Аударма ісі- биік өнер
Аударма дегеніміз тіл қызметінің бір түрі ретінде бір тілде айтылған ойларды басқа тілдің құралдарымен соған сәйкестікте немесе толық құндылықта беру процесі. Аударма ұлт пен ұлтты, мәдениет пен мәдениетті жақындастырудың басты рухани құралы ретінде барған сайын маңызын арттыруда. Аударманың айрықша қажеттілігін егемен еліміздің қоғамдық, мәдени өмірі, ғылымы барған сайын айқын сезінуде.
Аударма – қиын да күрделі, жауапты да маңызды, шығармашылық өнердің ең биігі. Талантты аудармашы әрі аударма зерттеушісі К. Чуковский аударманы “биік өнер” деп бағалаған. Шын мәнінде аударма қалыптасу кезеңінен бастап, бүгінгі күнге дейін адамзаттың арасындағы рухани, мәдени құндылықтарды бір-біріне жеткізуші, халықтар арасындағы шығармашылық өнерді дамытушы, жалғастырушы болып отыр.
Аудармашының еңбегі – тауқыметті тірлік. Азабы да мол, ауырлығы да зор. Және аудармашыға қажет қасиеттер көп – терең, жан-жақты білім, ақындық-жазушылық қабілет, үлкен шеберлік, талант, мол тәжірибе, екі немесе көптеген тілдерді жетік меңгеру, кәсіби мамандану және үздіксіз іздену, шығармашылық машықтану, шабыттану, елестету кеңдігі, түйсіну тереңдігі, сезімталдық даралығы, тіл байлығы. Сонымен қатар аудармашыларға қойылатын бірнеше талаптар бар. Мысалы:
-Аудармашылық жұмыста автордың ойлары мен эмоциясын іштей дұрыс жеткізу үшін шығармашылық қабілеті болу.
-Аудармашы әркез жекелеген сөздерді , немесе жекелеген құрылымдарды жеткізіп қоймауы қажет, автор ойларын, оның барлық қыр-сырларымен бере білуі керек.
-Аудармашы сөйлемдегі түйінді, негізгі ойды түсініп, аңғарып, біліп, сондай-ақ ең бастысы өзінің ана тілінің құралдарымен тиісті талапқа сай жеткізе білуі тиіс.
-Аудармашы тіл білімінің заңдылықтарын филологтан кем білмеуі қажет. Жақсы аудармашы болғанымен, аударма тілі нашар, қарабайыр, солғын жасалса, бұл – үлкен қателік. Сондықтан лигвистиканың бар заңдылықтарын жетік білу аудармашыларға өте маңызды.
Белгілі мәдениет-танушы ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, аудармашы М. Әуезов аударманың басты талабы ретінде “Біз әрбір аудармада шамасы келгенше жазушы атаулының барлығын сол өздік өз ерекшелігімен бұлжытпай, бұзбай дәл түсіріп аударып алуға міндеттіміз” (14т. 50 б.) – деп жазды. М.Әуезовтың көркем аудармалары – аударма үйренудің ең жақсы мектебі. 2022 жылы заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың 125 жылдық мерейтойының аталып өтілгені белгілі.
Жазушы шоқтығы биік туындылар жазумен бірге аударма саласында да елеулі туындылар қалдырды, аударманы зерттеу мен көркем аударма жасауды қатар алып жүрді. Л.Толстойдың «После бала» әңгімесін «Той тарқар», Дж.Лондонның «Бурый волк» әңгімесін «Қасқыр» деп аударып , ағылшын жазушысы В.Шекспирдің даңқын әлемге шығарған «Отелло», (Taming of the Shrew) «Асауға тұсау» драмаларын қазақ тілінде сөйлетті. М.Әуезов қазақ әдеби аударма сынының қалыптасуына, теориялық негіздерінің орнығуына да айтарлықтай еңбек сіңірді.
Аудармашы мамандығы – нағыз төзімділер, табандыларды таңдайтын, таланттылардың таланттысын таразылайтын үлкен өнер, ғажап шығармашылық іс. Осы орайда аудармашы мамандығының психология саласымен байланысына тоқталғым келіп отыр. Сөздер тілдерді, тілдер адам санасын, адам санасы болса мәтіндерді қалыптастырады. Бұл үдеріс тіл және тілдік өндіріс пен психологияның арасында жақын бір байланыстың бар екеніндігін нақтылайды. Әлемдегі клиникалық психологтар ең нәтижелі терапия «ана тілде» жасалатындығына сенімді. Сондықтан, мәтіндердің қалыптасуы – бір психологиялық үдеріс. Болашақ аудармашы, жалпы психология білімінен хабары болуы керек.
Жалпы аудармашылардың жұмысы оңай іс емес екендігін Ж.Эрбер «Переводчик – это чаще всего существо нервное, испытывающее в ходе выполнения своей профессиональной деятельности длительное, непрерывное и сильное умственное напряжение.» – деп айтып өткен. Осы орайда аудармашылардың ісі жұмыс барысында стресс туғызатындығын байқаймыз. Сонымен қатар психологтың дағдылары «Ауызша аудармашы» мамандығы бойынша жұмыс істейтіндер үшін де өте маңызды, себебі психологияны білу тыңдаушыларға айтылған ойларды дұрыс жеткізу олардың сөйлеу мәнмәтінін ескере отырып , әңгімелесушілермен дұрыс қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Аудармашылар синхронды аударма жасау барысында да стресске түсетіні анық, себебі аз уақыт ішінде белгілі бір тілден екінші тілге тез аударма жасау оңай шаруа емес. Осы орайда айта кететін ерекше жағдай, қара шаңырақ Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің базасында оқытылатын «Басқару психологиясы» пәнінің оқытушысы, психология ғылымдарының кандидаты, профессор Жубаназарова Назираш Сүлейменқызының жетекшілігімен филология факультеті, Аударма ісі мамандығының 1-курс магистранттарымен «Мамандығы бойынша кездескен түрлі кедергілерді шешу туралы зерттеулерді талдау арқылы психологиялық классификация құрастыру» тақырыбында зерттеулерге шолу жасалынып, талқыланды.
Қорыта келгенде, аударма ісі – үлкен ізденісті, уақытты, төзімділікті талап ететін, жауапкершілігі мол жұмыс. Аудармашы кез келген уақытта түпнұсқаның әр сөзіне сәйкес балама тауып жеткізу мүмкіндігін іздестіріп, ана тілде баламасы болмаған жағдайда соған мағынасы жақын сөздерді дәл табуға дағдылануы тиіс. Аудармашының тапқырлығы мен шешімділігі – тәжірибелілігі мен шеберлігінің кепілі. Сондай-ақ бұл мамандықтың психология саласымен тығыз байланысты екенін де байқадық.
Жубаназарова Н.С.
психология ғылымдарының кандидаты, профессор
Әбдіманап С.Н.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Тарақов Ә. Аударма әлемі: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2007.- 243 бет.
- Аударманың өзекті мәселелері // Құраст: С.Құлманов. – Алматы: «Palitra-Press» – 2015, 296 б.
- Аударматану және компаративистиканы оқыту мен зерттеудің өзекті мәселелері.Оқу әдістемелік мақалалар жинағы. – Алматы, 2017. -204бет.