«Өзін-өзі тану» – шығармашылық пен рухани-адамгершіліктің бастауы

Кезенбаева Алмагуль Кайрдиновна

«Өзін-өзі тану»  бағдарламасының  авторы  Сара  Алпысқызы Назарбаева:  « Өзін-өзі тану»  пәні адамның  өзін-өзі тануына, өзінің  ең жақсы қасиеттерін анықтауға, өз ар-ұжданын сақтап, әрқашанда АДАМ деген атқа лайық болуына ықпал етеді деп атап айтқан болатын.

Бүгінгі таңда жас ұрпақты рухани адамгершілік білімнің нәрімен сусындатып, әр баланың, әр адамның жүрегіне ізгілік нұрын құйып,жаңартылған білім мазмұнын өзгертуге өзіндік үлесті әрбір ұстаз қосуға тиіс деп ойлаймын.Тұлғаның үйлесімді дамуының нәтижесінде бүгінгі күнді ғана емес, болашағын сәулелі күйде елестетіп, алға ұмтылатын, арманшыл, рухы  биік азамат тәрбиелеуге болады. «Өзін- өзі тану әлемінде» әр баланы керемет рухани күш иесі деп қарап, демеу жасасақ,жүрегі нұрға толы, жан –жағына шуағын шашып тұрған мейірімді, адамгершілігі мол,  елін,  жерін,   тілін,  отбасын сүйетін, еңбекқор, адал адам тәрбиелейтініміз сөзсіз.

«Өзін-өзі тану» пәні  күні бүгінде өмірдің өз сұранысы,қоғам қажеттілігімен туындайтын ізгілік пен игіліктің жарқын көрінісі болып отыр.Өзін-өзі таныған, өмірдің мәнін түсінген адам,өзін-өзі қадағалап,өзін-өзі тәрбиелеуге,өмірден өз орнын,өз бақытын табуға ұмтылады.Құндылықтар туралы мәселені алғаш рет Сократ қозғады және өз философиясының негізі етіп алды. Ал, Т.И.Петракова  құндылықтар жүйесінің жіктемесін үш түрге бөліп қарастырған: Табиғи -бұл адамның табиғи күші мен жан дүниесінің қабілетілігі құндылықтары: яғни ақыл-ой,сезім,күш жігер.Екінші ,ол жүре пайда болған құндылықтар-бұл адамның интеллектуалды және адамгершілік тұрғыдан даму барысында меңгерген құндылықтар (әдептілік, сыпайылық, сыйластық, жаңашырлық,сабырлық т.б).  Үшінші осылардың бәрін қамтитын мәңгі жалпыадамзаттық құндылықтар адам бойына тумысынан берілген сый  және олар адамның рухани дамуының барлық кезеңіне нәр болады.Егер мәңгілік құндылықтарды ағашқа теңеп көрсек, ағаштың тамыры-мәңгілік құндылықтар,оны ақиқатқа теңейміз. Ағашқа құятын суды,сүйіспеншілік деп алайық.егер мәңгілік құндылықтарды ақиқатты,  сүйіспеншілікпен түсінсек,суарсақ, әрқашан әрекетіміз дұрыс болады. Яғни,ағаштың діңі түзу өседі.Әрекетіміз дұрыс болса, ішімізде тыныштық орнайды. Ағаш бүршік жарады.Ішімізде тыныштық орнаса, біз ешқашан қиянат жасамаймыз,тіпті ойламаймыз да. Ағаш жемісін береді. Ақиқат, сүйіспеншілік, дұрыс әрекет,ішкі тыныштық,қиянат жасамау –бұл мәңгілік бес құндылық адамның ұлтына,нәсіліне, ортасына,дініне қарамайтын, уақытпен өзгермейтін құбылыс.

«Әр бала-керемет рухани күш иесі.Ол шетсіз шексіздікті танып –білуге ұмтылады. Мұндай ұмтылыс адам баласының бойында дүниеге келген сәтінде-ақ пайда болады.Сондықтан да мұғалім әр балаға рухани күш иесі ретінде қарауы керек.Мұғалімнің мұндай көзқарасы баланың белсенділігін арттырады.Білімге деген құштарлығын көбейтеді.Балаға сеніммен қарау баланы тек қуаттандыра түседі»,-деп белгілі педагог Ш.А.Амоношвили айтқандай мұғалім шеберлігі мен білімділігі «өзін-өзі тану» пәнінің құндылығы мен маңыздылығын аша түседі.

Бүгінгі таңда «Өзін-өзі тану» сабақтарының технологиясы мен жүргізу әдісі бар. Сабақты ұйымдастыру кезеңін  5 Т ережесінен бастаймыз. Ары қарай  сабағымызды тыныштық сәтінен жалғастырамыз.Бұл тәсілді пайдалану кезінде  әуен оқушының жүйке жүйесін тыныштырады,денесін босаң күйге келтіреді,ішкі дүниесін үйлесімді етеді. Келесі кезеңі «Дәйексөз», «Әңгімелесу»,«Шығармашылық жұмыс», «Тыныштық сәтінен» тұрады.Сабақтың негізгі мазмұнында балалардың танымдық қызығушылықтарын қалыптастыру мен қанағаттандыруға, әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға арналған.

Мен  өзін-өзі тану пәнін оқытып,  жан –тәніммен ол пәнді түсіне бастағаннан  бері, адамдарға көзқарасым өзгерді. Мен жалпыадамзаттық құндылықтарға мән бере бастадым.Мысалы: Абайатамыз айтқандай  «Адам баласының бақыты оның жүрегінің тазалығымен байланысты.Яғни,ішкі жан дүниені жетілдіру керек ».Адам сыртқы әлемге тұрақтамай,мәңгілік құндылықтарға тұрақтау керек,өйткені ол өзгермейді.Қандай жағдайда болмасын барлығын сүйіспеншілікпен жеңу керек және де мүғалімнің мынадай заңдарын өзіме керек еттім: Баланы сүю,түсіне білу,шабыттандыра білу.

Жаңашыл-педагог Ш.А.Амоношвили айтқан екен: «Әр бала белгілі борышпен өмірге келеді және әр бір сәбидің тек өзіне тиесілі жаны-ішкі дүниесінің сәулесі бар.Ата-анамен педагогтың міндеті сол сәулесінің жағылуына  жол беріп,өз өмір жолына бағыт көрсету» деген екен.

Әдептілік,имандылық,мейірімділік,қайырымдылық,ізеттілік,қонақжайлылық құндылықтары қалыптасқан халқымыз осы асыл да абыройлы қасиеттерін жас ұрпақтың ақыл-парасатына азық ете білу үшін,әрбір тәрбиеші,ұстаз халық педагогикасын,сан ғасырларда қалыптасқан салт-дәстүрлерді,әдет-ғұрыптарды жан-жақты терең білумен қатар,өзінің бойына адамдық құндылықтарды терең сіңірген,рухани жаны таза адам болуы шарт.Ол рухани-адамгершілік тағылымдарды өркениетті өмірмен байланыстыра отырып,білім берудің барлық кезеңдерінде негізге алғаны жөн.Сонда  ғана өзіннің міндетін айқын сезіне білетін,мінез –құлқы жетілген саналы адам қалыптасады.

Сондықтан, оқушылардың жалпыадамзаттық қасиеттерін  сабақта,сыныптан тыс тәрбиелік іс-шаралар арқылы қалыптастырып, дамытамыз.

Бұл жұмыстың басты мақсаты компьютер желісін және мультимедиялық- электрондық құралдарды өзін-өзі тану сабағында тиімді қолдану, нақтылап айтқанда өзін-өзі тану сабағында презентацияларды және  мультимедиялық-электрондық құралдарды мектеп қабырғасында және білім беру үдерісінді терең қолдану;

-оқушының өз бетімен жұмыс істеуі;

-шығармашылық тапсырмаларды орындау;

-қарапайым  көзбен көріп, қолмен ұстап сезіну немесе құлақпен есту мүмкіндіктері  болмайтын табиғаттың таңғажайып процестерімен әр түрлі тәжірибе нәтижелерін көріп, сезінуге мүмкіндік береді;

– оқушының ой-өрісін, дүниетанымынкеңейтуге де ықпалы зор.

АКТ-ның керемет мүмкіндіктері оқушыларды таңғалдырады, шабыттандырады.

Электрондық оқулық арқылы түрлі суреттер, бейнекөріністер, дыбыс және музыка тыңдалады.Электронды оқулық көбінесе кәдімгі оқулықты толықтырады. Әсіресе мынадай жағдайлар тиімді:

-кері байланысты тез қамтамасыз етеді;

-ерікті информацияны тез табуға көмектеседі;

-уақытты үнемдейді.

Осы айтылған заманауи технологияларды басшылыққа алып, өзін-өзі тану пәні сабағында тәжірибеме енгізіп жүрмін.Сондай өткізілген сабақтардың бірі   4 «ә» сыныбында «Кешірім мен келісім» тақырыбында  өткізілген сабақ жоспарын ұсынып отырмын.Тақырыпқа ішкі тыныштық -құндылығы,әділдік,түсінушілік,адалдық,адамгершілік – қасиеттері таңдалып алынды.

Мақсаты:  Оқушыларды кешірімді болуға баулу.

Міндеттері: 1.Оқушыларды кешірімді  болуға баулу.

2.Кешірімшіл,келісімшіл,адал болуға үйрету.

3.Адалдық жолмен жүруге жол нұсқау.

Сабақты ұйымдастыру кезеңін  5 Т ережесін қолданып өткіздім. Оқушылардың көңілдерін сабаққа  бөлдім,оқушыларымды нұрға бөлеп, сабақты тыныштық сәтімен бастадым.Үй тапсырмасы  «Мақтаншақ жолбарыс» мәтінін оқып келуге берілген.Сол мәтін бойынша оқушылар жауаптары тыңдалды. Сабақта сұрақ-жауап әдісін қолдану арқылы оқушылардың ой-өрістерінің әлдеқайда жоғарлағанын байқадым.Мысалы: Рауан,Ақжол т.б  есімді оқушылар өздерінің бір-бірін ренжітіп алғанда кешірім сұрап,татуласқандарын айтып берді.Өйткені татулық бар жерде сыйластық,махаббат, бақыт,жақсы өмір бар.Келесі оқушылар тақтадағы  «Кешіре білу-бақыттың баспалдағы» деген дәйексөзді оқып ,өз ойларымен бөлісті.Әсіресе, Шернияз : « Кешірімді болсаң –кең боласың.Кейбір кезде достарымызды абайсызда  ренжітіп алсақ,кешірім сұрап,бірден татуласуымыз керек» – деп керемет тұжырым жасады .Сабақтың барысында оқушылар тапсырманы орындау арқылы қызу пікірталасқа түсіп ,бір-біріне дәлелдеуге тырысты.Әр топтан алға суырылып шыққан балалар, өз ойларын толық жеткізді.

Сабақтың келесі кезеңінде, мұғалім сыйы ретінде «Құм мен тас» әңгімесін оқу арқылы оқушыларды  кешірімшіл, адал достыққа тәрбиеледім. Балалар да өз ойларын жеткізді, өзіндік пікірлері қалыптасты. Мәтін  оқушыларға ерекше әсер етті,әсіресе әңгімедегі балалардың бір – біріне деген сүйіспеншілігі – сынып оқушыларының жүрегіне жылу ұялатты.Шығармашылық тапсырма кезінде  «Мен кешірім сұрай білемін» тақырыбына эссе жазуға ,жағдаятты құрастырып,сахналау көрініс  ұйымдастыруға,Т кестесін толтырутапсырмасы берілді. Топ арасында бір-біріне деген сыйластық орын алды.Оқушылар  рөлдік ойын  барысында бір-бірін құшақтап, әр бала өзінің жүрек жарды сөзін айтып,жүздерінен қуаныш байқатты. Сабақ кезінде балалардың бойынан жанашыр, аяушылық сезімдері сезілді.Сабақты қорытындылау мақсатында  «Достарым» әнін орындап  бір-біріне деген ризашылық  сезімдерін  білдірді.Тыныштық сәтінде оқушылар өткен сабақты ой елегінен өткізіп,өз жүрегінің жылылығын сезініп, жүрек жылуын  ата-аналарына, баршаға  жақсылық жасаған адамдарға іштей ризашылық айтып,тілек тіледі.Достықты қадірлеп, адал болуға  үйренді. Сабақтан алған әсерін жеткізу барысында олар біреуге әрқашан жақсылық жасаса,үнемі ризашылықпен жүру керек екенін бойларыңа сіңірді. Осы 45 минут ішінде мен оқушылардың бойына,сүйіспеншілік қасиеттерін сіңірдім,оқушыларымның махабатына бөлендім.

Сабақтың соңында қүтілетін нәтиже:

-оқушылар  жұппен,топпен жұмыс жасау барысында бір-бірінен қалмауға тырысады;

-ізденуге, дағдылануға үйренеді;

-оқушының жеке қабілеті айқындалады;

-әр оқушы өздігінен жұмыс жасауға дағдыланады.

-оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасы жақсарады;

Міне, өз білімін осылайша жан-жақты толықтырып отыратын мұғалім оқушысын еш уақытта жалықтырмайды деп есептеймін.

Қорыта келе,  инновациялық технологияларды қолдану арқылы жетістіктерге жетеріміз анық.Оқушыларға инновациялық технологияны меңгерту таңғажайып әлемнің есігін ашып берумен тең емес пе? Өмірдегі шынайы, ғажап адамзатқа маңызды ашылулардың бәрі ізденімпаз ұстаздардың қолында.

А.Ә.Машани «Өзіңді –өзің танысаң істің  басы, түзеген өз ғаламын болған дана» демекші , бізкез келген нәрсені өзімізді тануымыздан бастауымыз керек.Яғни өзімізді өзіміз танымасақ, өзгені қалай танимыз?!

«Өзін-өзі тану » пәні қазіргі қоғамда өте керекті пән.Атынан көрініп тұрғандай, адам өзгені тану үшін біріншіден, өзін жақсы танып білуі шарт.

Еліміздің ертеңі-ұрпақ тәрбиесіндегі ортақ мүддеміз үшін жасалып жатқан барша істерге сәттілік тілеймін.
Қолданылған әдебиеттер:

1.Республикалық ғылыми-педагогикалық журнал «Педагогикалық ой » №1(011) 2016.-9-10 б

2.Республикалық  ғылыми-әдістемелік журнал. «Өзін-өзі тану KZ» журналы №6(90)  2017.-69-70 б

3.Назарбаева С.А. «Өмір әдебі».-Алматы,2001.-21-22 б

4.Таубаева Ш.Т. «Оқытудың қазіргі технологиялары» // Бастауыш мектеп.-1999. №4.

5.Қазақ тілі мен әдебиет журналы-2004. №6-11-12б

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *