Ұлттық тәрбие-ұлт болашағы.
Кезінде Бауыржан Момышұлына: “Осы сіз неден қорқасыз?” – дегенде батыр: “Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Біріншіден, бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам: екіншіден, немересіне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқамын; үшіншіден, дәмді, дәстүрді сыйламайтын ұрпақ өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсең, кімді болса да шауып тастауға даяр. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, ата жоқ” деп қасірет болар қауіпін бүгіп қала алмапты.
Айтса айтқандай, ана әлдиіне бөленіп, әже ертегісіне құлағын түріп өскен баланың қашан да тілі жатық, ойы анық, ұлттық рухы қашанда биік болады. Жас жеткіншектерімізді парасатты да білімді, мәдениетті де саналы етіп тәрбиелеп, дүниетанымын жалпы адамзаттық деңгейде дамытамыз десек, бойында ұлттық және азаматтық намысы бар ұрпақ тәрбиелеп өсіреміз десек, барлық күш-жігерімізді оқу-тәрбие жұмысында отбасымен бірлесе жұмыс жүргізілуі керек. Баланың өнегелі, тәрбиелі, денсаулығы мықты болуының негізі отбасына байланысты десек те, білім ордасы ең үлкен отбасы болып саналады, себебі, балалардың балалық шағының көп бөлігі білім ордасының қабырғасында өтеді. Егеменді елімізде ұлттық тәрбиені жандандырып, салт-дәстүрімізді сақтап, өмірдің озығын пайдаланып, жастарымызды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, салауатты өмірге, табиғатымызды аялауға тәрбиелеуіміз қажет.
Елдің бірлігі ел болашағы жастарымыздың қолында. Елім, жерім деген жастарымыздың бойында ұлттық тәрбиеге деген сүйіспеншілікті артыру мақсатында осындай патриоттық тәрбиеде ашық сабағымды өткізген болатынмын. Шаңырақ астында балалар өз еліне, жеріне деген тілектерін айта отырып қолындағы уығын орнатқан болатын.
Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарымыздан ажырап қалмас үшін, балабақшадан бастап осындай көптеген қазақтың ұлттық ойындарын, ертегілерін, жырларын, жұмбақтарын, жаңылтпаштарын, мақал -мәтелдерін, ырым-тыйым сөздерін мен ұлттық салт-дәстүрлерін қолданып, балалардың дүниетанымын, сана-сезімін, мінез-құлқын бойына сіңіру өте қажет. Халқымыздың сан ғасырлар бойы ұстанған ұлттық салт-дәстүрлер мен рухани құндылықтарын әлем елдерінің озық дәстүрлері мен тәрбие үлгілерімен байытып, жаңа тәрбие тұжырымдамаларын жасауда. Осы арқылы білім беру ісі мен ұлттық тәрбие бірлігіне қол жеткізіп, жаңа ғасырдың жаңа сипаттағы интеллектуалды ұрпағын қалыптастыру ісі басты нысанаға алынып отыр. Ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі.
Ендеше осындай ұлылықты, халқымыздың бай саралы да саналы дәстүрлерін еліміздің болашағы -өзіміздің алдымызда отырған ұрпағымызға үйрету –ұстаз қауымының бірінші міндеті деп білемін.
Жанар Баймуханова,
Павлодар қаласы №120
сәбилер бақшасының тәрбиешісі.