Іс жүргізу кезіндегі ата-аналар құқығынан айыру мәселелері
Қаламбекұлы Ердаулет
Ғылыми жетекші: Ф.ғ.к қауымдастырылған профессор Тулекова Гулжан Хажмуратовна
Аңдатпа: Мақалада Қазақстандағы баланың құқықтарын қорғау мәселелері қарастырылады, әсіресе ата-аналық құқықтан айыру институтына назар аударылады. Қазақстан Республикасының Неке және отбасы кодексіне сәйкес, ата-аналық құқықтан айыру процесі сот арқылы реттеледі және оны қолдануға болатын бірқатар жағдайлар бар. Дегенмен, бұл шараны қолданар алдында сот баланың психологиялық жағдайына әсерін ескеріп, баланың құқықтарын қорғаудың басқа тәсілдерін, мысалы, тәрбиелік шаралар немесе уақытша шектеулерді қарастырады. Мақалада заңнаманы жетілдіру жолдары ұсынылады, оның ішінде қамқоршылық және қорғаншылық органдарының жұмысын күшейту, балалардың жағдайын бақылау жүйесін енгізу және ата-аналық құқықтарынан айырылған тұлғаларға психологиялық қолдау көрсету міндеттілігі.
Тірек сөздер: ата-аналық құқықтан айыру, бала құқықтары, заңнамалық реттеу, психологиялық қолдау, қамқоршылық және қорғаншылық органдары, тәрбиелік шаралар, алимент төлеу, отбасылық құқық, сот тәжірибесі, балаларды қорғау, әлеуметтік көмек, патронаттық отбасы, заңнаманы жетілдіру.
ПРОБЛЕМЫ ЛИШЕНИЯ РОДИТЕЛЬСКИХ ПРАВ В ХОДЕ СУДЕБНОГО
РАЗБИРАТЕЛЬСТВА
Аннотация: В статье рассматриваются вопросы защиты прав ребенка в Казахстане, с особым акцентом на институт лишения родительских прав. Согласно Кодексу о браке и семье Республики Казахстан, процесс лишения родительских прав регулируется через суд, и существует ряд обстоятельств, при которых это может быть применено. Однако перед применением этой меры суд учитывает влияние на психологическое состояние ребенка и рассматривает другие способы защиты прав детей, такие как воспитательные меры или временные ограничения. В статье предлагаются пути усовершенствования законодательства, включая усиление работы органов опеки и попечительства, внедрение системы мониторинга состояния детей и обязательное предоставление психологической поддержки для лиц, лишенных родительских прав.
Ключевые слова: лишение родительских прав, права ребенка, законодательное регулирование, психологическая поддержка, органы опеки и попечительства, воспитательные меры, алименты, семейное право, судебная практика, защита детей, социальная помощь, патронатные семьи, совершенствование законодательства.
ISSUES OF DEPRIVATION OF PARENTAL RIGHTS DURING
LEGAL PROCEEDINGS
Abstract: The article discusses the issues of child rights protection in Kazakhstan, with a particular focus on the institution of deprivation of parental rights. According to the Family Code of the Republic of Kazakhstan, the process of deprivation of parental rights is regulated through the courts, and there are a number of circumstances under which it may be applied. However, before applying this measure, the court considers the impact on the child’s psychological state and explores other ways of protecting children’s rights, such as educational measures or temporary restrictions. The article proposes ways to improve legislation, including strengthening the work of guardianship and custody bodies, implementing a system to monitor children’s conditions, and making psychological support for individuals deprived of parental rights mandatory.
Keywords: deprivation of parental rights, children’s rights, legislative regulation, psychological support, guardianship and custody authorities, educational measures, alimony, family law, judicial practice, child protection, social assistance, foster families, legislative improvement.
Кіріспе
Баланың құқықтарын қорғау – кез келген қоғамның басты міндеттерінің бірі. Қазақстан Республикасында бала құқықтарын қамтамасыз ету үшін бірқатар заңнамалық нормалар қарастырылған, соның ішінде ата-аналарды өз құқықтарынан айыру институты да бар [1]. Ата-аналар өз міндеттерін тиісінше орындамаған, баланың өміріне, денсаулығына немесе дамуына қауіп төндірген жағдайда, мемлекет баланың мүддесін қорғау үшін ата-аналық құқықтарынан айыру шараларын қолданады. Сот тәжірибесінде ата-аналық құқықтан айыруға қатысты қарама-қайшы мәселелер туындап жатады, бұл тақырыптың өзектілігін арттыра түседі.
Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің 75-бабында ата-аналық құқықтан айырудың заңды негіздері айқындалған. Мемлекет бала мүддесін қорғау мақсатында ата-аналарға бірқатар міндеттер жүктейді және оларды орындамаған жағдайда тиісті құқықтық шаралар қолданады. Осы себепті, заңнамада ата-аналарды құқықтарынан айырмас бұрын, оларды түзетуге мүмкіндік беру тетіктері қарастырылған. ҚР заңнамасы бала құқықтарын қорғауда халықаралық стандарттарға негізделгенімен, құқықтық нормаларды жетілдіру қажет ететін кейбір мәселелер бар. Бұл зерттеу осы мәселелерді талдауға және шешу жолдарын ұсынуға бағытталған.
1.1.Ата—аналар құқығынан айыру ұғымы және құқықтық мәні
Ата-аналық құқықтан айыру – бұл ата-аналардың (немесе олардың біреуінің) өз балаларына қатысты құқықтарынан сот шешімімен толық айырылуын білдіретін құқықтық шара. Қазақстан Республикасында ата-аналық құқықтан айыру мәселесі Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 75-бабымен реттеледі. Кодекске сәйкес, ата-аналық құқықтан айыру – мәжбүрлі сипаттағы шара, оның басты мақсаты – баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау [2]. Ата-аналық құқықтан айырудың салдары өте ауыр. Біріншіден- ата-аналар баланы тәрбиелеу, оған қамқорлық жасау, білім беру және асырау құқығынан толық айырылады. Екіншіден- олар мемлекеттік жәрдемақы және басқа да жеңілдіктерден айырылуы мүмкін. Үшіншіден- баламен қарым-қатынас жасау құқығынан. Бұл шара қайтарымсыз емес, яғни ата-аналық құқықтан айырылған тұлғалар Неке және отбасы кодексінің 76-бабына сәйкес, ата-аналық құқықтарын сот тәртібімен қалпына келтіруге өтініш бере алады [4].
1.2.ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексіндегі ата-аналық құқықтан айыру негіздері
Қазақстан Республикасының Неке және отбасы туралы кодексінің 75-бабында ата-аналарды құқықтарынан айыруға негіз болатын нақты жағдайлар көрсетілген [2]. Бұл бапқа сәйкес, ата-аналар (немесе олардың біреуі) төмендегі жағдайларда ата-аналық құқықтарынан айырылуы мүмкін:
1.Ата-аналық міндеттерін орындаудан бас тартуы – егер ата-ана баласын тәрбиелеуге, оқытуға, материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуге қатыспаса.
2.Баланың өміріне, денсаулығына немесе психикалық дамуына зиян келтіруі – мысалы, зорлық-зомбылық көрсету, психологиялық қысым жасау.
3.Алкоголизм немесе нашақорлық – ата-ананың алкогольді немесе есірткіні шамадан тыс тұтынуы.
4.Қылмыс жасау – егер ата-ана өз баласына немесе отбасы мүшелеріне қатысты ауыр қылмыс жасаса (мысалы, зорлау, адам өлтіру).
5.Баланы тастап кету немесе бас тарту – баладан бас тарту немесе оны қараусыз қалдыру.
Қазақстан Республикасы Бала құқықтары туралы заңында және БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенциясында баланың мүддесі ең жоғары құндылық ретінде қарастырылады [5]. Ата-аналық құқықтан айыру – тек қана жазалау шарасы емес, ол ең алдымен баланың құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған құқықтық тетік болып табылады. ҚР Неке және отбасы кодексінің 75-бабы ата-аналық құқықтан айырудың нақты негіздерін көрсетсе, ҚР Қылмыстық кодексі мен Бала құқықтары туралы заң процестің заңды және әлеуметтік аспектілерін толықтырады. Бала құқықтарын қорғау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі, сондықтан ата-аналық құқықтан айыру институты әрдайым баланың мүддесін бірінші орынға қоюы тиіс [6].
2.1.Ата-аналар құқығынан айыру жөніндегі сот отырысы
Ата-аналық құқықтан айыру Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің 75-бабына сәйкес, тек сот тәртібімен жүзеге асырылады. Бұл процесс Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексімен реттеледі [3].
Сотқа кім арыз бере алады? ҚР Отбасы кодексінің 76-бабының 1-тармағына сәйкес, ата-аналық құқықтан айыру туралы талап арызды келесі тұлғалар немесе органдар бере алады:
1.Бірге тұратын немесе ажырасқан ата-ананың бірі;
2.Прокурор;
3.Қамқоршылық және қорғаншылық органдары;
4.Кәмелетке толмаған баланың мүддесін қорғайтын тұлғалар [2].
Арыз ата-аналық құқықтан айыру туралы талап арыз ретінде дайындалып, келесі ақпараттар қамтылуы тиіс: Арыз берушінің толық мәліметтері; Дәлелдемелер; Баланың жағдайы туралы қамқоршылық органдарының қорытындысы. Іс қарау мерзіміне келетін болсақ: Сот арызды қабылдаған соң, іске қатысты барлық дәлелдемелерді жинап, сараптамалар тағайындайды. Қарау мерзімі орташа есеппен 1 айдан 3 айға дейін созылуы мүмкін. Сот ата-аналық құқықтан айыру туралы шешім қабылдаған жағдайда [2]:
1.Ата-ана баланы тәрбиелеу, оның білім алуын қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету мәселелеріне араласу құқығынан айырылады;
2.Алимент төлеу міндеті сақталады (ҚР Неке және отбасы кодексінің 77-бабы);
3.Баланың тегін, азаматтығын өзгерту және асырап алу мәселелерінде ата-ананың құқықтары шектеледі. Қамқоршылық және қорғаншылық органдары ата-аналық құқықтан айыру процесінде маңызды рөл атқарады. Олардың негізгі міндеттері: Баланың жағдайын тексеру және сотқа қорытынды беру; Ата-ананың бала тәрбиелеу міндеттерін орындамауын бақылау; Егер ата-аналық құқықтан айыру орын алса, баланы жаңа отбасыға немесе арнайы мекемеге орналастыру; Баланың психологиялық және әлеуметтік жағдайын сараптау. Қамқоршылық органдары сотқа дейінгі тергеу кезінде:
1.Ата-ананың балаға қалай қарайтынын тексеру үшін үйіне барады;
2.Көршілерден, мұғалімдерден, медициналық мекемелерден ақпарат жинайды;
3.Балаға қатысты әлеуметтік зерттеу жүргізеді.
2.2.Қамқоршылық және қорғаншылық органдарының рөлі
Қамқоршылық органдарының шешімі сот үшін маңызды дәлелдердің бірі болып табылады. Егер бұл орган ата-ананың бала тәрбиелеуге қабілетсіз екенін анықтаса, сот шешімі соған негізделуі мүмкін [2]. Ата-аналық құқықтан айыруға қатысты сот тәжірибесінде бірнеше негізгі мәселелер кездеседі. Мәселен, Кейбір ата-аналар баланы қараусыз қалдырса да, бұл дәлелдерді жинау қиын және кейбір ата-аналар ата-аналық құқықтарынан айырылғаннан кейін де алимент төлеуден жалтарады. Шешімі: ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша алимент төлеуден жалтарған ата-аналарға қатысты жазаны күшейту қажет. Бірқатар жағдайларда ата-анасын құқығынан айыру баланың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Тиісінше, сот шешім қабылдамас бұрын психологиялық сараптама тағайындау керек.
3.1.Ата-аналар құқығынан айырылған тұлғалардың құқықтық жағдайы
Ата-аналық құқықтан айырылған тұлғалар баламен қарым-қатынас жасау құқығынан айырылады. Алайда ерекше жағдайларда (мысалы, бала өзі кездесуді қаласа немесе сот рұқсат берсе), ата-аналық құқықтан айырылған тұлға балаға тек қамқоршылық органдарының рұқсатымен ғана жолыға алады. Ата-аналық құқықтан айырылған тұлға белгілі бір уақыт өткеннен кейін ата-аналық құқықтарын қалпына келтіруге өтініш бере алады. Бұл процесс ҚР Неке және отбасы кодексінің 76-бабында қарастырылған. Егер бала басқа отбасыға асырап алынса ата-аналық құқық қалпына келтірілмейді. Екіншіден, егер ата-ана бұрын ауыр қылмыс жасап, баланың денсаулығына немесе өміріне қауіп төндірсе. Үшіншіден, сот баланың мүддесіне қайшы деп тапса.
Құқықтық реттеуге байланысты ұсыныстар: Ата-аналық құқықтарды уақытша тоқтату институтын енгізу. Қамқоршылық және қорғаншылық органдарының жұмысын күшейту және әлеуметтік қызметкерлердің санын арттыру және оларды арнайы дайындықтан өткізу. Алимент төлеуден жалтарған тұлғаларға қатаң санкциялар қолдану (мысалы, шетелге шығуға тыйым салу, мүлкін тәркілеу) және алимент қорын құру. Бұл қор алимент төленбеген жағдайда баланы уақытша материалдық қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді.
3.2.Балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге арналған ұсыныстар
Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған ұсыныстарға келер болсақ:
1.Балалардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстайтын цифрлық жүйе енгізу.
2.Ата-аналық құқығынан айырылған тұлғаларды міндетті түрде қайта даярлау және психологиялық көмекке бағыттау.
3.Балалар үйінде тәрбиеленудің орнына, оларды патронаттық (қамқорлыққа алған) отбасыларға орналастыру жүйесін жетілдіру.
4.Мемлекеттен патронаттық ата-аналарға қаржылай қолдау көрсету.
Қорытынды
Ата-аналық құқықтан айыру – бұл тек құқықтық мәселе ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және психологиялық аспектілері бар күрделі процесс. Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін заңнаманы жетілдірумен қатар, әлеуметтік қолдау жүйесін жақсарту, отбасылармен жұмыс істеу, алдын алу шараларын жүргізу қажет. Мемлекет пен қоғамның басты мақсаты – баланың қауіпсіз, қамқорлықта және сүйіспеншілікке толы ортада өсуін қамтамасыз ету. Бұл үшін ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, балаларды қорғау жүйесін реформалау және құқықтық тетіктерді жетілдіру маңызды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. 30 тамыз 1995 жыл
- Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексі. 2011 жыл, 26 желтоқсан
- Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі. 2015 жыл, 31 желтоқсан
- Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі. 2014 жыл, 3 шілде
- БҰҰ-ның Балалар туралы Конвенциясы. 1989 жыл, 20 қараша
- (2020). UNHCR’s guidelines on the protection of children in family law. New York: UN Press