ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫН ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАРЫ МЕН ЖАЛПЫ ТӘСІЛДЕРІ

Шымкент қаласы,

М.Сапарбаев институтының

«Парасат» колледжінің

арнайы пәндер оқытушысы

Кетпенова Индира Мухамедияевна

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫН ДАМЫТУДЫҢ
НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАРЫ МЕН ЖАЛПЫ ТӘСІЛДЕРІ

Туристік кластерлер

Жоғары халықаралық бәсекелестік дәуірінде туристік сұраныс қарқынды өзгерістерге ұшырауда. Осыған байланысты ішкі және халықаралық келуші үшін анағұрлым тиімді туристік “тәжірибе” жүйесін құру мақсатында мүдделі құрылымдар тарапынан Қазақстан Республикасының туристік өнімін қалыптастыруға және ілгерілетуге жаңа қағидаттар мен тәсілдер әзірлеу қажет. Туристік өнімнің бірегейлігі мен сапасына қарамастан, жоғары дамыған инфрақұрылымның (көлік инфрақұрылымы, телекоммуникациялық байланыс арналары, тұрмыстық қызмет көрсету және т.б.) болмауы саяхаттан қанағаттану деңгейін төмендетеді, соның салдарынан туристік келу санының қысқаруына және аумақтың ішкі және әлемдік туристік нарықтарда аумақтың бәсекеге қабілеттілік деңгейінің азаюына әкелетіндігін назарға алған жөн.

Осыған байланысты әртүрлі аумақтық деңгейлерде (ел, облыс, аудан, қала) туризмді ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін әзірлеу қажет. Осындай әдістердің бірі кластерлік тәсіл болып табылады.

Қазіргі уақытта отандық туризм үшін тиісті әкімшілік-аумақтық құрылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында кластерлерді қалыптастыру міндеті неғұрлым өзекті болып отыр.

Туристік кластер – бұл туристік өнімді жасаумен, өндірумен, ілгерілетумен және сатумен, сондай-ақ туризм индустриясымен және рекреациялық көрсетілетін қызметтермен аралас қызметпен айналысатын өзара байланысқан кәсіпорындар мен ұйымдардың бір шектелген аумақ аясында шоғырлануы.

Туристік кластерді құрудың мақсаты – синергетикалық әсер есебінен туристік нарықта аумақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оның ішінде:

1) кластерге кіретін кәсіпорындар мен ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыру;

2) инновацияларды ынталандыру және жаңа туристік бағыттарды дамыту.

Туристік кластерді құру іс жүзінде аумақтың тұрпатын айқындайды және өңірдің оң имиджін қалыптастыруға әсерін тигізеді, бұл жалпы алғанда жоғары ықпалдастырылған туристік ұсыныстар мен бәсекеге қабілетті туристік өнімдерді құрады. Қазақстанда бес туристік кластер құруға мүмкіндік бар: Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан.

Нұр-сұлтан кластері – бұл Астана қаласын, Ақмола облысын, Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-батыс бөлігін, Павлодар облысының батыс бөлігін және Қарағанды облысының солтүстік-шығыс бөлігін қамтитын кластер. Астана қаласы кластердің орталығы болады, мұнда мынадай басты туристік қызығушылық орындары орналасқан:

1) “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

2) “Бурабай” мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

3) “Бұйратау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

4) Қарағанды қаласы;

5) Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

6) Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі.

Болашақта кластер ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген жаңа туристік қызығушылық орындарымен толығуы мүмкін: мегалит дәуіріне жататын Беғазы-Дәндібай мәдениетінің қорымдары, Тасмола мәдениетінің жарқыншақ тастар қорғаны, сондай-ақ “Жібек жолы” сериялық трансұлттық номинациясына енгізілген объектілер (Бозоқ қалашығы).

Астана маңындағы жерлермен және Бурабай курорттық аймағымен көшпелі мәдениет пен дала әртүрлілігінің орталығы болады. Аталған кластерде әзірленетін негізгі туристік өнімдер: MICE-туризм, мәдени туризм мен турне, таулар мен көлдердегі демалыс, қысқа мерзімді демалыс.

Алматы кластері – бұл Алматы қаласы мен Алматы облысының бір бөлігін қамтитын кластер. Алматы қаласы кластердің орталығы болады, онда мынадай басты туристік қызығушылық орындары айқындалған:

1) петроглифтері бар Тамғалы археологиялық ландшафты (ЮНЕСКО объектісі);

2) ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген “Алтынемел” мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

3) Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы Шарын шатқалы;

4) Қапшағай су қоймасы;

5) ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бар Алматы қаласы маңындағы тау шаңғысы аймақтары;

6) “Жаңа Іле” туристік орталығы.

Болашақта кластер Алматы облысының басқа бөліктерін қосып кеңеюі, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген жаңа туристік қызығушылық орындарын – Балқаш көлін, Ешкіөлмес петроглифтері бар Жетісу Алатау тау сілемдерін, Есік қорғандары мен “Жібек жолы” сериялық трансұлттық номинациясына енгізілген объектілерді (Талғар қалашығы, Боралдай сақ қорғандары) ұсынуы мүмкін.

Алматы халықаралық тау, іскер және тау шаңғысы туризмінің орталығы болады және “Қаладағы және таулардағы ойын-сауық” кластері ретінде сипатталатын болады. Аталған кластер ұсынатын негізгі туристік өнімдерге MICE-туризм, мәдени туризм және турне, таулардағы және көлдердегі демалыс және қысқа мерзімді демалыс жатады.

Шығыс Қазақстан кластері Шығыс Қазақстан облысының солтүстік және шығыс бөліктерін қамтиды. Өскемен қаласы кластердің орталығы болады, мұнда алты маңызды туристік қызығушылық орындары айқындалған:

1) “Берел” мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы-мұражайы объектілері;

2) Бұқтырма су қоймасы;

3) Ертіс өзені – Зайсан көлі;

4) Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

5) Қалжыр шатқалы;

6) Риддер – Анатау мен Иванов таулары;

7) Алакөл көлі;

8) Семей қаласы.

Болашақта кластер Шығыс Қазақстанның қалған бөліктерін қамти отырып кеңеюі мүмкін.

Шығыс Қазақстан кластері “Табиғаттың ғажайып әлемі” ретінде сипатталып, экологиялық туризмді дамыту орталығы болады.

Аталған кластерде әзірленетін негізгі туристік өнімдерге белсенді және қызық оқиғалы туризм, таулар мен көлдердегі демалыс жатады.

Түркістан облысы, Қызылорда облысының орталық және шығыс бөліктерін, Оңтүстік Қазақстан облысының оңтүстік бөлігін, Жамбыл облысының оңтүстік-батыс бөлігін қамтитын кластер болып табылады. Шымкент қаласы кластердің орталығы болады, онда мынадай туристік қызығушылықтың орындары ұсынылған:

1) ежелгі Түркістан және “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы-мұражайы объектілері (ЮНЕСКО объектілері);

2) ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген ортағасырлық Отырар қалашығының және отырарлық алқаптың археологиялық объектілері;

3) Сауран археологиялық кешені;

4) палеолиттік учаскелері мен геоморфологиясы бар Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы; ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген Арпаөзен петроглифтері;

5) Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

6) Байқоңыр ғарыш айлағы;

7) Қызылорда, Сарыағаш, Тараз қалалары.

Болашақта кластер үш облыстың қалған бөліктерін қамти отырып, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілген түркіге қасиетті Меркі, сондай-ақ “Жібек жолы” сериялық ұлтаралық номинациясына енгізілген объектілер (Жетіасар алқабының ескерткіштері, Сығанақ қалашығы) секілді жаңа туристік қызығушылық орындарын ұсынуы мүмкін.

Оңтүстік Қазақстан кластері “Ұлы Жібек жолының жүрегі” ретінде сипатталатын болады. Аталған кластерде әзірленетін негізгі туристік өнімдерге мәдени туризм мен турне жатады.

Батыс Қазақстан кластері бүкіл Маңғыстау облысын және Батыс Қазақстан облысының бір бөлігін қамтитын кластер болып табылады. Ақтау қаласы аталған кластердің орталығы болып табылады, мұнда мынадай туристік қызығушылық орындары орналасқан:

1) Бекет ата, Шопан ата және Қараман ата жер асты мешіттері мен Омар мен Тұр кесенесі;

2) Маңғышлақ түбегіндегі қорымдар;

3) Шерқала тауы;

4) Қарақия-Қаракөл мемлекеттік табиғат қорығы;

5) “Бөкей Ордасы” ескерткіштер кешені;

6) “Кендірлі” шипажайы.

Батыс Қазақстан кластері “Каспий Ривьерасы” ретінде сипатталатын болады. Аталған кластерде әзірленетін негізгі туристік өнімдерге жағажай туризмі, мәдени туризм және турне жатады.

“Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық көлік дәлізін іске асыру шеңберінде өңірлердің бірегей объектілері мен республиканың батыс және шығыс “шекара қақпаларындағы” тиісті жағдайлармен туристердің орналасуы, демалысы мен қажетті сервистік қызметтер алуы үшін қазіргі заманғы туристік инфрақұрылым құру көзделеді.

Қазақстанның басқа бөліктері. Кластерге енбеген өңірлер үшін, сондай-ақ аудандық деңгейлерде ең алдымен ішкі туризмді дамыту үшін болашағы зор туристік өнімдерді айқындау қажет. Бұл жағдайда тиісті инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шағын жобаларды әзірлеу және іске асыру орынды.

Қазақстанның барлық өңірлері үшін неғұрлым тартымды турөнімдердің біріне туризмнің басым түрлерінің бірі болып табылатын, аталған аумақтардың табиғи және мәдени-этнографиялық ерекшеліктерімен танысу мақсатында қол тимеген табиғи аумақтарға саяхатты қамтитын экологиялық туризмді жатқызуға болады.

Бұл ретте аталған саяхат экожүйелердің біртұтастығын бұзбауға тиіс және жергілікті тұрғындар үшін тиімді болатындай табиғатты және табиғи ресурстарды қорғау үшін жағдай жасау қажет.

Елдің “жасыл экономика” қағидаттарына көшуіне белгіленген бағдарын ескере отырып, агротуризм мысалы ауыл халқын баламалы жұмыспен қамтудың ұйытқысы ретінде ғана емес, өңірлердің экономикасына қаржылық қолдауды қамтамасыз етуде және экологиялық “таза” ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуда үлгі етіп көрсетуге тұрарлық. Агротуризм табиғатқа ұқыпты қарау экономикалық тиімді болатын жергілікті халықты осы үдеріске тартуға ықпал ететін қоршаған ортаны қорғаудың қуатты құралы болып табылады.

Қазақстанның барлық өңірлерінде ауыл туризмін дамыту перспективалары зор болғандықтан, туризм жөніндегі жергілікті атқарушы органдар қолда барларды жаңғыртуды қамтамасыз етуі, ал қажет болған кезде жаңа туристік инфрақұрылым жасауы, өңірде туризммен айналысатын ШОБ-ті қалыптастыру және дамыту үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін айқындауы, әдістемелік құралдарды әзірлеуді, қонақ үйлер ашатын кәсіпкерлерге консультативтік көмек көрсетуді қамтамасыз етуі, жергілікті және өңірлік деңгейлерде ақпараттық қолдау және қонақ үйлерді ілгерілету үшін пәрменді құралды айқындау қажет.

Көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасына кепілдік беру үшін ауылдық демалыс үйлерінің бірыңғай сыныптамасын әзірлеу жөніндегі мәселені шешу, осы сыныптаманың критерийлерін айқындау және ауылдық қонақ үйлер үшін бірыңғай стандарттарды бөлу қажет.

Қазақстанның шекара маңы облыстары үшін туризмді дамытудың үлкен перспективалары бар. Халықаралық ынтымақтастықты тереңдету, бірлескен туристік бағыттарды, оның ішінде іргелес елдердің азаматтары үшін бір/екі күндік экскурсиялар жасау және дамыту, мәдениет фестивальдерін өткізу орынды.

Жалпы, жергілікті атқарушы органдар туризм саласындағы орталық уәкілетті органмен өзара іс-қимылды нығайтуы, қысқа мерзімді/ұзақ мерзімді перспективаға арналған туризмді дамытудың өңірлік мастер- жоспарларын қайта қарауы/әзірлеуі, жұмыс істеп тұрған туристік ұйымдар, типтері бойынша орналасу орындары бар инфрақұрылым объектілері, ойын-сауық және өзге де объектілер тізбесін қамитын дерекқорды тұрақты жаңартуы қажет.

Кәсіпкерлермен туризм саласындағы, сондай-ақ сабақтас қызмет салалардағы жұмысты күшейту, жергілікті жерлерде мемлекеттік қолдау құралдарының пәрменді жұмысына ықпал ететін тетіктерді айқындау қажет. Өңірде туристік кадрларды даярлауды басымдықтардың бірі ретінде айқындау, туризм кадрларын даярлауды жүзеге асыратын оқу орындарымен тығыз байланыс жасау.

Сондай-ақ барлық облыстар үшін қызметтің басым бағыттарының бірі халықтың белгілі бір санатының, оның ішінде егде жастағы азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың ел ішіндегі туристік қызметтерге қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін әлеуметтік туризмді дамыту болып табылады. Жеке сектормен және салалық қауымдастықтармен әріптестікте инсентив-туризмді ілгерілету және ел ішіндегі демалыс үшін қызметкерлерді жолдамалармен көтермелеу тетіктерін енгізу қажет. Әлеуметтік туризмді дамыту жөніндегі шаралар әлеуметтік туризмді ұйымдастырушылар үшін экономикалық ынталандыруларды және туристік қызметтерді көрсету және алу, әлеуметтік туризм объектілерін құру, реконструкциялау және пайдалану кезінде оған қатысушылар үшін жеңілдіктерді қамтитын болады.

 

Негізгі әдебиет: 

1.Ердәулетов С.Р  Е 65 « Қазақстан туризмі »,оқу құралы.2015ж

2.М.І.Жылқыбаева

А.Ш.Шакен

Г.Р.Айжолова  «Қазақстан туризм географиясы » Оқу құралы

3.Ердавлетов С.Р.География туризма.Алматы,2000

  1. ЮНВТО-ның халықаралық туризм Барометрінің мәліметтері: UNWTO Tourism Highlights, 2012. – 15 с.

5.Қазақстан Республикасының туристік индустриясының перспективті бағыттарын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Үкіметі, Астана, 2010. – 35 с.

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *