Абай салған дара жол

«Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Маңызын жоймау былай тұрсын, заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар пайда болған сайын бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсетініне Абайдан кейінгі уақыт айқын көз жеткізді. Бұл күнде Абай сөзі әр қазақтың ағзасына ана сүтімен бірге дариды десе, артық айтылғандық емес. Ана сүті тән қорегі ретінде жас сәбидің буыны бекіп, бұғанасы қатаюына қызмет етсе, ақын сөзі оның санасына адамдық пен азаматтықтың ұрығын сеуіп қызмет етеді» (Ж.Ысмағұлов).

Амал не, Абай туралы мәдени шаралар өтсе, көмекшiлерiне, не баспасөз өкiлдерiне жазғызып алып, кекештене оқып тұратын әкiмдер де аз емес. Абайды алдымен өзiмiз жете танып барып, өзгелерге өнеге ету үшiн де жанкештi тiрлiк керек. Ұлы ақын өмiрi, мұрасы ақындықтың, ойшылдықтың, данышпандықтың мектебi ғана емес, ең бастысы, ұлтын сүюдiң, халқының жанашыры болудың өмiрлiк өнегесi. Абай — әлемдік тұлға. Ол өзінің өлең­дерімен ғана оқырмандарға әсер етіп қана қоймай, ұшан-теңіз білімі­мен бүкіл адамзаттың санасына данышпандықтың дәнін сепкен ойшыл да кемеңгер ақын. Ол — нағыз ғұлама. Оның поэзиясының өне бойы­нан адамдарға деген сүйіспеншілік пен жанашырлық лебі есіп тұрады. Сонымен қатар ол адамның көкірек көзін тұмшалайтын қараңғылық пен надандыққа қарсы бітіспес күреске шақырады. Ал гуманистік идеялары Еуропаның классикалық философия­сымен ғажайып бір үндестік тауып жататынына еріксіз қайран қаласың. Осынау қазақ ақынын толғандырған мәселелер қазірдің өзінде кез келген халық өкілінің көңіл пернесін дөп басып тұр десек, артық айтқандық демессіз. Егер бүгінгі талғаммен қарасақ, Абай — қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны. Абайдың білім мен адами құндылыққа деген сенімі демократия­ны ұстануына негіз болды. Өзін-өзі басқаратын көзі ашық адамдар қоғамы оның саяси идеалына айналды. Осы себепті ол әлеуметтік әділетсіздікке қарсы күресіп, ұлтаралық өзара түсіністікті жақтады. Даулы мәселелерді шешуде зорлық-зомбылықты қолдануға қарсы болып, өзінің «Ескендір» секілді поэмаларында билеушілердің тойымсыз аранынан, өктемдік пен ғасыр бойындағы көптеген адами шиеленістерден жиіркенетінін білдірген бола­тын. Абай – өте күрделі тұлға. Абай – дана, ал даналардың құпиясы ешқа­шан да толығымен ­ашылмайды, дүниеде ұлт даналары өте сирек, оның қатарында Еуропада Гете, орыста Пушкин, Қазақта Абай бар, бұлар таза ұлттық даналар. Ал олардың ойын түсіндіріп бергендер мысалы Мұхтар Әуезов ғұлама адам. Дана деп бөліп отырғанымыз, мысалы Лермонтовтың, Байронның, Есениннің, Мағжанның өлеңдерін оқып, әсерленіп рухани ләззат алуға болады. Қазақтың жанын түсінген Абайдың жан дерті Абайды түсінген әрбір қазақтың жан дерті. Сонымен қатар Абайдың өлеңдері мен ғақлиясы сол жан дертінің дауасы. Біз Абайға қарап ойымызды, көзқарасымызды, өмір сүру ауанын бағдарлаймыз. Бірақ, ол Абайша өмір сүру, Абайдың айтқаны заң, соны бұлтартпай істеу дегендік емес. Қазақ жұрты Абайды өзіне рухани нысана тұтады, соған ойын да, бойын да тәрбиелеп, үлгі алады. Біз Абай айтқан сөздерді тәмсіл ете отырып, өзімізге сын көзқараспен қарап, ойымызды екшеуге тиіспіз. Даналардың ойы ол адамзаттың ақыл ойы мен ертеңгі тағдырының келешекке тартылған тамыры, ол бір желі емес, адамның санасындағы түйсік талшықтары қанша болса, қаншама адам болса, оның жолы да соншама. Сондықтан да, адам күрделі. Екінші, даналардың ойы қаулы-қарар, түзілген бағдарлама, жасалған жоба емес. Даналардың ойы адамның жан түйсігін, ақылын, жүрегін тебіренту үшін, ой салдыру үшін айтылады. Егер оқыған жұртты тебірентсе, оларға ой салса, олардың өзіне-өзі сын көзбен қарауына, сондай-ақ одан қорытынды шығаруына жол ашса, бұл көркем шығарманың мақсатының да, даналардың ойының да жүзеге асқаны. Сондықтан да, қай қоғамда болсын дананың ойы осы үшін керек, өйткені қоғам бір қалыпты дамымайды. Шіркін-ай дейсің, әр адамның, әр ұлттың, дүниежүзіндегі барша мемлекеттің, бүкіл адамзаттың мақсаты әлеуметтік теңдікте, әділетті жолмен тең өмір сүруде болса ғой. Абай да өзінің өлеңдері арқылы, сол өзі өлең жазған тілдің иесі болып табылатын Қазақ халқын да жақсылыққа, ертеңгі жарқын өмірге, жетелеп келеді. Енді оның соңынан ерудің мүмкіндігі қандай, былайғы жұрт ілесіп жатыр ма, ілеспей жатыр ма, бұл мүлдем басқа әңгіме. Өйткені қоғамның дамуы бір ұлттың жеке басының еркіне, бір адамның жеке қалауына байланысты емес. Қазіргі жаһандану заманында, бүкіл адамзаттың тамыр-жүйкесімен астасып жатқан ұғым. Ең басты кемшілік: өз рухынан, өз тілінен, өз ділінен, өз дінінен жерініп жүрген сайақтар көбейіп барады. Сол сайақтардың қасында жас ұрпақтар қоса ілесіп барады, осы өкінішті. «Ұлып жұртқа қайтқан ой» деп Абай айтқандай, олар да түбінде «ұлып» барып, өзінің жұртына қайтады. Бірақ ол кешегі Қазақ, бүгінгі Қазақ, Абайдың арманындағы Қазақ емес, өзгеше ұрпақ, өзгеше өредегі Қазақ. Ол қандай деңгейде, қандай рухпен, қандай көзқараспен, қандай ділмен, қандай тілмен, қандай мақсатпен өзінің жұртына қайырылып оралады, ол үлкен мәселе. Абайды айтқанда тiл мәселесiне соқпай кетуге әсте болмайды. Өйткенi қазақ тiлi – Абай тiлi, Абай тiлi – қазақтың тiлi, бiр-бiрiнен ажырағасыз. Абайды ең алдымен түпнұсқа тiлде, яки қазақ тiлiнде насихаттау ләзім. Абайды бiлмей қазақ болу мүмкiн емес. Зейнет демалысына шыққан соң, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев бір журналиске берген сұхбатында: «Қазір Абайды қайта оқып жатырмын. Артында өлмейтін мұра қалдырған неткен дана еді. Қанша оқысаң да ойдың шым тереңіне тартып отырады» дейді. Дананы дана осылай бағалаған. Ал қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев Абайдан қалай нәр алғанын былайша толғайды. Қуат алып Абайдың тіл-күшінен, Жыр жазамын Абайдың үлгісімен. Абай болып табынсам бір кісіге, Абай болып түңілем бір кісіден. Абай туралы айтқан ақын-жазушы­лардың, тарихшылардың, ғұла-малардың сөздерін, берген бағасын тіркей берсек қағаз шақ келмесі анық. Тек қазіргі көзі тірі жүрген классик-жазушымыз Мұхтар Мағауиннің айтқанын келтіре кетейін. «Қазақтың қасиетін тану – Абайды танудан басталмақ. Халқымыздың сөз өнерін зерделеу – Абай тағылымын бағындырудан басталмақ. Абай – қазақ тарихындағы қайталанбас сом тұлға. Абай биігі – халқымыздың көркемдік ой-танымында ешкім жетпейтін заңғар».

Әл-Фараби атындағы ҚаҰу Журналистика факультеті 1 курс студенті Тоқтасынова Еркежан

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *