Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әңгімелерінің идеялық-көркемдік сипаты.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әңгімелерінің идеялық-көркемдік сипаты.

Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел болуы- біздің жаңа тарихымыздың басы. Ендігі жерде біз өз тарихымызды бұрыңғыдай көп ұлтты мемлекеттің құрамында емес, дербес зерттеп, ұлтымыздың тарихтың ұзақ жолында ұтқаны мен ұтылғанын, жеткені мен жете алмаған тұстарын кең ашып, бүгінгі егемендікке келуіміздің заңды жолын көрсетуге тиіспіз. Жалпы ұлтпен, ұлт мәдениетімен бірге қайшылықты жолдан өткен біздің әдебиетіміздің тарихы да осындай талғаммен қайта қарауды керек етеді.

Соңғы жиырма жыл ішінде жазылған прозалық туындылардағы көркемдік үлгі-өнегелер өте күрделі. Ол қаламгерлердің ұлттың ауқымындағы шеберлік нақыштарымен ғана шектелмей, әлем әдебиетіндегі көркемдік үрдістерді қазақ топырағында жаңғырта, түлете білгендігімен көңіл аудартады. «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әңгімелерінің идеялық-көркемдік сипаты» атты дипломдық жұмыс қазіргі қазақ әңгімелеріндегі өзгеше өрнек пен өрелі ойдың мән-мазмұнын ашуға, бүгінгі заманның көкейкесті мәселелерінің қандай көркемдік шешім тапқанын анықтауға бағытталып отыр. Қазақ әдебиетінде Майлин, Әуезов, Аймауытов, Мүсірепов сынды қазақ жазушыларының үлкен ұрпағының жолын жалғастырушы қазіргі таңда көптеген әңгімелері баспа бетінен жарық көрген, ерекше талантымен, өзіндік жазу машығымен танылған қаламгерлер ішінде Б. Нұржекеұлы, Р. Отарбаев, және орта буын өкілдері –А.Алтай, Д.Рамазан Т. Шапай және жас қаламгерлер –Г. Шойбекова, А.Кемелбай, Р. Мұқанова, Ә. Қосбағарова, М. Омарова, Қ. Әбілқайыр, Қ, Мүбарак сынды қаламы қарымды, өзіндік ерекшелігімен дараланатын жазушылар шығармашылығы зерттеуге алынды. Бұл жазушылардың шығармалары жеке-жеке талданып, толық зерттелген жоқ. Сондай – ақ кейбір ғалымдардың еңбектерінде қысқаша сөз болғаны болмаса, қазіргі жазушының шығармашылығын арнайы талдаған еңбек жоққа тән. Осы дипломдық жұмысы барысында тақырыпты жан-жақты зерттеу, зерделеу талдау жүргізіледі.

ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың басындағы кезең шығармалары – Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихының жемістері. Әлем картасында өзіндік географиялық орны анық, шекаралары нық белгіленген ұлттық атауымен, мемлекеттік Елтаңбасымен, Туымен, Әнұранымен, төл валютасы – теңгесімен танылған, біршама әлемдік, халықаралық ұйымдардың мүшесі болған Қазақстан Республикасының рухани құндылықтарын қазіргі уақыт талабы рухында арнайы зерделеп бағалау – аса өзекті мәселе. Ал, ұлттық әдебиет шығармаларының әлем өркениетінде танылуы үшін оны талғам таразысына салып, бағалау, саралап-сараптау қазіргі болашақтың міндеті болып қала береді. Әдебиетінің қиын да, қызықты жанры әңгіме десек, ол жазушыдан үлкен шеберлікті талап етеді. «Шеберлік» дегеніміздің өзі – тар шеңберде алғанда, адам бейнесі, табиғат көрінісі, қимыл, іс — әрекет сияқты әдебиеттік түрлі образдар жасау үшін қажетті сөздерді талғап, ұқыптылықпен қолдана білу арқылы оқырманның жүрегіне жол табу. Қаламгерлердің шеберлігі сол, екі бетке жүк болатын оқиғаны екі ауыз сөзбен көз алдыңа алып келуімен ерекшеленеді. Тақырыптың өзектілігі де осы шеңберде болмақ, яғни тәуелсіздік алған жылдардан бері қарайғы қазіргі жазылып жүрген әңгімелердің тақырыптық жай-күйі, идеясы мен эстетикалық тұғыры, тақырыптық ерекшеліктері, көркемдік ізденістері. Жазушылардың шығармаларында ел өмірі, қоғамдағы адам болмысы, оның қоғамдық құрылымдағы орнын суреттеуі әрі қарызы, әрі парызы саналады. Көркем әдебиетте халықтың озық дәстүрінің ұлттық қасиетінің, мәдениетінің сипатталуы – қалың оқырман үшін рухани азық. Бұған көңіл бөліп отыру қаламгерлердің басты мұраты. Ширек ғасыр ішінде, тап осы мәселені зерттеген іргелі еңбектер өмірге келді. Дегенмен, тәуелсіздік әдебиетінде зерттеуді қажет ететін, өзіндік айтары бар ғылыми жүйеге объекті болатындай талантты жазушылардың осы жанрдағы шығармашылығы зерттеп, зерделейтін бірден бір тақырып.

Қазақ әдебиетінде көркем прозаны зерттеген ғалымдар мен қаламгерлер: М. Әуезов, Б. Кенжебаев, З. Қабдолов, Е. Ысмайылов, Т. Нұртазин, Р. Рүстембекова, С. Қирабаев, Т. Кәкішов, Р. Нұрғали, Ж. Дәдебаев, Б. Майтанов, Д. Ысқақұлы, А. Ысмақова т.б. еңбектері мен мақалаларында жекелеген жазушылардың повестері көркем тіл, композиция, сюжет, стильдік ерекшеліктер тұрғысынан талданып, идеялық, көркемдік табиғаты сөз болады.

Ал,тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрының көркемдік ізденістерін,тілдік дамуын айқындауда зерттеу еңбектерін, мақалалар, сын-пікірлерді қарастырып жүрген ғалымдардан Т.Тебегенов, Орда, Т. Әсемқұлов З. Бисенғали, Г. Пірәлиева т.б. атауға болады. Дегенмен, қазіргі жазушылардың шығармашылығын жеке-жеке талдап, толық зерттеген арнайы еңбек жоққа тән.

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *