Сұлтанбек Қожановтың ағартушылық қызметі

Автор: Режебаева Жазира Жалол қизи
Жетекші: Кенжеғалиев Жарас Мақанұлы

Ж.Ж.Режабаева
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Қазақстан
Жетекші: аға оқытушы Кенжеғалиев Ж.М.
Сұлтанбек Қожановтың ағартушылық қызметі
Аңдатпа: Бұл мақалада ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы ағартушылық идеялардың қалыптасуындағы Сұлтанбек Қожановтың рөлі кеңінен талданады. Автор оның ұстаздық жолының басталуы, Ташкент мұғалімдер семинариясында алған білімі, педагогикалық курстар мен училищелерді ұйымдастыруға қосқан үлесі, ұлттық мектептерді қалыптастырудағы рөлі жөнінде тың деректермен баяндайды. Сонымен қатар, білім беру ісіндегі ұстанымдары, ана тіліндегі бастауыш оқыту, мұғалім даярлау, оқу құралдарын жазу, халыққа білімді насихаттау бағытындағы еңбектері жүйелі түрде талданады. Мақалада Қожановтың ағартушылық идеялары мен қызметі ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы білім беру саясатының дамуы аясында қарастырылады.
Кілт сөздер: Сұлтанбек Қожанов, ағартушылық қызмет, ұлт мектебі, мұғалім дайындау, педагогикалық курс, оқу-ағарту, бастауыш білім, ана тілі, оқу құралдары, ХХ ғасырдағы білім беру.
Сұлтанбек Қожанов 1884 жылы 10 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданына қарасты Ақсүмбе ауылында дүниеге келген. Ол қарапайым малшы Қожанның отбасында тәрбиеленіп, балалық шағы Қаратау баурайында өтті. Отбасының тұңғышы болған Сұлтанбек бала кезінен зеректігімен көзге түсті.
1895 жылдан бастап Ресей империясы Түркістан өлкесінде болашақ әкімшілік қызметкерлерді даярлау мақсатында орыс-түземдік мектептерін аша бастайды. Осы кезде еті тірі, алғыр Сұлтанбек оқу үшін Түркістан қаласына жіберіледі. Орыс тілін мүлде білмегенімен, мектеп қабырғасында жақсы оқып, қосымша етікшінің көмекшісі болып жұмыс істейді. Қиындықтарға қарамастан, білімге деген құштарлығы мен табандылығы арқасында оқуын табысты жалғастырып, қатарластарынан қалмайды.
Ол оқыған мектепте өзінің қолтаңбасын қалдырған, бұл жәдігер бүгінде мұражайда сақтаулы. Мектепті тәмамдаған соң, үш сыныптық қалалық кәсіптік училищеде білімін жалғастырып, оны да сәтті аяқтайды.
Білімге ерте жасынан ынтық Сұлтанбек тек орысша ғана емес, арабша хат танып, шығысша сауат ашқан. Кей деректерге сүйенсек, ол алдымен төрт жылдық орыс-қазақ мектебінде оқыған. Ал өз қолымен толтырған анкетасында 1913 жылы үш кластық училищені тәмамдағаны көрсетілген.
Оқу барысында ерекше қабілетімен көзге түсіп, мұғалімдердің ықыласына ие болды. Олар дарынды шәкіртке: «Сенің бойыңда өзгелерге ұқсамайтын табиғи қабілет бар. Сонымен оқуыңды тежеме. Мұнан әрі жалғастыр» – деп ақыл қосқан [1, 47 б.].
Үш кластық училищені аяқтаған соң, Сұлтанбек Қожанов Ташкенттегі мұғалімдер семинариясына оқуға түсіп, ұстаз болуды мақсат етті. Бұл жолды ол ауылдағы сауатсыздықты жоюдың тиімді жолы деп санады. Семинарияда оқи жүріп, Маркс, Энгельс, Гегель сынды ойшылдардың еңбектерімен танысып, саяси көзқарастары қалыптаса бастайды. Ташкент зиялыларының арасында жүріп, пікірталастарға қатысып, «Кеңес» атты жасырын мұғалімдер ұйымының жұмысына араласады.
Қожанов ауылдағы оқу-ағарту ісінің артта қалғанын байқап, елге қайтып, мектеп ашу ісіне белсене араласады. Ұлтына деген жанашырлығымен ағартушылық жолына нақты қадам жасап, халыққа білім беруді өмірлік мұратына айналдырады.
Мұғалімдер семинариясын үздік тәмамдап, мақтау қағазымен бітірген соң, Сұлтанбек 1917 жылдың ақпан айында алғашқы еңбек жолын Ферғана уезіндегі «Айым» ауылында мұғалім ретінде бастайды. Бұл өңірді таңдауы – қазақ халқы тығыз орналасқан аймақ болғандығымен байланысты. 1897 жылғы санақ деректеріне сәйкес, мұнда 374 мыңға жуық қазақ өмір сүрген [2, 124 б.].
Алайда бұл қызметі ұзаққа созылмайды. Ақпан төңкерісінің дүмпуі Түркістанға жеткен соң, қоғамдық-саяси өзгерістерге бейжай қарамаған Сұлтанбек белсенді саяси қызметке араласып кетеді. «Айымдағы» ұстаздық қызметі небәрі 2–3 аймен шектеледі. Кейін Ташкентке оралып, 1917 жылдың күзінде «Бірлік туы» газетінің редакция жұмысына қатысады.
Ол 1918 жылдың сәуіріне дейін газет редакторы ретінде қызмет атқарып, Түркістанның тәуелсіздігін жақтап, ұлт мүддесін қорғауда сөз майданында белсенділік танытады. Қоқан автономиясының құрылуы мен күйреуін де осы басылыммен байланыстыра отырып жариялап отырған.
Ташкенттегі педагогикалық оқу орнында сабақ бере жүріп, қоғамдық ұйымдастырушылық істермен де белсенді айналысты. Қазақ жастарын оқыту мақсатында ұлттық педагогикалық институт құруға атсалысып, алғашқы 300 мұғалімнің даярлануына үлес қосты.
Сұлтанбек Қожановтың қызметі – 1919–1924 жылдар аралығында қарқынды дамыды. Алдымен Түркістанға оралып, уездік оқу бөлімінде жұмыс істеді. Кеңестердің уездік съезін басқарып, уезд атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1920 жылы БК(б)П қатарына қабылданып, партия органдарында жауапты қызметтер атқарды. Сырдария облыстық партия конференциясында обком мүшелігіне сайланып, кейін ревком төрағасы ретінде өңірлік басқару ісіне белсене араласты [3, 38 б.].
Сонымен қатар, қоғамдық жұмыс арасында білімін жалғастыруды да назардан тыс қалдырмайды. Бұл оның 1917 жылы 16 қыркүйекте Ташкенттегі мұғалімдер институтының директорына жолдаған өтінішінен аңғарылады: «Сіздің басшылығыңыздағы Мұғалімдер Институтында оқу тілегіме байланысты, мені бірінші курсқа қабылдауыңызды сұраймын. Құжаттарымды қажет болып жатса, қосымша тапсырамын» [4, 179 б.].
Түркістан өлкесінде саяси жағдайдың ушығуы мен қазақ ауылдарын жайлаған аштық Сұлтанбек Қожановты Ташкенттегі мұғалімдер институтындағы оқуын аяқтамастан қоғамдық-саяси іске қайта араласуға мәжбүр етті. Ол «Бірлік туы» газетінің бетінде өзекті әлеуметтік ахуалды ашық көрсетіп, ел басындағы ауыр жағдайды былайша сипаттайды:
«Түркістан ауданының қазақтарының жайы күн санап төмендеп келіп, осы уақытта тым-ақ жаман болып тұр. Жұрт харап болуға айналды… Ақыры не болары белгісіз. Бұл бетпен бара берсе, Түркістанда қазақтан тұқым, ұрпақ қалуына көз жетпейді… Базарда жалғыз пұд та астық жоқ. Далада біреуді біреу талап, әлі келген тартып алып жеп жатыр дейді» [5, 14 б.].
Аталған дағдарысқа байланысты С.Қожанов «Бірлік туы» басылымының бастамасымен аштарға көмек көрсету комитетін ұйымдастырып, қоғамдық асханалар ашуға мұрындық болды [5, 36 б.]. Кейін бұл ісі Түркістан Кеңестік Республикасының құрамындағы аштықпен күрес жөніндегі Орталық комиссия шеңберінде жалғасын тапты.
1934 жылғы анкеталық дерекке сәйкес, Қожанов 1918 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін Түркістан қаласында ашыққандарды тамақтандыру орнын басқарды. Сонымен бірге, білім беру бөлімінде мұғалім әрі нұсқаушы ретінде де қызмет атқарды [6, 47 б.].
Бұл кезең – оның рухани күйзелісті бастан кешірген уақыты еді. Ұлттық саяси қайраткерлер шетке ысырылып, болашақ бұлыңғыр тартқан шақта Сұлтанбектің көңіл күйі «Қайтейін» атты өлеңінде көрініс тапты. Дегенмен, табиғи қажыр-қайраты мен ұстаздық миссиясына деген адалдығы оны еңсесін түсірмей, ағартушылық жолда қалуға жетеледі.
Кеңес өкіметінің сауатсыздықпен күрес бағытындағы бастамалары ұлт кадрларын дайындауға деген сұранысты күшейтті. Осы қажеттілік Сұлтанбекті Ташкенттегі Қырғыз (Қазақ) педагогикалық училищесіне оралуға итермеледі. Бұл шешім оның ағартушылық жолындағы берік ұстанымының нәтижесі болатын.
Ташкент қаласында алғашқы қазақ оқу орындарының ашылуы тарихи қажеттіліктен туындады. 1917 жылғы мәліметтерге сәйкес, Түркістан генерал-губернаторлығы аумағында 2 миллионнан астам қазақ өмір сүріп, бұл сол кездегі жалпы қазақ халқының жартысына жуығын құрады [7, 41 б.]. Осындай демографиялық жағдай мен қоғамдық-саяси ахуал көптеген қазақ зиялыларының Ташкентке шоғырлануына негіз болды.
Осы зиялылардың бастамасымен 1918 жылы 13 қыркүйекте Түркістан Халық Ағарту Комиссарының шешімімен Ташкент қаласында қазақ педагогикалық курстары ашылды. Курстар бұрынғы әскери гимназия ғимаратында, орыс педагогикалық училищесі жанынан ұйымдастырылды [8, 325 б.]. Алғашқы 30 тыңдаушыға сабақтар сол жылдың 20 қарашасында басталды.
Курстарға сабақ беру үшін қазақ даласының әр өңірінен білікті ұстаздар шақырылды: Перовскіден Қоңырқожа Қожықов, Хиуадан Әбділәзиз Байсейітов, Шымкенттен Сегізбай Айзунов. Оқу ісін ұйымдастыруға Иса Тоқтыбаев жетекшілік етті. Сонымен қатар, Сұлтанбек Қожанов, Садық Өтегенов, Хайретдин Болғанбаев, Райхан Лапина, Сара Есова, Жағыпар Лапин, Тәңірберген Отарбаев және басқа да тұлғалар білім беру ісіне белсенді қатысты [9].
1918 жылғы 2 желтоқсанда курстардың коллегиясы құрылып, Иса Тоқтыбаев төраға және уақытша меңгеруші болып тағайындалды. Коллегия құрамына Сұлтанбек Қожанов, Хайретдин Болғанбаев, Қоңырқожа Қожықов, Емберген Табынбаев пен Фазыл Құлтасов енді. Олар тыңдаушыларға түрлі пәндерден дәріс оқыды: И.Тоқтыбаев – география, Қ.Қожықов – математика, Х.Болғанбаев пен С.Қожанов – ана тілі, С.Табынбаев – педагогика, С.Өтегенов – орыс тілі, Р.Лапина – бейнелеу өнері, Д.Лапин – тәрбие жұмысы [8, 84 б.].
Бұл курстар Сұлтанбек Қожановтың ағартушылық қызметінің жаңа белесі болды. Ол жас ұрпаққа білім беру арқылы ұлттық кадрларды дайындауға нақты үлес қосып, елдің мәдени-рухани іргетасын нығайтуға бағытталған ірі ағартушылық іске белсене атсалысты.
1919 жылы өлкеде міндетті бастауыш білім беруді кең көлемде енгізу қажеттілігі туындаған шақта, бұрынғы қазақ педагогикалық курстары жеткіліксіз бола бастады. Осы негізде 1919 жылғы 1 шілдеде Ташкент қаласында қазақ педагогикалық училищесі құрылды. Бұл білім ошағы – ұлттық кадрларды даярлауға бағытталған алғашқы жүйелі оқу орнының бірі болды.
1919 жылдың қарашасынан бастап Ташкенттегі педагогикалық училищеде, қысқа мерзімді курстарда дәріс берді. Сонымен қатар өлкелік партия комитетіне қазақ халқына арналған білім институтын ашу туралы нақты ұсыныстар жолдады. Сол жылы Сырдария облысының алты уезіне орталық болған Түркістан қаласына уездік оқу бөліміне қызметке жіберіліп, мектептердегі оқу процесін жаңғыртуға басымдық берді.
Туған өлкесіне оралған соң, Сұлтанбек Қожанов жергілікті оқу орындарының сапасын көтеруге бар күшін салды. Ол Ташкенттегі оқу орнын тәмамдаған бірқатар мұғалімдерді Түркістанға алдыруға ұмтылып, мектептерді білікті кадрлармен қамтамасыз етуге белсенді кірісті.
Білімнің – ұлттың дамуы мен тәуелсіздігінің басты тірегі екенін терең түсінген Қожанов Созақ, Сайрам, Жаңақорған, Шиелі, Қызылқұм секілді елді-мекендерде ағарту жұмыстарының ұйымдастырушысы болды. Ауылдарға арнайы насихатшылар тобын жіберіп, халық арасында жаңа заманның ағымын түсіндіруге, әсіресе қыз балаларды мектепке тартуға күш салды. Себебі ауылдарда орысша оқуға қарсылық пен қыз балалардың білім алуына тосқауыл қою әлі де кең таралған көзқарас еді.
Сұлтанбек Қожановтың ұйымдастырушылық қабілеті мен қажырлы еңбегінің нәтижесінде Түркістан өңіріндегі көптеген елдімекендерде жаңа мектептер ашылып, білім беру ісі жандана түсті. Бір жылдың ішінде орыс-түзем мектептеріндегі оқушылар саны айтарлықтай артты. Білімге құштар қазақ қыздарына оқу мүмкіндігі туғызылып, бұл – дәуір үшін елеулі жаңалық болды.
Педагог әрі басқарушы ретінде шыңдала түскен Қожанов өзіне жүктелген міндеттердің барлығына жауапкершілікпен қарап, партия басшылығының назарына іліге бастады [4, 172 б.]. Түркістан қаласындағы халық ағарту бөлімінің инспекторы ретінде де ол ұлттық мұғалім кадрларды даярлау ісіне белсенді араласты.
1921–1922 жылдары Сұлтанбек Қожанов Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Ағарту халық комиссары қызметін атқарды. Бұл кезеңде ағарту саласы күрделі жағдайға тап болды. Жаңа экономикалық саясаттың қысымы, кадр тапшылығы және ұйымдастырушылық олқылықтар білім беру ісінің баяу дамуына себеп болды.
Қожанов ағарту саласының шынайы ахуалын былай сипаттайды: «Халыққа жалпы бастауыш, орта білім беру, жоғары оқу орындарында білікті мамандар даярлау ісіне кеңес жылдарында сандық ілгерілеу болғанымен, әлі де алмаған асулар жетіп артылады… Ұлт мектептерінің қазіргі жағдайы мақтанарлық деуге келмейді» [10, 32 б.].Сұлтанбек Қожанов осы тарихи мүмкіндікті ұлт мүддесіне жарата білген бірегей ағартушы ретінде көрінді. Оның ағарту жолындағы қызметі тек білім беру емес, ұлтты ұйыстыру, сананы жаңғырту, болашаққа бағыт беру секілді миссиялармен ұштасып жатты.
Қоғамдық-саяси қызметпен қатар жүріп, Сұлтанбек 1920–1925 жылдары мерзімді басылымдарда жиі мақала жариялаған. Бұл жылдар – оның публицистикалық ойлары мен білім беру саласына қатысты көзқарастары жүйеленіп, кең қауымға ұсынылған уақыт еді [4, 7 б.].
Ол өз көзқарастарын «Ақ жол», «Жас қайрат», «Еңбекші қазақ» газеттері мен «Қызыл Қазақстан» журналы беттерінде жариялап отырды. «Ақ жол» газетінде жарық көрген «Аз күн» (Ленин жөнінде), «Жас буын жаңа жұрт – жаңа жолға түсіңіздер», «Міндет ауырлады, шығу керек», «Қазақстан мен Қырғызстан ынтымақта болсын», «Ұлт мәселесі – іс мәселесі» секілді мақалаларында ол ұлттық мәселелерді терең қозғап, қоғамдағы өзекті өзгерістерге белсенді үн қосып отырды [11, 3 б.].
1925 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының №2 санында жарияланған «Жалаң ұрандардан іске өту керек» атты мақаласы – оның өткір әлеуметтік-педагогикалық публицистикасының жарқын үлгісі. Бұл мақалада Қожанов қазақ қоғамындағы рулық тартыс пен басқарудағы жауапкершіліксіздікке ашық сын айтып, нақты іске көшу қажеттігін көтереді. Ол жастарға ерекше сенім артып, ел болашағының кілті – жаңа буынның қолында екенін анық айқындайды.
Сондай-ақ, «Жас қайрат» журналының 1925 жылғы 4-қазан нөмірінде жарық көрген «Жастар тәрбиесі еңбек жұртшылығына сүйенсек» атты мақаласында жастарды социалистік қоғамның белсенді тірегі ретінде көріп, олардың қоғамдық рөлін нақтылап көрсетеді [12].
Ол қысқа ғұмырының ішінде екі маңызды еңбегін баспа жүзінде қалдырды. Алғашқысы – 1924 жылы Ташкентте «Есеп тану құралы» атты оқулықты қазақ тілінде араб графикасымен бастырып шығарды. Бұл – сол кезеңдегі бастауыш мектеп бағдарламасына сай, төрт амалға негізделген алғашқы арифметика оқулығы болды [13, 10 б.].
Бұл құрал – кеңестік мектептерде қолданылған Зинченко оқулығының аудармасы болғанымен, Қожанов оны жергілікті жағдайға икемдеп, қазақ өміріне тән өлшемдер мен мысалдармен байытты. Осылайша, ол тек тілдік бейімдеуді емес, мәдени бейімдеуді де іске асырды – бұл оның педагог-реформатор ретіндегі даралығын дәлелдейді. Екінші еңбегі – «Кеңестік Түркістан автономиясының 10 жылдығына» арналған 1929 жылғы шағын кітапшасы. Бұл еңбектер – оның педагогикалық көзқарасының нәтижесі әрі ағартушылық жолдағы табанды ізденісінің дәлелі.
Білімсіз қоғам – тәуелсіз ел бола алмайтынын терең түсінген қайраткер ағартушылықты ұлтты өркениетке жеткізетін негізгі күш деп білді. Ол елдің әлеуметтік, экономикалық және мәдени жағынан өзге ұлттардан кейін қалмауы үшін, ең алдымен оқу-ағарту ісін күшейту қажет екенін үнемі алға тартты.
Сұлтанбек Қожанов осы бағытта бірқатар маңызды мақалалар жазды: «Халық ағарту – оқу майданына күшті аудару керек» (1922), «Келешектің иесі – жастар, керектің үлкені – оқу» (1922), «Қырғыз-қазақ арасында халық ағарту жұмысы» (1923), «Соқырдың тілегені – екі көзі» (1923), «Қырғыз-қазақ институты һәм мектеп жұмысы» (1924), «Жас буын, жаңа жұрт жаңа жолға түсісін!» (1924), «Тағы да атқамінерлер пайдаланып келетін болады» (1924), «Оқытушыларды ескеру керек» (1924).
Ол қандай қызмет атқарса да ел тағдыры мен ағартушылық ісін қатар қойып қарастырды. Өз қолымен толтырған анкеталарында негізгі мамандығын үнемі «педагог» деп көрсетуі – оның өмірлік ұстанымының дәлелі [13, 98 б.].
Сұлтанбек Қожановтың білім беру тақырыбындағы терең толғаныстары тек бірді-екілі басылыммен шектелмей, түрлі газеттер мен журнал беттерінде тұрақты жарияланып отырды. Оның мақалалары «Ақ жол», «Тілші», «Кедей еркі», «Еңбекші қазақ», «Советская степь», «Правда Востока» сынды басылымдарда, сондай-ақ «Шолпан» және «Сана» журналдарында жарық көріп тұрды.
Қожанов халықты жаппай сауаттандыруда мұғалімнің орны айрықша екенін баса айтты. Ол қазақ мектептеріндегі маман тапшылығын білім беру ісіндегі ең үлкен кедергі деп санады: «Мәселенің ең қиыны – осы уақытқа шейін оқу жұмысында бар өмірді құртып келген мұғалімдердің жоқтығы… Семинарияны бітірген я болмаса басқа ретпен мұғалімдікке қатысқан азаматтар азғантай. Бірақ сол азғананың өзі оқу жұмысынан кетіп қалып отыр…» – деп жазды [10, 118 б.].
Ол кеңестік құрылым қалыптасу кезінде, мұғалімдер мен тілмаштардың билікке ұмтылуы салдарынан мектептер далада қалып қойғанын ашық сынға алды: «Тілмаштардың… үкіметтікке жайылып кетуі, мұғалімдердің де билікке таласуы салдарынан мектептер атымен ғана қалды…» – деп мәселенің мәнісін нақты көрсетті [10, 119 б.].
1923 жылы «Шолпан» журналының №4–5 сандарында жарияланған «Қырғыз-қазақ арасында халық ағарту жұмысы» атты мақаласы – Сұлтанбек Қожановтың ұлт мектебі мәселесіне арналған терең ғылыми-педагогикалық көзқарасының көрінісі. Мақала 1923 жылдың қаңтарында Түркістан КП ОК мәжілісінде жасаған баяндамасына негізделген. Мәжілісте бастауыш, орта және жоғары оқу орындарында оқытудың бірінші жылдары тек ана тілінде жүргізілуі керектігі жөнінде қаулы қабылданды.Қожанов бұл қаулының маңызын аша отырып: «Бір жұрттың жұрт болып сақталуы, жұртшылығын сақтай алуы, ана тіліне ие болып, ұлт мәдениеті арқылы ұлттар теңдігіне, ұлттар бірлігіне жетуі де ұлт мектептеріне байланысқан…» – деп атап көрсетті [10, 120 б.].
Ол қазақ халқына ең керегі – ана тіліндегі сапалы бастауыш білім екенін дәлелдеп, ұлт мектебі дегеніміз оқыту тілімен ерекшеленетін ұлттық білім беру құрылымы екенін тұжырымдады. Бұл мәселе – сол дәуірдің ғана емес, қазіргі заманның да өзекті тақырыптарының бірі болып қала бермек.
Сұлтанбек Қожанов ұлт мектебі мәселесін білім беру жүйесінің өзегі ретінде қарастырды. Ол оқыту тілінің маңыздылығына ерекше тоқталып, ана тілімен тәрбие беру – ұлттың болашағын қалыптастырудың алғышарты екенін дәлелдеді. Оның ұстанымы мынадай тұжырымнан көрініс табады:
«Әзірде қырғыз-қазақ халықының, ең болмағанда, бастауыш мектептері ана тілінде болуы керек… Тәрбие – орысша шүлдірде емес, жақсылыққа жаттығуда. Бұлар жас балаға ана тілінде, ұлт мектебінде табылады… Бастауыш ұлт мектебін жасау, жөндеп жасау, жергілікті қылып жасау һәм жас балалар ұлт мектебінен аттап өтіп, жат тілге түсіп, сарсаң болмайтындай ету керек» [10, 120 б.].
Қожанов бұл ойларын «Қырғыз-қазақ арасында халық ағарту жұмысы» атты мақаласында тиянақтап, бастауыш мектептің маңызын былай қорытады:
«Мәдениеттің түп қазығы, жұртшылықтың тірегі, бостандықтың шын құралы – бастауыш мектеп. Халық ағарту мәселесінің негізі де – бастауыш мектеп мәселесінде. Осыны ұмытпау керек» [10, 123 б.].
«Соқырдың тілегені – екі көзі» атты мақаласында ол қазақ халқының мектепке деген сұранысын нақты көрсетіп, көшпелі өмір салтына бейімделген мектеп формасын ұсынды. Ол мұғалімдердің елмен бірге көшіп-қонып оқытуына мүмкіндік беріп, мектепті қос ішінде, партасыз-ақ ұйымдастыруды ұсынды: «Көшпелі ел ішінде кеңес мектебі де «мұсылман мектебінің» жолын қууы керек. Мұғалім көшіп-қонып жүретін болсын. Қазақ қалай тұрса, мектеп те сол түрде болып, қос ішінде жерде оқытсын…» [10, 125 б.].
Ал жартылай көшпелі аймақтар үшін мектеп пен интернаттарды ел тұрақтайтын жерлерге салу қажеттігін көтерді. Отырықшы қоныстарда болса, Еуропалық үлгідегі мектептер ашу қажеттігін негіздеді [10, 127 б.].
Сонымен қатар, Қожанов мұғалімнің бейнесіне де терең мән берді. Ол сыртқы формасы «интеллигентке» ұқсап, бірақ елге пайдасы жоқ мамандарды сынап, шынайы мұғалім – халыққа қызмет ететін тұлға болу керек деді:
«Жақсы мұғалім табылмаған жерде табылғанын іске қосып, оқыта беруді салт қылу керек… Қырғыз-қазақ жас буынына идеал – халыққа пайдалы ұстаз болмақ» [10, 128 б.].
Ол ұлттық интеллигенцияны шеттетудің орнына, оларды ағартушылық бағытқа жұмылдырып, ұлт мүддесіне қызмет ету жолына біріктіре білді. Бұл – оның ұлтшыл қайраткер ретінде парасаттылығын дәлелдейтін маңызды көрсеткіш. Осы қызметіне Мұстафа Шоқай «Сұлтанбек Қожанұлы қар басының қамын ойламайтын, халық үшін қам жеп, еңіреп туған азамат еді» ,- деп жоғары баға берген [14, 6 б.].
Жергілікті партия ұйымы да оның ағарту және жер істері комиссариаттарын қатар басқарғанына оң баға беріп, оның іскерлігін, әділеттілігін және жауапкершілігін атап өтті.
Қожановты жергілікті большевиктер бұрынғы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысы бар «контрреволюционер», «меньшевик» деп айыптап, қысым көрсетті. Ұлт болашағы үшін қызмет еткен Қожановқа жабылған жалған айыптар тек 1958 жылдың 8 ақпанында ғана қайта қаралып, КСРО Жоғарғы сотының Әскери коллегиясы жаңадан табылған құжаттарға сүйене отырып, оны толық ақтады. Іс қылмыс құрамының болмауына байланысты жабылды [15, 89 б.].
Осылайша, Сұлтанбек Қожанов – кеңестік тоталитарлық жүйенің құрбаны бола тұра, ұлттық ағартушылық пен мемлекеттілік идеясының шынайы өкілі ретінде тарихта қалды. Ана тілінде білім беру, бастауыш мектептер желісін кеңейту, оқу құралдарын ана тіліне бейімдеу секілді идеялары қазіргі білім беру жүйесі үшін де өзектілігін жоймаған. Қожановтың ағартушылық қызметі – тек педагогикалық емес, қоғамдық жаңғыру мен ұлттың рухани тәуелсіздігіне бастайтын жолдың негізі болды. Сондықтан Сұлтанбек Қожановтың ағартушылық мұрасы бүгінгі тарихи-педагогикалық зерттеулерде әділ бағалануы тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Мұқанов С. Өмір мектебі. Есею жылдары. Үшінші кітап, — Алматы: Жазушы. 1970, — 475 б.
Тұрсұн Х.М. Алаш қозғалысы: Құжаттар мен материалдар жинағы. Алматы: «Ел-шежіре», 2011. – 408 б.
Шәріп А. Сұлтанбек Қожанұлы. Шығармалары. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2009, 352 б.
Әлмашұлы Ж. Сұлтанбек Қожанұлы. — Алматы: Жалын 1994, — 7 б.
Төреқұлов Н. Шығармалар: Дипломат / Құрастырған «Нәзір қорының» шығ. Тобының мүшелері Ы. Ысмайылұлы, С. Әшірбек, Қ. Бердияр ж.б. — Алматы: Қазақстан, 1997, — 336 б.
Турсунов Х. Национальная политика Коммунистической партии в Туркистане. – Ташкент: ААХ, 1971. — 26 с.
Шәріпов А. Сұлтанбек Қожанұлы — әдебиетші. – Алматы: «Ердәулет», Қазақстан, 1994, — 98 б.
Қойшыбаев Б. Жазықсыз жапа шеккендер. — Алматы: Қазақстан, 1990, 168 б.
Сарғожин Р. Ер тұлғасы – ел есінде // Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газеті, 1989, 2-қараша.
Әлмашұлы Ж. Сұлтанбек Қожанұлы (Түрмеде сөнген шырақ). – Алматы: Қазақстан, 1994, 128 б.
Тілеуқұлов С., Оразымбетов Ш., Қосанбаев С. Көрсетілген еңбек. – Түркістан: Ізденіс, 2001, — 20 б.
Агаревский Г.К. Киргизская интелегенция! Наша газета, №10, 1918, — 7б.
Әлиқызы Н. Аға есімі ұрпақ есінде. — Алматы: №4, 1998, — 3 б.
Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы: «Санат», 1995, — 368 б.
Агзамходжаев С. История Туркестанской автономии (Туркистон Мухторияти). — Ташкент: ИПО «Тошкент ислом университети», 2006. — 268 с.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх