БАСҚАРУ ПСИХОЛОГИЯСЫ ПӘНІНІҢ БІЛІМАЛУШЫЛАР ҮШІН МАҢЫЗЫ

Мутал Аружан

Жарық жылдамдығымен көз ілестірмей дамып келе жатқан, ақпараттық қақтығыс жүріп жатқан қазіргі жаһандану кезеңінде заман көшіне ілесіп жүре алу қиынның қиыны. Күн сайын жаңа ақпараттар, жаңа білім мен инновациялар, жаңалықтар қаптауда. Олардың арасынан өзіңе ең қажеттісін тауып, барлық керек дүниені меңгеріп жүре алу да мүмкін емес. Өзімді болашақ білікті филолог ретінде көре отырып, әр саладан тек қажетті деген ақпараттарды саралай алуды өз салам үшін аса маңызды деп білемін. Осы тұста әрбір филолог келешекте білім саласында қызмет атқаратындықтан олардың тек лингвистика ғылымынан емес, психология ғылымынан да хабардар болуы шарт. Оның ішінде “басқару психологиясы” пәнімен жете таныс болғаны абзал.
“Басқару психологиясы” кез келген маман үшін аса қажетті пәндердің бірі дегім келеді. Себебі, әрбір студент немесе біз секілді магистрант түптің түбінде белгілі бір білім ордасында немесе ұйымда қызмет атқаруына тура келеді. Осы тұста ұйым қызметкерлерімен дұрыс қарым-қатынас жасау, олардың психологиясын түсіну, басшылармен немесе әріптестермен коммуникация жасау, басқарушылықты дұрыс меңгеру және қол астындағыларды тиімді басқара алу сияқты дүниелерді меңгерген дұрыс. Осының барлығын еліміздің барша білім беру ордаларының қара шаңырағы, алды болып табылатын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің магистранттары оқитын «Басқару психологиясы» пәнін оқытпақ.
Бұл пәнді магистранттарға жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры психология ғылымдарының кандидаты Н.С. Жубаназарова жүргізуде. Пәнді оқыту барысында Н.С. Жубаназарова басқару психологиясы не екенін, оның бізге не үшін қажет екенін, және басқарудың қыр-сырын меңгерте, ұйымда жұмыс жасау барысында қандай тиімді әдіс-тәлісдердің бар екендігі секілді маңызды ақпараттармен бөлісуде. Пәнді тек теориялық тұрғыдан құрғақ қана оқытып қоймастан, әрбір тұжырымның біздің өміріміздегі көрінісін анық көрсетіп түсіндіруге тырысады. Ақпарат жадымызда ұзағынан, тіпті мәңгіге сақталуы үшін ұйымда жұмыс жасау барысында басшылық тарапынан немесе қол астындағы бағынушы тарапынан орын алалуы мүмкін проблемаларды шынайы өмірмен байланыстыра отырып талқыға салады. Тұжырымды білімалушылардың ашық түрде сыни талқылауларына, еркін пікір алмасуларына жол береді, әрбірінің пікірі мен дәлелдеуін құнды көреді және әділ бағалайды.
Әрбір өтілген жаңа тақырыпта мен өзім үшін өте құнды білім мен ақпараттарды жете ала алдым дегім келеді. Сондай сабақтардың бірінде біз басшы мен көшбасшы рөлінің айырмашылығын, олардың басқару тәсілдеріндегі тиімді және сондай-ақ тиімсіз тұстарды талқыладық. Мен барлығы үшін қарапайым ғана көрінген, көбіміз сатылай түсіне бермейтін басқару тәсілдері мен түрлерін таныдым. Осы уақытқа дейін белгілі бір орынды басқаруды немесе ұйымда жұмыс жасай алу қабілетінде тұрған аса бір қиындық болады деп ойлай бермейтінмін. Басқарудың бәрін бір типті көретінмін. Ал енді бұл пәнмен таныса келе оның өзі үлкен іліммен, практикамен ғана келетін қабілет екенін түсіндім. Мысалы, басшылардың ең көп қолданатын бес билік жүргізу тәсілі бар екен. Олар: мәжбүрлеу, сыйлық беру, өзара сенім, үлгі болу және дәстүрлі. Әр тәсілдің өзінше басқаша, және әрқайсысының пайдалы тұсымен қоса зиянды тұстары да бар екені белгілі. Басшы өзі үшін және қол астындағылар үшін билік жүргізу тәсілін дұрыс таңдай алуы өте маңызды.
Қорытындылай келе, “басқару психологиясы” пәнінің біз секілді болашақ магистранттардан білікті маман даярлауда алар орны өте зор деп айтқым келеді. Өйткені, барлығымыз келешекте қандай да бір басқару ұйымның мүшесі боларымыз сөзсіз. Егер қызметкерлерімен дұрыс қарым-қатынас түрін білмесек, басқаруды жете түсінбесек, онда білім бар да білік жоқ болмақ. Осы тұста аталмыш пәннің бізге берері мен үйретері мол.

Жубаназарова Н.С.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
психология ғылымдарының кандидаты, профессор
Болтаева А.М.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
психология ғылымдарының кандидаты, доцент м.а.
Мутал А.А.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *