Инклюзивті білім беру

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІ ЕНГІЗУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Б. Майлин атындағы №3 жалпы орта білім беретін мектеп

Биология пәні мұғалімі 

Балтабаева И.Қ.

Қостанай облысы, Арқалық қ.

 

Аннотация: Мақалада инклюзивті білім берудің мән-мағынасы, мазмұны, ұстанымдары ашылады. Тірек-қимыл аппараты бұзылған оқушыларды оқыту, дамыту мен қалыптастыру жолдары қарастырылады. 

Аннотация: В статье рассматриваются проблемы инклюзивного обучения учащихся с нарушениями опорно-двигательного аппарата, гуманных отношений к ним. Раскрывается сущность, значение содержание принципы педагогические особенности обучения.

Abstract: The article deals with the problems of inclusive education of students with violations of the musculoskeletal system, humane relations to them, the essence, meaning of the content of pedagogical school is revealed features of training.

 

Еліміздің тәуелсіздік алып, дербес даму жолы қоғам өмірінің барлық саласын елеулі өзгерістерге әкелуде. Қазіргі қоғам дамуының қажеттілігіне сай егеменді еліміздің алдында тұрған басым міндеттердің бірі-арнаулы білім беру мазмұны бойынша білім алатын ерекше қажеттіліктері бар тірек-қимыл апараты бұзылған тұлғаға педагогикалық көмек көрсетудің тиімді жолдарын ұйымдастыру. Бұл өзекті мәселенің мазмұны мен міндеттері, дамыту жетістіктері отандық және шетелдік зерттеушілердің еңбектеріне сүйене отырып анықталады.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050:бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында білім саласы қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер қойды. «Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелері мен білікті мамандар ұсыну»- деп атап көрсеткен. Білім беру саласындағы шешімі толық табылмаған мәселенің бірі-инклюзивті білім беру. [1,35б]

Инклюзивті білім беруді дамыту бағыттары 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік дамыту бағдарламасының шеңберінде шешімін табуы қажет.

Елімізде кейінгі жылдарда даму мүмкіндігі шектеулі балалардың қатары өсіп отырғандығын ҚР Білім және ғылым министірлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің мына төмендегі статистикалық мәліметтерінен байқауға болады. Мысалы: «2005жылы мүмкіндігі шектеулі балалардың саны 124 мыңды құраса, 2011жылы 149 мыңнан асады,олардың ішінде 29 212-сі немесе 19,5%-ы мектеп жасына дейінгі балалар, олардың 41,4% арнайы білім беру бағдарламаларымен қамтылған. Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестердің қарқынды қызметінің нәтижесінде 2012 жылы мүмкіндігі шектеулі балаларды ерте жастан анықтау бойынша 151 216 бала белгілі болды» деген мәліметті алға тартады. Қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайы, олар бастан өткеруге мәжбір болған қиындықтар туралы пікірталастар жиі орын алып келеді. Алайда мүмкіндігі шектеулі ересектердің өз құқықтарын іске асыруға байланысты мүгедектік мәселелер жиі туындап жатады, ал кемтар балалардың жағдайына тиісті көңіл бөлінбейді. Бұл кемтар балаларды психологиялық бейімдеу және қоғамға кіріктіру мәселелерінен бастап олардың тұлға ретінде қажетсіздігіне дейінгі саладағы мәселелер санының көптігіне қарамастан орын алуда. Бұл баланың азаматтық ар-ожданын кемітіп, оның дамуға және тіпті өмір сүруге құқығын іске асыруына кедергі келтіретін әртүрлі кемсітуші көрністер болып табылады. Осы мақсатты жүзеге асыруда біз оқушының деңгейіне мән бермейміз, нәтижесінде көптеген оқушылар осы деңгейге жетпей қалуы салдарынан үлгірмеушілер қатарына жатады. [2.6б] 

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі- мектептегі инклюзивті білім беруді жетілдіру. Осыған сай баламен және оның ата-аналарымен бірлестік, білім алу орталарын ұйымдастыруда психологиялық жайлылыққа жағдай жасау инклюзивтік оқытудың ең басты шарты. 2004 жылы зерттеу жүргізілген кезде орта мектеп мұғалімдерінің 80 пайызы бұл жүйеге қарсы болса, 2007жылы 49пайызы ғана қолдамаған. Яғни мұғалімдердің басым көпшілігі бұндай балаларды мектепке қабылдауға дайын. Ал ата-аналардың 79 пайызы түсінбей «неге менің баламның қасында мүгедек бала отыруы керек?» деп наразылық білдірсе, қазір олардың көпшілігі бұл идеяны қолдайды. Бұл инклюзивті білім берудің дамып жатқаның көрсетеді. Бірақ, шешімін таппаған мәселелер әлі де жеткілікті. Орта білім беретін мектептерге мұғалімдерді даярлау, мектептердің мүмкіндігі шектеулі балаларды қабылдау мәселелері шешілуі қажет. Мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін білім мазмұны дидактикалық талаптардан белгілі бостандық алулары яғни, оқыту дифференционалды, балаларға түсінікті, психологиялық-педагогикалық құралдар қолданылған және баланың жеке дамуының әлуметтік мәдениетін дамытатын болуы керек. [3.12б]

Дамуында мүмкіндігі шектеулі балалардың көретін қиындықтары: оларға жеткілікті түрде көңіл бөлінбеуінен, қарым-қатынастың аздығынан, эмоционалдық еріктік регуляцияның, өзін-өзі бақылаудың жетімсіздігінен, оқуға деген мотивацияның төмен деңгейінен және жалпы танымның салғырттығынан, сол сияқты қабылдау, есте сақтау, ойлау, сөздің жетімсіздігі тәрізді жекеленген психикалық үрдістердің жетілмегендігінен, қозғалысын жүйелей алмауы түріндегі моториканың бұзылуынан, қозғалуының тежелуінен, төмен жұмыс қабілетінен, қоршаған орта түсінігінің және білім қорының шектеулігінен, оқу-танымдық әрекеттерінің операционалдық компоненттерінің тізілмеуінен туындайды, яғни осындай ақаулықтарды жою мақсатында әлем тәжірибесі бізге инклюзивті білім беруді ұсынуда.

Мүмкіндігі шектеулі балалар құқығының кепілдігі «Кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтар мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы», «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы», «Білім беру туралы», «Қазақстан Республикасындағы бала құқығы туралы», Қазақстан Республикасының заңы, Қазақстан республикасының конституциясы бекітілген. [4.17б]

Инклюзивті оқыту деген не? Және бүгінгі күні білім беру үрдісіне инклюзивті оқытуды енгізу керекпе? деген сұрақтар әлі қарастырылып жатыр.

Латын тілінен аударғанда inclusion «енгізу»(включение) деген мағынаны білдіреді. Инклюзия- бұл балаларды олардың жыныстық, этникалық және дінге қатыстылықтары, оқудағы жетістіктері, денсаулық жағдайы, даму деңгейі, ата-аналарының әлеуметтік-экономикалық мәртебесі мен басқада айырмашылықтарына қарамастан жалпы білім беру үрдісіне барлық балаларды толық енгізу үрдісі, яғни жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат.

Инклюзивті білім беру-барлық балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімделуге, жасына, жынысына, шығу тегіне, дініне, экономикалық мәртебесіне қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, отбасы мүшелерін белсенді қатыстыру, баланың түзетім-педагогикалық және әлеуметтік қажеттіліктерін арнайы қолдау. Бұл оқыту түрі оқу жоспары және білім беру жүйесінің әдіснамасын икемді болуға, әр баланың қажеттілігін ескеруге бағытталған.

Мүмкіндігі щектеулі балалардың дамуында қазіргі заманға сай моделін құрудың басты бағыты-білім беру қызметтерінің сапасын арттыру және қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жағдайларды жасау. Инклюзивтік оқытудың базалық құқықтық құжаты дамуында жетіспеушілігі бар балаларға нәтижелі көмек құруға, оларды оқыту, тәрбиелеу, еңбекке және мамандыққа даярлау, бала мүгедектігін сауықтыруға бағытталған қазақстан Республикасының мүмкіндіктері шектеулі балаларды «Әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзетімді қолдау» заңы болып табылады. [5.8б]

Шетелдердің тәжірибесін алатын болсақ, 1994 жылы Испания елінде Соломон декларациясы қабылданған болатын. Яғни бұл декларацияның негізгі көздеген мақсаты- барлық балалардың мектепте оқуға құқығы бар екендігін дәлелдеу және бұл тұжырымды білім беру заңдылығына енгізу болып табылады. Сонымен қатар ТМД елдерін алатын болсақ, бірінші болып, Ресей Федерациясы инклюзивтік білім беруді өз тәжірибелеріне енгізе бастады.

Инклюзивті білім беру- мектеп жасына дейінгі әртүрлі мұқтаждықтағы даму мүмкіндігі шектеулі балаларды дамытудың, мектепке дейінгі білім алуға және дамытуға қол жеткізуді көздейтін кіріктірілген білім беру үрдісі.

Дамуында мүмкіндігі шектелген балаларға білім беру құқығын іске асыру саласындағы негізгі міндеті ретінде олардың психофизикалық ерекшеліктер есебімен көрсетілген санаттағы барлық балалардың сапалы білімді алуына жағдай жасау қаралуда. Мүгедек балаларға, денсаулығына байланысты тұрақты немесе уақытша білім беру ұйымдарына баруға мүмкіндігі жоқтарға, үйден жеке бағдарлама немесе толық жалпы білім алуына қажетті жағдай жасау міндеттелген.

Бүгінгі таңда шетелдерде денсаулық және тұрмыстық жақтарынан мүмкіндіктері шектеулі оқушыларды интеграциялық оқыту тәжірибесі болғанына қарамастан, Қазақстанда инклюзивтік оқыту тек теория түрінде ғана жасалған және бұл үрдістің құқықтық, ғылыми, оқу-әдістемелік , маманмен қамтамасыз етуі қарастырылмаған.

Дегенмен, жалпы білім беру жүйесінде интеграция мәселесі бар. Бұл академик В.И. Лубовскийдің сөзімен айтқанда, «қажеттіліктен»туындаған интеграция. Оның себептері арнаулы мекемелердің болмауы немесе ол мекеменің бала мен отбасынан қашық жерде орналасуы, сонымен қатар ата- аналардың балаларын арнаулы мекемелерде оқытқылары келмеуі болып табылады.

Инклюзивтік оқыту негізінде балалар құқығын кемсітпеу, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге ерекше оқыту қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр.

Инклюзивтік білім берудің негізгі ұстанымдары мыналар:

  1. Адамының құндылығы оның қабілеті мен жетістіктеріне тәуелді емес.
  2. Әрбір адам ойлау мен сезінуге қабілетті.
  3. Әрбір адам қарым-қатынасқа құқылы.
  4. Барлық адамдар бір-біріне қажет.
  5. Түбегейлі білім шынайы өзара қарым-қатынастар негізінде жүзеге асады.
  6. Барлық адамдар бір- бірінің қолдауына, қатарластарының достығына мұқтаж.
  7. Әртүрлілік адам өмірінің даму аясын кеңейтеді.
  8. Әрбір оқушы үшін жетістікке жету, өзінің мүмкіндігіне қарай орындай алатын әрекетін жүзеге асыру.

Жалпы білім беретін мектептер мүмкіндіктері шектелген балалар үшін «өмірлік орнын толтырудың» тәрбие институты болуы керек. Оны оқуға, жазуға, есепке, еңбектенуге оқыта отырып, бірлестік қарым-қатынасын, мәдени тәртіп ережелерін үйренуін, әр түрлі әрекетке икемдерін қалыптастыру маңызды. Сондықтан баланың жеке бас дамуы мен психикасының дамуының бөлімдерін, жастан жасқа өтуде байқалатын психикалық жаңа құрылымдарды,бала үшін «өзекті аймақтан»жақын даму аймағына өту үшін ұйымдастырылған арнайы оқыту рөлін ескеру қажет.

Мүмкіндіктері шектелген барлық балалар мәселелеріне сай мамандармен жеке сабақтарда қосымша көмек алу қажет. Ол үшін мүмкіндіктері шектеулі балаларға түзетім қолданудың қосымша құрылымдары жасақталуы тиіс.

  • қалалық және аудандық психологиялық-педагогикалық және түзетім орталықтары( кабинеттер);
  • мектеп аралық логопедиялық бөлімше;
  • арнаулы (түзетім)білім мекемелерінің оқу- әдістемелік нұсқау беру бөлімшелері.

Қазіргі кезде мектептерде кемтар балаларды қамқорлыққа алып, олардың қалыптасуына және айығуына мүмкіндік жасап, өз бетімен өмір сүруіне бағыт-бағдар беруге арнайы  дайындық жүргізілуде. Кемтар балалардың білім деңгейін көтеріп, өмірге қажетті білім дағдысын, тәртібін қалыптастыруға байланысты түрлі шаралар жасалуда. Бұл балаларды оқытатын мұғалімдердің алдына үш түрлі міндет қойылады.

  1. Баланың мектепке дайындығын анықтау.
  2. Сабақты жүйелі жоспарлау
  3. Бағдарламаны игерту.

Баланың мектепке дайындығын анықтау үшін оларды жазу, сызу, оқуға үйретпес бұрын олардың қабілеті бойынша жеке ерекшелігін, психологиялық дайындықтарын байқау керек. Белгілі психологтар Д.В. Эльконин, В.В.Давыдов, Р.С. Немов зерттеулері бойынша, баланы жүйелі оқыту үшін психологиялық дайындығына ерекше назар аудару керек. 

Қазір мектептерде коррекциялық сабақтар жүргізіле бастады. Коррекция дегеннің өзі «түзету» деген мағынаны береді. Мұның басты мақсаты- бала бойындағы, тәртібіндегі кемшіліктерді түзету. Ол баланың өзіне:1)сенім; 2)көз жеткізу;3)кеңес беру;4)психо-анализ 5)логотерапия 6)аутотренинг сияқты әдістемелерді қабылдау арқылы жүзеге асырылады. Үйден оқитын балаға сабақ беретін мұғалім алдымен баланың даму ерекшелігін анықтайтын тесттер арқылы ойының, қиалының, зейінінің тұрақтылығын анықтап алу керек. Ол үшін «Дөңгелек қию», «Лабиринт», «Танграм», «Көру әдісі», «Есту әдісі» тәрізді тестерді қолданып, баланың шама-шарқын анықтап алады. Сабақ барасында баланың тіл мүкісін, қолының буындарының қимылын, саусақтарының моторикасын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыру қажет. Осы бағытта қазақтың халық педагогикасының алатын орны ерекше. Қазақ халқы санамақ, жұмбақ, жаңылтпаштар арқылы баланың сөйлеуге деген ынтасын ашып, қабілетін арттырып отырған. Баланың байланыстырып сөйлеуіне жануарлар, олардың төлдері туралы өлең, тақпақ, ертегілерді көп қолданған. [6,37б]

Инклюзивті оқыту- барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеретін, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісінің дамуы. Инклюзивтік оқыту балалардың оқу үрдісіндегі қажеттіліктерін қанағаттандырып, оқыту мен сабақ берудің жаңа бағытын өңдеуге негізделеді.

Инклюзивті оқыту жалпы мектептің мұғалімінен басқаша дайындықты, жоғарғы мамандандырылуды, шығармашылықты және тәжірбиені талап етеді. Өйткені, баланың психикалық даму мәселесіне сауатсыздықпен қарау оның жеке басына қосымша кемістіктер пайда болуына себепкер болуы мүмкін. Сондықтан инклюзивтік оқыту тек жалпы мектептердегі педагог мамандардың арнайы дайындықтары мен қайта даярлықтары бар болған жағдайда ғана нәтижелі болмақ. Мұндай дайындықтардың мақсаты жалпы мектеп, балабақша тәрбиешісінің дене және ақыл есінің дамуында кемшілігі бар балаларды толық біліммен қамтамасыз ететін оқыту және тәрбиелеудің негізгі әдістерін игеруі болып табылады.

Мүгедек және дамуларында шектеушілік бар балаларды инклюзивтік оқыту арнайы мамандарды даярлау , оларды жалпы түрдегі мекемелерде оқыту үшін жағдайлар жасау және қоғамның мүгедек балаларға деген көзқарастарын өзгертумен бірге оқуы тиіс. Инклюзивтік мектептер өз оқушыларының түрлі қажеттіліктерін мойындап, оқытудың түрлі стильдері мен өлшемдерін қолдана отырып және лайық оқу жоспарының, ұйымдастыру шараларының, оқыту стратегияларының, ресурстарды пайдаланудың және қоғамдастықтар мен серіктестік қарым-қатынастың көмегімен барлығына сапалы білім беруді қамтамасыз ете отырып оларды қанағаттандыра білуі керек. Әрбір мектепте кездесетін ерекше қажеттіліктерді қанағаттандыру бойынша тұрақты қолдау мен қызметтер көрсетілуі тиіс. 

Қорыта айтқанда, Қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру. Осы жаһандық мәселеге әлем ғалымдары мынадай анықтама береді: инклюзивтік білім беру дегеніміз — барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат.

Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Демек, инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Осы бағыт балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру жағдайын қалыптастырады.

Қазіргі таңда әр оқушыға жеке тұлға ретінде қарап, саналы тәрбие сапалы білім беру өмір талабы болып табылады. «Бәріне бірдей мүмкіндік», «Сапалы білім- барлығы үшін» деген ұстанымды қолдаймын!  Жас маман ретінде, ел басымыздың салдарлы саясаты негізінде, инклюзивті білім беруді дамытуға өз үлесімді қосқым келеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Сәния Бектенғалиева «Қазақстан мектебі»№9 2015жыл қырқүйек [1,35б]
  2. Сәния Бектенғалиева Қазақстан мектебі»№6 2015 жыл қыркүйек[2.6б]
  3. Л.А.Саинова «Білімдегі Жаңалықтар»№4, 2016 жыл[3.12б]
  4. Ляззат Түркестанова «Білімді ел»№39,2018 жыл[4.17б]
  5. А.И.Қасымбай «Педагогикалық кеңес» №2,3 2018жыл [5.8б]
  6. Сәния Бектенғалиева «Қазақстан мектебі»№3 2015жыл [6,37б]

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *