Балалар тату болсын десеңіз…

Бала бойындағы қызғаншақтық психология түрліше дәрежеде болады. Бүгінгі таңда көптеген балалар «ерке», «тәкаппар» мінездерді жұқтырып алған. Олар басқалардың өзінен жақсы болуын, өзінен асып кетуін қаламайды, тіпті үнемі басқаларды жазғырып жүретін болады.Бұл баланың өсу барысына өте зиянды болып келеді. Ең бастысы баланың өсіп-жетілу барысында ондағы өзгерістерге жай қарамаған жөн. Себебі, бұл өзгерістер оның болашақта толық адам болып қалыптасуына     кері            әсерін тигізеді.
Өмірде өзінің туған бауырына жылуы жоқ адамдар бар. Мұның негізінде «анам маған қарағанда сені артық көрді» деген өкпе-наз жатыр. Ата-ана оларды іштей алаламауы мүмкін. Десе де, кейбір әрекеттерімен баланың жанына жара салатыны жасырын емес. Балаларын тату-тәтті өсіруді қалайтын ата-ана нені ескергені дұрыс?

Бауырлық қарым-қатынаста – жақсы көру, бәсекелестік, көреалмаушылық, қызғаныш сезімдері тоғысады. Көп балалы отбасындағы балалар керісіп, ойыншыққа таласып қалғанда бір-бірімен келіссөз жүргізіп, өзінің шарттарын қойып, өз ойын айтып үйренеді. Бір топта болуды, жақын адамды қорғау керектігін жақсы түсінеді.

Кез келген адам тұңғыш баласы дүниеге келгенде оны барынша махаббат пен мейірімге бөлейді. Одан кейінгі балаларын да бірдей жақсы көреді. Олардың өзара тату болып өскенін қалайды. Десе де, баланың үлкеніне кішісін тәуелді ету немесе «кішкентай ғой» деп кішісіне үлкенін жегіп беру – бауырлардың бір-біріне деген жиіркенішті сезімдерін тудырады.

Екінші бала өмірге келді. Бұл ата-ана үшін бала бағудың қызығы мен қиындығын қайтадан еске түсіретін кезең. Сонымен бірге олар әр баланың  қалауын орындауға тырысады. Ата-анамның отбасылық мұрағатында «сіңілімді ренжітпеймін, керісінше, қорғауға уәде беремін», «сен үлкенсің, демек, бәріне сен жауап бересің»,- деген ата-аналардың  қағидалары дұрыс емес. Бұл балаларға ұнамайды, ол қағида біз кішкентай кезімізде бізге де ұнамаған.

Отбасында екінші сәби пайда болғанда тұңғыш балаға ең бірінші жетіспейтіні- әрине, көңіл. Кеше ғана ата-анасының бар назары тұңғышында еді, енді міне, бүгін олардың көңілі тек кішісінде ғана. Осыдан тұңғыш бала ата-анасына ренжіп, кішісінен қызғанады. Баланың жасы мен жынысына қарай қызғаныш әрқалай білінеді: қыздар көбіненсе мұны жасырмайды, ал ұлдар, керісінше, ішінде бүгеді. Баланың жасы үлкейген сайын отбасылық өмірдегі өзгеріс оған деген ата-анасының махаббатын өзгертпейтінін түсіндіру әлдеқайда жеңіл. Дегенмен, мұны тек сөзбен айту жеткіліксіз: тұңғышыңыз неғұрлым кіші болса, оған айтқан сөзіңізді соғұрлым іспен дәлелдеуіңіз қажет.

 

Кейде ата-ана кенжесінің көңілін табу үшін тұңғышының қалауын  шектейтіні рас: теледидардан қандай мультфильм тамашалау қажет, демалыс уақытын қалай өткізген жөн- осындай түрлі сауалда кіші баланың қалауы бірінші орынға шығады.

Кейде тұңғыш балаңыздың аузынан: «бізге бөпе керек емес», «оны апарып тастаймыз» деген сөздерді естіп те қаласыз. Мұндайда кішкентай сәбиге қарау- үлкендердің міндеті екенін, өйткені, бөбектер әлі нәзік, қорғансыз болатынын балаға байыппен түсіндіруіңіз керек.

Сосын үлкен балаңызға «біз сені ұмытып кеткен жоқпыз, сені де жақсы көреміз және бауырыңды сен жақсы көруің керек, ол өскенде сенің көмекшің, жәрдемшің болады. Сен қазір оған көмек көрсетсең, үлгілі болсаң, ол саған қарап өсіп, ертең саған қолғабыс болады» деген сөзді айтып отырғайсыз.

Үлкеніңізге өзінен кейінгі кішкентайларға қарауды үйретіңіз. Сізге көмектескені үшін және одан да күштірек болу үшін мақтауды аямаңыз. Мынаны есте сақтаңыз: кішкентайыңызға көңіл бөле отырып, үлкен балаңызға да мейіріңізді төгуді ұмытып кетпеңіз. Бұған көп уақыт кетпейді.

«Ақылды бол» тәрбиелеу әдісі

Көбінесе ата-ана әр баланың қалауын табуға тырысады. Дау мен ұрыс үшін жауапкершілікті үлкен балаға аудара салу- шектен шығу деп есептеймін. Маған тәрбиелеудің басқа жүйесі ұнады: балаға алдымен өзін қалай ұстау керектігін үйрету, кейін тәртібін бақылау және «тәртіпті» бұзғаны үшін жазалау. Бірақ іс-жүзінде мынандай: жазалау, кейін бұдан қандай қорытынды шығаруға болатындығын оған айту. Бұл тәсіл баланың жанына батса да, нәтижелі екені рас.

Балаларыңызға достық, мейірімділік, адамгершілік туралы ертегі кітаптар оқып беріңіз. Оны ауызша түсіндіріңіз. Достық болған жерде қандай қиын жағдай болсын, бір-біріне көмектессе, жеңіп шығатынын түсіндіріңіз. Жай ғана ойыншық пен кітапшаға таласу- бұл шындығына келгенде соншалықты үлкен проблема деуге болмайды. Нағыз проблема ата-ананың барлық балаға бірдей көңіл бөлмеуінен туындайды. Егер бір балаңызды екінші балағызбен өне бойы салыстырып отыратын болсаңыз, балалар арасында қызғаныш сезімі туатынын есіңізден шығармаңыз.

Бір балаңызды екіншісіне үлгі етіп көрсету арқылы сіз ауыр қателік жасап отырсыз. Бұдан бала арасында бәсеке мен араздық туады. Әрине,жақсы ниеттегі бәсекелестік, жарысу және үлгі тұту дұрыс. Дегенмен, мұның балалар арасында пайда болуына жол беру тек қана ұрысқа жол берумен тең.Ата-аналар ашуға бой алдырмас бұрын,ұрыстың себебін біліп алыңыз.

Есіңізде болсын!Мейірімге бөленіп өскен бала есейген соң, сондай жылылықты ата-анасына қайтарады. Әке-шешесін бағып-қағатын да сол балалар. Егер үйде береке болмаса, әке-шешесі ішімдікке құмар болса, күнде ұрыс керіс болса,өте қатаң етіп тәрбиелесе, ертеңгі күні үйіне ат ізін салмайтын балалар осылардан шығады. Әке-шешесін қарттар үйіне өткізетін де осындай отбасынан шыққан қатыгез, тасжүрек балалар болып келеді.

Бұл сезімдерді қалай жоямыз? Бір-біріне деген «сенімділікті» қалай сақтаймыз? Осыған байланысты бес нақты үлгіні ұсынамыз.

  1. Әр баламен жеке қарым-қатынас жасау
    Бауырларды тату етіп өсіру үшін барлығын бір жерге жинау міндетті емес. Арасында болса да, олармен оңаша қалып, сырласуыңыз маңызды. Олардың жеке ойын, арманын біліп, әрқайсына жеке тұлға ретінде қарап, бағалайтыныңызды білдіріңіз. Әр баламен жеке істеуге болатын қызық дүниелер ойлап табыңыз. Тәттілерді ұнатасыз ба? Онда қызыңызбен жексенбілік торт пісіріңіз. Ер балаларды ерлердің ісімен айналысуға сырттағы әкесінің қасына жіберіңіз. Сізде тек қана ұл балалар болса, үлкенін велосипед тебуге, кішкентайын әкесінің қасына жіберуге болады. Бұл жерде баланың жынысы, жасы аса маңызды емес, өйткені баланың аты – бала.
  2. Баланың мүліктік құқығын құрметтеу
    «Ағаңа шоколадтың жартысын тез бөліп бер», «Ойыншығыңды әпкеңе бергеннен кеміп қалмайсың» деген сөздермен ата-ана баланың сараңдық сезімін тудырады. Бала да ересектердей өзіне тиесілі затты иеленуге құқылы. Өйткені бұл заттар арнайы оған сатып алынған. Сондықтан мүліктік құқығын құрметтеу қажет. Баланың қарсылықтарын елемей, заттарын бөлісуге мәжбүрлеу – жақсы емес. Мұндай кезде бала жеке заттарын ешкімге көрсетпей, тығып ұстап, тіпті оны күзетіп жүретін жаман әдетке үйреніп кетуі мүмкін.
    Керісінше, баланы мақтау – жомарттыққа жетелейді. Шоколадты ағасымен бөліскенін қалайсыз ба? Онда балаға «Бауырыңа тәтті бөліп бердің бе? Қандай жақсы баласың!» деп айтыңыз. Әпкесіне ойыншығын бергенін қаласаңыз, «Менің балам ақылды, жомарт өзі» деп мақтап қойыңыз. Сонда олардың жадырған жүзін көресіз.
    Әр балада анасының боянатын заттары секілді өз рұқсатынсыз ұстауға болмайтын жеке дүниелері болады. Бұл кішкентай сандықша немесе сөредегі белгілі бір орын болуы мүмкін. Мұнда «рұқсатсыз ұстамау» ережесі қатаң сақталуы маңызды. Сонда балалардың арасындағы шиеленістер азаяды.
  3. Балаларды мақтап жүру
    Балалар тату-тәтті ойнап жатса, спортпен айналысса, әке-шешесіне көмектесіп жүрсе, оларды мақтап жүру керек. Әр түрлі жақсы сөздерді, теңеулерді пайдаланып: «Менің балаларым алтын ғой!» «Сендердің бірге ойнағандарың қандай жақсы! Сендерге қарап рахаттанып тұрмын» деп, жүректен шыққан қуаныш пен махаббатты сездіру әрқашанда жақсы әсер қалдырады. Балалар да сізді түсініп, сіздің қуанышты екеніңізді көріп, өзара тату болуға тырысады.
  4. Өзара келісімге келуін қадағалау
    Балалардың арасында дау-дамайлар, қақтығыстар орын алмай тұрмайтыны сөзсіз. Әсіресе, тетелес бауырлар арасында жиі кездеседі. Мұндайда сабыр сақтау керек. Ата-ана өзі ғана шешім қабылдамай, балаларды мәселені ортақтасып шешуге үйрету маңызды. Балалардың біреуін кінәлап, шешім шығарып тастаудан аулақ болу керек. Керісінше, оларға сол мәселеге қатысты қызықты сұрақтар қойып, ойларын бөліп жіберіңіз. Сонда өздері-ақ кикілжіңді ұмытып кетеді немесе өзара татуласып алады. Оларға сондай мүмкіндік сыйлаған дұрыс.
  5. Олар жайлы тек жақсы сөз айту
    Бала анасының күні бойы әкесіне, әжесіне, атасына, құрбысына, көршісіне өзі немесе бауырлары туралы айтқан әңгімелерін міндетті түрде тыңдап жүреді. Бұл әңгімелер бауырлардың өзара қарым-қатынасына әсер етеді. Сондықтан олардың көзінше ағасының қарындасын қорғағаны, кішісінің үлкеніне жоғалған қарындашын тауып беруі секілді жақсы әрекеттерін ғана айту керек. Олардың не істегені емес, сіздің қалай жеткізгеніңіз де рөл атқарады. «Анам солай айтты, демек мен сондай жақсымын» деп ойлап, бір-біріне одан сайын қамқор бола түседі. Ал баланың бірін мақтап, бірін даттап отыру – бауырлар арасындағы қатыгездікті оятатын бастапқы жол.

Бауырлардың бауырмал болып, өмір бойы тығыз байланыста жүруі тікелей ата-анаға байланысты. Дұрыс бағыт-бағдар берсеңіз, балалар да сіз қалағандай ақылды, мейірімді, еңбекқор, қамқор, бауырмал болып өседі.

 

Ақтөбе облысы ,Темір ауданы ,Сарыкөл ауылы

«Алақай»  бөбекжай-балабақшасының психологі:

Рахметова Майя Ербулековна.

 

 

 

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *