Қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптары

Қазақтың музыкалық аспаптары өзіне тән үні, орындаушылық дәстүрі халқымыздың бітім-болмысы, тыныс-тіршілігі мен шежіре-тарихын айқындайтын бірегей мәдени мұрасы. Музыкалық аспаптар халықтың тұрмыс-тіршілігінен, салт-санасынан, әдет-ғұрпынан да хабар береді. Халқымыздың дәстүрлі музыкалық аспатарын саралағанда ең әуелі олардың дыбыстық ерекшелігі мен жасалу заты басты назарға алынады. Әрбір аспаптың дыбыстық ерекшелігі олардың белгілі бір ортадағы қызметі мен қолданысының өлшемі болса, жасалу заты сол аспап атауының айқындауышы болып саналады. Ұлттық музыкалық аспаптар туралы айтуды жалғастырып көрелік.

      Дауылпаз – қазақтың ұрып ойналатын көне саз аспабы. Ертеректе бұл аспап соғыс құралы ретінде айбар беріп, қыр көрсету үшін қолданған. Бертін келе дауылпазды аңшылық пен құсбегілікке де пайдаланатын болған. Оның жасалу әдісі күрделі. Дауылпаздың шапаты – өзегі алынған сырты жұмыр бітеу ағаштан ойып жасалған. Беті әбден иленіп, кеңкей шыңылтыр терімен қапталады. Жайға байлап немесе мойынға, иыққа іліп алып жүруге арналған аспалы бауы мен ұрып ойнайтын шағын таяқшасы болады. Дауылпаздың шанағының сыртын мүйізбен, түрлі тастармен, ою-өрнекпен безендіріп, сәндел жасайды. Қазір дауылпаздың екі түрі белгілі: Оның бірі – этнографиялық сипаттамасы бойынша қалпына келтірілген түрі болса, екіншісі – үлкен оркестрлер үшін жетілдіріп жасалған үлгісі.

Сылдырмақ – сақпан, асатаяқ, тоқылдақ, қоңырау сынды сілкімелі аспаптардың қатарына жататын қазақ халқының көне музыкалық аспабы. Шулы-сілкемелі сылдырмақ аспабы тұтасымен қола, мыс, жез секілді металлдар мен шырша, емен, үйеңкі сияқты ағаштардан жасалады. Үн-үйлесіміне байланысты «күлдіреуікті», «сәлпеншекті» деген түрлері бар. Сыртқы келбеті ұстауға ыңғайлы әрі жеңіл болады. Қазақ халқы ерте заманда көшпенді болғандықтан, аспап күнделікті тұрмыста қажетке жарап, шаруашылыққа қажет бұйым ретінде кеңінен пайдаланған. Кейін сылдырмақ ауылдың алты ауызы айтылған кезде, әуен ырғағын ұстап тұрып, бірте-бірте музыкалық аспаптардың қатарынан орын алды. Сылдырмақ салтанатты діни-ғұрыптық рәсімдерде қобыз, даңғара, дауылпаз, керней сияқты аспаптармен қатар қолданылған. Ал шеберлер болса, аспап сыртқы жағын алтын я күміспен қаптаған.

         Жетіген — жасалуы да, ойналу әдіс-тәсілі де өте күрделі аспап. Ертеректе ел арасында сақталған көне жетігеннің ішегі аттың қылынан тағылып, тиектің орнына асықтар пайдаланылатын болған. Аспаптың құлақ күйі осы асықтарды әрлі-берлі жылжыту арқылы келтірілген. Ішек сандары жетеу болғандықтан, аспап Жетіген аталған. Жетігеннің пайда болуы туралы мұңды аңыз бар. Ерте-ертеде алыс ауылда бір қарт өмір сүріпті. Оның жеті ұлы болыпты. Бір жылы қатты қыста жұт болып, адамдар ішер асқа зар болды, қарттың үйін де қайғы жайлады. Оның ұлдарының бірінен соң бірін ажал жалмады. Үлкен ұлы өлгенде, қасіреттің қара шекпенін жамылған қарт қураған ағаштың бір бөлігін кесіп әкеліп, оған ішек тағып, тиек орнатып, «Қарағым» дейтін күйін шығарады, екінші ұлы өлгенде кәрі әке екінші ішекті тағып, «Қанат сынар» күйін тартады. Қарт әрбір баласына күй арнаған сайын аспапқа бір-бір ішектен қосып отырған. Барлық жеті күй қазір «Жетігеннің жетеуі» немесе «Жетігеннің жеті күйі» деген атпен мәлім.

Шертер – бұл үш ішекті шертпелі көне қазақ музыка аспабы. Оны домбырада ойнағандай шертеді, ал сыртынан қарағанда қобызды еске түсіреді. Бұл аспап домбыраға ұқсағанмен, көлемі жағынан одан әжептәуір кіші боп келеді. Аспапты тұтас ағаш бөлігінен жасайды, терімен қаптайды. Шертермен күйлер, аңыздар мен ертегілер орындалады. Ол ерте орта ғасырдан бастап белгілі болған. Көбіне бақташылар арасында кеңінен танылған. Қазақтың көне шертпелі музыкалық аспаптарының бірі болғандықтан аспап “шертер” деп аталған. Көне Отырар қаласын қазу кезінде табылған шертерді Болат Сарыбаев қалпына келтірген.

         Желбуаз — бұл қазақтың волынкасы. Аузын бекітіп тұратын темір тығыны бар теріден жасалған үлкен мес, қамыстан жасалған түтікшелері бар. Бұл аспаппен қарапайым халық әуендері ойналады. Аспаптың дыбыс шығару диапазоны кең емес. Желбуазды ескінің емшілері өздерінің салт-дәстүрлерін атқару кезінде пайдаланған. Желбуазға ұқсайтын үрлемелі аспаптарды Еуропа мен Азия елдері халықтарының мәдениетінен кездестіруге болады. Аспапта шағын, жеңіл халық музыкасы орындалады. Ең алғаш болып желбуаз аспабын Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазы» ұлттық аспаптар оркестрінде қолданды.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *