Ақиқатты іздесең, Абайды оқы ерінбе!

Тыныштық Нұржауған 

Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс.

Н.Ә.Назарбаев

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңын жүзеге асыруға арналған тұжырымдамада «Қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін, ең алдымен адамгершілік, ізгілік, имандылық тәрбиесін бойына жинаған білімді, парасатты ұрпақ тәрбиелеу керек» деп көрсетілген. Осы мақсатта ұлттық сана-сезімі жетік, қазіргі заман талабына сай ойлау қабілеті жоғары азаматтар тәрбиелеу – ұстаздар міндеті.

Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе,

Адалдықты көздесең, жаттап тағы көңілге…- деп ақын С.Торайғыров жырласа, Жан-Жак Руссо «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзінің уақытын аямау» деп айтқандай, жылдан-жылға оқушыларымыздың Абай атамызды танып-білуге деген ынтасы артып келеді.Сондықтан да біздің мақсатымыз — жас ұрпаққа Абайдың даналығы туралы кең түсінік беріп, шығармалары мен асыл сөздерінің мәнін ұғындыру.

Шәкірт жүрегіне жол тауып, оның көкірек көзін оятып, ұлы Абай әлеміне құштарлығын арттыру үшін аямай тер төгіп жүрген ұстаздар еңбегі айтарлықтай.

Абай халқымыздың мақтанышы ғана емес, біздің ұлттық ұранымыз. Ол туралы айтылар сөз, жасалар істер әрқашанда өз арнасын табуы тиіс. Абай өлмес мұра қалдырды, оны алдымен өзіміз танып, сосын әлемге таныту — біздің ғұмырлық парызымыз.

Бүгін мен баяндама тақырыбын «Абай — дана, Абай — дара қазақта» деп тектен-тек алып отырған жоқпын. Осы жерде Елбасымыздың мына сөзіне назар аударайықшы: «Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс». Қаншама сыр, қаншама ой жатыр осы сөзде. «Болмасаң да ұқсап бақ»,- деген Абай атамыздың асыл сөзін еске ала отырып, болашақ ұрпағымыздың бойына данышпан бабаларымыздың асыл қасиеттерін сіңіруді, Абайдай халық қамын ойлайтын саналы азамат тәрбиелеуді қазіргі өмір талабы біздерге, соның ішінде ұстаздар қауымына жүктеп отыр. Сондықтан Абай туралы бар білгендерімізді бүгін сарапқа салғалы отырмыз.

Мен қазақпын дейтін әрбір адамның жүрегінің түкпірінде Абайға деген бір жылы сезім жататыны мәлім. Оның терең мағыналы өлеңдері мен әндерін, қара сөздері мен дастандарын оқып, жаттап, айтып өскен әрбір адам Абай десе елең ете қалары сөзсіз.

Абайдың зиялылық шығармашылығы оның педагогикалық көзқарасымен ажырамас бірлікте. Абай адам баласының тіршілігіндегі тәлім мен тәрбиеге ерекше мән беріп, өмірінің ақырына дейін ағартушылық міндетін терең сезінген. Мәселен,

«Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай, баптанба,

Құмарланып шаттанба

Ойнап босқа күлуге,» — дей келіп, адам мінезіне жақсы да жаман әсер ететін сипаттарды тарата жіктеп, даралап түсіндіріп береді. Жас ұрпақтың ақыл-ой тәрбиесін жан-жақты жырлап, адамзат баласының ең асыл қасиеті білім-ғылымға ұмтылу деп бағалайды. Ғылым-білімге талпыныс адамның жан дүниесімен қоса сыртқы айнала қоршаған экономикалық-әлеуметтік жағдайлармен тығыз байланысты екендігінің шындығын айтады.

Абай – кемеңгер! Бүкіл халықтың бетке ұстар данышпаны. Сондай-ақ, Абай көзі тірісінде өзінен кейінгі өнерлі ұрпақты әдебиетке, поэзияға жетелеген өрелі Ұстаз, Хәкім!

Ақынның соңында қалған шығармашылық мұралары ана тілімізде, сондай-ақ басқа тілдерге тәржімаланып, әлемдік деңгейде танылуда, зерделі зерттеу еңбектері де өз оқырманын тауып жатыр. Бұл күні Абай мұрасын зерттейтін өз алдына дербес «Абайтану» ғылымы кең өріс жаюда. Абай мұрасын танып білу, терең меңгеру оңай іс емес. Абайдың осы тереңнен тартқан әдебиет саласындағы тамырын насихаттауды жаңа талап тұрғысынан түлетіп, жаңа серпінмен көрсете білу керек.

Абай мұрасы мәңгі өлмейді. Ол таусылмайтын рухани азық, мөлдір бұлақ, құнарлы нәр, асыл қазына. Ендеше, Абай мұрасын мектеп бағдарлама-сында пайдалануда жас ұрпақтың санасына жететіндей етіп түсіндіру үшін Абайды оқып, өмірді Абайша түсіну керек деп ой бөлісер едім.

М. ӨТЕМІСОВ атындағы Батыс Қазақстан университеті

4 курс студенті Тыныштық Нұржауған

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *