Сырдың елі – жырдың елі

Мурынбаева Баян Тыныштықбаевна

Сырдың елі – жырдың елі

 

Туған жердің топырағы деген ұғым бар. Ол–ежелгі тарихи ұғым,  әрі  әрқашанда  бүгіндік,  жаңа,  жасаң  ұғым. Ұрпақ  сабақтастығы  осында  жатыр, болашақ ұрпақтарға тапсырылар  ардақты  аманатпен  де  байланысты. Осы  асыл  ұғымды шық жұқтырмай кіршіксіз күйінде келесі ұрпаққа табыс ету барлық ұрпақтың парызы.

Ғасырлар  бойы  тозбай,  әр  уақыт  халыққа  қызмет  етіп,  атадан  балаға  мұра  болып қалып отырған рухани байлығымыз — суырып  салма  ақындық  өнер,  семсер сөз,  серпінді жыр, төгілген терме өнері. Бұл  табиғаттың  туған  халқымызға  тартқан  үлкен  сыйы.  Сол қасиетті де қастерлі халық өнері санқилы даму тарихын бастан өткереді.

«Қазақ жырауларының сан ғасырлық  шығармашылығын  негізінен  үш  кезеңге  бөліп қарастыруға болар еді. Бірінші  топқа  жыраулық  дәстүрдің  негізін  салған Қорқыт, Ұлық жыршы,  Сыпыра  жыраулар  жатады.  Жыраулықтың   қалыптасу  кезеңдерін  белгілейтін екінші   дәуірге   Асан  қайғы,   Қазтуған,   Шалгез  ( Шалкиіз ),     Доспанбет,   Ер  Шобан шығармалары кіреді.

Үшінші  кезеңді   жыраулықтың   әбден   толысып   кемелденген   тұсындағы  өкілдері Үмбетей,   Жиембет,  Тәтіқара,  Ақтамберді,  Бұхар жыраулар құрайды.  Бұған ХҮI – XYIII ғасырлар жатады.

/Мұхамедрақым Жармұхамедов.

 

Қасиетті де киелі Сыр бойы- біріне-бірі өмірде жол, өнерде қол берген талай аты шулы Сыр сүлейлері шыққан өңір. Осы өңірдің бұл қасиет дарыған жері – Қармақшы өңірі.

 

Қармақшы  елі  –  ақын — жыраулар  мекені.  Осы   Сыр  бойында   тұрып,  аты   әлемге жайылған  абзал  жандар  қанша.  Солардың  бірі  әлемге әйгілі – Қорқыт ата. Туған жылы

толық  белгісіз  болса  да, Сыр  топырағында  дүниеге  келген  атақты  ақын,  ақыл-ой иесі, асқан күйші, аңыз кейіпкері.

 

Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата,

Бата алған барлық бақсы асқан ата.

Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен,

Қобызбен Қорқыт ата күй тартқанда, —

деген  жыр  тармақтары  Қорқыттың  атын  ғасырлар бойы жадынды қастерлеп келгендігін аңғартады.

Сыр бойында осы ұлы адамның өнерінің жалғастырушысы болып, байтақ Қазақстанға

танымал болған көптеген ақын,  жырау,  сөз  зергері  молынан  шыққан. Олар: Аяған қожа,

Қыпшақ  Бұдабай,  Балқы  Базар,  Қаратамыр Дүр  Оңғар,  Шораяқтың  Омары,  Қарасақал Ерімбет,Ешнияздың Жүсібі,Таубайдың Жүсібі,Қаңлы Жүсіп, Керейт Даңмұрын, Нұртуған

жырау,Тұрымбет жырау,Сәрсенбай жырау,Молдахмет жырау, атақты шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуов   бірінен   кейін   бірі  өтсе,  осыларға  жалғаса  Қуаныш  Баймағанбетов,  Нартай Бекежанов,Асқар Тоқмағанбетов, Әбзалы Егізбаев, Әбділдә Тәжібаев,Төлеубай Үркімбаев

пен  Әбдікәрім  Оңалбаев,  Әдікәрім  Ахметов  секілді  талант  иелері  өсіп  шыққан өңірге айналды.  Осындай   тарихи  мол,   тамыры   тереңге   тартқан   Сыр  бойының   ақындық – жыраулық мектеп өнері алғы буынды  соңғы  буындармен ұрпақ жалғастығын сақтағандай

жалғастырып, үзіліссіз біріктіріп отырды.

Бұған толық мысал мына екі ақынның арнауы сөзсіз бола алады.

Шораяқтың Омары ( 1878-1924 ) бұрын  өтіп кеткен Сыр сүлейлерінің жанды жалғасы болады деп есептеуіміз керек. Балтаның сабындай қысқа ғұмырының ішінде өскен ортасы былай қойғанда киіз үйлі қазақта  естіген  жан  сөзін  аяқ  асты  етпеген Омар ел — жұртына

қадірлі ақын болғаны баршаға мәлім.  Өлең  жазуды  он алты жасынан машық ете бастаған

ақынның   көптеген  толғау,  терме,  өсиет,  мысалдарымен  қатар  он  бестен   аса  көлемді дастандары бар.

Осынау киелі  топырақты Сыр өңірінде  туып,  белгілі  шайырлардың  жыр  жолдарын жаттап  өскендігі  Омардың  шартарапқа  аты  жайылған  шайырларды  ұстаз санауы әбден орынды.

Омар «Ұстаздарым» деген өлеңінде былай дейді:

 

Халық ішінде қадірлі,

Үнемді басқан қадамы,

Тимеген жерге табаны,

Теңселген небір жорға бар.

Әр дүниеде бір зауыт,

Ашылып тұрған форма бар.

Шернияз, марқұм Бұдабай –

Кетпеген сөзі ұнамай.

Сарыбай Сәдір, Әзілкеш –

Және дағы би Бекіш.

Тап салмаған таусылып,

Сағасы терең арналар.

Сырманның ұлы Аяған,

Табылған сөзі оядан,

Көңілі – шалқар көлмен тең,

Үйрек ұшып, қаз қонар.

Уа, дариға, өтті Толыбай –

Сөз жүйесін құба нар.

Шақ айтса да, шағулы,

Шегебайдың сөзінен –

Қауіп өтіп әркім қорғалар.

Олардай жүйрік жоқ енді –

Бағынан бұлбұл ұшырған,

Опасыз дүние байқалар.

Балқы Базар, дүр Оңғар –

«Алқа» деп атты қойғанда,

Қаншама пырақ болса да,

Қарасын көрмей қаңғалар.

Ересім жүйрік ешнияз –

Есіткен жан тоймайтын

Шекермен сөзі барабар.

Қарасақал Ерімбет –

Нұсқалы сөздің кестесі,

Қалам, қағаз қолға алса,

Тіл менен жағы қозғалар.

Дүзбенбетұлы Жиенбай –

Ақ домбыра қолға алып,

Ұшатын құстай қомданар.

Ерегіскен ер болса,

Екі талай жер болса,

Аянбай шауып жолды алар.

Абақан Кете Аманжол –

Алуға қардар табылса,

Жеңсік тауар онда бар.

Киікшіден шыққан қос жүйрік,

Сүйкімбай мен Сүйіндік –

Ән мен сөзін ажарлар.

Әрі жырау, һәм бақсы,

Сөйлесе сөзі тым жақсы,

Сарыбайдан шыққан Құланазар.

Алтын Топжан, Әлібай,

Егесті жерде тоқталмай,

Нұсқалы жауап сөз табар.

Есенжол, Жүсіп есімді –

Сөздері сұлу пішімді,

Жаңа өрім жүйрік – бозбала

Байлауда тұрған жүйрік бар,

Қосылған соң шабылар.

Көрінгенмен жарысқан

Бір шобыр біздің қолда бар.

 

Тұрмағанбет Ізтілеуов (1822-1939) шығармашылығы саналуын. Ол поэзияның барлық жанрына қалам тартқан ақын. Шығыс тақырыбына батыл барып, байсалды  еңбек жасаған

қазақ ақындарының бірі. Оның ақындығының шыңы–қазақ әдебиетінің қазынасына қосқан Фирдоуси  «Шах-намасының»  40  мың жолдық  аудармасы. Бұл  аударма емес, шайырдың шалқуы талантының теңізге айналып өсу жолдары.

Тұрмағанбет  Сыр  бойында  ғасырлар  бойы  қалыптасқан жыраулық дәстүрде өзіндік өнер  нақышын  қосу   арқылы   жалғастыра  түсті.  Өзінің  Сырдың  саңлақ  шайырларына арнаған «Әр елдің бар бұлбұлы» деген өлең-толғауларында былай дейді:

 

Аттарын айтып берейін,

Дер екен бекер, кім мұны.

Аяған қожа мысалы:

Қорабалы сабадай,

Сәрәр тұрып піскенде,

Көп жерге кететін гүмбірі.

Қыпшақтан шыққан Бұдабай –

Хан ұрдырған қоңыраудан,

Оятқан көпті гүлдірі.

Сарыбай Сәдір, Әзілкеш,

Және-дағы би Бекіш –

Айлықты алатын бір күнде,

Шерқұданың дүлділі.

Ешнияз бен Толыбай –

Кемені тартар күндіктен,

Әр түрлі нәпан жай қылған

Құрдымның қара шүңгілі.

Қаратамыр дүр Оңғар,

Ақмарал, бұғы әм арқар

Қоныстаған қысы-жаз,

Асқар таудың үңгірі.

Сүйіндік пен Сүйкімбай –

Сүйекті суша білмейтін

Өткір найза секілді

Ангылский ұңғылы.

Балқы Базар – білгенге,

Атақты әйдік астана,

Жұмыла жұртты жиып ап

Жырласа бітпес күн-түні.

Қарасақал Ерімбет –

Құтқармас құсты бедеудей,

Шабысыңа шаң ермес,

Ат шаптыратын бүлкілі.

Нұрымбетсары Шегебай –

Шайырлықтың бабында,

Жан жүре алмас жынысынан

Сай секілді түлкілі.

Абақан Кете Аманжол –

Кәделі аста, күні бұрын

Арнап сауын айттырар

Белгілі бай-дүр жылқылы.

Есенжол, Жүсіп, Жиенбай –

Жүйріктері заманның,

Отарбадай әр жерден

Көрінетін бір-ақ бұрқылы.

Омар мен Нұржан шабандоз,

Өтіп кеткен ертеде,

Кететұғын құтылып

Қамаса да қырық ұры

Озат айтқыр – осылар,

Сөздері шипа сырқауға,

Жеңіл-желпі жерлерде

Кім таппайды күлкіні.

Өлең жазып, сөз теріп,

Солардың болсақ біз бірі, —

деп, саңлақ шайырлардың өнерінің жалғасы екендігін жыр етеді.

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *