Мәртебелі маман иесі

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» (Халық даналығы)
Біз өмір сүретін алып ғаламда адамзат баласы өз игілігіне қолданып, ғұмырына азық ететін мамандық түрлері өте көп. Жүрек қалауымен таңдаған саланың білгір маманы болу адамның өзіне де, айналасындағы қоғамға да пайдалы. Себебі, әр мамандықтың өзінің атқаратын рөлі, алатын маңызы бар. Десе де, заман өзгеріп, дәуір көші алға жылжыған сайын кей мамандықтарға деген сұраныс азайып, тіпті, кейбіреуінің орнын өзге жаңа мамандықтар басып жатыр. Сәт сайын дамып, бір орында тұрмайтын өзгермелі заманда өз құндылығын жоғалтпайтын бір мамандық бар болса, ол — барша мамандықтың анасына айналған мәртебелі мұғалім мамандығы.
Мұғалімнің алдынан кімдер өтпейді? Сөзден маржан өретін ақын да, ізденімпаздығымен жаңа ашылулар жасайтын ғалым да, ел қорғайтын батыр да, абзал жан атанған дәрігер де, бәрі-бәрі мұғалімнің тәлімді тәрбиесі мен сапалы білімі арқылы қанаттанып шығады. Қасиетті білім ордасы – мектептің жүрегіне айналған ардақты мұғалімдерге деген құрмет қашан да жоғары болған.
Мұғалім – тәрбие мен мәдениеттің үлгісі. Бұл барлық уақытта мұғалім деген ұғыммен астасып келе жатқан маңызды нәрсе. Ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған шәкірттерімен жүздесетін ұстаз өз оқушылары үшін көркем мінез-құлықтың, сөз бен іс бірлігінің, мейірбандылық пен сұлулықтың озық үлгісі. Мұғалім мамандығының көтеріп келе жатқан ауыр жүгі оның жауапкершілігімен өлшенеді. Адам баласы пенде болған соң, шалыс басады, қателік жібереді. Мұғалім де ет пен сүйектен жаратылған адам. Десе де, осы жауапты мамандықты алған соң, мұғалімге қателесуге болмайды. Ұстаздың әрбір іс-әрекеті, сөйлеген сөзі, өзін ұстауы, тіпті, киім киісіне дейін алдында отырған шәкірттеріне үлгі болады.
Заманымыздың келешегі жас ұрпақтың қолында болса, өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесі мұғалімдердің қолында. Осыдан-ақ, мұғалімге жүктелген жауапкершіліктің ауырлығын байқауға болады. Бүгінгі жаңартылған білім беру саласының талаптарына сәйкес, мұғалім бейнесі білім мен біліктің, жаңашылдық пен ізденімпаздықтың, кәсіби құзыреттілік пен бәсекеге қабілеттіліктің нышанына айналуы қажет. Заманауи әлем заманауи мұғалімді талап етеді.
Сөзімді қорытындылайтын болсам, мәртебелі ұстаздық мамандығына деген сұраныс кеше де болған, қазіргі уақытта да бар, болашақта да бола бермек. Мән-маңызы жоғары маман иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, барша педагог мамандарға шығармашылық табыс, ең бастысы білімді шәкірттерінің көбейе беруін тілеймін. Дана Абай: «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан», — деп айтып кеткендей, тәуелсіз еліміздің келешегіне тұтқа болар білімді ұрпақ тәрбиелейтін жақсы ұстаздар қатары өсе берсін.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *