Мағжан Жұмабаев – ағартушы, әрі жантанушы
Мағжан Жұмабаев – ағартушы, әрі жантанушы
Нурашева Эльмира Нурашкызы, педагогика-психология пәндері оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі
ШҚО, Семей қаласы, «М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі» КМҚК
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2030» Жолдауында: «Оқушыларды қазақстандық патриотизм мен шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу аса қажет, бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тәкәппарлық, тектілік, білімділік, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыру керек» – деген болатын [1]. Елбасымыздың осы міндеттерін жүзеге асыраушылар – біздер, яғни балабақша тәрбиешісінен бастап жоғары оқу орнының оқытушылары. Олай болса, жастардың қоғамда өз орындарын дұрыс табуы, Мағжан Жұмабаев айтқандай мен сияқты оқытушылардың міндеті деп білеміз.
Мағжан Жұмабаевтың сонау әбігер заманда айтқан тәрбиелік, танымдық ойларының қазіргі уақытқа дейін мәнін жоймауы, өзектілігінің тіптен арта түсуі кім-кімдіні болса таң қалдырары сөзсіз. Әрине, ұрпақ тәрбиесі қоғамдық құбылыс десек те, Мағжанның болашақты болжай білудегі көрегендігі, мәселен «Баланы заманына лайық ете отырып, оқытып, тәрбиелеу керек» – деген тұжырымдары бүгінгі күн үшін айтылғандай.
Баланы заманына лайық етіп дамыту үшін, әр мұғалім-тәрбиешінің, ата-ананың басты парызы оның жан дүниесін психикасын тану, даму заңдылықтарын жақсы білу керек деді. Бұл орайда баланың бүкіл өсу процесін ыждағаттылықпен зерттеп, жүйке жүйесін, оның дамуын, баланың сезім мүшелерінің атқаратын қызметі мен алатын орнын жеткілікті талдаған. Сол себепті де, өзінің педагогикалық еңбегінің бір бөлігін психологияға арнауы, яғни ұлттың болашағын сақтайтын жаңа адамды қалыптастыру заңдылықтарында: бағыт-бағдары, қабілет, қажеттілік, дүниетанымын қалыптастыруда психологиялық принциптерге сүйену керектігін, баланы ғылыми тұрғыдан сауатты бақылауды ұсынды.
«Психология – адам жанының жайын, жан тұрмысын, жан күштерін, жан көріністерін, ақыл-қайрат, көңілдің жайын баяндайтын кітап» – деп анықтама бере отырып, адам жанының, психология әлемінің құпия сырларын даму диалектикасын ғылыми тұрғыдан пайымдауы, қазіргі мамандарға берген кеңестері мен тұмырымдамалары Мағжанның ғалым-ағартушы қырынан да көрсетеді. Сонымен қатар, оның психологиялық процесс заңдылықтарын өзекті педагогикалық мәселелерді шешудегі маңызына мән бергендігімен ерекшеленеді. Ол психология, педагогиканың маңызын тереңінен түсінген ғалымдар пікіріне сүйенеді. Мысалы, К.Д.Ушинскийдің «Адамды жан-жақты тәрбиелеу үшін, оны жан-жақты зерттеу қажет» деген тұжырымын басшылыққа алып, Мағжан қазақ баласының табиғатын жете зерттеген. Сонымен қатар, психология ғылымының негізін қалаушы грек данышпандары Платон, Сократ, Аристотельдердің ой-пікір, көзқарастарымен таныс болғандығын еңбектерінен байқауға болады [2].
Мағжан педагогика мен психологияны біріктіріп байланыста ұстаған тұңғыш ғалым. Ұлттық санамызға, болмысымызға жақындатып бала тәрбиесінде оның даму заңдылықтарын білу, ұлттық психология ерекшеліктерін есепке алған. Оны жан қуаттары жайлы пікірлерінде дала өмірі мен қазақ зиялыларының туындыларын, ұлттық психологияның элементтерін шеберлікпен пайдалана білді. Мәселен, сыртқы сезімдерді көру, есту, иіскеу, тату, сипау, ет сезімі деп алты бөлікпен анықтап алып, оларды дұрыс жетілдіруді назардан тыс қалдырмады. Мағжанның пікірінше, «Бұл сезімдер сау һәм берік болуына, екінші бұл сезімдердің өткір, терең, дұрыс болуына ыждаһат қылу керек. Бұлардың біреулері жақсы, біреулері нашар тәрбие қылынса, жан тұрмысы да тегіс, бүтін болмақ емес». Әр сезімді психологиялық тұрғыдан қарастыра келіп, олардың әрқайсысына өзінше анықтама беріп, бұларды тәрбиелеуде ұлттық дәстүрлерге сүйену қажеттілігін айтады. Ал есту сезімін дамыту үшін сәби жарық дүниеге келген күннен бастап оның есту сезімін дамытуда түрлі дыбыстардың дыбысталу ерекшеліктеріне көңіл бөліп, әсіресе бесік жырының тәрбиелік мәніне ерекше тоқталады. Жұмабаевтың адамның зейінін тәрбиелеу жөніндегі ой-пікірі де қазіргі кезде де маңызды. Ол оқушылардың зейін дамуы үшін әсердің күшті, жеке, жаңа болуын, жаңа алынған білім мен ескі білімнің байланысуын және оның болашақ әсерге даярлану есебінде болуын талап ете отырып, оқу жүйесінің сабақтастығына мұқият көңіл аударды. Адам зейінін ерікті, еріксіз, табанды, табансыз ішкі, сыртқы деп жіктейді. Бала абайының ерекшелігі мен жасына, тәрбиелеу жолдарына айрықша мән береді. Адам өміріндегі естің алатын орнын көрсете келіп, оны есту, көру, қозғалу есі деп жеке-жеке қарастырады. Естің адам жасына байланысты өзгеріске ұшырайтындығын айта келіп, баланың есін дамыту жолдарын анықтайды. Жұмабаев қиялды еріксіз және ерікті деп екіге бөледі. Баланың қиял табиғатына көңіл қоя отырып, оны дамытудағы ертегі, бала ойындары мен ойыншықтардың рөлін де қарастыра келе, «Жаратылыстың құшағында, меруерт себілген көк шатырдың астында, хош иісті жасыл кілем үстінде, күнмен бірге күліп, түнмен бірге түнеп, желмен бірге жүгіріп, алдындағы малымен бірге өріп, сары сайран далада тұрып өсетін қазақ баласының қиялы жүйрік, өткір, терең болуға тиісті» – деп жазған ойын, біздер бір жағынан талап, екінші жағынан міндет ретінде қабылдаймыз [5].
Ойлау формалары: ұғым, пікір, ой қорытындысы мен ішкі сөйлеу мәселелері де таратыла талданған. Сөйлеу туралы, яғни тілдің жеке адам өміріндегі маңызы жайлы айта келіп, оның ұлттық мәнін де жеткізе білген. «Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Бұл ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе құйындай екпінді қайраты, біресе желсіз түндей тымық, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын мінездері көрініп тұр»,- деп жазады Мағжан.
Ал бала темпераментіне байланысты ғылыми ұғымдарды, баланың жалпы жаратылысы, табиғаты туралы түсініктерді қазақ ұғымына түсінікті мысалдармен, жатық тілмен баяндап, жеткізеді [3].
Жоғарыда сөз болған Мағжанның психологиялық көзқарастары, оның ұстаздық қызметі, әсіресе, 1922-1926 жылдар аралығында ерекше орын алады. Яғни, пeдaгoгикa caлacындa көп eңбeктeнгeн жылдapы бoлып caнaлaды. Ocы жылдapы «Бacтaуыш мeктeптe aнa тілі» (Тaшкeнт, 1923), «Бacтaуыш мeктeптe aнa тілін oқыту жoлы» (Mәскеу, 1925), «Пeдaгoгикa», «Жaзылaшaқ oқу құpaлдapы һәм мeктeбіміз», «Бaлa тәpбиeлeу жoлдapы» (Тaшкeнт, Opынбop, 1922-1923), «Caуaтты бoл» (Mәcкeу, 1926), «Қызыл әскер әліппесі» т.б., oқу-әдіcтeмeлік eңбeктepін жaзды. Ол өзінің 1922 жылы жазған «Пeдaгoгикa» oқулығындың кіріспесінде: «Бұл оқулық бұдан бұрын, мұғалімдер дайындау курсында оқылған дәрістердің негізінде жазылды. Алдыма әртүрлі оқымыстылардың кітаптарын жәйіп қойып көшірген емеспін. Қазақ баласы үшін, қазақ қанына жақындастырып жаздым. Кінә кеш шығып отырғаны менен емес, бүлінген замандікі…» деп сол кездегі қиын жағдайды меңзейді [4]. Бірақ оқулықтың аты «Педагогика» деп аталғанмен, оның бүкіл мазмұны психология ғылымының мәселелеріне арналған. 15 тарау 106 беттен тұратын «Педагогика» оқулығының төрт тарауы ғана педагогика мәселелеріне, ал он бір тарауы психологиялық құбылыстарға, оның ішінде таным процестеріне: ес, зейін, қиял, тіл мен сөйлеу, сезім, көңіл-күй, ерік-жігерге арналады. Бұл еңбекте қазақ терминологиясының мәселелері де қатар қарастырылған. Оқулықта Мағжан Жұмабаев алғаш рет психологиялық терминдердің қазақша баламаларын жасауға тырысқан, мысалға, түйсінуді – әсерлену, зейінді – абай, есті – зейін, мұңды – бос қиял, тері түйсігі – ет сезімі және т.б. [2]. Бұл баламалардың атауы қазіргі психологиядағы ұғымдарға сәйкес келмесе де, мазмұндары жақын.
«Педагогика» оқулығындағы әр тарау тікелей халықтық педагогика мен ұлттық психологияның негізінде қарастырылған. Себебі, онда халықтың мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, бала тәрбиелеу тәсілдері ерекше ұлттық бояумен баяндалған [4]. Оқулықтың ғылымилығы сол, Мағжанның ұлттық пeдaгoгикaны пcиxoлoгиямeн бaйлaныcтыpa oқытудың тәcілдepін қapacтыpып, бaлa тәpбиeлeудің жәнe oлapмeн қapым-қaтынac жacaудың жoлдapын ғылыми тұpғыдaн негіздеуінде.
Ал психологиялық ғылыми қағидаларды зерттей келе, оны қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық психологиясына жақындата қарастыруы, оның этнопедагогикаға, этнопсихологияға қосқан ерекше тағы бір жаңалығы деп білеміз.
Алаш» партиясының ішінде болып, кейіннен Құрылтай сайлауында Ақмола облыстық қазақ комитетіне сайланған Мағжан, оқу-ағарту мәселесімен де тікелей айналыса отырып, қаншама құнды еңбектерді дүниеге әкеліп, келер ұрпаққа баға жетпес тағылымдарын мәңгілікке тастап кетті.
Сондықтан оқу мен тәрбие саласындағы кез-келген маман оның еңбектерімен таныс болуға және оны дәріптеуге міндеттіміз деп ойлаймын.
Психология ежелгі ғылымдар қатарында болғанымен де, біздің елімізде енді-енді өркендеп келе жатыр десек те, ақын, әрі ұстаз Мағжанның қазақ ортасында психологиялық мәселелерді алғашқылардың бірі болып қарастыруы, мен үшін зор мақтаныш!
Пайдаланған әдебиеттер:
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан -2030» жолдауы.
- Сабирова Ж.Н. Мағжан Жұмабаевтың психологиялық көзқарастары. – Атырау, 2008.
- Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Рауан, 1992.
- Омбы мұрағатының құжаттары. – 319 қор. – 96 іс. -2 тізім
- Жарықбаев қ.Б. Жантану негідері. – Алматы: Кітап, 2002.