Инклюзивті сыныптардағы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу және олардың оқуға деген қызығушылықтарын арттыру жолдары
Айтбаева Толғанай Айтбайқызы
Егеменді Қазақстанда 2010 жылдан бастап, қазақ халқының маңдайына біткен көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» атты мемлекеттік бағдарлама аясында Астана қаласы №65 мектеп-гимназиясының іргетасы қаланып, ерекше жағдайдағы ерекше балаларға инклюзивті сыныптарда білім алуға мүмкіндік туды. Бұл балалар дені сау оқушылармен бірге оң-солын танып, бір деңгейде білім нәрімен сусындап, толыққанды азамат болу үшін білім беру саласы өз мүмкіншілігіне орай біліммен қаруландыруда. Бұл балаларға арнайы білімі бар педагогиканың, психологияның, дефектология мен логопедияның қыр-сырын терең меңгерген ұстаздар білім беруде.
Инклюзивті оқыту қазіргі кезде білім беру саласына етек жайып келе жатыр, бұл дегеніміз сапалы білім алудың барлығы үшін тең болуымен есептеледі.
Ерекше жағдайдағы ерекше балаларға білім берудегі, білім ошақтарының басты міндеті – білім берумен бірге өнімділікке, саналы тәрбиеге баулуда, тұлғалық мінез-құлық қалыптастыруда, елеулі еліне Отансүйгіш ұрпақ тәрбилеуде.
XX ғасыр басында неміс педагог-дефектолгы П.Шуманның «бала кемістігінің даму деңгейі неғұрлым төмен болса, соғұрлым мұғалімнің білім деңгейі жоғары болу керек» деген асыл сөзінен-ақ аңғаруымызға болады. Мұндай балалармен жұмыс жасау қаншалықты қиын болса да, оларды тұлға қатарына қосу арнайы мамандардың парызы деп білемін.
«Тәрбиеші қазіргі заман талабына сай өзінің педагогтық мамандығының кілтін шебер меңгерген, жан-жақты білімді, сегіз қырлы, бір сырлы, ақ жарқын, әр баламен тіл табыса алатын, ол балалардың жан-дүниесін сезініп, олардың кемшіліктерін түзетіп, жетістіктерін одан әрі жетілдіріп, дамытатын, жүрегі де ниеті де кіршіксіз таза, ерік-жігері мықты,тиімді талап қойып, оның нәтижесін тексере білетін еңбекқор, өз жұмысын бар ынта-жігерімен беріліп істейтін жан болуы керек.
Тәрбиеші шындықты тануға сана-сезімі, ойы ең алдымен таңдаудан басталады. Таңдау баланың әрбір нәрсенің, құбылыстың, оқиғаның мән-жайын танып, оларды бағдарлап, оны тереңірек түсінуіне және ізденпаздық қасиетін оятып, одан әрі қалыптасып дамуына жетелейді.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы жеке жұмыс жоспары құрылады, сол жоспар арқылы еңбек дағдылары мен таным қабілеттерін қалыптастыру мақсатында жеке түзете-дамыту жұмыстары жүргізіліп отырады. Олардың көбісі емдік-әлеуметтік көмекті, логопедиялық түзетуді және психологиялық-педагогикалық қолдауды қажетсінеді.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру үшін көп еңбек, ұстаздық жылы сезім мен кішіпейілділік керек. Бұл балаларға қарапайым түсініктерді жеткізу оңай шаруа емес. Оларға әсер ету жолдары түрліше. Ұстаз ізденісі әр баланың жан дүниесіне үңілуден басталады.
Мүмкіндігі шектеулі бала себепті баланың және қамқор ата-ананың көп жағдайда агрессивті күйде жүретінін естен шығармаған жөн. Олар педагогтарға және әлеуметтік қызметкерлерге сенімен, үмітпен қарайды. Сондықтан бұл балаларды қатаң талап қою арқылы үйрету тиімсіз, әрі бұл әдіс өте қауіпті болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ерекше жағдайдағы балаларды тек, «жүрек» арқылы жол табуға болады деп ойлаймын. Себебі бұл балалар өте көңілшек, әлсіз, тез шаршағыш, өз құрдастарынан кеш жүріп, кеш сөйлейді. Олардың салмағы аз, кіші, көп сөйлемейтін, тұйық, есте сақтау қабілеті төмен, әлжуаз әрі ойлары да тұрақсыз болып келеді. Осы жайттардың барлығын ескере отырып, балаға қатаң талап қойып оқыту жөн деп санамаймын.
Балаларды оқуға қызықтыру және дамыту мақсатында сабақ алдында және сабақ ортасында ашықтық, сенімділік деңгейін, эмоционалдық еркіндікті, топта бірауыздылық орнатуға жағдай жасайтын психологиялық жаттығулар мен сергіту сәттерін өткізіп тұру қажет. Сонымен қатар, сабақты бір сарында өткізбей, әр түрлі түрде өткізу керек. Себебі бір сарында өткен сабақтан балалар тез жалығып, ол сабаққа деген қызығушылығы болмай қалады. Сабақ барысында әр түрлі әдіс-тәсілдері қолданған жөн. Мәселен жоспарланған сабақтарды түрлі пәндермен байланыстырып, ара-тұра ойындар ұйымдастырып тұрса, онда бала өзгеше көңіл-күйге бөленіп, басқаша көз-қараста, жақсы әсерде болып, сол пәнге деген ынтасы ауады.
Әдіскер – ғалым С.Рахымбетова ана тілі пәні арқылы оқушылардың сөздік мәдениетін дамытудың негізгі 3 бағытын көрсеткен. Олар:
- Оқушылардың сөздік қорын дамыту.
Жаңа сөздер үйрету, мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылпаш, нақыл сөздер жаттау арқылы баланың сөздік қоры бұрынғысына қарағанда біршама ілгері жылжиды.
- Сөз тіркесі мен сөздермен жұмыс
- Сөздерді бір-бірімен байланыстырып сөйлеуге үйрету, ауызша, жазбаша әңгіме, мәнерлеп оқу, мазмұндама, шығарма жазу.
Оқушылардың сөздік қорын дамыту ісінде педагог осы ұсыныстарды: жаңа сөздерді меңгертіп, үйренген сөздерін тиянақтап, анықтап, оны одан әрі байытып отыру ұстаздың басты міндеті деп санаймын. Ұстаз жіті бақылап, мұқият бағдарлап, тексеріп отырғанда ғана оң нәтиже береді.
Қандай бала болмасын ешуақытта бірден дұрыс жазып және оқып кете алмайды. Балалардың барлығы да оқу мен жазуды үйренудің алғашқы сатысында азды-көпті қателерді жіберетіні кімге болса да белгілі жәйт. Жазуының кемістігі бар балалардың айтылған сөздерінің мағыналарын дұрыс түсінбеулерінің салдарынан жазған жазуларын түсіну өте қиын. Өзінің жазғандарының дұрыстығын тексеру үшін балаға қайталап оқытып шығу керек. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балалар диктант жазғанда өз қатарластарынан қалып қойып жатады. Ондай жағдайда бұл балаларға жеңілдетілген түрлерін жүргізу керек. Мәселен, ол мәтінде берілген сөздердің кейбір әріптерін алып тастап, сол бос орындарға бала тиісті әріптерді қойып шықсын. Егер қате кеткен жерлер болса, онда оқушымен бірге мұғалім жіберген қатені бірлесе отырып тауып, оны бірге түзетіп, қайталап- қайталап оқушыға оқыту керек. Сонда келесі жолы қате жібермейтін болады. Қате жібергеннің өзінде өткенде жазғанымен салыстырмалы түрде қарағанда біршама өзгерісті байқайтын боласыз.
Кейбір балалардың ақыл-ойы белсенділік қабілеті жетілмей, артта қалып қойып жатады. Оның бірнеше себептері бар: негізінде тұқым қуалаушылық, ортаның экологиялық әсері, отбасының әлеуметтік жағдайы. Мұндай ауруға ұшыраған балалар дене кемістігімен қоса, ақыл-ой кемістігін қосып алып, даму мүмкіндігі артта қалған балалардың қатарын құрайды. Сонымен қатар бұл топқа, дені сау бірақ, тұрмыс жағдайы ауыр болу себептерінен бір қалыпты дамымай қалған балаларды да жатқызуға болады. Мұндай балалармен қарқынды терапиялық жұмыстар жүргізе отырып, оларға дәрігерлік емдеу, емдік дене шынықтыру жаттығулары, жалпы денсаулыққа пайдалы емдеу шаралары қолдану керек. Әр бір ата-ана өз баласын жамандыққа қимайды, сол себептен ата-аналар өз балаларының бойындағы кемшіліктерін жоюға тырысады. Уақыт өте келе оқу процесінде балалардың кемшіліктері кейбір уақытта байқалмай қалып жатады.
Бала – адамның бауыр еті, бала десе еміренбейтін жүрек, сыздамайтын балтыр бар ма? Қай ата-ана болмасын өмірінің бір бөлшегі болып саналатын бейкүнә пәк періштелерінің өзгелерден оқшау оқып, білім алғанын қалар дейсің…
Көптеген қылшылдаған жап-жас бойжеткендер жастық шақтың қателігіне бой алдырып, дені сау баласын жетімдер үйіне беріп, не болмаса бас тартып кеткен аналар қаншама… Алайда ерекше жағдайдағы ерекше балалардың ата-аналары қателікке бой алдырып, ондай жаман қадамға бармады. Керісінше, қолдарынан келгенше арнайы мамандармен бірлесе отырып, балаларының аяқтан тұрып кетуіне ат салысып, жан ұшырып жүгіріп жүр. Бар жиған-тергенін баласының қажеттілігіне жаратып, бар тәттісін баласының аузына тосып, бар мүмкіндігін баласына сарп ететін ата-ана өз баласының денсаулығын, болашағын бәрінен жоғары қойып, түн ұйқысын төрт бөліп, күйзелетіні, айналасына көрсетпей еріксіз көзіне жас алып, бұлай неге болды деп сарқ ұратыны кімге болса да мәлім. Сондықтанда даму мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырмай, олардың қоғамда бейімделуіне ат салысу қай азаматтың болса да, қай елдің болмасын басты парызы. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, сіздер болып біздер болып, қоғам болып мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірге бейімделуіне, одан әрі тұлға ретінде қалыптасуына, түзелуіне өз септігімізді тигізейік!
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718