Пішіндер аралы

Ашық ұйымдастырылған оқу қызметі

 

Білім беру саласы: «Таным», «Қатынас», «Әлеумет»

Бөлімі: Математика негіздері, Құрастыру, Сөйлеуді дамыту, Экология негіздері

Тақырыбы: «Пішіндер аралы»

Мақсаты: Геометриялық пішіндер туралы білімдерін бекітіп, санамақтар айтқызу арқылы сан туралы ұғымдарын қалыптастыру. Жұмбақ есептер жасыра отырып логикалық ойлау қабілеттерін дамыту. Табиғатты аялауға баулып, экологиялық тәрбие беру.

Әдіс – тәсілдер: Монтессори әдісі, түсіндіру, көрсету, ойын, сұрақ-жауап

Көрнекі құралдар: Арал туралы презентация, пішіндер

Ойын технологиясы: Д/о: «Тура және кері санау», «Ұзын-қысқа, жуан-жіңішке», «Көршісін тап», «Кері байланыс»

Үш тілді компонент: Балық-рыба-fish, маймыл-обезьяна-monkey, пішін-фигура-figur

Сөздік жұмыс: Пішіндер аралы, маймыл, балық

 

I-Кіріспе бөлім

Психо-жаттығу: Біздің ұл-қыздары,

Тату тәтті ойнайды.

Әлемдегі бар адамға,

Тек жақсылық ойлайды.

II-Негізгі бөлім

Қызықтыру сәті: Осы кезде көңілсіз теңіз қарақшысы кіреді

Теңіз қарақшысы: –Балалар, сәлеметсіңдер ме?

Тәрбиеші: –Сәлеметсізбе, Теңіз қарақшысы?

Теңіз қарақшысы: –Мен сендерден көмек сұрап келдім. Біз достарымызбен бір жұмбақ аралға тап болдық. Ол аралда үлкен қазына бар екен. Біз сол қазынаны алайық десек, түсініксіз жағдайға тап болдық

Тәрбиеші: – Ол қандай жағдай?

Теңіз қарақшысы: – Ол аралда маймылдар көп екен, балықтары да өзгеше. Бірақ қазынаны таппадық. Маған көмектесесіңдер ме?

Тәрбиеші: – Әрине көмектесеміз. Олай болса балалар, көзімізді жұмып теңізге аттанайық (релаксациялық әуен тыңдату арқылы жұмбақ аралға келу)

Ал кәне балалар, көзімізді ашайық. Айналаға қараңдаршы, біз қайда келдік? Ия, бұл теңіз қарақшысы айтқан жұмбақ арал екен.

Теңіз қарақшысы: – Ия, ия бұл сол арал ғой.

Тәрбиеші: – Балалар, айналаға  қараңдаршы көптеген пальма талдары бар екен. Ал онда өсіп тұрған какостар түрлі –түсті екен. Кәне, түстерін атап беріңдерші. Ал саны нешеу екен? (слайд арқылы тапсырмалар орындайды) балалар қызыл какосты жұлып алып, бірінші тапсырманы орындайды.

1 – тапсырма: Д/о: «Тура және кері санау»

Балалар көк түсті какосты үзіп алады. Екінші тапсырманы орындайды.

2 – тапсырма: «Ұзын-қысқа, жуан-жіңішке»

Балалар сары түсті какосты үзіп алады да үшінші тапсырманы орындайды.

3 – тапсырма: «Логикалық есептер»

  1. Жаңа ғана шалғында,

Алты бұзау жүр еді.

Әлде шаршап қалды ма?

Жатып қалды біреуі.

Нешеу енді жайылып,

Жүргенін айт айырып?       (5)

 

  1. Санын білмей сәбіздің,

Қоян әбден тосылды.

Көмектесіп жіберші,

Құтқарып сен досыңды.

Оң қолында төрт сәбіз,

Сол қолында үш сәбіз.       (7)

 

  1. Алма ағашта жеті алма,

Қандай тәтті жесе алма.

Жетеуінде жеп қойсам,

Қалды онда неше алма?      (0)

 

Балалар жасыл түсті какосты үзіп алды. Төртінші тапсырманы орындайды.

4 – тапсырма: «Санамақ айту»

1.Бір, екі, үш,                                       2.Сәл демалып тынып ал,

1, 2, 3                                                    Тақпақ тыңдап ұғып ал.

Ал кәнекей ұш.                                    Апта деген ағайдың,

Төрт, бес, алты, жеті,                          Жеті бірдей ұлы бар.

4, 5, 6, 7                                                 Біріншісі – Дүйсенбі,

Мынау ауыл шеті.                                Екіншісі – Сейсенбі,

Сегіз, тоғыз, он,                                    Үшіншісі – Сәрсенбі,

8, 9, 10                                                    Төртіншісі – Бейсенбі,

Ал кәнекей қон.                                     Жұма деген – бесінші ұл,

Асықпа да, саспа.                                  Алтыншы ұл – Сенбі,

Бірден қайта баста.                               Жетіншісі – Жексенбі.

 

Балалар күлгін какосты жұлып алып, бесінші тапсырманы орындайды.

5 – тапсырма: Д/о: «Көршісін тап»

Шарты: берілген санның алдындағы және кейінгі тұратын сандарын тауып жазу.

Кенеттен көмекке шақырған дауыс естіледі. Слайдтан балық сөйлейді.

Балық: Балалар, бізге көмек беріңдерші, мына қарақшыларайналаға қоқыс шашып, біздің суымызды ластап тастады. Біз судың бетіне секіріп ойнаушы едік. Ал қазір мына қоқыстардан судың бетіне шыға алмай қалдық.

Тәрбиеші: – Әрине көмектесеміз. Балалар айналаны қоқыс тастап ластауға болама? Балалар судың бетіндегі қоқысты сүзіп тазалап береді.

Балық: – Рахмет сендерге балалар, біз жәй балық емес сиқырлы балықтармыз. Бізді ұстап, қандай пішіндерден тұратынымызды табыңдар. Бірақ жеп қоймаңдар (балалар балықтар қандай пішіндерден құралғанын және түсін атайды).

Маймылдардың жылаған дыбысы естіледі.

Тәрбиеші: – Ой мына маймылдарға не болған? Үшеуі ішін ұстап жылап жүр, ал біреуі ғана көңілді болып жүр.

Қарақшы: – Бұлар іштерін ұстап жылай береді, не болғанын түсіне алмай жатырмыз.

Маймылдар: – Қарақшылардың жеген тамақтарын жеп ішіміз ауырып жатыр.

Бірінші маймылдың сыдырмасын ашып ішінен «чипсы» шығады.

Екінші маймылдың жапсырмасын ашып еді «кириешки» шығады.

Үшінші маймылдың кнопкасын ашып, ішінен кола алады.

Ал төртінші маймылдың түймесін ашып, ішінен банан алады.

Тәрбиеші: – Ой, балалар маймылдар қарақшылардан қалған қалдықтарды жеп іштері ауырып жатыр екен. Мына тағамдардың қайсысы пайдалы, ал қайсысы зиян екенін атайықшы.

Тәрбиеші: – Қарақшылар, сендер айналаның бәріне қоқыс шашып, айналаны ластап жатырсыңдар. Ал ендеше айналаны қоқыстан тазартайық.

Қарақшы: – Ой сендер тазалық жайында айта бересіңдер, ал біздің билеп сергіп алғымыз келіп тұр.

Сергіту сәті: «Көңілді жануарлар»

Тәрбиеші: – Денемізді сергітіп алдық енді бәріміз қоқыстарды жинайық.

Балалар қоқыс жинап жүріп пішіндер тауып алады

 Тәрбиеші: – Балалар, қоқыс жинап жүріп біз не тауып алдық? Бұлардың пішіндері қандай? Ал бұл пішіндерден не құрастыруға болады?

Балалар пішіндерден «шырша», «үй», «күн», «көлік» құрастырады.

Қарақшы: – Балалар, сендер пішіндерден керемет нәрсе құрастыра алады екенсіңдер. Ал енді сендер осы пішіндер жайлы тақпақтар білесіңдер ме?

Көркем сөз: Құстарға ұя жасайық,

Үстіне қойып үшбұрыш.

Әдемі үйшік болады,

Астына қойсаң төртбұрыш.

Құс келсін десең ұяға,

Дөңгелек қой ортаға.

Маймылдар: – Рахмет сендерге балалар, сендер сондай ақылды екенсіңдер. Сондықтан біз сендерге бір құпияны ашайық. Сендер іздеп жүрген қазына ана үңгірдің ішінде.

Тәрбиеші: – Рахмет сендерге маймылдар. Балалар мына үңгірдің ішінен өтіп қазынаны алып шығайық.

Қазына ішінен хат шығады.

Тәрбиеші: – Балалар, хатта былай делінген: «Құрметті табиғат қамқоршылары, бұл пішіндер аралы. Бұл аралдағы қазынаны табу үшін көптеген тапсырмалардан өту керек болатын. Ал сендер бұл тапсырмалардың барлығынан өтсеңдер, демек сендер ақылды да тапқыр болғандарың. Енді қазына сендердікі. Сандықтың түбінде тек қазына ғана емес, ғажайып пішіндерде бар»

Тәрбиеші: – Қарақшылар, міне сендер іздеген қазынаны да таптық. Қазынаны алыңдар.

-Ал мынау хатта айтылған ғажайып пішіндер емеспа?

-Бұл пішіндердің көңіл – күйлері қандай екен?

-Дұрыс айтасыңдар, бұл пішіндер көңілді екен, ол пішіндер неге көңілді болып тұр? Қалай ойлайсыңдар?

-Ал сендердің көңіл-күйлерің қандай?

Қарақшылар: – Ой рақмет сендерге балалар, қазынаны табу үшін сендер де көп еңбек еттіңдер. Бұл қазынаны сендермен бөлісейік. Сендер сондай ақылды да зерек бала екенсіңдер.

Тәрбиеші: – Жарайсыңдар балалар, сендерге саяхатымыз ұнады ма? Қазынаны таптық енді тобымызға оралайық. Кәне көзімізді жұмайық.

(релаксациялық музыка әуенімен топқа қайта оралады)

 

III-Қорытынды бөлім

Тәрбиеші: – Балалар өте қызықты саяхат болды.

Д/о: «Кері байланыс»

Шарты: Тәрбиеші допты балаларға лақтыру арқылы сұрақ қояды. Балалар допты кері лақтырып сұраққа жауап береді.

  • Бізге көмек сұрап кім келді?
  • Ол қандай көмек сұрады?
  • Ол аралда какостар қандай екен?
  • Какостарды ашып біз қандай тапсырмалар орындадық?
  • Аралда бізден тағы кім көмек сұрады?

Балық – рыба – fish

  • Біз балыққа қандай көмек көрсеттік?
  • Одан кейін жылап отырған кімдерді кездестірдік?

Маймыл – обезьяна – monkey

  • Олардың іші неге ауырды?
  • Қоқыс тазалап жүріп біз не тауып алдық?

Пішін – фигура – figur

  • Пішіндерден не құрастырдық?

Тәрбиеші: – Жарайсыңдар! Мына көңілді пішіндерді сендерге «Пішіндер аралынан» естелік ретінде берейін.

Күтілетін нәтиже:

Сандарды тура және кері санауды, сандардың көршісін табуды, ұзын-қысқа, жуан жіңішке заттарды ажырата білді;

Пішіндерден түрлі заттарды жасауды меңгерді;

Логикалық есептерді шеше алды және санамақтарды айта алды.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

1 комментарий

  1. Эльмира:

    Өте қызық және тамаша ұйымдастырылған оқу жоспары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *