Найман шежіре
«Найман» этнонимі жəне найман тайпасының рулары жөнінде
Наймандардың қысқаша тарихы
Найманның түбі — Оғыз ханнан. V–VIII ғасырлар арасында Наймандар Байкал көлінің оңтүстігін мекендеген. Олар барлық уақытта монғолдың арасында Орхон-Ертіс аралығында хандық құрып жүрді, бір шеті Қарақорымға дейін жетті. Олардың батысында Арғындар болды.
Ежелгі Қытай деректерінде Найман хандығындағы ру-тайпаларды Төре найман, Бетеге найман, Ақсауыт найман, Көшеуіт найман, Дүрмен найман, Барлас найман, Найман керей, Найман қаңлы деп сегіз топқа бөлген. «Найман» этнонимі сегіз сөзін, яки санын, монғолдардың «нəмін» деп атауынан шыққан деген болжамдар бар. Осы сегіз рулы елдің ішінде Төре наймандар хандық тақты иеленіп келген. Еният хан, Инанг Білгі Бұқа хан, Таян хан, Күшілік хан, т.б. бəрі де сол Төре найман əулетінен [1; 17].
XІІ ғасырдың аяғына дейін Найман мемлекетін Инанг Білгі Бұқа хан басқарды. Инанг Білгі өлген соң, Найман ұлысы екіге бөлінді. Бірін Таян хан (шын аты — Бай-Бұқа, Таян деген қытайша «бір аймақтың бегінің ұлы» деген лауазым), ал екіншісін Бұйрық хан (ағайынды екі адам) биледі. Таян хан мен Бұйрық хан бір-бірімен араз болды. Бұл ішкі саяси дағдарыс Шыңғысханның əскер күшінің артуымен тұстас келді. Инанг Білгі өлгеннен кейін көп ұзамай керейіттердің ханы Ван-Хан Тоғрыл (Он-хан) жəне Шыңғысхан бастаған əскери қол 1199 жылы Бұйрық ханның ұлысына басып кірді. Қарсы тұруға шамасы келмеген Бұйрық хан Енисей қырғыздарына қашып құтылды.
Шыңғысханның қатерінен қауіптенген көптеген тайпалар 1201 жылы Құрылтайға жиналды. Құрылтайды басқаруға келген адамдардың ішінде Бұйрық хан да болды. Құрылтай Шыңғысханға қарсы жорыққа шығу жөнінде шешім қабылдады. Шыңғысхан көмекке Ван-Ханды шақырды да, дереу жорыққа аттанды. Түрлі тайпалардың одақтас қолы Шыңғысхан мен Ван-Ханның сарбаздарымен Қойтан сайында шайқасты. Бұйрық хан бастаған одақтас күш ойсырай жеңіліске ұшырады. Одақ ыдырап, Бұйрық хан өз нөкерлерімен Алтайдың оңтүстік өңірін паналады. Жеңіс Шыңғысханға оңайға түспеді, оның қалың қолы сиреп қалды. Сондықтан ол одаққа біріккен əр тайпаны жеке-жеке қиратуды көздеді.
1202 жылы Шыңғысхан мен Ван-Хан Бұйрық ханға қарсы жорық ашты. Қыспаққа төтеп бере алмаған Бұйрық хан əскери қолбасшысы Жеті Тоғлұқ (жеті тулы) екеуі Оңтүстік Алтайда қолға түсті. Енді бүкіл Орталық Азияда Шыңғысханға бəсекелес тек Таян хан қалды. 1204 жылы Шыңғысхан
Таян ханға қарсы жорыққа аттанды. Наймандар əскері күйрей жеңілді. Таян хан шайқас үстінде ауыр жарақаттан өлді. Таян ханның ұлы Күшлік хан аман қалған шағын топпен майданнан қашып үлгерді [2].
1204 жылы Найман хандығы Шыңғыс хан басқарған əскер шабуылынан күйрей женілгеннен кейін Күшлік хан қазіргі Қазақстанның Оңтүстік өңіріндегі Қидан (Қарақытай) хандығын паналайды. Көп өтпей сол хандықтың билік тізгінін ұстап, шашылған наймандарды төңірегіне топтап, 1218 жылға дейін дəурен сүргендігі жұртқа мəлім. Демек, 15 жылға таяу уақыт осы хандық Күшліктің билеуінде болған [1;17].
1218 жылы Шыңғысхан Жебеноян бастаған 20 мың əскерді Күшлікке қарсы аттандырды. Шыңғысханның əскерінен жеңілген Күшлік хан Бадахшанға қашты. Жебеноян Сарыққолда қуып жетіп, Күшлікті өлтірді. Сөйтіп, Найман елінің Шыңғысхан шапқыншылығына қарсы жүргізген жиырма жылдық қажырлы күресі жеңіліспен тынды [3].
Соңғы ханы Күшлік өлтірілгеннен кейін Найман бірнеше бөлікке бөлініп кетті. Алтай мен Ертіс бойын мекендеген Найман рулары моңғолдардың жаңа империясына кірді. Наймандардың біразы өздерінің атамекенін тастап Алакөл, Балқаш көлі, Жетісу, Есіл, Сырдария бойына жəне Ұлытау алқаптарына ауысты. Ал бір бөлігі кейін, Шьңғысхан əулеті мүлдем ыдыраған соң, өзбек, қарақалпақ, қырғыз, башқұрт, т.б. халықтардың құрамына енді.
Қазақ ішіндегі Наймандар XVII ғасырдың аяғында Қаратау, Əулиеата, Ташкент өңіріне келіп мекендеді.
Наймандардың ата жұрттан аууына жоңғар қалмақтарының, одан кейінгі тарихи кезеңдердің де əсері үлкен болды. Олардың Сыр бойын мекендеп, Орталық Қазақстан, Жетісу өңірін жайлағаны белгілі.
Найман тайпасының руларын анықтау жөнінде орындалған зерттеулер
Найман шежіресіне қатысты маңызды мəселенің бірі — бұл тайпа өз ішінде қанша рудан тұрады жəне олар қалай топтасады деген мəселе.
Ғылыми негіздегі шежіренің бір ерекшелігіне оның жүйелілігі жатса керек. Найман тайпасыньң ішкі ру- тайпалық құрылымын анықтап алмай, ондағы əр рудың құрылымдық жүйедегі орнын анықтамай, рудың таралымын көрсету толыққанды шежіре болып саналмайды.
«Қазақ ру-тайпаларының тарихы» ғылыми-зерттеу жобасы аясында жарық көрген «Найман» атты еңбекте (үшінші кітабында): «XVIII ғасырдың 40-шы жылдарында қағазға түсірілген Найман руларының саны жөніндегі дерек мəліметінен бастап қазіргі күнге дейін əр-əр жерде баспалардан шығьп жатқан шежірелерде Найман руларының саны əр түрлі айтылады…
М.Тевкелев өз материалдарында Найман тайпасы он бір рудан тұрады деп айтса, И.Г.Андреев — 9, А.И.Левшин — 9, В.В.Радлов — 10, Н.Н.Балкашин — 19, Н.А.Аристов — 13, Ш.Құдайбердіұлы — 10, М.Тынышбаев — 10, Н.Мыңжан — 9, Х.Арғынбаев, М.Мұқанов жəне В.Востровтар 11 рудан тұратындығын көрсетіп жазады, — делінген [4; 46, 47].
Өзінің жүйелілігімен, толықтылығымен ерекшеленетін шығарма — Мақсұт Қыдырханұлының өлең түрінде жазылған шежіресі [5]. Осы автордың бір-екі шумақтарына зер салайық:
Ер жетіп Төлегетай жігіт болды,
Бақ қонып баяғыдай, орта толды.
Амал не, малы өскенмен бастан ақсап,
Тек қана кіндігінен бір ұл көрді.
Қытай деп, баласының атын қойған,
Кім білсін, мұндай атты тапты қайдан?!
Ырым ғып өскен жұртты қойған шығар,
(Хабарым азырақ еді осы жайдан).
Басынан Қытайдың да дəурен өтті,
Жігіт боп, кəмелетті жасқа жетті.
Қытайдың кіндігінен төрт ұл қалып,
Қайран ер жас күйінде өліп кетті.
Артында жетім қалды төрт баласы,
Көңілі қайғыменен болып дертті.
Сол күнде Төлегетай тірі екен,
Төрт бала тəрбиесі соған өтті.
Төртуыл, Қаракерей,
Садыр, Матай,
Төрт Төлегетай» деген сөз содан жетті…
Қазір Найман рулары арасында белгілісі — Қаракерей, Матай, Садыр жəне Төртуыл рулары. Найманнан — Белгібай (Өкіреш), одан — Сүйініш, одан — Төлегетай, одан — Қытай (Қынтай).
Қытайдан (Қынтайдан) тарайтын төрт руды (Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл) Ж.Бейсенбайұлы найманның басты, негізгі руларының қатарына жатқызады [6; 125, 126].
Ақиық ақын Н.Айтұлы өзінің «Төлегетай» деген дастанында былайша жырлайды [7]:
Сүйініш туады екен Белгібайдан,
Тараймыз ол болмаса енді қайдан?
Рулы елге айналдық содан бастап,
Бұтағын бəйтеректей мəңгі жайған.
Болған соң шеше дана, əке мықты,
Биікке шаңырақты көтеріпті.
Ұлғайған шағында Əлпеш Белгібайға
Сіңілісін Кішілікке əперіпті.
Делел жоқ қолмен қойған, кімге сенем,
Тұнып тұр тарих қойны сырға терең.
Тыңдасаң ескі жырды деп айтады –
Тоқалдан Сүгірші мен туды Өтеген.
Саралап бес саусақтай əр атаны,
Шежіре елді аузына қаратады.
Сарыжомарт, Балталы мен Бағаналы,
Көкжарлы, Бураны одан таратады.
Анығын ажыратып кім біледі,
Түбіміз бір екені шындық еді.
Найманның тоғызының бесеуі — осы,
Төртеуі — Төлегетай, білдің оны.
Ж.Бейсенбайұлы «Ергенекті наймандардың» шығуы жөнін былай баяндайды: «Найманнан — Сүгірші, одан — Төлеген, одан Ұлан батыр, одан — Қарабек. Қарабектен — Ергенекті. Ергенектіен — Көкжарлы (Бақы), Бура (Бақанас), Сарыжомарт (Байдалы)» [6; 127].
Қалың қазақ ішінде, Орта жүз бен Найман арасында, Сарыжомарт, Бура, Көкжарлы руларын ортақ атаумен — «Ергенекті Найман» деп атаған [4; 52].
Найман руларының ішінде деректерде жиі кездесетін, көп айтылатын руларға Балталы, Бағаналы рулары жатады.
Белгілі шежіретанушы А.Сейдімбеков (Ақселеу Тарақты) Балталы мен Бағаналының шығу тегі жөнінде былайша ой өрбітеді: «Далалық ауызша тарихнама» дерегін салғастыра қарағанда Алтай, Тарбағатай өңірі мен Ұлытау төңірегінде айтылатын шежірелерде айырмашылық кездесіп қалады. Мəселен, шығыс өңір шежірелерінде Бағаналыны Сүгірші ұрпақтарынан таратады: Сүгірші — Төлеген — Ұлан батыр — Қарабек — Сарыжомарт — Бағаналы болып тарайды. Ал, Балталыны Елатадан таратады: Елата (Елтай) — Серікбай — Кетбұға — Балталы. Сонда Балталы мен Бағаналы бөлек- бөлек екі атадан тарағанымен, қоныстас болып, жұбын жазбаған дейді» [8; 92].
Бағаналы руы 1748 жылғы М.Тевкелев мəліметінде, В.В.Радлов шығармасында, Н.А.Аристов еңбегінде, сондай-ақ Ш.Құдайбердіұлы, М.Тынышбаев, С.Аманжолов, Н.Мыңжан еңбектерінде Найман руларының басты руы ретінде айтылып отырылса, Балталы руының деректерде кездесуі сиректеу. Н.Н.Балкашиннан бастап қана Балталы руының атауы Бағаналы руымен бірге Найман рулары қатарында айтыла бастайды [4; 53].
Бұл екі рудың атаулары олардың рулық таңбасына байланысты пайда болғандығын ешкім жоққа шығармайды. Балталы руынікі балта — түрінде болса, Бағаналы руының таңбасы шаңырақты көтеретін бағанның түрінде болған.
Барлық зертеушілердің мəліметтерінде, Найман руларының бірі ретінде кездесіп отыратын ру — Терістаңбалы руы.
Терістаңбалы руының атауы — оның таңбасына қарай пайда болғандығы көрініп тұр. Шежірелерде бұл руды Найманның ноқта ағасы деп атайды [4;56].
Қазақ шежірелерінде Сыршейіт (Шірсейіт, Шыршыт) — Келбұғадан, ол — Елатадан, ал Елата Найманнан тарқатылып көрсетіледі. Кетбұға да, Келбұға секілді Елатадан тарайтын екі ұлдың бірі.
Келбұға мен Кетбұғаның екі атасынан (Ақтана мен Ақтоғастан) Терістаңбалы руы шығады [6;128].
«Найман» еңбегінде (үшінші кітап) мынандай қорытынды жасалған [4;60]: Найман тайпасының руларын туыстық белгісіне, орналасуына жəне таңбасының қойылуына қарай төрт топқа жіктейміз. Олар: Төлегетай, Ергенекті, Ұлытау жəне Терістаңбалы топтары. Бұл рулық топтарға мынадай рулар енеді:
Телегетай тобына — Қаракерей, Матай, Садыр жəне Төртуыл.
Ергенекті тобына — Сарыжомарт, Көкжарлы жəне Бура.
Ұлытау тобына — Балталы жəне Бағаналы.
Терістаңбалы руы.
Осылайша, Найман тайпасының шежіресіне қатысты жалпылама мəселелерді анықтап алғаннан кейін, енді шежіренің нақты мəселелеріне көшуге болады.
«Төрт Төлегетай» рулар бірлестігі
Төлегетай Сүйінішұлы (шамамен XV ғасырда өмір сүрген) — тарихи тұлға. Найманның шөбересі (Найманнан — Белгібай, одан — Сүйініш, одан — Төлегетай). Төлегетай баба өз заманында қол бастаған батыр, елдің қамын жеп, бірлігін ойлаған қайраткер болған [9].
Төлегетай Сүйінішұлы туралы ең алғаш қалам тербеген адам — кезінде Орта Азия халықтарына танымал, Қазан төңкерісінің алғашқы жылдарында Түркістан автономиясының бас министрі болған Мұхамеджан Тынышбаев. Ол «История казахского народа» атты еңбегінде өзінің Төлегетай бабаның 16-шы ұрпағы екенін жариялаған: «По словам моего покойного отца, мой предок в 16 колене Толегетай был в свое время очень известным человеком и управлял своим родом: похоронен в Узгенте на фамильном кладбище Ходжей. Житель поселка Чаян Чимкентского уезда Мады Магзум подтвердил это и прибавил, что Толегетай был женат на дочери влиятельного Ходжи» [10].
Тарихта қатты қырғыннан кейін халықта қайта бір ояну, серпілу болып отырған. Шыңғыс хан заманында аянышты қырғын көріп, осынау Шығыстағы Алтай мен Тарбағатайдан Сыр бойына қоныс аударған наймандар ортаға ғасырлар салып қайтадан ес жиып, елдік санатын қалпына келтіре бастаған. Сондағы сол елге тұтқа болған тұлғалардың бірі — Төлегетай баба. Сол себепті қазақтың қазіргі белгілі ғалымдарының бірі Əділхан Байбатша «Қазақ Даласының ежелгі тарихы» деген кітабында: «Найман елін Қазақ даласына алғаш 1208 жылы Күшлік хан бастап келгені белгілі. Күшлік хан 1218 жылы мерт болғаннан кейін, Қазақ даласында жеке ұлыс болып қалыптасқан наймандарды Төлегетай батыр билегенін шамалаймыз» [11], — деп толғанады.
Жазушы, тарихшы-ғалым Қойшығара Салғараұлы: «Шежіреде Найман Орта жүздің түп аталығы Жанарыстың алты баласының бірі Аққожадан туған баланың аты. Одан — Кетбұға, Барыжомарт (Сарыжомарт), Төлегетай…
Төлегетайдан — Қаракерей, Матай, Садыр. Осының Матайынан туған Қаптағай есімі бүкіл найманның ұранына айналады. Бір қызығы жекелеп алғанда Төлегетай балаларының өз ұраны бар. Мысалы, Қаракерейдің ұраны — Қабанбай, Матайдікі — Бөрібай, Садырдікі — Алдияр. Ел ұранына айналған бұл үш есім де XVІІІ ғасырда өмір сүрген нақты тарихи тұлғалар» [12], — деп жазады өз шығармасында.
Белгілі қазақ ақыны Несіпбек Айтұлы «Төлегетай» атты ұзақ дастанында өз лебізін былай білдіреді [7; 67]:
Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай,
Атасы төртеуінің — Төлегетай.
Найманның тоғызының төртеуі осы,
Мекені — Жоңғар, Алтай, Тарбағатай.
Шежіре сыр шертеді неше бөлек,
Бір аңыз бір аңызды еселемек.
Бауырында өскеннен соң төрт немере,
Төлекті — Төлек атай десе керек.
Қамқоры ұрпағының Төлек атай,
Атанған келе-келе Төлегетай
Қандырған қырық қабат сөздің иін
Икемді қызыл тілдің кереметі-ай!
Төлектен Қытай жалғыз туған екен,
Ес жиып, белін ерте буған екен.
Əрі би, əрі шешен, əрі батыр,
Құс салып, саятшылық құрған екен.
Ардақтап ата салтын бұрынғы адам,
Жолынан кісіліктің бұрылмаған.
Туғанда Аусар би деп атын қойып,
Қытайдай көп болсын деп ырымдаған.
Төлектің бəйбішесі Қожа қызы,
Солай деп баяндайды ел аңызы.
Балаға ат қоярда Ұлы жүздің
Бүй депті дуалы ауыз кəрі абызы:
«Уа, Төке, бата берем, қолыңды жай,
Бүрлесін жас бұтағың тобылғыдай.
Тұқымың қауласын деп Қытай қойдым,
Оңдасын жасы ұзақ боп, жолын құдай!»
Дегендей тарихыңның түбін ізде,
Шежіре ескертеді мұны бізге:
Қытайдың алған жары Анар сұлу,
Үйсіннің қызы дейді Ұлы жүзде.
Келесі бір деректе қырғыз дейді
Мəзбура деген текті бір қыз дейді.
Ұшығын ұстатпайтын көне заман,
Анығын анамыздың білгізбейді.
Мың сөніп үміт оты, мың жанса да,
Үзілмей үні жеткен жыр қаншама!
Бəрінің аруағынан айналайық,
Солардан өсіп-өндік кім болса да…
Бұл күнде Найман рулары ішінде ешқандай дау тудырмайтын, басы ашық мəселе, ол — «Төрт Төлегетай», немесе «Төлегетайдың төрт ұлы» деп аталатын рулар бірлестігі. Бұл бірлестікке Қаракерей, Матай, Садыр жəне Төртуыл руларының енетініне ешкім де дау туғызбайды [4; 52]:
Қаракерей — Төлегетайдың төрт баласының ішіндегі ең үлкені жəне саны жағынан да ең көп тарағаны болып есептеледі. Қаракерей руы Байторы жəне Ерторы атты бөлікке жіктеледі [4; 74]:
Қаракерейлердің ішінде тек Байыс, Қожамбет, Байсиық ру бөлімінен тарайтын бөлімшелердегі адам саны рулық деңгейге жеткен. Сондықтан да олар жергілікті жерлерде өз алдыларына жеке руға теңеліп жүр.
Қаракерейлердің негізгі тобы ертеде Зайсан уезін, біразы Семей, Өскемен жəне Лепсі уездерін мекендеген. Негізгі кəсібі мал өсіру, аздап суармалы егіншілік болған. Ертіс өзені мен Зайсан көлінің жағасындағы жатақтар балық аулау кəсібімен айналысқан. Қабанбай батырдың есімі Қаракерей руының ұранына айналған. Рулық таңбасы — мүйіз [13; 479].
Матай — рулары бірлестігі. Шежіре деректері бойынша, Матайдан — Аталық, Қаптағай, Кенже рулары тараған.
Аталық батыр (шежіреде көрсетілгендей) Ұлы жүз Бəйдібектің тоқалы Домалақ енеден туған Ейқызға құда түсіп, үлкен ұлы Шағырға алып береді. Бұдан тараған тұқым шеше есімімен Қызай аталып өткен. Қызайдан тараған үрім-бұтақтың атамекені — Қытай Халық Республикасының Шынжаң өлкесі [14; 75].
Қаптағайдан екеу: Қияс, Жолдас. Қиястан — Есенкелді, Теке. Жолдастан — Көлдей, Жұмай [4; 215]. Ертеде Қаптағайлар Лепсі, Қапал уездеріндегі Ақсу, Сарқант жəне Бүйен өзендерінің алқабын, Ешкіөлмес, Тамшыбұлақ, Көпірлі, Баян-Жүрек, Ордабай деген жерлерді мекендеген. Ұраны — Қаптағай. Рулық таңбасы Матай рулар бірлестігінің таңбасымен бірдей [13].
Кенже (Ізбасар) ұрпақтары — Мəмбет, Үмбет. Мəмбеттен — Бозтай, Ақтай, Сұртай. Үмбеттен — Бұланбай, Қартқұл [4; 217]. Бұл аталар Семей уезіндегі Шар, Қызылсу, Көкпекті, Былқылдақ өзендерінің алқабы мен Шыңғыстау, Жуантөбе, Салқынтөбе тауларының атырабын мекендеген [14; 507].
Садыр. Үш рулық бөлімге жіктеледі. Олар: Тоң, Шүйе, Шаржетім (Саржетім) [4; 182].
Садыр руында тайпалық жəне рулық ұран болған. Рулық ұраны — «Алдияр»