Ата мен әже — қазақы тәрбиенің бастау бұлағы

Ақ ниетімен, ақ батасымен айналасын арайландырған, жүрегі махаббат пен шапағаттан жаралған ата мен әже атты абзал жандар – өнегелі өмірдің сыны мен сыры жайлы шұрайлы шежіре шертетін тірі тарих. Өмір атты тынымсыз тіршілікте көңілі таудағы таза ауадай, пейілі дархан даладай, даналығы дариядай қариялар – әулетінің арқа сүйер асқар тауы.
Адамның адами болмысы мен асыл қасиеттері отбасында қалыптасады. Отбасында алған үлгі — өнеге, тәлім — тәрбие арқылы ғана еліне, жеріне, Отанға деген сүйіспеншілік сезім орнығады. Ал отбасындағы басты құндылық ұлттық тәрбие деуге болады. Сол ұлттық тәрбиенің дәнін себуші жандардың бірі – әжелер екені даусыз. Тұла бойы тұңғышын атасы мен әжесінің тәрбиесіне беріп, «атасы мен әжесінің баласы» деп есептеп, солардың бауырына басатын ұлт қазақ қана. Атасы мен әжесі бауырына басып, «меншіктеп» алған баланы «менің балам» деп тіпті өзінің ата — анасы да айтпаған. Бұл әке мен баланың, ене мен келіннің арасындағы сыйластықтың да бір белгісі іспеттес. Ал көргенді қарт ата мен әже баланы ешуақытта өзінің әке — шешесінен алыстатпаған, оларды да қадірлеуді, құрметтеуді міндеттеп отырған.
Өмірден көргені мен түйгені мол қариялар тәрбиелеген баланың ең алдымен тілі тез шығады. Өйткені ата мен әже балаға үлкен адамша сөйлесіп, әңгіме — дүкен құрады. Сол себепті әже тәрбиелеген бала сөздің қадірін біледі, орнымен сөйлеп, сөзді тауып, нықтап айтады. Немересін баласынан ыстық көретін ата — әжелеріміз бұрындары кішкентай қарадомалақтарын бір елі қастарынан тастамайтын. Бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән — жырларын, шежірелерін тыңдап өседі. Немересін жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткен.
Әже алдын көріп, тәлімін алғандардан қазақтың сүт бетіндегі қаймағындай болып, тарихта есімі қалған ұлылар қатары көп — ақ. Зередей зерделі де ұлағатты әжеден аңыз — әңгімелер мен жыр — дастандар тыңдап өскен бала Абай дана Абайға, қазақтың ұлы ақынына, зор тұлғаға айналды. Ал Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәрбиесін алған Шоқан кім болды? Өз тұстастарының алды, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызына, халық мақтанышына айналды. Бұдан өзге Біржан сал, Мұхтар сынды қазақтың маңдайалды, біртуар азаматтары да әженің тәрбиесін көрген, әженің алақанынан түлеп ұшқан.

«Әжем есімде. Әрнеге қозбайтұғын, Әріден көп әңгіме қозғайтұғын» деген «Отыз бесінші көктемім» атты өлеңінде асқақ ақын Мұқағали Мақатаев. Балалық шағы соғыс жылдарында өткен ақынның ақ жаулықты әжесінің аты – Тиын болған.
… Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса…нені көрем? – деп, ақын сағынған асыл әжесіне жыр арнаған.
Осы күнгі бала Алпамыстай алыптарды, Көлтауысар мен Желаяқты, Таусоғар мен Толағайды білмейді, себебі олар жайлы ертегінің майын тамызып айтып берер әже жоқ.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деген екен.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *