Қазіргі алматы автокөлік жол транспортында кездесетін келеңсіз жағдайлардағы заңдық реттеулер туралы
Аманкос Арсен
Ғылыми жетекші: Ф.ғ.к қауымдастырылған профессор Тулекова Гулжан Хажмуратовна
Синопсис: Мақалада Алматы қаласындағы автокөлік жол қозғалысында жиі кездесетін келеңсіз жайттар, соның ішінде айналма тас жолдағы көлік кептелісі, Воложол жобасының проблемалары, автобус жолағын пайдалану тәртібінің бұзылуы сынды мәселелелер жан-жақты қарастырылады. Осы жағдайлардағы заңдық реттеулер, қолданыстағы нормативтік актілер мен құқықтық жауапкершіліктерге талдау жасалады. Қалалық көлік инфрақұрылымын оңтайландыруға бағытталған ұсыныстар мен шетелдік тәжірибе де назарға алынды.
Мақаланың мазмұны:
Кіріспе ………………………………………………………………………………………………….0,5 бет
1-бөлім ………………………………………………………………………………………………….1,5 бет
2-бөлім …………………………………………………………………………………………………….1 бет
3-бөлім …………………………………………………………………………………………………….1 бет
4-бөлім …………………………………………………………………………………………………….1 бет
Қорытынды……………………………………………………………………………………………0,5 бет
Барлығы …………………………………………………………………………………5,5 бет, 2069 сөз
Пайдаланылған әдебиет
ҚАЗІРГІ АЛМАТЫ АВТОКӨЛІК ЖОЛ ТРАНСПОРТЫНДА КЕЗДЕСЕТІН КЕЛЕҢСІЗ ЖАҒДАЙЛАРДАҒЫ ЗАҢДЫҚ РЕТТЕУЛЕР ТУРАЛЫ
Алматы – Қазақстанның ірі мегаполисі, экономикалық, мәдени және әлеуметтік тұрғыдан маңызы зор қала. Халық санының артуы мен урбанизация үдерісі көлік қозғалысына айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Соңғы жылдары қаладағы көліктің саны күрт көбейіп, жол қозғалысында келеңсіз жағдайлар жиі орын алып отыр. Атап айтқанда көлік кептелісі, жол ережесін бұзу, қоғамдық көлік жолағының дұрыс қолданылмауы, айналма тас жол мен Воложол жобасындағы олқылықтар көлік қозғалысын қиындатып отыр.
Бұл мақалада аталған мәселелердің заңдық тұрғыдан қалай реттеліп жатқанына және оның тиімділігіне тоқталамыз. Сонымен қатар қазіргі құқықтық тетік пен әкімшілік шаралардың көлік қозғалысын реттеудегі рөлін, сондай-ақ, көлік саясатының қала өміріне әсерін сараптауға болады.
Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңы мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі жол қозғалысын реттейтін негізгі құқықтық құжаттар. Бұл құжаттарда жүргізушілердің, жаяу жүргіншілердің, жол полициясының міндеттері мен жауапкершілігі нақты көрсетілген. Алматы қаласында соңғы жылдары жол қозғалысын цифрландыру, «Сергек» камераларын орнату, ақылы автотұрақтарды енгізу сияқты шаралар заң аясында жүзеге асырылып келеді. Алайда, бұл шаралардың кейбірі тұрғындар арасында наразылық тудырады, себебі олардың тиімділігі мен әділеттілігі жиі сынға ұшырайды.
1-БӨЛІМ. СЫРТҚЫ АЙНАЛМАЛЫ ТАС ЖОЛ:
ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ
Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ) – Алматы қаласының көшелерін транзиттік көліктен босатуға арналған ақылы жол. Айналма деп аталуы себебі, қаланы солтүстік жағынан айналады. Алматы облысының Қарасай, Іле, Талғар аудандарының аумақтары арқылы 14 елді мекенмен өтеді. Жол жобасы сонау 2000 жылдары жүзеге асырыла бастады, бірақ ауқымды құрылыс тек 2018 жылы басталды. Жолдың құрылысы 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған еді, бірақ кейінірек пайдалануға беру 2023 жылға шегерілді. 2023 жылы 16 маусымда пайдалануға берілді[1] [2].
Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузовтың айтуынша, «Үлкен Алматы айналма автожолы (ҮАААЖ) — Қазақстан ғана емес, тұтас Еуразия кеңістігіндегі көлік бағыттарын кеңейту ісінде маңызды рөлге ие стратегиялық нысан. Бұл жол «Шығыс – Батыс» бағытындағы халықаралық автокөлік дәліздерін өзара байланыстырып, транзиттік жүк тасымалының көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың болжауынша, алдағы 10-15 жылда осы жол арқылы тасымалданатын жүк көлемі шамамен 87%-ға өсіп, жылына 35,9 миллион тоннаға жетуі мүмкін. Бұл көрсеткіш көлік логистикасын дамыту мен өңірлік экономикалық байланысты нығайту тұрғысынан үлкен маңызға ие» [1].
Бұл жолдың мақсаты – қаланы көлік жүктемесінен босату, әсіресе жүк көліктерін қалаға кіргізбей, айналма бағытпен жүргізу болатын.
Оның ішінде:
«Батыс Қытай – Батыс Еуропа», «Ташкент – Шымкент – Тараз – Бішкек – Алматы – Қорғас» (Жібек жолы) және «Алматы — Қарағанды - Астана — Петропавл» халықаралық дәліздерінің қиылысында транзиттік ағындарды Алматы қаласынан тысқары ауыстыру арқылы Алматы қаласының айналасында заманауи жоғары технологиялық айналма жолды құру;
Алматы көлік жүйесіне түсетін жүктемені азайту арқылы қала және қала маңындағы аумақтардың экологиялық жағдайын жақсарту;
Алматы қаласына «кіреберіс» болып табылатын негізгі жолдарда көлік кептелістерінің пайда болуын жою;
Көлік қызметтерінің сапасын арттыру, жол-көлік оқиғаларының деңгейін төмендету, үздіксіз және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету (оның ішінде апаттар көзін жою, жолдағы инженерлік-техникалық реттеу);
Трансқазақстандық транзиттік маршруттардың транзиттік әлеуетін және бәсекеге қабілеттілігін арттыру, тасымалдаушылардың көлік қызметтерінің құнын төмендету және көлік құралдарын пайдалану құнын үнемдеу»[3].
Алайда қазіргі таңда бұл мақсат толық орындалды деу қиын. Көлік кептелісі мен жол ережесінің жиі бұзылуы тұрғындар арасында наразылық көп тудырады. Әсіресе жүк көліктерінің күндізгі уақытта рұқсатсыз қозғалысы жиі кездеседі. ҚР Жол қозғалысы туралы заңының 6-бабында «Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік саясат жол жүрісіне қатысушыларға қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге, жол-көлік оқиғаларын болғызбауға және олардың зардаптарының ауырлығын азайтуға бағытталған» [4] деп көрсетілген.. Сонымен қатар жол бойындағы инфрақұрылым – белгі, бағдаршам, жарықтандыру жетіспеушілігі де өзекті мәселе болып отыр.
Қалалық әкімдік тарапынан рейдтер ұйымдастырылғанымен [5], құқық бұзушылықтар азаймай тұр. Мұның басты себебі – бақылау жүйесінің жеткіліксіздігі және айыппұлдың салмақты болмауы. Статистикаға сүйенсек, 2023 жылы айналма жолда 1 800-ден астам құқық бұзушылық тіркелген [6].
Тағы бір маңызды мәселе – бақылау жүйесінің жеткіліксіздігі. Айналма жолда бейнебақылау камералары мен «Сергек» жүйесінің толық орнатылмауы құқық бұзушылықтарды уақытылы анықтауға кедергі келтіреді. Сонымен қатар жол бойындағы инфрақұрылым – бағдаршам, жол белгілері мен жарықтандыру жүйесі де әлі де жетілдіруді қажет етеді. Бұл мәселелер жүргізушілердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге айтарлықтай әсер етіп отыр.
Айналма жол жобасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқанымен, жолдың тиімді жұмыс істеуі үшін тек құрылыс емес, сонымен қатар заңнамалық және техникалық қадағалау шараларының кешені қажет. Алдағы уақытта ҮАААЖ жолында электрондық рұқсатнама, автоматтандырылған бақылау жүйесі және ақылы өткел енгізу сияқты шаралар қолға алынуы мүмкін.
2-БӨЛІМ. ҚАЛА ІШІНДЕГІ КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫНДАҒЫ КЕЛЕҢСІЗДІКТЕР
Алматы қаласының ішкі жол қозғалысында шешілмей келе жатқан бірқатар жүйелі мәселелер бар. Жолдар сапасыз, кенеттен басталып, ұзаққа созылатын жөндеу жұмыстары, автотұрақ тапшылығы мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздік деңгейінің төмендігі – тұрғындардың күнделікті өміріне кері әсер ететін факторлар. Қала тұрғындары тарапынан жол сапасына қатысты шағымдар жылдан жылға артып отыр. Алматы қалалық Полиция департаментінің 2023 жылғы ресми мәліметі бойынша, қалада тіркелген жол-көлік оқиғасының 37%-ы шұңқырлар мен тегіс емес, бұдырлы жолдар салдарынан болған. Бұл тек көлік құралдарының зақымдануына ғана емес, сонымен қатар жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді.
Жол сапасына жауапты мекемелердің әрекеті ҚР «Автомобиль жолдары туралы» Заңы аясында реттеледі. Атап айтқанда, аталған заңның 23-бабында жол иелерінің жолдарды күтіп ұстау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті нақты көрсетілген[7]. Алайда бұл баптың іс жүзінде жиі орындалмайтыны – жауапкершіліктің жоқ екенін көрсетеді. Заңнамада қарастырылған айыппұлдар мен әкімшілік шаралар жол сапасын жақсарту үшін жеткілікті әсер етіп отырған жоқ.
Қаланың орталық бөлігінде автотұрақтың жетіспеушілігі – тағы бір күрделі проблема. Көп жүргізуші көліктерін жол жиегіне немесе жаяу жүргіншілер жолағына қоюға мәжбүр. Бұл әрекеттер жаяу жүргіншілер қозғалысына, қоғамдық көлік маршруттарына, сондай-ақ жедел жәрдем, өрт сөндіру және полиция секілді арнайы қызмет көліктерінің қозғалысына кедергі келтіреді.
2016 жылдан бері іске қосылған «Алматы автотұрақ кеңістігі» жобасы бұл мәселені шешуге бағытталған болатын. Алайда, жоба күткен нәтиже бермеді. Біріншіден, тұрақ орындары жеткіліксіз. Екіншіден, кей аумақтарда төлем жүйесі дұрыс жұмыс істемейді, ал кейбір көшелерде бақылау мүлде жүргізілмейді. Бұл ретте ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабына сәйкес [8] жол бойына заңсыз көлік қою әрекеті үшін айыппұл қарастырылғанымен, бақылаудың әлсіздігі бұл норманың пәрменін азайтып отыр.
Алматыда жаяу жүргіншілерге арналған өткелдердің саны жеткіліксіз, ал қолданыстағы жолақтардың көбі жарықтандырылмаған немесе ескерусіз қалған. Кешкі және түнгі уақытта бұл – адам өміріне тікелей қауіп. Сонымен қатар, соңғы жылдары жаяу жүргіншілер зардап шегетін жол апаттарының саны артқан. Бұл мәселе жол қозғалысы ережесінің сақталмауы, сонымен қатар инфрақұрылым мен жол белгілерінің дұрыс қойылмауымен де байланысты.
Қазақстан Республикасының «Автомобиль жолдары туралы» заңында жол иелерінің жолдарды күтіп ұстау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттері айқындалған. Жол сапасын жақсарту және жол-көлік оқиғаларын азайту үшін жол инфрақұрылымын жақсарту және сапасын бақылауды күшейту, автотұрақтарды көбейту және олардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету, жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымды дамыту және олардың қауіпсіздігін арттыру сияқты шаралар атқарылуы тиіс.
3-БӨЛІМ. ВОЛОЖОЛ ЖОБАСЫ МЕН АВТОБУС ЖОЛАҚТАРЫ: МАҚСАТ ЖӘНЕ КЕДЕРГІЛЕР
«Воложол» жобасы Алматы қаласының көлік инфрақұрылымын интеллектуалды жүйемен жақсартуға бағытталған маңызды бастама [9]. Бұл жоба жол қозғалысын автоматты түрде реттеу, көлік жылдамдығын бақылау, бейнебақылау орнату арқылы тәртіпті күшейту мақсатында іске қосылды. Жоба қаладағы көлік қозғалысын тиімді реттеуге, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және қоғамдық көліктің қозғалысын оңтайландыруға ықпал етуі тиіс еді.
Алайда, жоба толыққанды іске асырылған жоқ. Бүгінгі таңда қалада «Воложол» жүйесі тек кейбір учаскелерде ғана жұмыс істейді, ал көптеген жол бөліктерінде бұл жүйе әлі орнатылмаған немесе істен шыққан. Бейнебақылау камераларының дұрыс орнатылмауы немесе техникалық ақаулардың болуы да жүйенің тиімді жұмыс істеуіне көп кедергі келтіреді. Мұның салдарынан жүйені толыққанды пайдалануға мүмкіндік болмай отыр, бұл өз кезегінде көлік тәртібін бақылауды әлсіретеді.
Автоматтандырылған айыппұл жүйесі қалада көптеген әкімшілік құқық бұзушылықтарды тіркеуді жеңілдетуі тиіс еді. Іс жүзінде бұл жүйенің жұмысы бірқатар қиындықтарға тап болды. Мәселен, қағазбастылық пен түсініспеулер көбейіп, жүргізушілердің шағымдары мен наразылықтары жиі тіркеледі. Бұл проблемалар жүйені толыққанды қолдануға кедергі келтіреді. Сонымен қатар айыппұл жүйесінің жұмыс істеуінде болатын кемшіліктер құқық бұзушылардың жазадан жалтаруына жағдай жасайды.
Қоғамдық көліктің жылдам әрі кедергісіз жүруі үшін арнайы автобус жолақтары белгіленген. ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабында автобус жолағына жеке көліктің кіруіне тыйым салынғаны көрсетілген [8]. Алайда, бұл талап та жиі бұзылып, жеке көліктердің автобус жолақтарына шығуы көбейіп отыр. Көбіне бұл құқық бұзушылық камерамен тіркелмейді, сондықтан жүргізушілер әкімшілік жауапкершіліктен құтылып, қоғамдық көліктердің қозғалысына кедергі келтіреді.
Полиция тарапынан жүргізілетін рейдтердің тұрақсыздығы да құқық бұзушылардың әрекетін қолайлы етеді. Егер рейдтер үнемі жүргізілсе, көлік жүргізушілерінің тәртіпті сақтауы жоғары болар еді. Алайда қазіргі уақытта кей аудандарда полиция қызметкерлерінің тапшылығы мен бақылаудың әлсіздігі осындай мәселелерді туындатады.
Автобус жолақтарының тиімділігіне қатысты да бірнеше мәселе бар. Кейбір жолақтардың орналасуы мен жоспарлануы логикалық тұрғыдан тиімсіз. Мысалы, жолақтардың кейбір учаскелері көлік ағынына кедергі келтіреді немесе қоғамдық көліктердің қозғалысын қиындатады. Сонымен қатар, дұрыс ұйымдастырылмаған жолақтар қоғамдық көліктің уақтылы жүруіне және жолаушылардың қауіпсіздігіне теріс әсер етуі мүмкін.
«Воложол» жобасы мен қоғамдық көлікке арналған автобус жолақтарын тиімді пайдалану үшін жүйелердің толыққанды жұмыс істеуі мен көлік қозғалысын бақылаудың үнемі жүргізілуі қажет.
4-БӨЛІМ. ЗАҢДЫҚ РЕТТЕУ МЕХАНИЗМДЕРІ ЖӘНЕ ТӘЖІРИБЕЛІК ҰСЫНЫСТАР
Қазақстанда жол қозғалысының тиімді әрі қауіпсіз ұйымдастырылуын қамтамасыз ету үшін басты құқықтық құжат — «Жол жүрісі туралы» заң. Бұл заң елдегі көлік тәртібін реттеп, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіздік стандарттарын белгілейді. Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 593–598 баптары жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілеуге арналып, бұзушыларға айыппұл немесе басқа да санкциялар қолдануға мүмкіндік береді [8]. Қаладағы көлік инфрақұрылымын реттеу үшін Алматы қалалық мәслихатының шешімдері мен «Жол қозғалысын ұйымдастыру ережелері» де маңызды құқықтық құжаттар болып табылады.
Қазақстанда жол қозғалысын реттеу үшін интеллектуалды көлік жүйелерін, атап айтқанда Воложол жобасын кеңейту аса маңызды. Бұл жүйе жол қозғалысын автоматты түрде бақылауға, көлік жылдамдығын өлшеуге және бейнебақылау орнатуға мүмкіндік береді. Барлық көше қиылыстарына бейнебақылау камераларын орнату, сондай-ақ көлік қозғалысы туралы нақты деректер жинау арқылы жол-көлік оқиғаларын алдын алуға және көлік тәртібін жақсартуға мүмкіндік береді.
Көлік инфрақұрылымын жоспарлау кезінде тұрғындардың пікірін ескеру маңызды. Қала тұрғындары мен қоғамдық көлік пайдаланушылардың қажеттерін анықтау үшін қоғамдық тыңдаулар өткізу керек. Бұл тыңдауларда халықтың ұсыныстары мен пікірлері ескеріле отырып, көлік жүйесін жетілдіруге бағытталған нақты жоспарлар жасалуы мүмкін [10].
Жол қозғалысы ережелерін бұзушыларға қатысты айыппұлдарды күшейту қажеттілігі бар. Қайталап бұзушылық жасаған жүргізушілерге ауыр санкциялар қолдану арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алуға болады. Бұл әдіс көлік жүргізушілерінің тәртіпті сақтауға мәжбүр етеді және жол-көлік оқиғаларының санын азайтады.
Қоғамдық көліктердің жылдамдығы мен тиімділігін арттыру үшін автобус жолақтарын тиімді жоспарлау, сондай-ақ метро және троллейбус бағыттарын дамыту маңызды. Қоғамдық көлікті дамыту қаладағы көлік жүктемесін жеңілдетуге, экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындар үшін көлік жүйесінің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.
Қаланың көлік инфрақұрылымындағы тағы бір маңызды мәселе – автотұрақ жетіспеушілігі. Осы мәселені шешу үшін жер асты және жерүсті автотұрақтарды көбейту, сондай-ақ смарт-паркинг жүйесін енгізу ұсынылады. Смарт-паркинг жүйесі көлік қою орнын автоматты түрде табуға мүмкіндік береді және осы арқылы көлік жүргізушілері уақытын үнемдейді.
Қаладағы жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне ерекше назар аудару керек. Тротуарлардың, бағдаршамдардың және жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды қадам. Бұл шаралар қаладағы жаяу жүргіншілердің қозғалысын қауіпсіз әрі ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Алматы қаласының көлік инфрақұрылымы қазіргі уақытта бірқатар маңызды мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Жол сапасы, көлік кептелісі, қоғамдық көлік жолақтарының дұрыс пайдаланылмауы және автотұрақ тапшылығы сияқты қиындықтар қала тұрғындары мен көлік жүргізушілеріне көп қиындық тудырады. Сонымен қатар, интеллектуалды көлік жүйелерінің толық енгізілмей, көлік тәртібін реттейтін жүйелердің жұмыс істемеуі де өзекті мәселеге айналды.
Алайда бұл мәселелерді шешудің жолдары бар. Қаладағы көлік жүйесін жетілдіру үшін интеллектуалды жүйелерді толық енгізу, қоғамдық тыңдаулар өткізу, айыппұлдарды күшейту және қалалық көлікке басымдық беру сияқты шаралар қажет. Сонымен қатар, автотұрақ жүйесін оңтайландыру және жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз жағдай жасаудың маңызы зор.
Шет елдердегі көлік жүйесінің тиімділігіне сүйене отырып, Қазақстан да бірқатар шараларды іске асыруы тиіс. Мысалы, Сингапурда көлік құралдарын тіркеу мен қолдану қатаң шектеулермен жүзеге асады. Бұл жүйе көлік қозғалысын тиімді реттеу және экологиялық жағдайды жақсарту үшін өте маңызды. Германияда көлік қозғалысын автоматтандыру жоғары деңгейде, бұл көлік жүйесінің тиімділігін арттырып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал Жапонияда қоғамдық көліктің тиімділігі көлік қолдану қажеттілігін азайтады, бұл көлік инфрақұрылымын оңтайландыру мен экологиялық жағдайды жақсартуға септігін тигізеді.
Қорытындылай келе, Алматы қаласының көлік инфрақұрылымын жетілдіру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Бұл шаралар қаладағы көлік жүктемесін жеңілдетіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және тұрғындар үшін өмір сапасын арттырады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- Үлкен Алматы айналма жолы ашылды. https://egemen.kz/article/344492
- Үлкен Алматы айналма жолы ашылды. Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/kogam/605366-lken-almaty-ajnalma-zholy-ashyldy
- Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы — Уикипедия
- ҚР Жол жүрісі туралы заңы. 2014 ж.
- Алматы қаласы әкімдігінің ресми мәліметтері – almaty.gov.kz
- Алматы қалалық Полиция департаментінің 2023 жылғы есебі.
- ҚР «Автомобиль жолдары туралы» Заңы. 2001 жыл
- ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс. 2014 ж.
- «Воложол» жобасы бойынша аналитикалық баяндама, 2022 ж.
- Алматы қаласының қоғамдық тыңдаулар материалдары.