Бала-біздің болашағымыз

Тәуелсіз еліміздің келешек ұрпақты тәрбиелеу мәселесі-бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Бұл мәселенің шешімін табуда үздіксіз білім беру жүйесі айтарлықтай дәрежеде қайта қаралып, оны жетілдіру жолдары іздестірілуде. Бұл негізгі талаптар-Қазақстан білім беру жүйесінің бүкіл әлемдік білім беру кеңістігіне толық енудің алғашқы даму стратегиясын жасау болып табылады. Айтылған талаптардың жүзеге асырылуы бағытындағы жұмыстың үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы-мектепке дейінгі ұйымдарда баланың білімге деген құштарлығын арттырудан, ұлтымызға тән қасиеттерін бойына сіңірген бала тәрбиелеуден бастағанның маңызы зор. Бүгінгі күні жас ұрпақтың сана-сезіміне өз елінің, жерінің тарихы мен мәдениеті туралы алғашқы ұғымдарды кішкентай кезінен қалыптастырамыз. Балабақша-бүлдіршіндерді болашақта ата дәстүрін сақтайтын инабатты да ибалы, үлкен-кішіні сыйлай білуге үйрететін тәрбие орталығы. Өмірге келген жас ұрпақты тәрбиелеу ата-аналар мен балабақша тәрбиешілерінің қасиетті борышы. Балалық шақ және жасөспірімдік кезең-адам өміріндегі сенім, мінез-құлық сияқты басты ұстанымдарды қалыптастыратын мезгіл. Бұл мезгілде тәрбиенің басы-отбасы. Отбасында ұрпақты тәрбиелеп шығаруда басты рөл ата-анаға жүктеледі. Өйткені өмірінің алғашқы кезеңінде нәресте қоршаған ортадан бұрын ең жақын жанашырлары-ата-анасына еркелейді. Солардан үйренеді, еліктейді. Халқымызда «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген даналық сөздің түпкі байламы осы. Отбасы-тұлға шындалып, шынығып қалыптасатын орын. Отбасы жағдайында баланың тұлғалық қасиеттері бірте-бірте қаланады. Осы қаланған қасиеттер, әдетте, ешқандай өзгерістерге ұшырамайды да, мызғымас тұлғалық тұтастыққа айналады. Кейбір ата-аналар баласының жағымсыз қылықтары мен жүріс-тұрыстарын айтып шағынады, тіпті, осы тұрғыда психологтардан ақыл-кеңес сұрап та жатады. Алайда, көп жағдайда ондай келеңсіздіктердің себебі ата-аналар берген тәрбиеден шығып жатады. Өйткені, сол ата-аналардың өздері бұрын түрлі қателіктерге ұрынған, психологиялық тежелістерге шалдыққан жандар болып шығады. Өздерінің қатекемшіліктерін түсінбеген ата-аналар сәбилерінің неліктен өзгергеніне қатты танданып жатады. Сондықтан да бала тәрбиесі ата-ананың өздері тәрбиелеуден, өздерін жақсы халге өзгертуден басталады. Бала тәрбиесіндегі басты алғышарттардың бірі де осы. Бала тәрбиесі-баршаның ісі.

Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүлддесі біреу. Ол-болашақ ұрпақ тәрбиесі. Болашақ ұрпақ тәрбиеленетін алғашқы ұя-отбасы, ата-ана құшағы. Жас сәбидің өмір табалдырығын аттағандағы алғашқы еститіні-шешесінің мейірбан сөзі, көретіні-анасының аялы алақаны. Яғни, ата-әженің өнегесі, өнері балаға үлгі болатыны, бала үйде қандай игі істерге тәрбиеленсе, ұядан ұшқанда да сол өнеге-өсиет оған сарқылмас қазына болары сөзсіз. Қазірде дүниеге дені сау бала әкеліп, ол нәрестенің өсуіне, жан-жақты жетілуіне, жеті жасқа дейінгі дамуының педагогикалық мүмкіндіктерін айқындап, ата-аналармен бірлескен ынтымақты тәрбие жүйесін қалыптастыру көзделуде. Көрнекті ақын, ойшыл философ Ғұмыр Қараштың «Су басынан тұнады,өрт алдынан сөнеді» деген тұжырымы мен оның келешегі жайында айтылған. Сол тұнық судай мөлдір, пәк те таза, адал да аңғал сәбилеріміздің тәрбиесіне дұрыс көңіл аударып, оларды сөз әдебін қалыптастырып, салауатты өмір сүруге дағдыландыру-әрбір ата-ананың міндеті. Мағжан Жұмабаев өзінің ұлағатты бір сөзінде былай деген болатын: «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек». Иә, Мағжан атаның даналық ойы бүгінгі күні білімді ұрпақ екенін айқындайды. Өйткені, елдің ертеңгі тірегі-жастар. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс. Қазіргі танда ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік артып отыр. Бала тәрбиесі-баршаның ісі. Қазір қоғам ата-анадан өмірді бағалайтын бала тәрбиелеуді талап етіп қоймайды, сонымен бірге қоғам алдындағы жауапкершілігі мен міндетін терең сезіне білетін бала тәрбиелеуді талап етеді.

Балаға айналадағы өмір шындығының әсері мол. Айналасындағы үлкендердің, ересек балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы, көңіл-күй ерекшеліктері, жүріс-тұрысы, еңбек әрекеті-бәрі де балаға үлгі-өнеге. Бүгінгі балалар айналадағы болып жатқан барлық оқиғаларды білгісі келеді. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасынаң тәрбиесі аздық етеді. Бұл орайда бала тәрбиесіндегі балабақшаның алар орны ерекше. Себебі, балабақшаға баратын бала қоғамда өз ойын ашық айтуға үйренеді. Сонымен қатар жан-жақты жетіледі. Әсіресе, балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруіміз керек. Және баланың үйде отырмай балабақшаға барғаны жөн. Өйткені бала сыртқа шықса, айналадағы ортаға үйренеді, мінезі тұйық болмайды, адамдармен тез араласады. Балабақша баланы ең алдымен тәртіпке, жауапкершілікке үйретеді. Бала тәрбиесі бесіктен басталады. Отбасындағы тәрбие мен балабақшадағы тәрбиені ұштастыра отырып, әрі қарай жақсы жолға түсуіне себепкер болады. Қазіргі заманда әр отбасында дүниеге келген сәбиді, өсіп жатқан буынды өзінің ана тілімен сөйлету-ұлттық қасиетіміздің дамуының бірден бір жолы. Мектепке дейінгі тәрбие саласында ұлттық тәрбиенің негізгі міндеттерінің бірі-халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерін ана тілінде түрлендіріп, сол арқылы баланың тілін дамыту. Әрбір бөбектің өз ана тілінде тілі шығып, осы тілде ойлау қабілетінің дамуы-ұлттық мінез-құлықтың қалыптасу жолы. Ана тілінің қадір-қасиетін жастайынан түсініп өскен баланың жақсылыққа жаны құмар, таза, пәк, инабатты, биязы болып өсетініне өмір тәжірибесі куә. Міне, біздің кішкентай ботақандарымыз тіл шұрайының шырын балын татып өссе екен дейміз. Бүлдіршіндерге үйрететін сөздер қылыштай кесіп түсетін өткір де дәл, сезімге әсер етіп, сөйлеуде жандандыратын, ойлаудың икемділігі мен тездігін дамытатын, балалардың сөздік қорын жетілдіре түсу қызметін атқаратындай болуы шарт. Сөйлеу қатынасы баланың білімді меңгеруіне, қажетті білік пен дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Баланың өз ойын түсінікті, ұғымды жеткізе білуі отбасынан бастап қалыптасады. Оның алғашқы ұстазы-ата-анасы, тетелес ағалары мен әпкелері. Олармен күнбе-күн араласу, сөйлесу арқылы баланың тілі күн санап жетіле береді. Баланың тілі неғұрлым бай болса, ойы да соғұрлым кең болады. Сондықтан бала тілін кішкентай күнінен байытып, ойын кеңейте түсу отбасының, балабақшаның қажырлы еңбегінің арасында жүзеге асады. Халқымыз ұрпақ тәрбиесіне ешқашан енжар қарамаған. Олардың бойына жақсы қасиеттерді дарытуды, елінің ертеңін ойлар азамат етуді әу бастан-ақ мұрат тұтқан. Өйткені жас ұрпақ-елдің ертеңі, сондықтан «ұлықты ұл, қылықты қыз» өсіруге ерекше назар аударған. Ұрпақ тәрбиесі бір сәт те естен шықпауы керек. Бүгінгі танда бала тірбиесі өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Бала тәрбиелеуде ата-ана баласына тәрбие мен білімді беру мүмкіндігін де ескеруі қажет. Кез келген адамның өз дәрежесі өзіне белгілі екендігін ескерсек, онда ұрпақ сұранысы да соған сай болуы тиіс. Мұндайда балаға өзіміз үлкен боларлықтай амал-әрекетімізді, яғни, әкелік міндетіміз бен аналық парызымызды орындай білу бірінші кезекте тұрады. Ал, бұл мәселелерді орындау үшін ата-ана үлгі болуы шарт. Бұл «Балам дейтін әке болмаса, әкем дейтін бала қайдан болсын?» дегенді алға тартады. Қазақ халқында «Баланы бес жасқа патшасындай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлындай жұмса, он бес жастан асқан соң досындай сырлас» деген тамаша сөз бар. Бұл-мағынаны терең философиялық өмір шындығы. Адам мінезі бес жасқа дейінгі кезенде қалыптасады деседі. Ендеше, жас сәбиді алғашқы күннен бастап тәрбиелеу керек.

Қазақтың проблемасы балабақшадан басталады, балабақшаның санын көбейту керек. Балалық шақ-баланың жеке тұлға болып өзін өзі сезінуінің алғашқы сатысы. Баланың сөз әдебі, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы осы мектепке дейінгі жас шағында қалыптасады. Мектеп жасына дейінгі балалар түсінгенін, қабылдағанын, естігенін, қиялын, ойын тіл арқылы білдіреді. Сондықтан бала тілінің дұрыс дамуына баса назар аударған жөн.Сыпайы, келісті сөз баланың абыройын арттырады, жақтастарын көбейтеді, көптің ықыласына бөлейді. Таза мәнерлі тіл-ойлау жемісі. Баланы ана тілінде дұрыс сөйлеуге үйрету арқылы олардың бойында тілдік мәдениеті қалыптасады. Бала болашағы-бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның, халқының, тұтас бір ұлттың бүгіні мен ертеңін жалғастыратын алтын көпірі, асыл мұраты іспеттес.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *