ОТБАСЫНДА БАЛАЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДІСТЕРІ

ОТБАСЫНДА БАЛАЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДІСТЕРІ

 

Дидарова Ақторғын Тимурқызы

«Болашақ» мектеп – балабақшасы

 

Отбасы мен қоғам – бір жүйенің кіші жəне үлкен үлгілері. В. Сатир жазғандай: «Отбасы қоғамдағы біріктіретін күш болуы керек, оның алатын кеңістігі мен мүшелерінің санының шағындығы соншалықты, олар бір-бірі туралы бəрін білетін, тіпті бір бөлмеге-ақ сыйып кететін қоғамның санаулы одақтарының бірі». Отбасы туралы жаңа ұрпақтарды қоғамдық тəрбиелеудің бөлігі ретінде айта отырып, оның осы жүйедегі мəнділігін назардан тыс қалдырмау керек. Ата-ана балаларының əлеуметтік құндылықтар кешенін, дүниеге деген көзқарасын, бағдарын, қажеттіліктерін, қызығушылықтары мен əдеттерін қалыптастырады. Өз балаңның тәрбиесін жеке өз ісің ғана деп  қарамау керек.

Балаларды тəрбиелеудегі отбасылық əлеуметтендіру дегеніміз бала мен ата-ананың тікелей «жұптасып» өзара қарым-қатынас жасауын ғана білдірмейді. Мысалы, ата-ананың екеуі де шаруашылықпен жақсы айналысса, балада мұндай қабілеттің дамымауы мүмкін, себебі баланың көз алдында жақсы үлгі болса да, отбасы баланың осы қабілеттерін қолдауын керек етпейді. Керісінше, шешесі шаруашылықпен айналыспайтын отбасында бұл рөлді қызы жақсы атқарады. Психологиялық қарсылық механизмінің де маңызы зор: еркіндігі шектелген жасөспірімнің дербестікке ұмтылу қабілеті жақсы қалыптасады, ал ештеңеден шектелмеген бала тəуелді болып өседі. Сондықтан баланың нақты қасиеттері, негізінде, ата-анасының қасиеттеріне байланысты болмайды (ұқсастығы жағынан да, айырмасы жағынан да), тəрбиелеудің жеке əдістерінен де шықпайды.

Отбасылық тəрбиенің ерекшелігін оның анықтамасынан көруге болады. Отбасылық тəрбие дегеніміз – ата-ананың баласының рухани жəне дене бітімінің қасиеттерін саналы түрде қалыптастыру үрдісі. Тəрбиелеу  əдістерінің түрлі топтамасынан да, оның ерекшеліктерін байқаймыз. Отбасылық тəрбиеде біз келесі əдістерді қолданамыз:

  • сендіру;
  • тіршілікті ұйымдастыру;
  • түзету;
  • марапаттау жəне жазалау;

Отбасындағы бала тәрбиелеу әдістері-бұл баланың тәртібі мен мінез-құлқына ата-ананың мақсатты тұрғыда ықпал ету амалдары. Әр отбасының дербес бала тәрбиелеу әдістері бар. Тәрбие әдістерін таңдап алуы ата-аналардың педагогикалық мәдениетіне, яғни тәрбие мақсатын, өзінің ата-ана ретіндегі рөлін түсінуіне, құндылықтар туралы түсініктеріне, отбасындағы қарым-қатынас стиліне және т.б. байланысты болып келді.Сондай-ақ төменде көрсетілгендей бірқатар жағдайларға да байланысты болуы мүмкін:

-ата-ананың өз баласының жағымды,жағымсыз қасиеттерін білуі, яғни неге қызығады, нені ұнатпайды, нені ынтамен орындайды, неге құлықсыз, қандай қиыншылықтарды басынан кешіреді және т.б;

-әр ата-ананың өзіндік тәжірибесі, беделді, өзінің жеке үлгісі негізінде тәрбиелеуге тырысуы;

-ата-ана отбасында барлығын бірлесіп істегенді қаласа, онда практикалық әдістерді көбірек пайдалануы мүмкін.

Әр елдің бала тәрбиелеу дәстүрлері сияқты әдістерінде де өзіндік ерекшеліктер бар. Г.Н.Филоновтың пікірінше, белгілі бір халықтың белгілі бір жерде қолданылатын тәрбие тәсілдері мен әдістерінің жиынтығы болды. Олар бір ұрпақтан екінші ұрпаққа беріліп отырады және олар ең алдымен адамдардың тіршілік ету барысында ие болған белгілі бір дағдылары мен білімі ретіде меңгеріледі. Адамзат баласының пайда болған кезінен бастау ала отырып, ол өз бойына бала тәрбиесіне деген ғасырлық ғұрыптары мен талаптарын сіңірген. Бұл пікір әр халықтың бала тәрбиесінде өзіндік ерекшеліктері болуының заңды құбылыс екенін дәлелдей түседі.

Қазақ отбасында ежелден қолданып келе жатқан өзіндік әдіс-тәсілдері жетерлік. Оларды бірнеше топтарға бөліп қарастыруға болады:

-адамгершілік сезімдеріне әсер ету барысында пайдаланатын әдіс-тәсілдер. Оларға балаларға қайырымды, ізгі қатынас жасау, жанама ықпал жасау, қолдану, өзіне деген сенімін нығайту, сенім арту;

-үйрету мақсатындағы әдіс-тәсілдер. Олар: түсіндіру, мысал келтіру, үлгі-өнеге, ғибрат айту және т.б.

-тыйым салу, ескерту жасау мақсатында пайдаланатын әдіс-тәсілдер. Олар: реніш, наразылық білдіру, тыю, айыптау, бұйыру, еркелікте кінәсін мойындату, ұрсу, ымдау, қас-қабақтан айтатын деген ойын білдіру т.б.

Қазақ табиғатында отбасы иелері ең әуелі өз ұлы мен қызының алдында тәрбиелі, өнегелі, көргенді, үлгілі болуға тырысқан. Оның ең басты себебі, «ұлдың ұяты-әкеде, қыздың ұяты-шешеде» деп бағаланғандықтан. Алғашқы мүшелі 13 жасқа таяған кезінен бастап ата-ана өз балаларын тұрмыс пен салтқа бейімдеген. Сол кезеңнен бастап-ақ әке қызына айтар ескертпесі мен қолқасы болса анасы арқылы жеткізген. Қызын-арға, ұлын нарға бағалаған. Алайда, осылайша үкілеп, үлбіретіп отырған қыз баланың өзіне де қатал талап қойылған. Анасы қызына шолпы таққан шашы ажарлы, сүмбіл, сұлу болсын деп не қатықпен не ірімшіктің сары суымен мезгіл-мезгіл жуғызып, ең әуелі өз басын қадірлеуді үйретеді. Аналар өз қыздарына киім киісі, төңірегіне деген көзқарасы, кісіні жатсынбауы, кең пейілділігі, мейірімді жүзі арқылы ықпал еткен.

Отбасы тәрбиесінде балаларды таза, дені сау етіп өсіру, алысқа жібермей үйде тәрбиелеу, жақсы әдеп пен тәрбиеге үйрету, жақсы мінез-құлық қалыптстыру, ұл мен қызға білім үйрету, балаларды еңбекке баулу, қоғамға пайдалы азамат етіп тәрбиелеу, оларды қанағатшыл болуға үйрету, әділдік қасиеттерді бойына сіңіру, уақыты келгенде қызды тұрмысқа беру мен ұлды үйлендіру бәрі де осы әдістер негізінде іске асырылып жатқан.

Сонымен қатар отбасы жағдайында қолданылып келе жатқан кейбір әдістердің тәрбие ісінде оң нәтиже бермейтінін байқауға болады. Мысалы, кейбір ата-ана баласының әрбір әрекетін жақтырмай оған өте жоғары талаптар қояды. Баласына қажетті дәрежеде жан жылуын бере алмай, сәл ғана жіберген қателіктері үшін жазалауға дайын тұрады. Мұндай жағдайда өскен балалар өздеріне сенімсіз, қорқақ, өздерін қорғай алмайтын ынжық болып өседі.

Кейбір ата-аналар балаларының барлық талап тілектерін орындауға дайын тұрады. Олардың айтқандарын екі етпей, шектен тыс еркелетіп өсіреді. Мұндай жағдайда өскен балада өз дегенін ғана жасату, менменділік, қой дегенді түсінбейтін бірбеткейлік, жауапсыздық, қанағатсыздық сияқты жағымсыз қасиеттер пайда болады.

Сондай-ақ баланы шамадан тыс өбектеу де оң нәтиже бермейді.

Баланың өзбетінділігі мен белсенділігі басылып, мүмкіндіктері дамымайды. Ондай балалар өмірге бейімсіз, әлжуаз, өзбетінше шешім қабылдауға қабілетсіз болып өседі. Себебі ол ата-анасының өзі үшін бәрін жасап беретініне сенеді.

Кей жағдайда ата-ана өзінің баласының әлеуметтенуіне, өмірде ненің жақсы ненің жаман екенін ажыратуына мүлде көңіл бөлмейді. Бала өзбетінше өмір сүреді. Ал кейде баласының мүмкіндіктерін ескермей, оған өте жоғары моральдық талаптар қояды. Олардың ойынша, бала ата-анасының үмітін ақтауы тиіс.

 

 

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.