Мамандық таңдау – жүрек қалауы!
Мамандықты дұрыс таңдау – табысты өмірдің кілті екендігін қазіргі жаһандану заманында өмір сүріп отырған қоғам мүшелері мойындап келе жетқанына бірнеше онжылдық болғаны анық. Осы тұста, мамандық дегеніміздің өзі қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі.
Кез-келген саналы оқушы тұлғасын «Мен болашақта қандай мамандықты таңдасам екен?» немесе «Таңдаған мамандығыма қалай қол жеткіземін?» деген ойлар мазалайтыны анық. Мамандықты таңдау үшін адам, ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Өз – өзіне «Мен кіммін?», «Осы өмірдегі менің орным қандай?», «Қалай өмір сүремін?»- деген сұрақ қойып, соған жауап іздеуі оқушымен жүргізілетін ұйымдастырылған кешенді жұмыстардың нәтижелілігінің бір көрінісі. Мынау көп салалы өмірде мамандықтың түрі көп. Әрине таңдауды бір ғана бағдарға таңдау жасау оңай емес.
Қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңа мазмұн білімнің тұлғаға бағытталуын, олардың белгілі бір мамандықты игеруіне ықпал етуін қамтиды. Сондықтан шәкірттеріміздің өз қабілеттері мен мүмкіндіктеріне қарай жүрек қалауымен жақсы мамандық таңдау жолында бағдарлы білім алып, әрқайсысы дүниенің бір – бір кірпіші болып қалануын тілейміз. Кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізуіміздің басты мақсаты да осы. Болашаққа дайындықты бүгіннен бастауымыз қажет. Әбу Насыр Әл Фараби: «…. адам кез-келген жұмысқа жарамды бола бермейді. Жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса білгір және шебер болып шығады. Қандай әрекет, қандай іс істесек те, содан рахмет табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып табылады»- деген.
Жоғарыда айтылып өткен білім беру бағытын қарастырудың маңыздылығына қазіргі үздіксіз дамушы қоғам үшін қажеттілігі орасан зор болып отырған мамандық туралы айта кетуді жөн көріп отырмыз.
Экономиканың өзгеруі, технологияның дамуы, әлеуметтік және саяси қарама-қайшылықтардың өрши түсуі балаларға білім беру мен тәрбиелеу жағдайын өзгертуге қажеттілік туындады. Осыған байланысты Қазақстанның бірқатар жоғарғы оқу орындарында «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы енгізіліп, мамандар даярлай бастады. Мемлекетімізде аталған бағыт бойынша мамандарды даярлау балалар мен жастарды әлеуметтік қорғау жүйесінің қалыптасуымен қатар жүріп келеді.
Оқу орнымызда «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» маманын даярлау білім беру бағдарламасы бойынша бакалавр дайындаудың мақсаты – білім берудің ұлттық үлгісіне, нәтижеге бағытталған, жаңа формация маманын, еуропалық полимәдениетті, коммуникативті, технократты, педагогикалық іс-әрекет аясындағы міндеттерді қазіргі ғылыми және практикалық деңгейде жоғары кәсіби және шығармашылық қабілеттілікпен шеше алатын маман дайындау болып отыр.
Мамандық студенттеріне білім беруші Педагогика кафедрасында Венгрия, Эгер қаласындағы К.Эстерхази атындағы университет, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз Мемлекеттік Педагогикалық университеті, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеттерімен академиялық ұтқырлық жолға қойылған. Ал, тәрбие жұмысын ұйымдастыруды оңтайландыру мақсатында «Жалындаған әлеуметтік педагог» студенттермен жүргізілетін үйірме жұмысы өз іс-әрекетін табысты атқарып келеді. Сонымен қатар, студент контингентінің басым бөлігінің университет, факультет, кафедра тіпті республикалық және халықаралық іс-шараларда белсенділік танытып, жүлделі орындар мен дипломдарды иемденуі жоғары деңгейдегі құзыретті мамандардың дайындығы жүріп жатқандығының тағы бір дәлелі болып отыр. Білім беру бағдарламасының оқыту түрі:
- күндізгі – 4 жыл (қысқартылған оқу түрі – 3 жыл, жеделделген – 2 жыл);
- кешкі оқу түрі – 5 жыл.
Мамандықта оқуды тәмәмдаған бітірушінің академиялық дәрежесі:
- «6В01801 – Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану маманын даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша білім бакалавры.
Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау екенін ұмытпағанымыз жөн деп білеміз!
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718