Тәрбие мен оқыту тәжірибесіне өзгеріс енгізу және ол өзгерістерді басқару туралы рефлексиялық есеп

 

Абай атындағы  мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы

жанындағы шағын орталық тәрбиешісі Сарсембаева Акжаркын Ергалиевна

 

Тәрбие мен оқыту тәжірибесіне өзгеріс енгізу және ол өзгерістерді басқару туралы рефлексиялық есеп

«Баланы ерте дамыту бағдарлары»  курс мазмұны бойынша «Ойын арқылы дамыту» принципін негізге ала отыра, өз тәжірибеме енгізіп зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Себебі ойын арқылы оқыту барысында өмірлік маңызды дағдылары қалыптасады, қызығушылықтары мен ерекшеліктері, қажеттіліктері ескерілді, эмоциялық тұрақтылықтары байқалды, әлеуметтік қарым-қатынасқа еркін түсулері байқалды. Ұйымдастырылған іс-әрекет мақсатын  SMART мақсатқа ауыстыру себебім: қолжетімді, шынайы, нақты  және балаға бағытталған.

Циклограмманың таңғы жаттығу кезінде  және ұйымдастырылған іс-әрекет  режимдік кезеңдеріндегі жоспарға өзгерістер енгіздім. Себебі баланың  жеке ерекшелігі түрткі болды. Тікелей бақылау кезінде А. есімді баланың ерекше мазасыздығы басқа балалармен жағымды қарым-қатынасқа түсуіне кедергі болатыны байқалды.

А. есімді бала дағдарысқа ұшырамау үшін, таңғы жаттығуды «Сарқырама», «Шыбық» музыкалық релаксациясынан бастауды жоспарладым.  Бала үйрене бастағаннан кейін  «Әуе шары», «Кеме және жел» тыныс алу жатттығуларын  жоспарыма қостым. Педагогтің жетекшілігімен құрылымдалған «Шырша астындағы сыйлық», «Билейтін қолдар» ойынын жоспарыма қостым.  «Айдаһар», «Қағаз шарлар»  ұжымдық ойындарға қатыса отыра, өзін жеткілікті түрде жайлы сезіне бастады, басқа балалармен қатынасқа түсу оған ешқандай қиындық тудырмады. Бұл ойындарды ойнау нәтижесінде А. есімді баланың тынышталып, мазасыздығы бәсеңдеп, достарымен тілдік қарым-қатынасқа түсуі арқылы өмірлік маңызды дағдысының қалыптасуына септігін тигізді. Еркін ойын кезінде баланың таңдауы бойынша «Қояндар мен пілдер» ойыны таңдалып «Бала үні» саралау арқылы іске асты. Бұл ойын баланың өзін-өзі бағалауын арттырды, басқа балалармен ойымен бөлісіп, достық қарым-қатынасқа түсе бастады, мейірімділік сезімі ашылғандығы байқала бастады.

Сурет салу іс-әрекетінде жанама бақылау кезінде С. есімді бала сурет салғысы келмей, селқостық танытқанын  және балалармен бірге отырудан бас тартқанын байқадым.  С. есімді баланың сурет салуға қызығушылығын арттыру үшін дәстүрден тыс сурет салу технологияларын қолдануды жоспарладым. Балаға қолайлы жағдай жасау үшін  «Үшінші ұстаз» заттық-дамытушылық ортаны сурет альбомы, гуашь бояуымен, үрлеу таяқшалары, мақта таяқшалары, трафареттермен толықтырдым. С. есімді бала өз таңдауы бойынша үрлеу таяқшаларына қызығушылық танытты, трафареттерді қолданғанда, бір-екі досын ойынға шақырып, белсенділік танытты.

Мақта таяқшаларымен сурет салғанда әндетіп отырғанын байқадым, пайда болған суретті өз қиялымен өрбітіп жалғасын тапты. Педагогтің басқаруымен басталып еркін ойынға айналған  «Кенеттен пайда болған суреттер» ойыны  кезінде   С. есімді бала салынып жатқан суретке өз үлесін қосып, балалармен топтық жұмыс атқарды.  Балалармен тілдік қарым-қатынасқа түсе бастады. Жігерлендіру, ынталандыру тәсілдерін  негізге ала отырып ата-аналармен әріптестік қарым-қатынас орнату мақсатында  бірлескен «Алтын күз» тақырыбында  сурет және қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Ата-анасымен кері байланыс орнатылып, баланың шығармашылығын дамыту үшін жұмыс түрлері туралы әңгіме, түсіндіру жұмыстары жүргізілді, ашық сұрақтар, ұсыныстар әзірленді.

Тәжірибеде  педагогтің жетекшілігімен «Қояндар мен пілдер» ойыны кезінде А. есімді баланың мазасыздығы жойылды, өзін-өзі бағалауы артты, топтық қарым-қатынасқа түсті, бұл жерде саралау тәсілі өз ықпалын тигізді,  сол себепті ойын сәтті өтті деп ойлаймын. С. есімді бала сурет салу технологияларын таңдағанда «Бала үні» ескерілді, қызығушылық, танымдық, шығармашылық  дағдылары  қалыптасты. Эмоционалдық-сезімдік, ішкі жан дүниесін көркемдік формада жеткізе білуге деген ұмтылысы байқалды. Ойлау қабілеті артып, тілдік қарым-қатынасқа түсті. Балада жағымды сезімдердің қалыптасуы маңызды болғандықтан, жетістіктерін мадақтап отырдым. Дәстүрден тыс шығармашылық әрекеттер баланы көңілсіз жағдайдан шығарып, жүйкеге түскен салмақты түсірді, эмоционалды көңіл-күй туғызды.  Балаға: «Саған салған суретің ұнады ма?» -деп сұрағанда, «Ұнады»,- деп жауап берді. Алайда «Басқа балалардың суретін жалғастырып салу ұнады ма?»- деген сұраққа «Жоқ» деп жауап берді. «Саған қандай сурет аса ұнады?», «Сенің суретіңнің  басқа суреттерден қандай өзгешелігі бар?» — деген жанама  сұрақтар да қойылды. Бұл сұрақтардағы жауап та баланың тек жеке өзінің қызығушылығының төңірегінде «Мен» түсінігі басым  болды. Яғни бала жеке жұмысты топтық жұмыспен ұштастырғысы келмеген ниеті болғанын, бірақ ойын ережесін бұзбағандығы айқындалды, алайда сурет салуға қызығушылығы төмендегені байқалды.

Бұл ойынның сәтсіз жағы болды, сәтсіздікті  тиімді шешу жолдары қарастырылып  жоспарланады. Алдағы  уақытта С. есімді баланы топтық, кіріктірілген ойындарға қатыстыру, сюжеттік-рөлдік ойындарға қатыстыру, сахналық қойылымдарға қатыстыруды жоспарладым. Және өзіне-өзі қызмет ету, жолдастарымен бірлесіп ойыншық жинау іс-әрекеттерін  бақылауды  жоспарға енгізуді жөн көрдім. Топпен бірлесіп шешу жолын табатын әртүрлі жағдаяттарды ойластыруды жоспарыма аламын. Баланың шығармашылық қабілетін дамытуға, ойлау мен қиялының қалыптасуына, эстетикалық талғамы мен эмоционалды-сезімдік саласын дамытуға, әлеуметтенуіне арналған  заттық-дамытушылық ортаны ресурстармен  жеткілікті түрде толықтыруды жоспарлаймын. Ойын арқылы оқыту және тәрбиелеу мол септігін тигізеді деп ойлаймын.

Баланы ерте дамыту бағдарының түйінді  идеяларының  режимдік сәттерде, ұйымдастырылған  іс-әрекетінде, баланың үнінде,  бақылауда, ойын түрлерінде, баланың жеке ерекшеліктерін айқындап, ескере отырып білім мен білік, өмірлік маңызды дағдыларының қалыптасуында маңызы зор болды.

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *