Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту.
Бабажанова Мөлдір Балтабайқызы,
Мектепалды даярлық сыныбы
«Жетісу облысы білім басқармасының Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі» ММ
«А.С. Макаренко атындағы №6 орта мектебі , мектепке дейінгі шағын орталығымен» КММ
Мектепалды даярлық – бұл ең алдымен бүлдіршіндердің үлкен өмірге басатын алғашқы қадамы, бірінші баспалдағы десе болады. Өйткені бала балабақшадағы алаңсыз сәби шағымен қоштасып, жауапкершілік сезімін қалыптастыра бастайды. Даярлық сыныбындағы оқу-тәрбие ісінің маңызды мәселелерінің бірі балалардың өмірін қорғау және денсаулығына қамқорлық жасау болып есептеледі. Мектепалды даярлықтың негізгі міндеті- балалардың мектепте оқуға ынтасын және оған эмоционалдық дайындығын қалыптастыру. Мектепалды даярлық білім беру бағдарламасы баланың мектепте білім алу даярлығын қамти отырып, баланың коммуникативтік дағдыларының қалыптасуына, танымдық және әлеуметтік мотивтерінің көрінуіне, қызығушылығы мен білім алуға деген құштарлығының дамуына ықпал етеді, 5-6 жастағы балалар мектепте оқуға қызығушылық таныта бастайды, ересектермен қарым-қатынас, мұғаліммен кездесулер, оқушылармен бірлескен іс-әрекеттер, мектепке бару, мектеп тақырыбына мазмұнды-рөлдік ойындар ойнау арқылы дамиды.Балаларда өздерін қоршаған ортаға деген қызығушылық сезім қалыптасады. Өз ойларын ашық, еркін білдіруге үйренеді.
Тәрбиелеу – білім беру процесін ұйымдастыруда педагогтерге келесі негізгі қағидаларды назарда ұстау ұсынылады: ойын арқылы оқыту; білім беру салаларын біріктіру арқылы тәрбиелеу, оқыту, дамыту, сауат ашу, тіл дамыту сабақтарында жаңа технология элементтерін көптеп пайдалану. Баланың дұрыс сөйлеуін және ана тілінде қарым—қатынас мәдениетін дамыту, ана тілінің дыбыстарын танып, дұрыс айтуды үйрету, оқуды меңгерту – басты мақсатым. Адамгершілік құндылық бағдарын, мінез—құлық нормасын, тәртіптік ережесін халықтық салт— дәстүр үлгісінде қалыптастыру бүгінгі күннің талабы. Бала мектепке келгеннен кейін оқу оның негізгі іс—әрекетіне айналады. Мектепте бала белгілі бір мерзім ішінде қабілеттілік пен икемділіктің белгілі мөлшерін меңгеріп және оларды талдауды үйренеді. Жалпы білім беретін мектептердің алғашқы сыныбына келген балалар оқу жүйесінде айтарлықтай қиындықтарды басынан өткереді. 5 – 6 жасар баланың мектепке баруы оның өмірінде ерекше оқиға болып табылады. Мектепке дейінгі кезеңнен мектеп жасына өтуі баланың іс—әрекетінде, басқа адамдармен қарым—қатынасында ерекше өзгерістермен байланысты. Мектеп жасындағы баланың ең негізгі іс-әрекеті оқу болғандықтан, баланың өмір тіршілігі өзгереді, жаңа міндеттер пайда болады, баланың қоршаған ортамен қарым-қатынасы жаңаша қалыптасады. Баланың мектепке бейімделуі бірден болмайды. Бейімделу ұзақ мерзімді қажет ететін процесс. Даярлық сыныпта бала ең алдымен айналасындағы басқа балалармен қарым-қатынас жасауды, әдептіліктің алғашқы ережелерін үйренеді. Адамгершілік құндылықтарды түсіне бастайды, өз-өзіне қызмет жасауды меңгереді. Партада отыру, берілген тапсырмаларды мұқият орындау, өз іс—әрекетіне жауапкершілік дағдылары дамиды. Әріптерді танып, буындап оқуды меңгереді. Балалар бірінші сыныпта жақсы оқып кетуі үшін, мектепалды даярлық сыныптың орны ерекше. Сондықтан мектепалды даярлық сыныптарының жұмыс жасауы қажет деп есептеймін. Жыл бойы өткізілетін мерекелік ертеңгіліктер әр баланың өнерін көрсетіп, жұлдызын жағады, баланың бойында эстетикалық сезімдері, шығармашылық қабілеттері дамиды.
Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуда баланың өмірі мен дамуына ықпал ететін барлық факторларды ескеру қажет. Демек, баламен жұмысты ата-аналарымен, қоршаған ортамен өзара ынтымақтастықта құру аса маңызды.