От
Мағжан Жұмабаев · 1893–1938 · 81 жол
Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын,
Күнге ғана бағынам.
Өзім – күнмін, өзім – от,
Сөзім, қысық көзім де – от,
Өзіме өзім табынам.
Жерде жалғыз Тәңірі – от,
Оттан басқа Тәңірі жоқ.
Жалынмен жұмсақ сүйеді,
Сүйген нәрсе күйеді,
Жымиып өзі жорғалар.
Ұшырағанды шоқ қылар,
Шоқ қылар да, жоқ қылар,
Мұның аты От болар.
Мен де отпын – мен жанам,
От – сен, Тәңірім, табынам.
Әдемі отпен – аспаның,
Бәрі жасық басқаның,
Жалын жұтам – тез тоям.
Әулием, ием, құтыма,
Теңсіз Тәңірім – отыма
Әлсін-әлсін май құям.
Май құямын – өрлейді,
Құлашын көкке сермейді.
Кейде жылан арбайтын,
Кейде аждаһа жалмайтын,
Сескенбес, сірә, кім сенен!
Шынында, менің өзім де – от,
Қысылған қара көзім де – от,
Мен – оттанмын, от – менен.
Жалынмын мен, жанамын,
Оттан туған баламын.
Қараңғылық бұққанда,
Қызарып күн шыққанда,
Күн отынан туғанмын;
Жүрегімді, жанымды,
Иманымды, арымды
Жалынменен жуғанмын.
Жүрегім де, жаным да – от,
Иманым да, арым да – от.
Жарқырап от боп туғаннан,
Белімді бекем буғаннан,
Қараңғылық – дұшпаным.
Сол жауызды жоюға,
Соқыр көзін оюға
Талай заулап ұшқанмын.
Әлпіге
1 барғам Алтайдан,
Балқанға барғам Қытайдан...
Заулап, өрлеп аспанға,
Әлпіден әрі асқан да
Отты Атилла, Баламер
Мен едім. Тағы барғанда
Ойран салып Балқанға
Жолбарыс Жошы, Сүбітай ер
Шалғай-шалғай жер шалып,
Басылдым біраз от алып...
Кеше маған тіл келді,
Күнбатыстан жел келді,
Қараңғылық қаптады.
Ұяттан әсер қалмады,
Идеалды – Алланы
Қарын деген таптады.
Күнім, заулап жана гөр,
Күнбатысқа бара гөр.
Енді заулап жанайын,
Күнбатысқа барайын,
Бір шетінен тиейін.
Қараңғы тас қаласын,
Жалмауыз жауыз баласын
Жалынмен жалап, сүйейін:
Не қалар екен қаладан,
Жалмауыз жауыз баладан?!
Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын,
Күнге ғана бағынам.
Өзім – күнмін, өзім – от,
Сөзім, қысық көзім де – от,
Өзіме өзім табынам.
Жерде жалғыз Тәңірі – от,
Оттан басқа Тәңірі жоқ.