Бүгінгі күннің информатика пәні мұғалімі қандай болуы керек?
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы, Азбайтұғын адамның алтындығы – деп ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, бүгінгі ақпараттық қоғамның ұстаздарына қойылатын талап та ерекше, оның осынау өтпелі кезеңдегі арқалайтын жүгі де ауыр. Ұстаздың қадірі мен қасиетін бағалаған қазақтың ұлы ғұламалары мен ақындары дана сөздері мен өлең жырларын арнаған. Қазақстан Республикасының Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаев Білім мен Ғылым қызметкерлінің II съезінде: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелген міндет ауыр» – деген болатын.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз де орынды айтылған. Баланың бойындағы шынайы білім, біліктілік дағдылары, мінез-құлығы, шарапаттылығы жақсы ұстаздан қалған әдет болса керек.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, – деген Абай сөзін өзінің қағидасы еткен ұстаз әрдайым құрметті. Ол өзінің бойындағы бар мейірімін, білімін, тәжірибесін алдындағы шәкірттеріне беріп, олардың рухани дүниесін байытады, өмірде неғұрлым адаспай, дұрыс жолмен жүруге дайындайды. Барлық білім беруде оның сапалылығы ең алдыңғы орында тұратыны шарт. Білім беру уақыт ағымымен тікелей байланысты ағып жатқан бұлақ секілді. Күн, ай, жыл, ғасыр өтуімен уақыт талабына сай негізделсе, ол берілген білім оқушы қауым үшін шыңға жетелейтін күш сияқты болмақ. Бұл мақалада, білім беру процесінде, ақпараттық технологияға негізделе отырып, өзге мамандық салаларымен тікелей қарым-қатынаста бола алатын, қоғамның интеллектуалды ұлт қалыптастыруға өз күшін аямай, білім беру саласында айырықша орын алатын жаңа ғасырдың жаңашыл информатика пәні мұғалімдері жайлы сөз қозғалмақ.
Әрбір өтілетін сабақтың өзіне тән стилі болады. Өту ережесіде, айтылатын, түсіндірілетін бағамдары да әртүрлі болмақ. Бірақ та, барлық оқушы қауымға өтілетін пәндердің мақсаты мен міндеті, болжамалы нәтижесі де бір арнаға келіп тоғыспақ. Білімді білікті, өз ойын еркін жеткізе алатын, толерантты, мәдениетті, тәртіпті тәрбиелі, адамгершілігі мол, зиялы, заман ағымының жаңа талаптарын меңгерген жеке тұлға ретінде қалыптасып шығаруға тырысу керек. Бұл мейлі математика саласының мұғалімі болсын, мейлі қазақ тілі немесе ағылшын, информатика саласының оқытушылары болсын барлығының ортақ міндеті болып табылады. Осындай тұлғаны қалыптастыру барысында қандай құралдар маңызды роль атқарады деген ой туады.
ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың дамыған ғасыры – ақпаратық-коммуникациялық технологиялар ғасыры – деп аталып келе жатыр. Сөзсіз, бұл сөзбен келісеміз. Әрине осы таңда тек кітаппен баланы интеллектуалды оқушы ретінде қалыптасыру қиынырақ. Осы таңда білім беру саласында информатика деп аталатын пәннің алатын орны орасан зор. Неге десеңіз, информатиканы оқып отырған оқушы сыртқы ортамен байланыс орнатады, информатика әрбір оқушыны зияткер оқушы ретінде қалыптастыруға игі әсерін тигізеді. Оқушылар оқу процесінің қаншалықты қызықты, қаншалықты түсінікті, сонымен қатар логикалық түрде ойлау санасы арта түсетіндігіне көз жеткізеді. Мұның барлығы әрине, тек білімді, саналы, ақылды, мәдениетті, жан-жақты ізденімпаз «информатик» маманның қолында. Ал ондай мамандар бүгінгі таңда қоғамдағы аса қажетті мамандық түріне жатпақ. Қазіргі таңда заман талабына сай пән мұғалімі ғана болу аз, информатик – ол ұстаз, новатор, иннотехник болуы тиіс. Мұғалім өзі иннотехник (инновациялық технологияларды жетік меңгерген педагог) дәрежесіне көтерілу үшін инновациялық технологияларды меңгеру керек, содан кейін пән бойынша қандай тақырыпқа пайдалану керектігіне тиімді зерттеу жүргізеді.
Информатика саласы басқа ғылым салаларынан қарағанда жас ғылым. Ол күнделікті дамып отыр, басқа ғылым салаларымен тікелей байланысты талап ететін, жаңа ғасырдың жетекеші пәні ретінде өз статусын алды. «Информатиканың кешегісі мен бүгіні» деген мәселе қозғалса, ондағы айырмашылық жер мен көктей. Демек, ғылым саласы бір орында ұзақ тұрмайды екен, онда сол саланы таңдаған маманда кешегі оқыған білімімен жүре берсе, ол сол ғылым саласымен қоштастым дей беруге болады. «Информатика пәнінің мұғалімдері баланың интеллектуалды тұлға ретінде қалыптасуы үшін не істеуі керек және нені білуі?» қажет дегенге жауап іздеп көрейік. Қазіргі заман ақпараттық технологияның торына буылған заман. Олай болса, «ақпарат деген не?», «технология деген не?». Ақпарат ол алмасу, оны алу немесе беру тек қарым-қатынас нәтижесінде ғана емес, адам миы бұрынғы қабылдаған мәліметтерді, хабарларды, білімін өңдеу процесі. Технология деп отырғанымыз ол өнер, ол шеберлік, ол біліктілік, белгілі бір нәрсені өңдеу үшін орындалатын әрекетер тізбегі екен.
Ал олай болса, технология мен ақпарат түсініктерін біріктіре келе, ақпараттық технологияны – есептеуіш техника құралдарын пайдалана отырып, ақпартты алу, жинақтау, сақтау, өңдеу, талдау және ұсыну қызметтерін жүзеге асыратын әрекеттердің реті деп айтуға болады. Демек информатика ақпаратпен байланысты нәрсенің бәрін оқытады. Қазіргі өмір ақпартқа өте тәуелді. Сонымен қатар, әрине информатика компьютермен және компьютерлік программалармен қалай жұмыс істеуді зерттейді. Информатиканы оқи отырып, ақпартты қайдан алатынын, оның қандай болатынын, оны адамдардың қалай алып ,қалай игеретінін және сақтайтынын үйренеді. Техниканың адамдарға ақпаратты өңдеуде қалай көмектесетінін үйренеді. Баланы оқыту барысында информатика мұғалімі ақпараттық технологиялар құралдарымен тікелей байланыс орнатып, олардың пәнге деген қызығушылықтарын оятып, көрнекілік ретінде, интербелсенді тақтаны, компьютерді, электронды оқулықтарды, электронды тестер мен ойындарды ұсынса, бала жадысында сол сабақ тез жатталмақ. Күнделікті сабағында ақпараттық технологиялардың соңғы жетістіктерін әртүрлі: презентациямен, электронды тест, ребустармен, сөзжұмбақтар сынды құралдарды пайдаланса, оқушы сабаққа қызығушылық танытып, келесі сабаққа бар жақсы ынта ықыласымен келетін болады. Себебі, ақпараттық әдістемелік материалдар коммуникациялық байланыс құралдарын пайдалану арқылы білім беруді жетілдіруді көздейді. Интерактивті тақтаның мүмкіндіктері мұғалімдерге баланы оқытуда бейне және ойын бағдарламаларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Ақпараттық қоғамның негізгі талабы – оқушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық – құрылымдық ойлау қабілеттерін дамыту, ақпараттық технологияны өзіндік даму мен оны іске асыру құралы ретінде пайдалану дағдыларын қалыптастырып, ақпараттық қоғамға бейімдеу. Қазіргі оқыту үрдісіне жаңа педагогикалық технологиялар кеңінен енуде. Оқушыны пәнге қызықтырумен қатар, саналы ойлауға тәрбиелейтін, қоғамдық көзқарастарын қалыптастыра алатын, өзіндік пікірі бар, қоғамдағы болып жатқан түрлі қарама-қайшылықтарды түсіне білетін, еркін сөйлеп, өз пікірін ашық айта алатын ойлы ұрпақ тәрбиелеуде сабақтың маңызы зор. Мұғалім мен оқушылар «сабақ» атты театрдың басты кейіпкерлері болғандықтан барлығымыздың бағытымыз бен бағдарымыз бір болса, табысты нәтижеге қол жеткізетініміз сөзсіз. Әр мұғалім оқушыға көпқырлы сабақ беретін болған соң, қазіргі жаhандану саясатына сәйкес жаңа технологияны өз ыңғайына, пәніне лайықтап пайдалануы тиіс. Мұғалім шеберлігі – ізденіс нәтижесі. Сондықтан, орыстың ұлы педагог-ғалымы К.Д.Ушинскийдің “Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады” – деген. Бұл “Ұстаз” атты ұлы сүрлеуге соқпағын салып, жол тартқан көкірегі ояу, көзі ашық әрбір адамға берілген елеулі ескерту. Сабақты тартымды өткізіп, оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін әр сабағымызды түрлендіріп отыру шарт. Ол үшін тек бір технологиямен шектеліп қалмай, әртүрлі технологияның элементтерін пайдалану қажет.
Сөз соңында, қазақтың ақыны, қоғам қайраткері, түркітанушы әрі педагог Ахмет Байтұрсынұлының мына бір сөзімен қорытындыласақ: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Сондықтан ең алдымен мектепке керегі – педагогика, психология, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін білімді мұғалім».
Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, білікті ұстаз Халықова Гульира Заманбекқызының «Бүгінгі ұстаз – жаңалық жаршысы» атты мақаласындағы мына бір сөзі бүгінгі ұстаздардың жадысында жүрсе: «ХХІ ғасыр мұғалімі: әділетті, әдемі, мейірімді, баламен тіл табысып сөйлесетін, мәдениетті, талапшыл, даусы жағымды, рухани адамгершілігі мол, рефлекцияға қабілетті, ақпараттық коммуникациялық, әлеуметтік-тұлғалық құзырлықтары қалыптасқан, оқытудың жаңа тәсілдерін меңгерген, оқулықтардың негізгі идеясын, дамытушылық мәнін іске асыра алатын жаңашыл ұстаз болуы тиіс».