаттардың иегері болды. Айта кетсек, Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерін иеленген Жамбыл атамыз, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және 1934 жылы Алматы қаласында өткен Республикалық айтыстың жеңімпазы атанды.

Халқына қадірі артып, даңқы өрлеген Жамбыл Жабаевтың, 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен. Ол ел өміріндегі табыс пен жаңғыруларды, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлайды. Шағын ғана жыр-толғаулар емес, сонымен қатар, оның қарт көкірегінен «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты эпикалық туындылар қайта жаңғырып, Қазақ халқының патриотизмін күшейтуге елеулі күш жігерін салды десек қателеспейміз. Патриот демекші, Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбыл Жабаевтың патриоттық шығармалары бүкіл елге шырқала бастады, олардың ішінде «Ленинградтық өренім», қоршаудағы Ленинградтың тұрғындарына, қорғаушыларына арналып шығарылған.

Ұлы ақын, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Днепропетровск облысының Синельниково қаласын азат ету кезінде майданға кеткен сүйікті ұлы Алғадайдан айырылады. Жамбыл Жабаев 1945 жылы 22 маусымда өзінің жүзжылдығына дейін сегіз ай өмір сүрмей қайтыс болды. Ол өз қолымен өсірген бақта Алматыда жерленді.

Бүгін де Жамбыл атамыздың әндері адамдардың жүректерін мақтанышымен, жалынды қуанышымен жылытады. Олар халықтың аузында мәңгі естіліп, сақталады. Жамбыл шығармалары қай жерге енсе де, ол өткен адамдардың өз күшіне деген сенімін, достық сезімін, жаңа өмір құруға деген ұмтылысын оятады.

Биыл, ұлы ақынның 175 жылдығына орай бүкіл ЮНЕСКО көлемінде мәдени іс шаралар, кең ауқымда аталып өтілмек. Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай, жыл соңына дейін: еліміздің түкпір-түкпірінде поэзия күндері мен кештері, кітап көрмелері ұйымдастырылып, кинофильм түсіріліп, спектакльдер қойылып, ғылыми конференциялар өтеді, сонымен қатар, ақынның өлеңдері оқылып, ескерткішіне гүл шоқтары қойылады. Бұл қазіргі жастар үшін өте маңызды деп ойлаймын. Себебі, біріншіден, осындай мәдени іс шаралар, жастардың рухани болмысын, өнерге деген құлшынысын оятып, мәдениетті жастар өсіп шығуына әсер етеді. Ал екіншіден, Жамбыл Жабаевтың дүниетанымын және оның рухани мұрасын жастарға кеңінен насихаттау болып табылады. Мұндай ауқымды шара  еліміздің өскелең ұрпағы үшін мол пайдасын тигізбек! Жастардың  өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, бойларында патриоттық сезімін нығайтатыны даусыз!

 

Болат САЙЛАН, Әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.

Зарина Джаканова, 1-курс студенті.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *