«AMANAT»: ДЕПУТАТ БІРҚАТАР МӘСЕЛЕЛЕРГЕ НАЗАР САЛДЫ
• «AMANAT»: ДЕПУТАТ БІРҚАТАР МӘСЕЛЕЛЕРГЕ НАЗАР САЛДЫ
Отырар ауданы түйе өсіруден оңтүстіктегі аумақтардың алдыңғы қатарында. Қазіргі таңда аталған өлкеде 11 мыңнан астам Ойсылқара түлігі бар. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасовтың облыстағы сапары Отырар ауданында жалғасып, Шілік ауылында орналасқан «Гүлмайра» ЖШС шұбат өндіру цехының жұмысымен танысты. Цех директоры О.Мұстафин бүгінде түйе өсіруден мол табысқа кенелген кәсіпкерлердің бірі. Ол Отырардың табиғаты түйе өсіруге өте қолайлы екенін айта келе:
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Шілікте түйе өсірушілер санаулы еді. Қазір жергілікті тұрғындар да қолда бірең-сараң түйе ұстауда. Олар ауыл-аймақтағы той-жиындарда қымыран өткізіп өз несібелеріне қол жеткізіп отыр. Мұның өзі қуантарлық жайт. Ал, біздің цехтің өнімдері арнайы қалбырға құйылып, ірі сауда орындарының сөрелерінде сатылымда. Ұжымда жергілікті тұрғындар сауыншы болып жұмыс істейді. Жұмыссыздықтың деңгейін төмендетуге ықпал етіп келеміз, – дейді.
«AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Қайнар Бегалыұлы мұнан соң Қарақоңыр елді мекенінде тұрғындармен жүздесіп, талап-тілектерін тыңдады. Кездесу барысында азаматтар көгілдір отын мәселесі, субсидиия алу, әйелдердің зейнеткерлік жасын қысқарту, ауыл іргесіндегі жайылым жерлерді қайтаруға байланысты мәселелерді қозғады. Қарақоңырлықтардың проблемаларын мұқият тыңдаған мәжілісмен арыз-шағымдарды топтастырып, депутаттық сауал ретінде жолдайтындығын жеткізді.
Сонымен қатар, Қ.Абасов партияның Арыс қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдады. Онда Жиделі ауылының тұрғындары суару жүйелерінің тозығы жеткендігін, денсаулық сақтау қызметтерінің сапасы нашарлығын айтып шағымданды. Ал, Байырқұм ауылының тұрғындары ауыл шаруашылығындағы проблемалар, шаруаларға берілетін субсидиялар және несиелер жөніндегі мәселелерге алаңдаулы. Депутат азаматтар атаған бірде-бір мәселе назардан тыс қалмайтындығын және жеке бақылауында болатынын жеткізді.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметІ