Рухани жанғыру-өскелең ұрпақтың- дара жолы

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫҢ-ДАРА ЖОЛЫ!

Б. Майлин атындағы №3 жалпы орта білім беретін мектебі
Биология пәні мұғалімі
Балтабаева Индира Қызбелбайқызы
Қазақстан
Арқалық қаласы
baltabaeva.indira.1995@mail

Көшбасшымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халықтан қызу қолдау тапқан кешегі тұғырнамасын ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміздің жаңа бастауы деп бағалауымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Онда ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі. [1, 7 б]
Мемлекет басшысы аталмыш жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталады: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды».
Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр.
Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға көңіл бөлуі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс.
Н.Ә.Назарбаев бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытына жеке-жеке тоқталады. «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, Президент жаңғырудың алты бағытын белгілейді:
1. Бәсекеге қабілеттілік;
2. Прагматизм;
3. Ұлттық бірегейлікті сақтау;
4. Білімнің салтанат құруы;
5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;
6. Сананың ашықтығы.
Аталмыш бағыттардың бәрі барынша өзектендірілген және уақыттың талаптарына нақты жауап береді. «Мәңгілік ел» болуымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», – деп ашып көрсетеді. Бәсекеге қабілеттілік саясат пен экономикада, білім, ғылымда, технологияда, яғни барлық салада болуы тиіс.
Латын әліпбиіне көшу– Мәңгілік Елдің рухани жаңғыруының басы болса, «Туған жер» бағдарламасы жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұра алатын отаншылдық тәрбиенің, ұлтжандылықтың кепілі болмақ. [2, 2-3 б]
Сондай-ақ,«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жалпы ұлттық қасиетті орындарды және аса қастерлі жерлерді сақтауға, әрі елдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру Қазақстанды өз шығармашылығы арқылы дүние жүзіне танытатын көптеген таланттарға жол ашады. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жалпы ұлттық сипатқа ие рухани жәдігерлерді топтастырады. Жобаның 3 негізгі бағыты бар:
Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін құру және еліміздің әрбір азаматына ұлттық бірегейліктің осы негізі бойынша сапалы білім дарыту;
Жобаны жүйелі ұлттық ақпараттық сүйемелдеу;
Қазақстанның мәдени-географиялық белдеуіне сүйене отырып, ішкі және сыртқы мәдени туризмді дамыту.
Киелі жерлердің белдеуін жүзеге асыру үшін жоба аясындағы нысандардың нақты санын анықтау қажет. Ол тым көп болмауы тиіс, алайда тарихи ескерткіштердің негізгі кешенін қамтуы қажет, соның ішінде келесілерге назар аударған жөн:
• Әлемдік өркениеттің қазынасы – Алтай және жалпы Шығыс Қазақстан аумағы. Бұл өңір әлемдік тарихи мұра бола отырып, тек қана түрік тайпаларының ғана емес, үндіеуропалық және арий халықтарының арғы отаны болып табылады;
• Түркістан – Қазақстанның тарихи жетістігі, сонымен қоса Ұлы Жібек жолындағы Тараз, Шымкент, сондай-ақ Алматы облысындағы қалаларға, Сырдария маңындағы өңірге назар аударған жөн;
• Көлік желісінен жырақта орналасқан Орталық Қазақстандағы Ұлытау Қазақ мәдениетінің қасиетті орталығы; Ұлытау сияқты Маңғыстаудағы Үстірттіде Қазақстан аумағындағы барлық қасиетті пантеондармен(елдің құрметті азаматтары: ақын, жазушылар, халық қаһармандары, батырлар, жыршы- термешілер т.б) байланыстыру керек. Осы өңірлердегі туристік инфрақұрылымның дамуына ерекше назар аудара отырып, жобаны жүзеге асыру үшін әкімдіктермен тұрақты негізде күнделікті жұмыс жүргізген жөн. Сонымен қатар, қоғамдағы жаһандық ақпараттану үрдісінің сипатын ескере отырып, отандық мәдениеттің әлемдік қауымдастықпен коммуникациялық байланыс орнатып, жаһандық деңгейде өз жетістіктерін көрсете алу мүмкіндіктеріне ие болуына баса назар аударуымыз керек. Бұл орайда жаһандық брендтердің бірі туризмді дамыту арқылы өз мәдениетін ілгерілету болып табылады. Осы ретте Қазақстанның туристік әлеуетін аша алатын, зор резервтер мен мүмкіндіктерге ие тарихи мәдени ландшафтыны ескеру қажет. Шетелдік туристерді тарту мақсатында мәдени-туристік инфрақұрылымды қалыптастыру мен жаңғырту жұмысын белсенді жүргізген жөн. Соның ішінде Алтайға, Үстірт пен Түркістанға және т.б. жерлерге тарихи-эзотерикалық туризм жасау зор қызығушылық тудыруы мүмкін. Өз тарихымыз бен мәдениетімізге, қоғамда құрметпен қарау сезімін қалыптастыру үшін тек элитарлық мәдениеттің өкілдерін ғана емес, бұл іске барлық қауымдастықтарды, халықты тартып, кең көлемде насихат жасаумыз керек. Қазірден бастап Қазақстанның қасиетті нысандары картасын пайдалануды жас ұрпаққа оқу үрдісінде таныстырып, еліміздің киелі жерлері жөнінде бағыт-бағдар бергеніміз дұрыс.Одан басқа, жобаны кеңінен зерттеу мен ілгерілету бойынша шаралар жоспарын қабылдаған маңызды. Мәселен, «Discovery», National Geographic» каналдарымен бірге Қазақстан туралы ғылыми танымдық фильмдердің топтамасын жасау ұсынылады. [3, 2 б]
Бағдарламаның келесі деңгейіне көшудің негізгі шарты – пантеон реестрін жасауда ортақ келісімге келу болмақ.«Қазақстандағы 100 жаңа есім»жобасы бүгінгі замандастарымыздың түрлі салалардағы жетістіктерін дәріптеуді қамтамасыз етеді және жастарды адамгершілікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі болады. Негізінен бұл – 20 және 50 жас арасындағы қазақстандықтар. Тәуелсіздік кезеңінде табыс пен құрметке қол жеткізген жандар. Сонымен қатар, қазіргі Қазақстанда Жобаға енгізілетін 100 адамнан анағұрлым көп табысты адамдар бар екенін түсіну керек. Жобаның мақсаты ең үздіктерді таңдау емес, конкурс немесе жарыс емес. Бұл Жоба жас ұрпаққа алдыңғы буынның кәсіби табыстарға қалай жеткендерін көрсетеді, жол сілтейді. Сондықтан «100 жаңа есім» тек ұлттық деңгейде ғана емес, өңірлік деңгейде де іске асырылатын болады. Қазақстанның әр өңірінде өздерінің табысты адамдары бар және олардың өмір тарихы өзгелерге үлгі бола алады. [4, 13 б] Жоба үш міндетті орындауға бағытталған:
1. Өздерінің ақылымен, еңбегімен және дарынымен қазіргі Қазақстанды жасап жатқандарды түстеп көрсету.
2. Танымал замандастарымызға ақпараттық қолдау көрсететін және елге әйгілейтін жаңа мультимедиалық алаң құру.
3. Тек ұлттық деңгейдегі ғана емес, өңірлік деңгейдегі «100 жаңа есім» жобаларын жасау.
Біз ұлтымыздың алтын қорын құратын отандастарымызды білуіміз қажет. Бұл тапсырмалар мемлекеттің және азаматтық қоғамның барлық идеологиялық жұмысының орта мерзімді перспективадағы негізі болады. Елбасымыз айтқандай: «Болашақтың негізі, білім ордаларының аудиторияларында қаланады». «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асырып, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды оқытудың жаңа деңгейіне шығу мына мақсаттарға қол жеткізуді көздейді:
– еліміздің барлық жоғарғы оқу орындарында гуманитарлық ғылым кафедраларын қайта құру;
– гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік 100 кітапты қазақ тіліне аудару;
– мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру. Оқулықтарды қазақ тіліне аудару жобасының жиынтық әсері 2018-2019 оқу жылынан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша әлемде үздік оқу үлгілері болып табылатын кітаптармен танысып,өз мамандықтарына сәйкес немесе жалпы көпшілікке арналған оқу құралдарын оқу үрдісінде пайдалуды қолға алды. [5, 8 б]
Қорыта айтқанда, Рухани жаңғыру идеясы ата мекенмен ұлттың бір болуын, үнемі ұрпақ пен туған жердің байланысуын, адам мен табиғаттың тұтастығын негіздейді. Рухани жаңғыру ұлттық болмыстың негізінде мемлекет өмірінде қалыптасатын интеллектуадық өріс. Ол жеке адамды, ұрпақты, ұлтты, халықты табиғаттан, өзінің төл болмысынан ажыратып алып кетпейді, керісінше өз болмысының әлеуметтік -рухани негіздерін сақтай отырып, оны нығайтуға, қорғауға, сақтап қалуға ықпал ететін ұғым, ұлттық деңгей, бір ұрпақтың мемлекеттің тархы мен болашағы алдында жасайтын, қол жеткізетін жетістігі.
Жеке адамның және әлеуметтің рухани жаңғыруы өмірге, уақытқа ақыл парасатымен, білімімен бейімделе білуі. Адамды өмірге, қоғамдық ортаға, уақытқа ақыл парасатымен, білімімен бейімдейтін ұлттық қасиеттер мен құндылықтар. Атап айтсақ ұлттық сана, тарихи білім, ұлттық тәрбие, имандылық, тектілік және т.б. Бұлар жеке адамды қоғаммен, бүтін бір ұрпақты ұлттық негізімен біріктіреді. Бұлардан қол үзген адам рухан жаңғырудың биігіне жете алмайды. Ұлттық рух бар жерде рухани жаңару күш алады. Халықтың, елдің уақыт талабына сай ізденуі, еңбек қоғамын құруы, уақытты, еңбек пен білімді, денсаулықты қатар бағалап, қатар қорғай алған қоғам ұлттық рухымен мемлекетіне, қоғамына, еліне игілік әкелетін дүниелерді қалыптастырады. Рухани жаңару арқылы әлем мойындар табысты ел болып, жарқын болашаққа деген сенім мен үмітті үндестіре отырып, баршамыз бірлік туы астында бақытқа бірге жетейік!

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Егемен Қазақстан» А. Ағыбаев 31 қантар 2017жыл [7 бет]
2.«Арқалық хабары» Д. Қосмұхамбетова 3 ақпан 2017 жыл [2-3 бет]
3.«Арқалық хабары» «Елбасының Қазақстан халқына жолдауы» [2 бет]
4.«Ақиқат» Ұлттық қоғамдық саяси журнал 2012жыл №5 Қ. Сарин[13 бет]
5.«Ақиқат» Ұлттық қоғамдық саяси журнал 2012жыл №8 Б.Сманов [8 бет]

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *