Көркем шығарма жанрлары арқылы балалардың тілдік құзыреттілігін қалыптастыру

                                       Бисеналина Дамегуль Нагиевна

Ақтөбе қаласы №41 «Назерке» МДҰ тәрбиешісі

 

Мектепалды даярлықта көркем шығарма жанрларының тілдік құзыреттілікті дамытуда маңызы зор. Ауыз әдебиетінің ертеден келе жатқан көлемді саласының бірі – ертегілер. Бала ертегіні жан тәнімен беріліп тыңдайды, ертегіде баяндалған оқиғаларға шын көңілмен нанады. Балаға құрғақ, жай сөзбен айтсақ ұқпайды, жандандырып, суреттеп, көркемдеп айтсақ ұғады. Ертегілер халқымыздың тарихын, тұрмыс-салтын, әдеп-ғұрпын, нанымын, дүниетанымын білдіреді. Қай халықтың ауыз әдебиетін алсақ та ертегілер ауызша айтуға лайықты түрде құрылады. Балалардың ертегі мазмұнын кейіптендіруі, ауызша баяндауы олардың тілдік құзыреттілігін қалыптастырудың негізі болып табылады. Ауыз әдебиетінің жанрларының бірі – жұмбақтар. Жұмбақтар халықтың табиғат құбылыстарының өзін қоршаған дүниенің сырын танып білуге талпынудан туындаған. Жұмбақ жанрын кеңінен қолдану арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын халқының қоғамдық тұрмысын, кәсіп тіршілігін, оның өзгерісін тақырыбы жағынан үнемі жаңарып, қоғам өзгерісіне лайықты болып отыратынын, тілдік құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар, жұмбақтардың мазмұны, тақырыбы сан алуан. Олардың бірі заттар мен құбылыстарды пайымдауға, оларды танып біліп, айырмашылықтарды саралауға арналса, енді бірі баланың байқағыштық, сезімталдық жақтарын жетілдіруге бағытталады. Жұмбақтардың бір тобы тапқырлықты, білімділікті керек етеді. Сондықтан жұмбақтың білімділік, тәрбиелік, дамытушылық маңызын ескере отырып, жұмбақтар мектепалды даярлығында балаларда тілдік құзыреттілігін қалыптастырады. Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін ұстарту үшін жаңылтпашты пайдаланады. Жаңылтпаш бала тілінің мүкістігін жоюға, сөздерді ашық айтуға жаттықтырады. Баланы дұрыс сөйлеуге үйретумен қатар, айналасындағы алуан түрлі көріністермен, өмірмен таныстыруға көмегін тигізеді. Сөз мағынасын бұрмаламай, абайлап, байыптап, маңызды сөйлеуге жаттықтырады. Мысалы, «Шеше неше кесе сынды кеше».

Ана тілінің маңыздылығы- әр бала тиым сөздерді өз тілінде ұғынғанда ғана оныың мәнісін түсініп, құнына жетеді. Мысалы, ата-бабаларымыздан қалған «Үлкен алдын кеспе», «Үлкенмен сөз таластырма» деген тиым сөздер арқылы балалар үлкендерді  сыйлауға, құрметтеуге үйренсе, «Жалғыз ағашты шаппа», «Көкті жұлма», «Құстың ұясын, құмырсқаның илеуін бұзба», — қоршаған ортадағы табиғат, жан-жануар, құстар, жәндіктер,өсімдіктерге қамқорлық жасап, оларды қорғауға, аялауға, көбейтуге атсалысып, қадіріне жететін болады. Олай дейтініміз жас ұрпақты тәрбиелеудің басы қазақтың ауыз әдебиетінде, мақал-мәтелдерінде, қанатты сөздерінде жатыр. Мысалы, қазақтың мақалы «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Ер бір рет өледі, қорқақ мың рет өледі», — деп балаларды елін сүюге, намысты таптатпауға тәрбиелейді. Кейбір мақалдар елдің егемендігін, дербестігін ашып береді. Мектеп жасына дейінгі балаларды мәнерлеп, түсініп айтуға төселдіретін және оларға өміртануды үйрететін ең әсерлі түрлерінің бірі-өлең. Қазақ халқы әуелден өлеңді жанындай сүйетін, құрметтейтін халық. Cондықтан да өлеңді өтуге байланысты тәрбиеші алдына үлкен талаптар қойылады. Яғни, өлеңді әсерлі етіп оқи отырып, ол арқылы білім мен тәрбие беру. Мектепалды даярлығында Ғ.Ормановтың «Ана» деген өлеңінде ана бақыты бала екенін, оның болашағына деген үміттің шексіз екенін, ана баласын, баласы анасын қалай ардақтайтынын, анасы мен Отанның алдындағы бала борышының маңыздылығын, оны өтеу кез-келгеннің келе бермейтінін айта отырып түсінік беру. Балалардың тілдік құзыреттілігін қалыптастыруда өз аналары туралы, оларды қалай қалай бағалайтынын әңгімелету, аналарын қалай құрметтейтіні, жақсы көретіні туралы ойларын айтып жеткізудегі тілдік құзыреттілігін қалыптастыруға назар аудару.

Мектепалды даярлық тобындағылар поэзия мен прозаны ажырата алады. Сонымен қатар бұл топта кейіпкер ерекшеліктерін талдау, олардың іс-әрекетін бір-бірімен салыстыру жұмысы жүргізіледі. Мысалы, бір ертегіні оқып болған соң, қандай ертегі оқылды? Неге ертегі деп ойлайсың? деген сұрақтар қоюға болады. Бұл топта сөздік жұмыс жүйелі жүргізілуі тиіс. Жаңа сөздерді еске түсірумен бала кейіпкердің жақсы іс-әрекетіне сүйеніп, жаманнан жиреніп, өз ана тілінің байлығына көңіл бөлетіндей дәрежеде болуы тиіс. Сондықтан бұл топта шығарманы бір рет оқығанда бала жалпы оның мазмұнына көңіл бөлсе, екінші рет оқығанда көркемдік жағынан яғни теңеу, салыстыру, анықтауыш, антоним, синоним, әрине бұл топтағы балаларды көркем шығарманы барлық жағынан түсінеді деп айту қиын. Бірақ мәнерліліктің шығарма тілінің көркем құрылысының алғашқы элементімен танысады. Бұл топта балаларға логикалық анықтама, ереже, терминдер айтылмайды. Тек қана сөз мағыналары балаларға түсінікті тілмен, қарапайым түрде жеткізіледі. Мысалы, шығармадағы құбылысты қандай сөзбен сипатталған, сөзді пайдалану, өз ойыңнан сөйлем құра деген тапсырма орындатуға болады. Балалар ертегі мазмұнын ойша жалғастырып, ертегі, әңгіме құрастыруға дағдыланады. Сөйтіп өз бетімен шығармашылық әңгіме құрастыруға үйренеді.

Жыл аяғында қорытындылау әңгіме ұйымдастыруға болады. Мұндай әңгімелесу кезінде жыл бойына оқылған ертегі бала есінде қалып, ұнағаны таңдалып алынады және сол шығарманың кейіпкерінің іс-әрекетіне талдау жасалады. Кейіпкердің жағымды қасиетіне өз бағасын беруі тиіс. Бағдарламаға енген әдеби шығармалардың тақырыбы, мазмұны, қарапайымнан күрделіге, жеңілден қиынға өту принциптері іріктелген бағдарламалық шығармалардың барлығы қоғамдық, ғылым техника жетістігіне, еңбек түрлерімен тығыз байланыста алынған. Олар балалардың ақыл-ойын өсіріп, дүниетанымын кеңейтіп, тілдік құзыреттілігін дамытады. Қорыта келе, мектепалды даярлықта көркем шығарма жанрларымен таныстыруда әңгіме, ертегі, аңыз әңгіме, өлең мазмұны балаларды қуанышқа бөлейтін жарқын оқиғалар, таң қалдыратын және күлкілі кейіпкерлер, туған өлкенің жаңалықтары мен әдемілігін, көркемдігін сезіндіретін, басты образдағы кейіпкермен бірге қуанып, бірге ренжитін сәттерді бейнелейтіндіктен көркем әдебиет оқу қызметін ұйымдастыруда балалардың тілдік құзыреттілігін қалыптастыру мақсаты көзделеді.

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *