Жазықтыққа белгі салу. Белгі сызықтарын керндеу

Сызба бойынша мөлшерін сақтай отырып, жазық дайындама немесе металл бетіне детальдың формаларын түсіру белгі салу операциясы деп аталады.

Белгі салу дәлдікті қажет ететін жауапты операция болып табылады. Өйткені белгінің мөлшері сақталып, дәл айқын салынса, керекті детальда сапалы, жақсы шығады. Белгі салу жұмысы қағазға қарындашпен сызғандай орындалады, бірақ бұл жерде металл дайындама мен үшкір металл таяқшалар – яғни чертилкалар қолданылады. Сонымен бірге: үшкір металл таяқшалар (чертилкалар: сымнан жасалған чертилкалар, үшкір қайралған чертилкалар, бір басы иіліп жасалған екі ұшты чертилкалар, стрелка-сызғыш), сызғыштар, бұрыш өлшеуіштер, белгі салғыш циркульдер, кернерлер, орталық нүктені табу аспаптары, т.б. жатады.

Чертилкалар У7, У8 маркалы көміртекті болаттан жасалады. Чертилка өткір ұшталған болуға тиіс. Ол белгі салудың дәлдігі жоғары болу үшін қажет. Тік бұрыш жасап рискалар салу үшін бұрыш өлшеуіштер қолданылады.

Белгі салу циркульдері шеңбер, доға сызу үшін, кесінділерді бөліктерге бөлу үшін, т.б. қолданылады. Белгі салу үшін дәлдігі 0,05 мм штангенциркульдер көп қолданылады.

       Кернерлер олардың үстіне шағын сызаттар – керндер түсіру жолымен белгі сызықтарын бекіту қызметін атқарады. Кернер түрлері: кәдімгі, механикалық және электрлік кернерлер. Құрылысы: жұмыстық, орта және соққы бөліктерден тұрады. У7, У8 маркалы болаттан жасалады.

Белгі салуға дайындық:

  1. Сызбаны оқу, белгі салуды жоспарлау.
  2. Дайындама металды тексеру: 1-сыртын қарау, 2- тықылдату жолымен
  3. Тазалау (қақтан, таттан, былғаныш- батпақтан) жұмысы
  4. Дайындаманы бояу ( белгі сызық айқын көріну үшін), жақсы көрінсе боямаймыз.

Дайындама бетіне белгі сызықтары салынатын бет- түпнегіз, яғни база болады. Егер дайындама түгел өңделмеген болса, база ретінде қабылданатын бет тегістеледі.

         Белгі салу процесі: түзу сызық жүргізгенде чертилканы сызғыштың бойымен, оған қыса ұстап жылжыту керек. Белгі салуды жүргізген кезде аспаптың алғашқы қалпы өзгермеуі керек. Белгіні бір-ақ рет жүргізуге рұқсат етіледі. Қайталап жүргізу дайындама бетіне бірнеше сызық түсіріп, шатастырады. Белгі сызық бойына өлшемдер салғанда сырғымас үшін ең алғашқы нүкте орнына кішірек керн жасап қойған жөн. Қиылысқан нүктелерді керндеп қою керек. Егер белгі дұрыс салынбаса, дайындама боялып, белгі салу қайта жасалады.

Көп сериялы өндірісте белгі салу процесін жылдамдату үшін үлгі қолданылады. Мұндай жағдайда тек қана бір үлгіні белгілеп жасап, одан кейін үлгінің профилі бұйымға түсіріліп жасала береді. Үлгіні қолданғанда оның өңдеуге жеткілікті артық шеті болуын ұмытпау керек.

Белгі салу – жауапты операция, оған өте ұқыпты қарау керек. Егер белгі салған кезде қате кетсе барлық жұмыс жарамсыз боп қалады. Белгі дұрыс болмаса материал бүлінеді, белгі салуға, өңдеуге бос уақыт кетеді. Белгі салудың жарамсыз болу себептері: слесарьдың кінәсінен немесе чертеждің дұрыс болмауынан; белгі салу аспаптарының жұмысқа жарамсыз болуынан; өлшеу аспаптарының өлшемдерді дұрыс көрсетпеуінен; негізгі белгі сызықтың қисықтығынан; база етіп алынған беттің дұрыс өңделмеуінен; т,б. болады.

Белгі салушының кінәсінен болатын жарамсыздық себептері: чертеж – сызбаны дұрыс түсініп оқи білмеу; базаны дұрыс таңдап алмағандықтан; өлшемдерді дұрыс және дәл саламағандықтан; белгі салу ережелерін сақтамай, жұмысқа ұқыпсыз қарағандықтан болады.

Белгі салуды сапалы орындау үшін, ең алдымен чертежбен жақсылап танысу керек. Белгі салар алдында белгі салатын аспаптарды тексеріп, чертилкаларды өткір етіп ұштап, белгі салу ережелерін бұлжытпай орындау керек.

 

Қауіпсіздік техникасы.

Белгі салу процесі кезінде қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтау керек. Чертилкамен жұмыс істеген кезде  олардың өткір ұштарымен өзіңді, айналаңдағы адамдарды жаралап алмайтындай сақтықпен жұмыс істеу керек. Жұмыс істеп болғаннан кейін чертилкаларға қорғаныш қалпақшаларын кигізіп қою қажет.

Детальдарды тақтаның, верстактың үстіне қойғанда абайлап қою керек, детальдың орнықты жатуын тесеру қажет, орнықсыз қойылып  құлап жатса бір жерді зақымдауы мүмкін.

Электрлік кернермен жұмыс істегенде электр қауіпсіздігі ережелерін естен шығармаған жөн. Оның электр жүретін бөліктерінің изоляциясын тексеріп қою керкек, онсыз олардың бір жері жалаңаштанған болса, дайындамаға да ток өтіп жұмыс істеп тұрған жұмысшыны ток соғуы мүмкін.

Жұмыс орнын таза ұстаудың мәні зор. Белгі салатын тақтаның үстінде артық зат болмауы керек. Белгі салуға керекті материалдар мен құралдар: сол қолмен ұсталатындар сол жақта, оң қолмен ұсталатындар оң жақта орналасқаны жөн. Жиі қолданылатын аспаптар слесарьдың қолына жақын орналастырылады. Чертежді арнаулы жасалған тіреуішке бекітіп орналастыру қажет. Ұшы бар чертикалар, циркульдер сияқты құралдарды қалтаға салуға болмайды.

 

 

 

 

Металдарды шапқымен кесу

Металдарды бөлікке бөлу үшін немесе олардың артық қабаттарын шауып тастау үшін қолданатын операция  шапқымен кесу деп аталады. Шапқымен кесу кезінде қашау және крейцмейсель аспаптары кесу үшін, ал оны ұру үшін балға қолданылады. Шапқымен кесу кезінде кесу аспабы металдарды бөлікке бөледі немесе жоңқалайды.

       Шапқы – көлденең қималы сопақша стержень. Шапқының кесетін, соғатын және ұстайтын орта бөлігі болады. Кесетін бөлігі сына тәрізді болады, оны егеп қайрағаннан кейін кесетін жүзі немесе жиегі пайда болады. Стандартталған өлшемді №- 5, 10, 15,  20, 25мм. Шапқының негізгі өлшеміне кесетін бөлігінің жалпақтығы жатады. Соққан кезде кесетін материалға сынаша кіріп, бөліктерге бөледі. Құралдың артқы қырымен өңделген бұрыш – кесу бұрышы болады. Сыналап кескен кезде оның жүзі мен алдыңғы жаны металл қабатын итеріп шығарады, яғни қысым күші материалдың бөліктерін ығыстырып шығарады. Соның нәтижесінде жоңқаның элементтері пайда болады. Жоңқалар: біртұтас, жарылған және опырылған болып бөлінеді.

          Біртұтас жоңқа созылғыш металдарды (жұмсақ болат, мыс, алюминий) өңдегеенде пайда болып, оның түрі үздіксіз бұралған спираль лента сияқты болады.

         Жарылған жоңқа қатты металдарды (болат) жонғанда пайда болатын, өзара осал біріккен кедір-бұдыр элеметтерден тұрады.

         Опырылған жоңқа әртүрлі қабыршақ формалы бір-бірімен байланыспайтын элементтерден тұрады, ол морт сынғыш металдарды (шойын, қола) кескенде пайда болады.

         Шапқының соғатын бөлігі болып  –   сабының жоғары қарай жіңішкере беретін төбесі домалақтанған біткен тұсы саналады.  Шапқыны У7, У8  маркалы болаттардан жасайды.

         Крейцмейсель – бұл жіңішке шапқы, ол детальдарға ойық, жырашық қашап жасау үшін қолданылады. Оның жүзінің жалпақтығы стандарт бойынша: 2, 5, 8, 10, 12, 15мм болады.

         Слесарьлық балғалар – екі типпен дайындалады: А және Б типті.

А типтісі – дөңгелек табанды            және Б типтісі – квадрат табанды

 

 

Балғаның негізгі сипаттамасы – оның салмағы болып саналады. 50-100гр балғалар –  белгі салу үшін,  400-500гр балғалар – шапқымен металл кесуге,  600-1000  гр балғалар – жөндеу жұмыстарында пайдаланылады. Балғалар У7, У8, 40Х, 50Х маркалы болаттардан жасалады. Олардың соққылайтын басы мен  жүзі шыңдалады және қажет болған кезде қайралады. Стандарт бойынша балғаның саптары құрғақ, қатты ағаштар: шетеннен, қызыл талдан, үйеңкіден, ақ қайыңнан жасалады. Олардың сырты жақсы өңделіп, кендір майымен майланған болуы керек. Сап қолдан шыға бермес үшін, кейінгі ұшына қарай жуандау болып жасалады. Балға саптарының ұзындығы:

Жеңіл балғалар (400гр)                 –                      200мм, 250мм, 300мм                                  Орташа балғалар (500-600гр)       –                     320мм, 350мм                                                     Ауыр балғалар (800-1000гр)         –                    360мм, 400мм, 500мм болуы керек.

Металды бөліктерге бөлу, металдан дайындама кесіп алу үшін металды төстің, верстактың,  рельстің үстіне салып кеседі. Металды кесу үшін слесарь сол аяқты алға қарай жылжытып, оң аяқ артта, екі  табанның арасындағы бұрыш  700 шамасында болуы керек. Кесу аспабын сол қолмен орта бөлігінен онша қыспай ұстау керек. Оның соғатын бөлігі қолдан 15-25мм-дей шығып тұруы керек. Балғаны оң қолмен, оның сбаының ұшынан 15-30 мм жерден ұстау қажет.

Шапқымен металл кескенде  балға ұстаудың екі тәсілі бар:                                                           1. Балғаның сабын төрт саусақпен алақанға қысып бас бармақ сұқ саусақтың үстіне қойылады.  Қолмен осылай ұстаған кезде балға сермеліп соғылады.

  1. 2. Балғаның сабын төрт саусақпен алақанға қысып бас бармақ сұқ саусақтың үстіне қойылады.  Жоғары көтерген сайын үш саусақ аздап ашылады да, балға сабы тек үлкен және сұқ саусақтармен ұсталады. Балға төмен сермелген кезде барлық саусақтар қайта қысылады. Бұл тәсілде соққы қаттылау болады.

 Балғаны сермеудің (соғудың) үш әдісі бар: қолдың басын қозғалту арқылы соғу, шынтақ қимылымен соғу, иық буынының қимылымен соғу. Соғу үшін: балғаның салмағына, балға сабының ұзындығына, оның соғу дәрежесіне, жұмысшының күш қуатына байланысты екенін есте сақтаңыз. Металл кескен кезде дәл соғуға тырысу керек, балға табаны шапқы басының дөңес бөлігіне дәл тию керек. Тез шаршамау үшін балға соғу бір қалыппен жүргізілгені дұрыс. Жоңқа түсер кездегі ақырғы соққы қатты болмау керек. Металдың өңделген беті таза және біркелкі болуы үшін шапқының кесетін бөлігін тазалап отыру керек. Шапқылағанда детальдың өлшемдерін бақылау үшін: сызғыш, кронциркуль сияқты өлшеуіш аспаптар қолданылады.

Металл кесу жұмыстарында жарамсыз болудың түрлері: өлшемдердің сәйкес келмеуі, өңделген беттің тегіс болмауы, деталь шетінің сынуы, өлшемге дұрыс көңіл қоймау салдары, жүзі кеткен аспаппен жұмыс істегенде оны дайындама бетіне дәл қоймағандықтан.

Қауіпсіздік ережелері

Шапқымен металл кескенде қауіпсіздік техникасының ережелерін қатаң сақтау керек. Кескіш аспаптар, балғалар, балға саптары ешбір сызат жарықсыз, ойылып сынған жерлері болмау керек. Балғаның басы сапқа мықты отырғызылуы керек. Металл кесу процесінде шапқының  ұратын бөлігін емес, жүзін қайта- қайта қарап қою керек. Металды кесіп болар кезде соққының күшін азайту керек, әйтпесе оның шеті ұшып, шапқы қолдан шығып кетіп басқа адамға тиюі мүмкін. Сынғыш металдарды өңдегенде қорғаныш көзілдірігін киген дұрыс. Жұмыс орнында тәртіп болу керек. Аспаптар қысықштың екі жағына: шапқы, крейцмейсель сол жақта; балға оң жақта, кескіштердің жүзі слесарьға қарап орналасқаны жөн.Тексеру- өлшеу аспаптары  верстактың жоғарғы шеткі бұрышында, маманға қарсы бетте жатуы  керек. Жұмыс аяқталған соң верстак үстін щеткамен шаңдатпай, баяулап сыпыру арқылы тазалау  керек.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *