Балаларды еңбекке баулу жолдары арқылы тәрбиелеу

Тақырыбы: Балаларды  еңбекке баулу жолдары арқылы  тәрбиелеу.І. Кіріспе.

1.Балалардың еңбегі туралы жалпы мағлұмат беру.

ІІ. Негізгі бөлім.

1.Балабақшадағы балалардың еңбегі.

  1. Өзіне-өзі қызмет көрсету
  2. Баланы ойын арқылы да еңбекке баулуға болады.

ІІІ.Қорытынды.

Адамның адам болып қалыптасуының  құралы – еңбек. Еңбектің нәтижесі әрбір адамға, оның еңбекке саналы, шығармашылық көзқарасына байланысты. Олай болса бүгінгі таңдағы қоғам қажеттілігі – жас ұрпақтың бойында еңбекке ынталандыруды тәрбиелеу, болашақ еңбек жолын дұрыс таңдауға баулу. Баланың жеке басының еңбекке бейім болып өсуі оны еңбек тәрбиесіне баулуға тікелей байланысты. Мектепке дейінгі жас – негізінен ойын кезеңі болғандықтан, еңбектің бала өмірінен алатын орны тым аз. Әдетте еңбек әрекетінің қарапайым элементтері көрініс тауып, бірте-бірте еңбек ойыннан бөлініп, айрықша сипатқа ие болады.

Жас ұрпақты  еңбекке тәрбиелеу – маңызды педагогикалық процесс. Өйткені, болашақ қоғам азаматтары өздерінің адамгершілік қасиеттерін, абыройын, өмірден алатын орнын тек қана еңбек арқылы ғана ақтай алады. Еңбекке баулуда бала күнделікті өмірге қажетті дағдылар мен ептіліктерді меңгеріп қана қоймай, еңбек баланың ақыл-ойының дамуына әсер ететіндей, бастаған ісін соңына дейін аяқтауына, оның әсем де әдемі болуына назар аударту көзделеді. Еңбекке тәрбиелеудің негізгі мақсаты – еңбексүйгіштікке тәрбиелей отырып, оның нәтижесіне қуана білуге, балалардың күшін толықтыруға және денсаулығының нығаюына жәрдемдеседі, дене қозғалысының үйлесімді, сергек болуына ықпал ету.

«Адамды – адам еткен еңбек». Жалпы адам баласы өмірге келген күннен бастап еңбекпен тығыз байланыста болады. Себебі, шыр етіп өмір есігін ашқан сәттен бастап ана сүтін емудің өзі еңбекке жатады.
Еңбек дегеніміз бойымыздағы энергия яғни күшіміз, осы күшті пайдаланудың өзі еңбек. Адамдар еңбек ету арқылы көптеген жетістіктерге жетеді. Күнделікті ішіп-жейтін тамағының киетін киімінің өзі еңбекпен келеді.
Мысалы: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»- дегендей жерге дән сеуіп, оны күтіп баптап өсіреді. Базарға апарып сатып, ақшасына тамақ, киім алады.

Балалардың еңбегі туралы айтатын болсақ, күнделікті өмірде кездесетін көзге көріне бермейтін, өзіміз мән бермейтін қарапайым еңбек түрлері өте көп.
Мысалы: 2 – 3 жастағы баланың өздігінен тамағын ішіп-жеуі, ойыншығын, киімін жинауының өзі олар үшін үлкен еңбек. Баланың өз-өзіне қызмет қыла білуінің өзі еңбекке жатады.
Еңбекке баулу арқылы баланың есте сақтау, көру, сезіну қабілеттері арта түседі.
Мысалы: Шұлығын, қолғабын, бас киімін, көйлегін киетін кезде оны қай жерге киетінін, ойлау, көру, есте сақтау қабілеттері арқылы жасалады.
Баланың әр жасаған еңбегін, қылығын мақтап отыру қажет.
Мысалы: Ой, жарайсың, бәрекелді, өте жақсы, керемет деген сөздер баланы еңбек етуге деген қызығушылығын оятады.

Балабақшадағы балалардың еңбегі.
Балалардың еңбекке деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру, өз-өздеріне қызмет етуге үйрету, бір-біріне кедергі жасамай еңбек етуге үйрету. Ойнап болған соң ойыншықтарын орын-орнына жинауға тәрбиелеу. Балаларды балабақшадағы еңбек жұмыстарына араластыру ойын бұрышындағы кезекшілікті атқаруға үйрету. Үлкендердің көмегімен гүлдерді суару, ағаштарға су құю, оқу құралдарын тарату, ас ішу кезінде тарелка, қасықтарды қойып шығу сияқты жұмыстарды үйрету. Үлкендердің еңбегінің және еңбектің қажеттілігі жөнінде түсінік беру. Балаларды алдына мақсат қоя білуге, оған жетуге үйрету жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру.
Арнайы жабдықтарды дұрыс пайдалану, қадірлеу, қайта орнына қою, бір-біріне көмек көрсетуге тәрбиелеу. Балаларды жұмысты бастап оны аяғына дейін жеткізуге тәрбиелеу. Балабақшадағы еңбек жұмыстарына қатысу, ұжымдық еңбекке үйрету. Ертегі, әңгімелерді кейіпкерлер арқылы «Еңбек түбі – зейнет» екенін түсіндіру. Үлкендер еңбегін құрметтеуге баулу. Мысалы: «Бір уыс мақта», «Бұзау бақтым», «Көйлекті маған кім берді?», «Қайдан келдің, бауырсақ?» деген әңгімелер арқылы барлық заттардың еңбекпен келетіндігін түсіндіру.

Үлкендерге көмек көрсетуге (тәрбиешіге, оның көмекшісіне, ата-аналарына), оларға ықыласпен қарауға тәрбиелеп, сондай-ақ, олардың еңбектерінің нәтижесіне ұқыпты қарауға ынталандыру.

Топ бөлмесі мен балабақша ауласында тазалық сақтауға және үлкендердің тапсырмаларын орындауға,

бастаған ісін соңына дейін жеткізуге үйрету.

Өзіне-өзі қызмет көрсету

Өз бетінше белгілі бір реттілікпен киімін кию, шешіну, бүктеу, ілу, түймелерін қадау, ағыту, аяқ киімінің бауын байлау, шешу дағдыларын дамыту.

Қарапайым тапсырмаларды орындауға ынталандыру: қасықтар мен сулықтарды, нан салғыштар мен табақшаларды орналастыру. Екінші жартыжылдықтан бастап асханада кезекшілік ұйымдастыру, тәрбиешінің көмекшісіне дастархан мәзірін дайындауға көмектесу. Сабаққа қажетті құрал-жабдықтарын (қарындаштар қорабы, қылқаламдар, мүсіндеуге арналған тақтайшалар және т.б.) дайындауға және оларды реттеуге, ойыншықтар мен құрылыс материалдарын ойнап болған соң өз орындарына орналастыруға үйрету,

өсімдіктерді суару, тәрбиешімен бірге учаскеге ойыншықтарды шығару, учаскені жинастыруға қатысуға тәрбиелеу. (жапырақтар, тастар, таяқтарды жинастыру),

Балаларды тапсырманы орындаудың басы мен соңғы нәтижесінің арасында байланыс орнатуды үйрету.

Зат құралдарымен таныстыру, баламен іскерлік түріндегі ынтымақтастық процесінде құралдармен орындалатын қарапайым әрекеттерді (қалақшамен құм алу, тарақпен шаш тарау) орындауға үйрету.

Балаларды еңбек түрлерімен және кәсіптермен таныстыру. Ұжымдық еңбекті татулықпен ұйымдастырып атқаруға үйрету. Еңбектің әр түріне баланың қызығушылығын ояту, ұжымда еңбек етуде белсенділік, ынта ықыласын көрсетуді қолдау. Өз қолымен жасаған еңбегіне қуаныш, мақтаныш сезімін тудыру. Еңбекке қызығушылығын тәрбиелеп жағымды көзқарас тудыру. Өз-өзіне қызмет етуі балабақшада және отбасында еңбекке араласу, яғни үлкендерге көмектесу.
Еңбек етуге жат қылықтар: Еріншектік, жалқаулық, шалағайлық, ұқыпсыздыққа жиренуге баулу, яғни жол бермеуге тәрбиелеу. Бақыт адамға еңбек арқылы келетінін ұғындыру.

 
   

Балабақшада еңбек тәрбиесінің алғашқы бастамасы қалыптасады. Еңбек, педагогтік тұрғыдан мектеп жасына дейінгі жастағы балалар үшін бұлжымас міндет саналады. Еңбекке баулудың өзіндік ерекшелігі – оның ойынмен тығыз байланыстылығында. Олардың ойыны мен еңбегін ажырату қиын, өйткені алғашқы еңбек әрекетінің қарапайым элементі ойыннан басталады.

Баланы ойын арқылы да еңбекке баулуға болады. Баланың ойынына аса мән беру керек.

Ұлы педагог,А.С.Макаренко айтқандай бала ойын кезінде қандай болса, кейін есейгенде жұмыс орнында да сондай болады. Сондықтан бала кезінде ойнаған кезде баланы қадағалап, ойынына мән беру керек. Егер дұрыс емес екеніне  көз жеткізсеңіз, дұрыс жолға бағыттау керек. Бала ойын ойнағанда үлкендерден немесе теледидардан көргендерін қайталайды. Өйткені ойын кезіндегі іс-әрекеті қыймыл қозғалысы бәрі өз отбасында көрген білгендерінің айқын дәлелі. Баланың ойыны арқылы отбасындағы беріп жатқан тәрбиенің қандай екенін аңғаруға болады және қандай мамандық иесі екенін білуге болады. Сондықтан баланың көзінше артық сөз, артық қимыл жасаудың қажеті жоқ Балаға ата-ана жақсы жағынан көрінуі қажет. Сондай-ақ баланы еңбекке баулу арқылы адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу болып есептеледі.

Мысалы: Жерде жатқан нанды алып қоюы, киімін күтіп киюі бәрі адамгершілікке, үлкендердің еңбегін сыйлағаны болып есептеледі.

Мектеп жасына дейінгі балалардан нақты отбасы жағдайында белгілі еңбек сипатындағы іс-әрекеттерді талап етуге әбден болады.

К.Д.Ушинский балалар ойынын олардың оқудан тыс іс-әрекеттерімен тығыз бірлікте алып қарастырады. Балалардың оқудан тыс іс-әрекеттері ойын қатарына қосылмас, әйтсе де осыдан ойынға өте ұқсас жайттар көптеп қосылады. Ол бала ойынының оның бос уақытындағы ермегінен, істеген жұмысынан тек шартты түрде ғана айырмашылығы бар, ол іс-әрекеттердің көбінде бірін-бірі алмастырып жататындығынан атап көрсеткен.

«Баланың оқудан тыс іс-әрекеттері мен ойыны өзара қабысып жатады, сол үшін баланың көңілі қалайтын іс-әрекеті қай кезден басталып, ал ойынының қай жерде аяқталатынын аңғару қиын: мүмкін, мейлі ол – атыз қопсыту, гүл отырғызу, қуыршағына көйлек тігу, себет тоқу, сурет салу, ұсталық ету немесе кітап түптеу т.б. секілді жұмыстар болсын – осының бәрі бала үшін шынайы еңбек болып есептеледі, олар осы іс-әрекеттерге рақаттана беріліп, сол үшін кәдімгідей күйіп-піседі, ойын-еңбегі жолында қиындықтан қашпай, қайта төзімділік танытады. Осының өзі адам табиғатының негізгі заңы еркін еңбек екендігін меңзейді…»

Алайда баланың бос уақыттағы іс-әрекеттері мен ойыны Ушинский үшін басқа сипаттағы жеке іс-әрекет ретінде ойынмен сәйкес келмейтін құбылыс болып көрінеді.

Міне, осындай қасиеттермен сапаның ұштасуы әрбір баланың бойынан өзіндік ерекшеліктерді аңғаруға мүмкіндік береді. Біз мұнымен күнделікті тәрбие тәжрибесінде ұшырасып отырамыз. Кейбір балалардың бойындағы осындай еңбек және ойын элементтері көп уақытқа созылмай дұрыс қалыптасып кетеді, ал екінші бір балаларда – ойындағы мінез құлқының дамығаны сондай, тіпті оны қалыпқа келтіру үшін кәдімгідей тәрбиелік ықпал жасауға, күш салуымызға тура келеді.

Е.И.Тихееваның мектеп жасына дейінгі тәрбиеде ойынның еңбекпен тікелей байланысты болуын қолдайтын тәжірибесі біздің тұсымызға таяу келеді. Оның: «Ойын – еңбек, еңбек – ойын» формуласы белгілі. Ойын мен еңбектің өзара байланысын осы тұрғыда түсінетін Е.И.Тихеева балабақшадағы педагогикалық процестің құрылымына өзіндік үлес қосты. Алайда, Е.И.Тихееваның әдісі бойынша оқытуды қарастырғанда оның ойын-еңбек принципі негізінде жүргізген жөн. Е.И.Тихееваның тәжірибесі бойынша мұның бәрі еңбек сипатына қойылатын талап деңгейінде болуын қадағалайды.

Ойынның еңбекпен бұл секілді байланысы жасанды болып табылады. Е.И.Тихееваның көпшілікке танымал осынау жүйесін практика қабылдай қоймағаны, еңбек пен ойынның тап осындай байланысының дамымағаны кездейсоқ емес. Ойын тікелей еңбекке айналмайды, сондай-ақ ойын да тікелей еңбек бола алмайды.

А.С.Макаренко ойынның балалар дамуындағы рөлін айқын көрсетіп берді әрі оның еңбекпен диалектикалық байланысын ашып берді. Ол былай деп жазады: «Қайраткер және қызметкер ретіндегі әрбір жеке адамның бүкіл тарихы – ойынның дамуы және оның бірте-бірте еңбекке ұласуы сипатында көзге елестейді. Бұл өте баяу жүретін құбылыс. Бала сәби кезінен бастап ойынмен айналысады, оның еңбектену функциясы аса елеусіз, өзін-өзі күту шеңберінен шыға алмайды, өз бетінше тамақтана бастайды. Көрпесін қымтанады, шалбарын киеді. Бірақ осы іс-әрекеттің өзіне ол көптеген ойын элементін енгізеді».

Балабақшадағы бала өмірін дұрыс ұйымдастыру баланың еңбек етуіне ауадай қажет өміршең әдет-дағдыларды меңгертеді. Бұл еңбек пе әлде ойын ба? Мұндай іс-әрекет орындалуы бойынша, сөз жоқ, еңбек, бірақ бұл іс-әрекеттің орындалу процесі ойындық сипат алуы мүмкін. Осы ойын мотивін бұзып алмай, оны еңбекке икемдеу, ал кейбір жағдайда еңбектің өзін ойынға бір табан жақындата түсу жетекшінің негізгі міндеті болуы тиіс.

Балалар еңбегінің тағы бір маңызды қайнар көзі – баланың ересек адамдардың еңбегіне еліктеуі. Бұл ұмтылыс олардың ойынынан аңғарылады. Балалар тамақ әзірлеу үстіндегі өз аналарына ұқсауға тырысады, мысалы мұғалім, тәрбиеші, ұшқыш т.б. Бірақ балаларды еңбекке тәрбиелеуде ойын кезіндегі еліктеулері жеткіліксіз. Баланы айналадағы дүниенің талабына сай келетін еңбек сипатындағы іс-әрекеттке бейімдеу қажет. Мәселен, олар: табиғат мүйісіндегі өсімдіктер мен жануарларды баптап-күтуге, көктемде көкініс отырғызу үшін атызды қопсытуға, шыршаға ойыншық әзірлеуге тағы басқа осы секілді өздеріне лайықты жұмыс түрлеріне белсене қатысулары керек.

Бала еңбегін зерттеу барысында анықталғандай мектеп жасына дейінгі балалар өз еңбектеріне ойын элементтерін жиі әрі құлшына қосып отыратын көрінеді. Осынау фактілермен өмірде күнделікті кездесіп отырамыз. Ендеше, осыны мектепке дейінгі жастағы балаларды еңбекке баулуда әрдайым ескерген жөн. Ойынға ойын элементтерін енгізе отырып, балаларға тәрбиелік ықпалдың тиімділігін арттыруға, ойын көмегімен балалар тарапынан байқалған олардың еңбекке деген құлшынысын дамытуға және нығайтуға болады. Балалар орындайтын еңбек міндеттері олардың бойында белгілі бір өзіндік қасиетті тәрбиелейді, балаларда міндеттерін беріле атқаруға, тапсырылған істі жауапкершілікпен атқаруға деген сезімдері пайда болады, өз беттерінше еңбек ету қабілеттері дамиды.

Мектеп жасына дейінгі балалардың еңбек тәрбиесінің негізгі міндеті сәбилік шақтан бастап оларды қарапайым еңбек дағдыларына баулу және балалардың  еңбекке дұрыс көзқарасын қалыптастыру. Еңбек тәрбиесі қоғам мүддесі үшін еңбек ететін жан-жақты дамыған адам даярлау мақсатында бағытталады. Күнделікті тәрбиеде саяси-идеялық, адамгершілік, еңбек тәрбиелерін қисынды бірлікте жүргізе отырып, тәрбиенің өзге салаларын да іске асыру міндеті қойылады.

Н.К.Крупская мен А.С.Макаренко баланың мінез-құлқындағы еңбекке бағыт алу мектептен көп бұрын, отбасы мен балабақшада тәрбиеленуі тиіс деп есептеген. Бала ойластырып ұйымдастырылған еңбек тәрбиесі арқылы дұрыс әрекет жасап, қоршаған орта жайында алғашқы мағұлматтар алып, айналадағының бәріне қызыға қарайды, еңбекті жақсы көруге әдеттенеді. Еңбек балалардың жауапкершілік сезімін тәрбиелеумен қатар анализаторын (көру, есту, түйсіну, сезіну, иіс, дәм) дамытуға мәнді ықпал етеді. Тәрбиеші ұйымдастырған еңбек әрекетінде үлкендердің сөзі, өнегесі еңбекпен ұштастырылып, ол баланың білімі мен іскерлігінің терең, дәл, дұрыс болуына ықпал етеді. Ересек адамдар балаларға еңбектің мәнін түсіндіріп, іс-әрекетке бағыттайды, көрсетеді, үйретеді, ақыл-кеңес беріп көмектеседі.Әсіресе балаларды адамгершілікке тәрбиелеуде еңбектің ролі ерекше. Баланың жас ерекшелігін,қызығушылығын ескеріп ұйымдастырылған еңбек оларда сезімтал көңіл күй, терең тебіреніс тудырып, еңбекке дұрыс қарым-қатынасты қалыптастырудың алғашқы нышандарын сездіреді. Еңбек барысындағы тебіреніс өзге адамдарға деген жақсы қарым-қатынасты, көпшілдік сезімнің алғышартын қалайды. Отбасында, балабақшада дұрыс ұйымдастырылған еңбек баланың мінез-құлқының моральдық жағымен қатар ерік-жігер, мақсаттылық, табандылық сияқты адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеп, еңбекке күш жұмсау дағдысын қалыптастырады.Еңбек барысында тапсырылған жұмыстың қажеттілігін, мәнділігін түсіну баланың еңбекке қызығушылығын дамытып, еңбегінің нәтижесінен рухани нәр алу, қанағаттану, жауапкершілік сезімін тудырады. Ал мәнін түсінбеген еңбек оларды қызықтырмайды. Сөйтіп, сәбилік және мектепке дейінгі шақтағы еңбек барысында баланы жан-жақты дамытудың, еңбекке деген дұрыс көзқарасын қалыптастырудың негізі қаланады.

Мектеп жасына дейінгі кезеңде өзіндік ерекшілігі – оның ойынмен тығыз байланыстылығы. Олардың ойыны мен еңбегінің арасын ажырату қиын, өйткені алғашқы еңбек әрекетінің қарапайым элементі ойыннан басталады. Еңбекте жаңа заттармен, құбылыстармен кездеседі, оларды танып біледі, соның нәтижесінде алғашқы қанағаттану сезімі пайда болады.

Балалардың бәрі баланың күш жұмсап, еңбектенуін талап етеді. Осы іс-әрекетке жаттығу баланың бұлшықеті мен жүйкесінің дамуына, бұлшықет қимылдарының үйлесуіне, белгілі бір дағдының қалыптасуына мүмкіндік тудырады.

Еңбекті пайдалану. Еңбек балалар бақшасында жер учаскесіндегі және табиғат мүйістеріндегі, кейде сабақтардағы өсімдіктер мен жануарларды күнделікті күтуде қолданылады. Бірақ балалардың еңбегін өз мақсатына айналдырып қолдануға болмайды. Қандай да болмасын бір еңбектік дағдыға тәрбиелей отырып, табиғат жөніндегі білімдерді бір мезгілде кеңейте және бекіте түскен жөн. Сөйтіп, мысалы, егудің алдында балалар дәндерді (формасын, көлемін, түсін) қарап шығуға, сағақты отырғызу алдында өсімдік бөліктерінің атын (сабағын, жапырақтарын, гүлдерін) атауды қайталауға тиіс.

Балалардың істелген істің мәнін, оның мақсатын жете түсінуі үшін, оларды еңбекке, талап қоюға деген саналы көзқарасқа тәрбиелеу қажет. Балалардың қандайда да болмасын бір әдісті меңгеріп қана қоймай, оның неліктен керек екендігін де түсінгендері өте маңызды. Сондықтан дәндерді себуді, сағақтарды отырғызуды, аквариумге суды үстеп құюды және басқа да еңбек операцияларын көрсете отырып, оларды түсініктер арқылы толықтыру өте – мөте қажет.

Егер балалардың бүкіл іс – әрекетін қандайда болмасын бір механикалық операцияларды жасауға апарып тіресек, онда олардың нәтижелері тиімді бола тұрса да, еңбек өзінің тәрбиелік – білімділік құнын жояды. Кез келген еңбектік әдісті тәрбиеші түсіндіруге және өзі жасап көрсетуге тиіс, содан кейін оны естияр топтың екі-үш және ересек топ пен мектепке даярлық топтың бір немесе екі баласы қайталайды. Тек осыдан кейін ғана әдісті бүкіл топтың балалары орындауын ұсынуға болады. Бір әдісті үнемі қайталап қолдану – еңбек дағдыларының пайда болуын қамтамасыз етеді .

Балаларды еңбеке үйретуде қолданылатын әдістерге – үлкен адамдардың еңбегімен, тәрбиешінің өзінің үлкен еңбек үлгісімен танысу, балаларға әр түрлі еңбектік операцияларды тапсыру және олардың орындалуын тексеру, тәрбиешінің және бүкіл топтың істеген жұмысына баға беру жатады.

Гүл өсірсең терлеп,
Бұның аты – еңбек.
Кесте тіксең зерлеп,
Бұның аты – еңбек.
Қиындықтың бәрін
Еңбек қана жеңбек,- деген өлең жолдарымен бүгінгі баяндаманы қорытындылай отырып,  болашақ біздің ізбасарларымыз жас жеткіншектерге «Еңбек түбі – береке», «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» екенін айтқым келеді.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *