Ерте жастан берілген өнегелі тәрбие- бала бақытының кепілі

Шамшаева  Лайлагүл  Адиятуллақызы

.

Адамзат баласы бұл фәниге пенде болып келген соң міндетті түрде ұрпақ өсіріп, оның қоғамнан өз орнын алуына, оқып, білім алып елге адал қызмет етуіне, ортасында құрметті болуына барынша ықпал жасайды. Бұл игілікті іс  аталар жолымен  бізге аманатталып келді және біз де сол бабаларымыздың аманатын өскелең ұрпақ санасына сіңіру мақсатында аянбай еңбек етіп келеміз. Ұлттық салт-дәстүрлерімізге сусындатып, рухани құндылықтарымызға негізделген тәрбие беруге ұмтыламыз.   Өз туған жерін сүюге тәрбиелейміз.   Міне, осы тәрбиенің  ұрпағымызға ерте жастан бастап берілгені, болашақ өмірге ерте бастан бейімделгені аса қажет деп ойлаймын.  Қазіргі таңда мемлекетіміз   бұл мәселеге басты назар аударып, 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз етуді міндеттеп отыр.

Балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршін  үшін алғашқы  күндер   бейімделу  кезеңі  болатыны  сөзсіз.  Бір бала жылап келеді, бір бала қуанып келетіні шындық. Кез-келген  сәби  үшін жаңа  бөлме,  жаңа  ойыншық,  жаңа  адамдар,  жаңа  өмір  ережелерінің  бір  мезетте  ұсынылуы  эмоционалды стресс  туғызады. Ерте  жастағы  балалар  үшін өзіне  жақсы  таныс  отбасылық  жағдайдан  бөтен ортаға бөбекжай-бақшасына келуі  баланың мінез-құлқының өзгеруіне, ұйқысы мен тәбетінің бұзылуына әкеліп соғады.   Сол  себепті «Балажан адамды бала айналып кетпейді»,- деп даналарымыз айтып өткендей, оларға аса мейіріммен қарап, жақсы көру басты міндетіміз деп ойлаймын. Сондай-ақ, сәбилер өзін қалыпты сезінуі үшін, ата-анасының жоқтығын сезбеу үшін, құрдастарымен тез араласуы үшін топта барынша қолайлы  заттық дамытушы орта ұйымдастырылғаны орынды.  Әрбір   баланың  эмоционалды  көңіл-күйінің  дұрыс  дамуы  үшін  оның  жетістігін   үнемі  мақтап,  мадақтау  бала үшін де, ата-ана үшін де өте маңызды.

Осы ретте, Сіздермен тәжірибемде жинақтаған әдіс-тәсілдеріммен, ой-пікірлеріммен бөліскім келеді. Өзім қызмет  атқаратын  «Балапан»  ерте  жас  тобындағы  10 тәрбиеленушімнің  бөбекжай-бақшаға  қабылданған  күннен  бастап бейімделу  кезеңін бақыладым. Нәтижесінде 3 сәби бақшаға   жеңіл  бейімделді,  6 сәби  орташа және 1 сәби өте ауыр бейімделді. Ауыр бейімделген сәбидің  ата-анасымен онлайн байланыс жасай отырып,  оның отбасындағы 3-ші ең кенже баласы екенін білдім. Машинамен, ойыншықтармен ойнағанды жақсы көреді деген ақпарат алдым.  Сосын басқа да балалардың ойыншықтарды жақсы көретінін ескеріп, сәбилердің балабақшаға  бейімделу  процесі  ұзақ уақытқа  созылып  кетпеуі  үшін,  олардың  үйлерінде  жүргенін сезінетіндей  «арнайы бейімделу алаңын»  жасадым. Алаңды түрлі қуыршақтар, ойыншықтар, үйшіктер, қауіпсіз жұмсақ доптармен толтырдым. Топ ішінде ересектердің  қамқорлығын  сезінетіндей  барынша  жағдай  жасадым және бұл оң нәтижесін берді.

Таңертеңгі  қабылдау  кезінде балалар жатырқамай  топқа тез  бейімделуі  үшін  саусақ, қуыршақ  театрының  кейіпкерлері,  көліктер, балалар  арбасы және басқа да арнайы  дайындалған  көрнекі құралдар мен ресурстарды, ойыншықтарды пайдалану арқылы қызықтырып отырдым. Айналасына сенімділік  сезімін  қалыптастыру мақсатында  құрдастарымен -достарымен таныстырып,  топ бөлмелері, балабақша ғимараты және балабақша ауласына «Менің сүйікті балабақшам» тақырыбында экскурсия  жүргіздім.

«Ойын  — баланың өз ісі. Баланың ойынына кірісуші  болма. Баланы бір нәрсе бүлдірмес үшін тек шеттен бақыла. Есте болуы керек, бақылау деген сөз — қарауылда тұрған солдаттай қабағыңды түйіп, қарап тұр деген сөз емес. Олай тұрсаң бала ойынына кірісуші болма!»-, деген екен  алаш қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаев.  Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы  15 наурыздағы №137 Қаулысымен   бекітілген Мектепке дейінгі тәрбиелеу  мен оқытуды дамыту моделі бекітіліп, онда баланы шаршатпай, ойын арқылы оқыту және дамыту қағидаты көзделген. Соған сәйкес, менде өзімнің іс-тәжірибеме  балаларды жалықтырмайтын, шаршатпайтын ойын түрлерін енгізе отырып, оқыту мазмұнын жүзеге асыра бастадым.  Мысалы: «Ақ қоян»,  «Мысық пен тышқан», «Күн мен жаңбыр», «Допты домалат» қимылды ойындары, «Қуыршақты киіндіреміз», «Мұнара», «Сиқырлы қапшық», «Жемістерді жинайық» дидактикалық   ойындары балалардың   сенімділігін арттыруға, көңіл-күйлерін жақсартуға, достарымен бірлесіп ойнауға деген қызығушылықтарын арттыруыма септігін тигізді.   Ойын кезеңдерін   мейірімді,  әрдайым  көмек  беруге  дайын тұратын түрлі  ертегі, мультик кейіпкерлерінің бейнесіне  ене отырып ұйымдастырдым.  Нәтижесінде ерте жас тобының бүлдіршіндері маған да, құрдастарына де тез үйреніп кеткенін сеніммен айтқым келеді.

Сонымен бірге, ерте  жастағы  балаларды  әлеуметтендіру  үшін Глен  Доманның «Ерте  жастағы  балаларды  дамыту  әдістемесін» қолданамын.  Глен Доманның  әдістемесі  бойынша біріншіден сәби еңбектеу,  дұрыс  бағытта  жүруді, жүгіруді және  кедергілерден өтуді,  құлауды,  тұруды үйренуі  керек.  Белгілі бір  қашықтыққа  бала  қызығатын  ойыншық  түрін  қойып,  үлкендердің  көмегінсіз дұрыс  бағыттап  жүруді  үйрету арқылы арақашықтықты  қажетінше  ұзартып  отырамын. Табанына  тегіс,  үйкелісте  және жоғары-төмен  бағытта  болатын, кедергісі  бар  жолдармен  жүргізу –бұл көбіне  біздер  балалардың  өздігінен  жүруіне  сенімсіздік  танытамыз.  Олардың  алдына  қандай  да  бір  кедергі  кездескенде  баланы  кедергіден  көтеріп  өткізіп  жатамыз.  Әрине, бұл әдіс  баланы өздігінен үйрену қабілетінен  айырады. Осы  орайда, ата-аналарға  баламен далада  серуендеу  кезінде  тегіс, кедергілі  жолдармен  көбірек  жүруді  ұсынамын.  Сонымен қатар, балалар қанық қызылды жасылды түстерге тез назар аударатыны белгілі. Сондықтан түстерді ажырата білуді түрлі қызықты ойындар арқылы  үйретемін. Балалардың бейімделуі мен дағдылары дамып,  дұрыс қалыптасуы үшін әрбір іс-әрекетімді мейіріммен, шеберлігіммен ұйымдастырамын.

Перзент  үшін  дүниеде  білімді,  мәртебелі  адам-оның  ата-анасы.  Ал,  ең  әдемі, ең биік,  әрі жарық  үй оның туған  үйі.  Сондықтан да  жас  баланың  дамуына  ата-ананың  орны  ерекше.  Балалар өз бойынан  ата-анасының  бар  болмысын  көрсетсе,  керісінше ата-аналар  өмірінің  жалғасын  балаларынан  көреді.  Отбасының  басты  қазығы,  алтын  діңгегі-бала десек,  өздеріңіз  білесіздер, балабақшада  бір  тәрбие  берсек,  үйде  бала  басқа  тәрбие  алып жатады.  Сондықтан   балабақша  мен  үйдегі берілетін тәрбиенің  ұштасуы өте маңызды. Мен өзімнің іс-тәжірибемде тобымның ата-аналарына балаларының    күнделікті  іс-әрекетіне  жазбалар жүргізіп  отыруы   үшін  арнайы  күнделік арнауды  ұсындым.  Күнделікті  жүргізу  балалардың  жетістігі мен кемшін тұстарын  нақты  біліп отыруына, бағалауына,   балабақша  педагогтарымен  байланысты  жүйелі жасауына,    олардан  педагогикалық,  психологиялық  көмек  алуына  үлесін тигізеді және  кейін бала өскенде күнделіктің  естелік  ретінде пайдасы  зор болатынына  сеніммен айта аламын. Күнделікте ата-ананың  баламен жұмыс жасау, көңіл бөлу уақыты, педагогикалық — психологиялық   ұсыныстар, оның орындалуы, ата-ананың  қойылған  мақсатқа  қол  жеткізуі көрсетіледі.

Жүйелі жүргізілген жұмыстар мен  шығармашылық ізденістер нәтижесін бере бастады. Өткізілген іс-шараларға қатысып, сәбилер мен олардың ата-аналары жетістіктерге қол жеткізді. Түрлі сайыстарға, мерекелік шараларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Жалпы мен қызмет атқаратын №1 санаториялық бөбекжай бақшасында тәрбиеленген, қазір мектепке барған тәрбиеленушілеріміз  бүгінде озат оқушылар қатарында жүр десем артық айтқаным  емес.

Қорыта айтқанда, бейімделу  және  әлеуметтендіру  кезеңінде балада  түрлі  іс-әрекеттерге оң  көзқарас туады. Жас  ерекшелігіне  сай  түрлі  дағдылар дамиды,  ересектер  және  балалар арасындағы  қарым-қатынас  қалыптасады. Сондықтан, ерте жастан бастап    бейімделу  кезеңін дұрыс ұйымдастыру  баланың  жетілуіне, дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуына   үлкен әсер етеді  деп ойлаймын.

Назарларыңызға рахмет!

 

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *