Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады

Аяпбергенова Гүлнәзия Қадыржанқызы

Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау — әр мұғалімнің борышы. Ол — өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам.Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге себін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын — еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру»,- деген тұжырым жасады. Ол үшін бүгінгі оқу үрдісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. «Педагогтік шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нәтижесі. Мұғалім шеберлігі жайлы жазылған дайын қағида жоқ, болуы да мүмкін емес. Барлығы да өзімізге байланысты»,- дейді .  «Мұғалім  мамандығы – барлық  мамандықтың  анасы»  деп  қалай  дәл  тауып  айтқан. Ұстаз  алдынан  тәрбие  алмайтын  жан  жоқ. Ұстаз  берген  тәрбие  әрбір  жанның  өміріне  жол  сілтер  шамшырақ  болары  анық. Ғылым  иесі  ғалым  да,  ел  қорғаған  батыр  да, тілінен  бал  тамған ақын  да,  тегеуріні   темір   балқытқан   жұмысшы  да, егін  салған диқан да, мал  бағып   терін   төккен  шопан  да, көк  күмбезінен  әрі  өткен ғарышкер  де  бәрі — бәрі  ұстаздан  білім,  тәлім  алған,  сондықтан ұлағатты  ұстаздарға  бүкіл  адам баласы  құрметпен  бас  иеді.Қиындығы  да, қызығы  да  жетерлік, ең  бастысы  —  жауапкершілігі   жоғары  мамандықтың  бірі  ұстаздық  ету  екені  ақиқат. Өйткені  бұл  мамандық  иелерінің  мойнына  ешнәрседен  хабары  жоқ, мыңдаған  тарыдай   ғана   бүлдіршіндердің   бойына  білім  нәрін  сеуіп, тәрбие  ұрығын  егіп,  таудай  азамат  етіп  шығару  міндеті  жүктелген. Сондықтан  басқа  мамандық  иелерінің  баршасы да  ұстаздарға борыштар деп  ойлаймын.

Менің мамандығым – қазақ  тілі және қазақ әдебиеті мұғалімі.Бала кезімнен мұғалім  болуды армандаған едім. Осы мамандыққа деген қызығушылығымды  өзімнің ұстаздарым қазақ  тілі мұғалімі Зылиха Қияшқызы және физика пәні  мұғалімі Мақсұтқан Тәрмәзіұлы арттырды.  Бұл  мамандықты таңдаудағы себебім, ол өте қызықты мамандық:сені балалар жақсы көреді және сенен әрдайым қандай да бір жаңа нәрселер күтеді ал мен болсам олардың өмірімен бірге өмір сүремін,табыстарына қоса қуанамын. Мен жаһандану теңізіне желкенін жайған мемлекетіміздің ертеңгі алға бастайтын мықты ескегі болатын мектеп оқушыларын тәрбиелеумен оқу-білім қайнарымен сусындататын осынау абыройлы мамандығымды мақтан тұтамын. Бала тәрбиесімен айналысатын әрбір педагогтің алға қойған мақсат-міндеті мен педагогикалық ұстанымы болуы керек.Менің өмірдегі ұстанымым-жүрек қалауымен таңдаған жұмысыма жауапкершілікпен қарау.Мұғалім болу жай ғана мамандық емес.Ол-адам бағдарын жасаушы,келешек ұрпақтың сәулетшісі. Мен мектепте он сегіз жыл еңбек етудемін, бұл еңбектен ешбір жалыққан емеспін. Өйткені менің оқушыларға арнаған осы уақытымды өмірімдегі ең бір бағалы уақытым, бақытты кездерім деп айта аламын. Оқушылармен болған әрбір уақытым мені жаңа бір әлемге жетелегендей. Әрдайым балалардың маған деген ықыласын, маған ұмтылған үмітке толы көздерін, не нәрсені білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын. Менің  түсінігімдегі  ұстаз – рухы  таза,  ой – өрісі  биік,  ұлты  мен Отанының  болашағы  үшін  тер  төгіп,  шыдамдылық  пен  та­бандылықтың  үлгісін  көрсетуші,  өз  бойындағы  асыл  қасиеттері  мен білімін  болашақ  ұрпақтың  бақыты  мен  кәдесіне  жаратып,  қоғамды өрге  өркендетуші,  жа­ңа­шылдықтың  бастаушысы,  жү­ре­гі – жылы,  көңілі – дарқан  адам.Ұстаздан  дәріс  алмаған  адам  қазір  жер  бетінде  жоқ  десе  де болар.  Бұл  мамандық  содан  да  киелі.  Жан – Жак  Руссоның  «Ұстаз  болу  –  өз  уақытыңды  аямау,  бас­қаның  бақытын  аялау»  деген  нақыл  сөзі жаныма  өте  жақын.Ұстаз  білгенін  үйретуші  ғана  емес,  тұла  бойы  тұнған  өнеге,  ақ  тілеулі  ана  тәрізді  барлық  адам­ның  бойынан  жақсылық  іздейтін  ізгі  ниет  иесі.  Шәкірті  өзінен  оз­ған  ұстаз  – еңбегі  ақталған  ұстаз.  Өйткені, өмірдің заңы даму, ілгерілеу, озу. Өзінен озған шәкірт тәрбиелейтін  шебер  ұстаз   үз­дік­сіз  ізденісте  болып,  қоғам  сұ­ра­нысына  сай  білімді, шығарма­шыл, өзін – өзі  дамытып,  жетілдіре  алатын  болуы қажет  деп  ой­лай­мын.  Мен  ұстаздықтың  ауыр  жү­гін  арқалауды  өз  жүрегімнің қа­лауымен таңдадым. Маман ұс­таз ретіндегі негізгі ұстанымым: ба­ланы тұлға деп тану, оның  пікірімен  санасу,  оқушының кішкентай  қуанышын,  табысын  ба­ғалай  білу. Елбасы Н.Назарбаев  «Болашақта  еңбек  ет­іп,  өмір  сүретіндер  – бүгінгі  мектеп оқушылары,  мұғалім  оларды  қалай  тәрбиелесе,  Қазақстан  сол  деңгейде болады.  Сондықтан  ұс­тазға  жүктелетін  міндет  ауыр» – деген  еді.  Біз  осы  сөзге  сай  болуымыз  керек.

Сөзімді қорытындылай келе,мұғалім мамандығымды шексіз мақтан тұтатынымды және осы таңдаған жауапкершілігі мол қызмет жолында бар білімім мен тәжірибемді аямайтынымды,қалтқысыз еңбек ететінімді айтқым келеді.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *